Жаңалықтар

Сарайшық – бабалар мұрасы

Сарайшық қаласы – Еуразия аймағында Жібек жолының алтын көпірі болды.
Сарайшық – бабалар мұрасы
09.11.2020 12:39 17062

Ортағасырлық Сарайшық қаласы Жошы ұлысы мен Ноғайлының сондай-ақ Қазақ хандығының астанасы болды. Тарихшылардың пікірінше, қаланың тарихы сонау XIV ғасырда-ақ жазыла бастаса да толыққанды зерттеуге мүмкіндік берілмеді. Шаһардың тарихына деген жаңаша көзқарас ел тәуелсіздігімен бірге қаланды. 1999 жылы 3 қыркүйекте «Хан Ордалы-Сарайшық музей-қорығы» құрылды. Осылайша Сарайшық қаласының тарихына арналған алғашқы музей туристер үшін жұмыс істей бастады.

Сарайшық – бабалар мұрасы

Музейдің қорын толықтыру бастапқыда оңайға соққан жоқ. Құнды жәдігерлер жан-жақтан жиналды. Махамбет аудандық музейі мен Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі көмектесті сондай-ақ жергілікті зиялылар қолында бар жәдігерлерін музей залына әкеліп берді.Сол жылдары облыс әкімі болған Иманғали Тасмағамбетовтің қамқорлығын ерекше атап өткен жөн. Ұлт жанашырының қолдауымен «Сарайшық» мемориалдық кешен құрылысы – бүкіл халық құрылысы» болып жарияланып, қысқа мерзімде музей мен хандар кесенесі сондай-ақ жанындағы мешіт қызметі жанданып, туристерге құшағын ашты.

Музейдің қалыптасу тарихы

Музейлер қашан да елдің өткенінен сыр шертіп, материалдық және рухани байлығын жинақтап, мәңгілікке сақтайтын маңызды мекеме саналады. «Сарайшық музей-қорығы тарихы» атты еңбекте жазылған келесі деректерге назар аударайық. 1937 жылы қыркүйек айында Н.К. Арзютов алғаш рет Сарайшыққа кешенді зерттеу жүргізді. Ал, 1950 жылы Әлкей Марғұлан, Г.И.Пацевич сынды ғалымдар зерттеді. Осы аталған зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Сарайшықтан табылған археологиялық жәдігерлер Атырау, Алматы, сондай-ақ Ресейдің Саратов қалаларындағы музейлерге жөнелтілді.

Сарайшық – бабалар мұрасы

1963 жылы Сарайшық өлкетану музейі қоғамдық негізде ашылды. Бұған бастамашы болған Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының түлегі Мұстажап Намазғалиев еді. Ол өзінің «Мұражай – жазылмаған кітап» атты мақаласында: «Мен Сарайшық туралы ертеден естісем де оны көрудің сәті түспеді. Тек 1961 жылдың жазында Балықшы ауданындағы Еркінқала орта мектебінің директорынан өзім сұранып осында келіп, мектепке жұмысқа кіріскен күннен бастап көне сарайшықты зерттеу ісіне ден қойдым. Сол күннен бастап Сарайшық орнынан табылған «көненің көзі» деген нәрселердің барлығын тірнектеп жинай бастадым. Осылайша мектептен музей бұрышын аштым. Экспонаттар жинала келе мектеп музейіне айналды» деп жазады.

Мектеп қабырғасында ашылған шағын ғана музей болса да, алты бағытта жинақталған экспонаттар бар.

Бірінші археологиялық бөлім. Мұнда көлемі әртүрлі қыш-құмыралар, тас қазан, керамикалық ыдыс сынықтары, қыштан құйылған су құбырының түтіктері, күйдірілген кірпіш, металл қорытпасының қалдықтары сынды өзге де сол дәуірге тән жәдігерлер қойылған. Бұл экспонаттар Сарайшықтың қолөнері жан-жақты дамыған сауда қаласы болғандығын дәлелдесе керек.

Сарайшық – бабалар мұрасы

Екінші – нумизматика бөлімі. Мұнда әр дәуірдің әр кезінде әр елде соғылған ескілі-жаңалы мыс теңге, зергерлер әртүрлі нақышпен өрнектеп соққан, алтынмен апталған күміс жүзік, күміс ілгектер, әшекей бұйымдар, мыс тұғырға орнатып жасаған шылымның күлін салатын ыдыс, күміс жалатылған ауыздық секілді ерекше заттар келушілер назарына ұсынылған. Бұл жәдігерлер Сарайшықтың әртүрлі елдермен сауда қатынасын жүргізгенін әрі зергерлік өнердің дамығандығын, өз заманында онда монета сарайның болғанын дәлелдейді.

Үшінші – этнографиялық бөлім. Мұнда қазақтардың ескі салты мен тұрмысын бейнелейтін экспонаттар бар. Атап айтқанда ағаш ер, зергерлер құйған мыс үзеңгі, қол диірмені, өрмек тоқитын адарғы қылыш, аттың жал-құрығын тарайтын темір тарақ, ағаш сапты сүймен, көшпелі мәдениетке тән темір ошақ, қолдан тоқылған түкті кілемше басқұр бар.

Сарайшық – бабалар мұрасы

Төртінші – табиғи бөлім. Мұнда жергілікті табиғи өсімдіктер гербарийі, егістікке қолданылатын тыңайтқыш түрлерінің стенді қойылған.

Бесінші – топонимикалық бөлім. Мұнда облыс, аудан карталары ілініп, қасына кейбір жер аттары неліктен солай аталғаны туралы мәліметтер, аңыздар жазылған.

Алтыншы – музейдің бұл бөлімі «Азамат соғысына» арналған. Мұнда түрлі қару-жарақтар қойылған.

«Хан Ордалы Сарайшық» музей-қорығының құрылуы

1999 жылы 23 сәуірде Иманғали Тасмағамбетовтың шешімімен Тарихи-археологиялық «Сарайшық» қорығын құру туралы Жарлығы шықты. Сол жылы күзде яғни 3 қыркүйекте музей-қорық ашылып, салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев қатысты. Ашылу салатанатында сөз алған мемлекет басшысы: «Сарайшық Қасымхан билік құрған тұста Қазақ хандығының астанасы болды. Сарайшық топырағы қасиетті, өйткені, иісі бүкіл түркі әлеміне ортақ Алтын Орда хандары – Тоқта, Жәнібек, Бердібек, Ноғайлының билеушісі – Оқас, одан бергі Қасымхан сияқты атақты хандарымыз бен батырларымыздың жаны осында мәңгілік жай тапқан жер, оны еліміздің алғашқы пантеоны дексек те болады»,- деді.

Сарайшық – бабалар мұрасы

Құрметті қонақтар кітабына жазған жылы лебізінде Тұңғыш Президент: «Тау шайқалса да тарих шайқалмайды» деген халқымыз. Осы мұражай есімізді жинап, Тәуелсіз ел болып, ата-бабамызды еске алудың дәлелі. Жас ұрпақ тарихтан өнеге алып, қазақ елін, кең-байтақ жерін сүйіп өссін! Баршаңызға жақсылық тілеймін»,- деп аталы сөзін қалдырды.

Музей-қорық ашылған сәтте 120 жәдігер көрмеге шығарылды. Олардың ішінде ХІІІ ғасырдағы Хұм құмыра, өзге де құмыралар мен құмандар, қасқыр қақпаны, Сарайшық монеталары, Ресей патшасы монеталары келушілер назарына ұсынылды. Музейдің қорын толықтыру мақсатында облыстық музейден тарихи мәтіндер, 30 дана Сарайшық теңгелері, Сарайшық эмблемалары, 40 дана «Сарайшық – көне тарих көзі» фотолар көшірмесі, 1 дана Атырау облысы археологиялық ескерткіштер картасы, XVI ғасырдағы ескі Сарайшықтың орналасу макеті көшірмесі, 4 дана экспонат-ыдыстары алынды.

«Хан Ордалы Сарайшық музей-қорығы» ашылған сәттен бері музей жұмысының жандануы мен қалыптасуына зор еңбек сіңірген М.Бердімұратовты ерекше атап өту керек. Ол өз әңгімесінде: «Мектепте оқып жүргенде тарих пәнінен сабақ үйрететін ұстаздарымыз Сарайшық Қасым ханның кезінде астана болғанын естігенде таңдай қағып, таңғалатынбыз. Тылсымға толы Сарайшықтың тарихын зерделеу үшін Жайықтың жағасында қазба жұмыстары жүріп жататын. Қазба жұмыстарын сол кезде атақты ғалым Әлкей Марғұлан жүргізетін",- дейді. "Бірде ұстазым археологиялық қазба жұмыстары жүріп жатқан жерді өз көздеріңмен көрулеріңе болады, тек Әлкей марғұланның заттарын шашып, бүлдіріп жүрмеңдер дегені бар ағайымыздың»,- деп еске алады бір жазбасында М.Бердімұратов. Тарихшы сол күннен бастап Жайық жағасында қазба жүргізіп жатқан археологтардың қасына жиі барып, мүмкіндігінше көмектесіп жүретінін айтады. Әр жолы жер астынан табылған көне тарихи жәдігерлерді көріп, таңырқайтынын тілге тиек етеді.

Сарайшық – бабалар мұрасы

М.Бердімұртов «Қазба жұмыстарының басы-қасында жүрген Әлкей Марғұлан ағамыз бірде «Әй, бұйрабас, күндердің күнінде Сарайшықтың тарихына сен жауап беретін боласың»,- деп басымнан сыйпағаны есімде» деп естеліктерімен бөліскен екен.

Музей жұмысының ілгері дамуына үлес қосқан музей-қорықтың аға ғылыми қызметкері болып қызмет атқарған Жанұзақ Ғизатов болды. 16 жыл ішінде музей уақыт талабына қарай дамыды. Құнды жәдігерлермен толықтыру жұмыстарымен қатар ғылыми бағытта та жақсы жұмыстар атқарылды. «Атырау өлкесі Алтын ордаға дейін», «Ұлы Жібек Жолы – дүниежүзілік өркениет жолы», «Бабамның жұрты - Ноғайлы», «Аңызға толы Сарайшық», «Сарайшықтың екінші өмірі», «Алтын Орда хандары» атты ғылыми еңбектер өмірге келсе, музейдің ғылыми қызметкерлері ғұндар мен ғазарлар, оғыздар мен қыпшақтардың Атырау аймағындағы дәуірлеу кезеңін, орта ғасырлық көнеқала жайлы сыр шертіп, Ноғай батыр мен Едіге биден басқа алты хан туралы ғалымдардың пікірлері жинақталып, салыстырмалы сериялар жүзеге асты.

Сарайшық – бабалар мұрасы

Иманғали Тасмағамбетовтың: «Сарайшыққа қатысты жәдігерлердің біразы сонау 1999 жылы Елбасының өзі Атырау облысына арнайы келіп ашқан «Хан Ордалы Сарайшық» атты мемлекеттік қорық-мұражайда сақтаулы тұр. Бұл топырақта қазақ тарихына өлшеусіз еңбек сіңірген жеті хан жерленген. Сарайшық өз замынында өркениетке сай урбанистикалық шаһар болғанын көреміз. Құнды деректер мен жәдігерлердің біразы 1999 жылы Елбасының өзі Атырау облысына арнайы келіп ашқан «Хан Ордалы Сарайшық» атты мемлекеттік қорық-мұражайда сақтаулы тұр»,- деген пікірі бар. Иманғали ағамыз сондай-ақ Сарайшықта Алтын Орданың хандары – Мөңке-Темір, оның ұлы Тоқтағу және Өзбек ханның баласы – Жәнібек жерленгенін тілге тиек етеді. Бұған қоса өз заманында Ноғай ордасында хан дәрежесінде болған даңқты билері – Оқас, Шейх-Мамай және Жүсіп би жатқанын алға тартады. Сарайшықта жатқан жетінші тұлға – Жәнібек ханның баласы Қасым хан екенін айтады.

Тарихшылардың пікірінше, Сарайшық қазаққа жарты ғасыр яғни 50 жыл астана болды. Бұл хандықтың экономикалық, әлеуметтік кемеліне толысып, шаруашылығын дөңгелетіп, құлашын кеңге сермеуге зор мүмкіндіктер туғызды. Тарих парақтары жаугершілік заманға байланысты Сарайшықтың да құлдырау кезеңдері болғанын көрсетеді. Аумалы-төкпелі осы бір кезеңде астана біресе Созаққа ауып, біресе батысқа кері қайтқаны тағы бар. Билік тізгінін Тәуекел хан қолына алған тұста қайта өрлеген Қазақ хандығында тұрақтылық орнап, қайта көркейгені жазылады. Десе де тоқыраудың торына түспей, қарқынды өркендеу үшін рухани серпіліс те керек еді. Сол үшін астана Сарайшықтан Түркістанға ойысса керек.

Музей қорықтағы жәдігерлер

Әуелде музей ашылғанда 120 құнды жәдігер болғаны туралы жоғарыда айттық. Олардың дені 1996-2000 жылдар аралығында Зейнолла Самашевтің жетекшілігімен Батыс Қазақстан экспедициясының зерттеулері нәтижесінде жинақталған болатын. Кейіннен жәдігерлер саны 2000 жылы 161 құны экспонатқа толықса, 20013 жылы 789 жәдігерге, одан бері 1341, 2004-те 263, 2005-те 181, 2006-да 191, 2007-де 391-ге толыққан. 2003 жылы З.Самашов тапқан 17 күміс тиын музейдегі құнды жәдігерлер қатарына жатқызылды.

Музей қызметкерлерінің айтуынша, бүгін де музейдің жалпы қоры 4000-ға жуық көрінеді.

Сырланбаған қыш ыдыстар

Қыштан жасалған ыдыстар Сарайшықта керамикалық коллекцияның 80-90 пайызын құрайды. Өз заманының шеберлері қыш құмыраларды жасау үшін шикізат ретінде балшыққа темір тотығын қосып, иін қандырып, ұсақ қоспалар қосып жасаған. Формалық массаларды дайындау технологиясы жоғары деңгейде дамыған, себебі сынған жерлері тегіс, кедір-бұдырсыз болып келген. Жалпы барлық ыдыстар «көзе дөңгелегінде» жасалған. Ыдыстардың барлығы жоғары температурады күйдірілгені анықталған.

Сарайшық – бабалар мұрасы

«Горшок» тәріздес ыдыстар

Горшок тәріздес ыдыстарды шартты түрде үш түрге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – тұтқасыз, цилиндр мойынды, екі немесе үш сызықшамен әшекейленген, жоғары жағы тіке кеңейтіліп жасалған. Екіншісі – бір тұтқалы, сәл ғана қайырылған жиегінің қимасы үшбұрышты болып келетін ыдыстар. Үшінші тобы – қос тұтқалы, цилиндр мойынды және ернеулерінің пішіні әртүрлі яки дөңес, қималары үшбұрышты болып келеді.

Құмыралар

Сарайшық заманына тән құмыралардың көпшілігі тік мойынды, кең иықты, әрі ұзын болып келеді. Түптері жалпақ. Осы санатқа жататын ыдыстар көп жағдайда шанағының жоғарғы тұсында көлденеңінен айналдыра және толқын іспеттес қылып салынған сызықтармен әшекейленіп жасалған.

Сарайшық – бабалар мұрасы

Орта бойлы құмыралар

Бойы орташа етіп жасалған құмыралaр көбінесе кең мoйынды болып келеді. Ернеуінің қимасы сопақша, сыртқа қарай шығыңқы келетіндігімен ерекшеленеді. Құмыра диаметрінің орта тұсы кең етіп жасалады. Құмыраның түбі оның мойын диаметрінен біршама кең бoлып бітеді. Бұл санаттағы ыдыстар көбінесе безендірiлмейді. Кей жағдайларда ғана орта тұсында көк сызықтар кездесетін түрлері де бар. Ал, кейбір құмыраларда кішігірім суағар орнатылған.

Шағын көлемді құмыралар

Шaнағы шар тәрізді, мойындары қысқа, ернеуi мен шанағын жалғастыратын тік орналастырылған ілмек іспеттес тұтқасы бар ыдыстардан тұрады. Сондай-ақ, мойыны аузына қарай кеңейе беретін шағын құмыралар да кездеседі. Олардың ернеуінің қимасы дөңес, шетi сыртқа шығыңқы келеді. Шанағы күмпиген әрі шaр тәріздес түрлері де бар.

Құмғандар (шүмегі бар құмыралар)

Құмғaндар көбінесе биік мойынды, кең ауызды болып келеді. Жиегінің қимасы үшбұрышты нeмесе дөңес бітімде жасалған. Мойынының кеңейе түсетін тұсына тұтқа бекiтілген. Ыдыстың иініне конус тәріздес шүмекше орнатылған. Ыдыстың ортасы көбінесе oйылып, бедеpлі сызықшалaрмен әшекeйленген. Түбі тар болғанымен жалпақ болып келеді. Мұндай ыдыстар Шығыс, Кавказ, Оpта Азия елдерiне кеңінен таралса kерек. Алтын орда заманында мұндай құмғандар Tөменгі Eділ бойы және Xорезм қалалалырында кездеседі.

Мескей

Мескей деген жоғары жағына қарай дөңес, төмен қарай кесік конусты шанағы мен жалпақ түбі бар ыдыс. Мескей ыдыстар бірнеше түрімен ерекшеленеді. Біреуінің шанағы орта тұсына қарай кеңейтілген дөңес, ернеуі сөре тәріздес ал түбі жалпақ келсе, кейбір мескейлердің жиегі күрделі кескінделген екен. Ал шанақтарының жоғары жағы айналдыра жүргізілген сызықтармен безендіріледі.

Тостаған

Тостағанға конус табанды, жартысфера тәрізді шанақты, қабырғасы биік тостағандар жатады. Олардың қимасы дөңес немесе сәл үшкірленіп бітетін тік ернеулі болады. Тостағандар сырт жағынан жиегінің астын ала бір немесе бірнеше тырнап, айналдыра салынған сызықтармен әшекейленеді. Жиектері ішке кіріңкі келеді.

Сарайшық – бабалар мұрасы

Тұз құтылары

Сол дәуірдің адамдары да тұзды құтыға салса керек. Тұз салуға арналған ыдыстың көлемдері шағын болып келеді. Шанағының төменгі жағы біртіндеп жалпақ түпке айналған. Пошымы және көлемі жағынан ұқсас болып келетін «тұз сауыттары» Еділ бойы, Өрен-қала қазба материалдарында да кездеседі.

Тәрелке

Қазба барысында табылған тәрелкелерді екі топқа бөлуге болады. Бірінші топқа жататын тәрелкелердің шанақтары сегмент тәрізді және жиектері қалың да қисайыңқы болып келеді. Екінші түрі шағын шанақты әрі қатты шалқайтылған жиегінің қимасы дөңес болып жасалады.

Тагора

Жалпақ табанды, конус пішімді, ернеуі сыртқа қайырылған ыдыс. Кейбір тагорларда ернеуінің астына көлденең бекітілген текше тұтқалары бар.

Хұм

Сұйық және дәнді-дақылдарды сақтауға арналған ірі көлемді ыдыстар. Олардың ернеулері әртүрлі болып келеді. Мойындары жоқтың қасы.

Сарайшық – бабалар мұрасы

Хұмша

Хұмшаның хұмдардан көлемі кішірек болып келеді. Олар сұйық және дәнді азық-түліктерді сақтау мен алып жүруге арналған ыдыстар. Олардың шанағы жұмыртқа тәріздес, ұзынша болып келеді, түбі жалпақ, кең емес. Бұл ыдыстар түзу және ирек сызықтармен әшекейленеді.

Тиын сауыт

Мойыны жоқ, шанағының жоғарғы жағы шар тәріздес, ал төменгі жағы ұзыншалау болып келетін, шанағының жоғарғы жақ қапталында тесігі бар шағын ыдыс. Мұндай ыдыстарды Еділ бойындағы, Болгар, Пруто-Днестрлік қос өзен аралығындағы алтынордалық қалаларда кеңінен тараған болатын. Ұсақ монеталар кең айналыста болғанын тиын сауыт айқындап тұрғаны анық.

Түбек

Горшок тектес, жиегінің шеті жұқа болса да тік бұрыштандырыла қайырылған, жалпақ түпті зат. Түбек балалардың бесігіне арналған гигиеналық бұйым.Олардың түп отаны Орталық Азия болып есептеледі.

Шығыр ыдыстары

Егіндікке, мал суарғанда пайдаланылған. Бұл қыш құмыралар шығыр доңғалағына төменгі жағынан байланып бекітіледі. Сарайшық қазба орынан табылған шығыр ыдыстардың биіктігі 30-дан 50 см дейін биік болған. Олардың ауыз қуысы кең, шеттері қалыңдатылған болса кейбірінің мойыны қысқа, бойы орташа келедің. Мойнына қарағанда, шанағы кеңдеу келеді.

Құбырлар

Құбырларды қолданылуына қарай көлемі мен пошымын әралуан етіп жасаған. Кeсік конуcты түрінің жіңiшке шетінде ернеу бар. Муфтаның көмегімен құбырлаp бір-біріне бекітіліп, су құбыры жүйесін құрайды. Олар тaндыр пештepге түтiн тартy үшін де, су таcымалдау мен канaлизация өткізуге және басқа дa қажiттіліктеpге қoлданылған.

Ұршық

Сол зманның шеберлері ұршықтың басы негізінен сынған ыдыстардың жарамды бөліктерінен жасаған. Оларға дөңес пішім беріліп, ортасын бұрғылап тескен.

Сарайшық – бабалар мұрасы

Батырғы

Ортасында тесігі бар, дөңес пішінді болып келеді. Олар балық аулағанда керек. Батырғы ретінде қолданылған.

Сфероконус

Сфероконус дегеннен гөрі сынапкөзе деп көбірек аталған ыдыс түрі. Саз балшықтан жасалып, жоғары температурада күйдірiлген қыш сфероконусты ыдыстар. Негізі «Сфероконус» деп сыртқы пішініне қарап аталса керек.  «Сфера» және «кoнус» сөздерінен құралған. Ыдыcтың үстіңгі бөлігі «сферaға» ал төменгі жағы «кoнусқа» ұқсайды. Сфероконустардың көбінесе аузы тар болып келеді. Бүйірі домалaқ, түбі үшкiр, кең иықты, мoйны жіңішке әрі қысқа, бас жағы саңырауқұлаққа ұқсас, ернеуі ұршық секілді, қаpа сұр және кyлгін сұр түсті болып келeді. Сырты бірнеше түрлі тәсілмен безендіріледі. Cынапты тасымалдау үшiн немесе жұпаp судың ыдысы ретінде пaйдаланылған.

«Қаражылтырақ» ыдыстар

Құрамында темірі көп балшықтан күйдіріліп жасалатын ыдыс. Күйдірілген ыдысты ұн ерітіндісіне малып немесе сулы жапырақтарға батырған. Нәтижесінде ыдыстың сыртында баттасқан қара «қабықша» пайда болады. Кейін оны ысқылап жылтырады.

Штампөрнекті ыдыстар

«Штампталатын» бұйымдарды жасау үшін балшықтың бірнеше түрін пайдаланған. Штампөрнекті ыдыстар бөліктерден құралып жасалған. Шанағының жоғары жағын қыш бұйым формасы – қалыпта басып шығаратын болған. Тостаған қалыптың ішінде бедерлі және ойық техникасымен өрнек жасалған. Қалыпқа басып алғаннан кейін ыдыстың сыртқы беті әлі де өңделетін. Салынған өрек тазаланып, түзетіліп, үстіне қосымша өрнектер салынып, әшекейлрмен толықытырылған. Ыдыстың сыртына қосымша балшық жапсырылып, оның үстіне штамппен өрнек салу жиі қолданылатын әдістердің бірі болған.

Сырланған қыш бұйымдар

Қызыл балшықтан сырланып жасалған ыдыс түрі. Қыш бұйымдарды жасау үшін темірлеген, пластикалық қасиеті жоғары немесе орташа деңгейлі балшықтарға темір немесе карбонат қоспасын қосу арқылы өңдеген. Бұйымдардың сырлануы әртекті болып келеді: қорғасын іспетті мөлдір, күңгірт, сілтілі түрлері кездеседі.

Қытай фарфоры

Еуропада мұндай ыдыстарды «селадон» деп атаған. Фарфор секілді массадан даярланатын, жасыл реңді мөлдір сырмен жалатылған қалың қабырғалы шағын тостағандар. Сарайшық ғимараттарының дені текше кірпіштерден салынған. Сондай-ақ бұл кірпіштер ішкі бөлмелердің еденіне төсеуге пайдаланылған.

Сарайшық – бабалар мұрасы

Сарайшықтың ақша тиындары

Сарайшықтың ақша тиындары Жошы ұлысы мен өзге де мемлекеттердің 25 қаласында арнайы тиын соғатын орындарында өндірілген. Сарайшықтың өзінде XV-XVI ғасырларда соғылған тиындары да бар. Тиындардың көпшілігі қаланың мәдени қабаттарында жүргізілген археологиялық зерттеулер барысында табылған. Шаһардан табылған ең көне тиын Бату ханның немересі Меңгу-Темірдің билігі кезінде соғылған дирхем. Ол қаланың мәдени қабатынан табылды және Еділ бойындағы Үкек қаласында шығарылған. Үкектің дирхемдері жалпы өте жұқа әрі қоспасы сапасыз күмістен жасалған екен. Сол дәуірдің тиындары алғаш рет Жошы ұлысы хандарының аттары жазыла басталды. Г.А. Федеров-Давыдовтың пікірінше, осындай дирхемдер Берке хан (1257-1266 жж.) тарапынан соғылып, мемлекетте исламды уағыздап насихаттауға арналған болатын. Қалған дирхемдері оған ұқсас, әрі оларда Шыңғыс ұрпақтарының таңбасы бедерленген екен. Ол кезде мемлекет Қарақорым орталықты моңғол империясынан бөлектеніп, Жошы ұлысының дербестігі күшейе бастады, оның белгісі іспетті ол кездері тиын ақшаларда мұсылмандық символдар пайда болды. Дәл Меңгу-Темір заманында Алтын Ордалық хандардың атымен алғашқы тиындар соғыла бастады. Тиын атаулары хандарға қатысты «сұлтан» «ағзам» «ұлық» деген мұсылманданған атаулармен атала бастады.

XIII ғасырдың соңында Сарайшықта Меңгу-Темірдің ұлы Тоқты немесе Тоқтоғұның (1290-1312 жж.) атымен байланысты тиынның болғаны сол дәуірдегі билікті меңзеп тұр. Сарайшықтан табылған ирандық хұлағұд елхандар ол билік құрған тұста Иранмен жүргізген саяси-әскери қатынас пен сауда-экономикалық байланыстарды айқындаса керек.

Империя Өзбек хан (1312-1342 жж.) билік құрған тұста тұрақтылық орнап, өте жақсы гүлденді. Мемлекеттің базарында алтын, мыс тиындар көптеп қолданылды. «Гийяс ед-Дуниа», «Гийяс ед-Дуниа уа ед-Дин» («Діннің тірегі, дүниенің қамқоршысы» деген лақап атпен Өзбек хан өзінің тиындарын тұрақты түрде соқтырып отырды. Өзбек ханның немересі Бердібек хан өз ағасының қолынан қайтыс болған соң, Орда әлсірей бастады. Орданың ұрпағы Қызыр билігі дәуірі басталады. Қызырдың дәуірінде сол кезеңге тән пұлдар мен тиындар айналымға енеді. Қызырдың ұрпағы Әзіз-Шейх таққа отырған кезден бастап, тиындар Гүлстан мен Сарайда соғылатын болған. Кейіннен Ноғай Ордасы билерінің тұсында соғылған тиындар Сарайшық қазба орындарынан табылған.

Музейдегі қару-жарақ түрлері

«Ер қаруы – бес қару» деген ұғым бар. Ер жігітке сын сағатта қорған болған қару-жарақ түрлері ел аузында түрліше аталып жүр. Алыстан шолып, аңдысуға немесе бетпе-бет келіп, алысуға байланысты қару түрлері де әртүрлі болғаны белгілі. Қазақ жауынгерінің соғыс қаруы бес түрге бөлінеді. Садақ – ату үшін, , садақ түйреу үшін, қылыш – кесу үшін, айбалта – шабу үшін, шоқпар – соғу үшін қолданылған. Қару атадан балаға мұра ретінде жалғасқан. Осы аталған бес қарудың үш түрі Сарайшық қазба орнынан табылған.

Жебе

Қазба орнынан жебенің ұшы ғана табылған. Мыстан жасалған жебе XIV ғасырға тән. Тағы бір табылған қару ол – найзаның ұшы.

Найза

Қазақ сарбаздары найзаны түйреу үшін қолданған. Қарудың бұл түрінің сабы қарағай, eмен қaйың секілді берік ағаштардан жасaлған. Әдетте найзаның басына шaшақ тағылған. Шaшақты иесі жаpақат алған жағдaйда аққан қaнды найзаның сабына жібермеу мақcатында таққан. Қолбасшының найзасына дәреже белгісін айыру үшін байрақ немесе жaлау тағатын болған. Қарудың қолға ұстайтын сабы жұмcaқ болy үшін мaқпал немесе бapқыт сынды қымбат матамен қаптап, ілгегін қaйыcтaн жасаған. Көбінесе қазақ батырлары ұстаған найзалардың ұзындығы 150 см 190 см жететін болса да, теміp саyытқа қapсы пайдаланылатын «сүңгі» қаруының ұзындығы 3-3,5 метpгe дeйін жeткен. Өткен ғaсыpларда сарбаздар сирек қoлданған нaйзаның тағы бір түpі – «жыда» деп аталған. Оны жауынгерлер алыстан лақтыру арқылы қорғанған. Музейде тек найзаның ұшы ғана көрмеге қойылған, өкінішке қарай сабы сақталмаған.

Қылыш

Қылыш – бaсы бір жүздi, сыpтына қарай қайқылау болып келетін кесyге арналған қару. Кесу үшін басын ыңғайлы етіп жасалған. Ал, «Наркескен» деп өте қайқы қылыштаpды атаған. Қылыштың ұзындығы әдетте 75-88 cм, жүзiнің ені 3-3,5 cм бoлып келеді. Сабы 10-13 cм бoлып, ағашпен көмкеріліп, әртүрлі ұлттық нақыштаpмен өрнeктелгeн. Қазақтар қылышты «қынап» деп аталатын арнаулы қапқа сaлып, қылышбау аpқылы белге тағып жүpген.

Сарайшық – бабалар мұрасы

Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесі Алтын орда заманында да өркениет пен мәдениеттің салтанат құрғанын айшықтап отыр. Сол дәуірде-ақ адамдар тұрмыстық өмірін жеңілдету үшін өмірге аса қажетті дүниенің бәрін қолдана білген. Бөлмеге жарық беру үшін шырағдан қолданған.

Шырағдан

Шырағданның тарихы ерте дәуірден бастау алады. Мәселен, Сарайшық қалашығында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған түрлі кезеңдерді сипаттайтын шырағдандар бай тариыхымыздан, өнегелі өткенімізден хабар береді. Қазба жұмыстары кезінде қыштан жасалған шырағдандар мен табақшалар табылған. Бөлмелердің ішіне қойылған шырағдандар діни сенімге сай тұрғындардың өз отауларының отын сақтау мақсатында пайдаланылса, кішігірім шырақтар бөлмелердің ішін жарықтандыру үшін қолданылған.

Шығыс моншасы

Сарайшықтан шығыс моншасының орны табылған. Моншаға су қыш құбырлармен тартылған. Іші мозайка тастарымен безендірілген. Мұның өзі орта ғасыр мәдениетінің даму дәрежесін көрсетеді.

Қыш құбырлар

1996-2000 жылдар аралығында жүргізілген зерттеу жұмыстары барысында 2 немесе 4 бөлмелі үйлердің қабырғалары шикі кірпіштен қаланғаны белгілі болған. Бөлмелердің төр жағында ені 1,5-2 метрге жететін түтінді сыртқа шығаруға ыңғайлы қос каналы бар суфа орналасқан. Суфа яки құбыр тандырлы ошақтан шығып, бөлмеден қабырғаның арсына тік жол арқылы төбеге шығарылған. Түтін шығатын құбырлар қыштан жасалған. Сол себепті 20-25 градусқа дейін жылу бойында сақтап тұрған.

Мақалаға «Сарайшықтың қыш бұйымдары» сондай-ақ «Сарайшық тиындары», «Қазақ сарбазаның бес қаруы» сынды зерттеу еңбектерінде көрсетілген құнды мәліметтер пайдаланылды. 

Музейдегі зергерлік бұйымдар

Музей қорында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан көне зергерлік қолөнер туындылары да бар. Өте үлкен талғаммен жасалған, қыз-келіншектердің ажарын ашып, көркін келтіретін, олардың нәзіктігін мен сұлулығын айшықтай түсетін, ажарын кіргізіп, көркін нұрландыратын зергерлік бұйымдардың бірі – білезік. Сол дәуірде-ақ зергерлер сұлуларға арналған білезіктерді үлкен ыждахатталықпен жасағаны аңғарылады.

Білезік

Білезік – қазақ әйелдерінің ең көп тұтынатын бұйымы. Тарихшылардың зерттеу еңбектеріне сүйенетін болсақ, шығыс елдерінде сақина, жүзіктерді сиқырлы күші бар заттар деп қарастыру кеңінен таралған түсінік екені айтылады. Сондай-ақ кез-келген әйел баласы ас тазалығы үшін күміс сақина немесе жүзік салып жүруге тиіс болғандығы жазылады. Бұл сөзімізге «Тамақ адал болуы үшін қолда күміс жүзік болуы тиіс» деген қағида дәлелдеп тұрғандай.

Сарайшық – бабалар мұрасы

Жүзік

Зергерлердің пайымынша, сақинаның жасалуы жүзікке қарағанда оңай болып келеді. Өйткені, сақинаның сыртқы бетіне бізбен безеу, шапқымен шеку әдісі арқылы қарапайым ою-өрнек салуға болады.

Құдағи жүзік

Құдағи жүзік – аты айтып тұрғандай жаңа түскен келіннің анасына берілетін кәде сый. Яғни қызына аналық мейірімі мен шуағын төге білген, тәрбие беріп, иман нұрымен сусындатқан парасатты құдағиға берілетін болған.

Сарайшық – бабалар мұрасы

2019 жылы музей-қорыққа қабылданған жәдігерлер

2019 жылы музей-қорықта «Музейге сый» атты акция ұйымдастырылады. Сол кезде акцияға қолдау білдірген ауыл тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері музейге көптеген жәдігерлер табыстады.

Терме алаша

Алашаны музейге Сарайшық ауылының тұрғыны З. Қайрошева тапсырған. 109х220 см болатын терме алашаны Зәмза апайдың енесі Жаңылсын Қожахметова сары майдай сақтаған көрінеді. Себебі алашаны Жаңылсын апаның енесі Сәнім әже тоқыған екен. Музей қызметкерлерінің сөзінше, ол иірілген жүн жіптен термелеу әдісімен тоқылған. Қызыл, сары түстерден құралған бес жолақтан тұрады. Сары түсті жолақтарға қызыл түспен қазақ оюлары бейнеленген. Екі шеті қара түсті матамен көмкерілген.

Кебеже

Сарайшық селосының тұрғыны Ж. Мұқанов өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары жасалған кебежені сыйға тартты. Кебеженің өлшеміне тоқталар болсақ, биіктігі – 41 см, ұзындығы – 76 см, ені – 37 см. Ою-өрнектермен безендірілген.

Домбыра

Белгілі шебер Н.Т. Бейсенбаев 2015 жылы өз шеберханасында жасаған домбыраны сыйға тартты. Музейдің қорын толықтырған бағалы жәдігердің басы мен сағағы жидек ағаштан шанағы қара талдан, бет ағашы қарағайдан жасалған.

Сарайшық – бабалар мұрасы

Суреттер

ҚР Мәдениет қайраткері, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Отарбай Кендір Музейге Сарайшық қалашығына сондай-ақ Махамбет бабамызға қатысты өзінің 4 туындысын тапсырды.

Ағаш жастық

Бейбарыс ауылының тұрғыны Қ.Биляшева «Музейге сый» акциясын қолдап, жастағыш (жастық ағаш) пен кебежесін сыйға тартты. Бұл жәдігерлер Биляшеваға оның енесі Уәлиқызы Замариядан қалған. Зерттеушілердің сөзінше жастағыш қазақ тұрмысында жастықты биіктеп салу үшін қолданылған арнайы ағаш жиһаз. Далалық мәдениетте жастағаштың тұрмыстық қажетінен басқа философиялық та мәні бар. Оны жаңадан отау құратын баласына арнап әкесі немесе атасы жасатқан. Жастағаш қыздың жасауына кірмейді. Сондай-ақ, жастағаштың басы неғұрлым биік болса, жасатқан адамның беделі соғұрлым жоғары болғаны және балаларына бастарың төмендемесін, айналаңа қадірің жоғары болсын деген тілегін білдірген екен.

Құран кітап

Сарайшық ауылының тұрғыны М. Уәлиева өзінің қайын атасы Дінқуат Уәливтен қалған Құран кітап. ХХ ғасырда Қазан баспасынан шығарылған араб тіліндегі кітап.

Арба

2019 жыл музей-қорыққа Махамбет ауданы Бейбарыс ауылының тұрғыны Ж.Ж. Шағаев ХХ ғасырға тән арба тарту етті. Арба ертеректе әскери көлік ретінде қолданылған. Кейіннен жол жүруге, жүк тасуға, сондай-ақ уақытша жылжымалы тұрғынжай ретінде қолданыста болған көне көлік түрі болып саналады. Арбаның түрлері заманына қарай шаруашылық, тұрмыс қажеттіліктеріне байланысты үнемі жетілдіріліп отырған.

Мұрағат құжаттары

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Ә. Мұқтар Башқортостан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінен әкелінген атасы имам қатып Кәкімбек Байғазиевтің архивтік құжаттары мен фотосын сондай-ақ қажы Ғұбайдолла Араловтың архивтік құжаттары мен Меккеге барғанда жазған күнделігін, әлкей марғұланның иҚазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінен алынған қолжазбасын Г.Ф Генстің қазақ хандары туралы қолжазбасын табыс етті. Бұлардың қатарында тарих ғылымдарының кандидаты, Семей мемлекеттік университетінің профессоры, ноғайтанушы А. Исин Мәскеудегі Ресей көне деректер архивінен алынған Ноғай Ордасы мен Қазақ хандығына қатысты құжаттар да бар.

Осынау тағылымы мол, баға жетпес тарихи жәдігерлер мен мұрағаттық құжаттар тек бір адамның ғана меншігі болмай, баршаға ортақ жәдігерге айналды. Олар ұрпақтан-ұрпақта мирас болып қала бермек. 

(Суреттер: ашық ғаламтор көзінен алынды.)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға