Жаңалықтар

Әлемді велосипедпен аралаған жиһанкез қазақ қызы

«Саяхат маған еркіндік сыйлады»
Әлемді велосипедпен аралаған жиһанкез қазақ қызы
Фото: © El.kz 19.05.2021 17:44 10133

 

Ақмарал Мәжитова жалғыз өзі жыл он екі ай велосипедпен әлемді саяхаттап жүрген қазақ қызы. Өзіңіз ойлап көріңізші, екі доңғалақты велосипедпен бір өзің әлемнің түкпір-түкпіріне сапарлау үшін жүрек керек шығар?! Тіпті саяхатшылар үшін қаупі мен қатері қатар жүретін Оңтүстік-шығыс Азия және Орта Азия елдеріне де табан тірепті. Олай болса айлап ел кезіп, ғаламшардың әр түкпіріне сапарлап жүрген кейіпкерімізден саяхатының ерекшелігі мен қиындығы туралы сұрап көрейік. Ақмарал осы уақытқа дейін қанша елде болды екен?

Әлемді велосипедпен аралаған жиһанкез қазақ қызы

 

– Мен 2017 жылдан бастап саяхаттап жүрмін. Ең әуелі 4 ай бойы Қазақстанның көрікті жерлерін араладым. Бұл менің алғашқы сапарым болатын. Алғаш рет велосипедпен саяхаттауға аттандым. Бірақ, жарты жолды автостоп арқылы еңсердім. Неге екенін білмеймін, бастапқыда ұзақ сапарды велосипедпен жүріп өту мүмкін емес деген қорқыныш болды. Физикалық дайындығым мүмкіндік бермейді деген қауіп болды. Сол себепті табиғаты тамылжыған аймақтарда велосипедпен саяхаттап, жазығы бітпейтін иен далада діттеген жеріме автостоп арқылы жетуге тура келді,- дейді кейіпкеріміз.

 

Осы сапардан кейін жиһанкез Ақмарал Мәжитова Шымкент пен Алматы қаласында қыстағанын айтады. 2018 жылы ол алғаш рет алыс сапарға аттанған.

 

– Алматы шаһарынан велосипедпен жолға шығып, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне сапарладым. Маршрут бойынша Қазақстанның батыс аймағына кіріп, паром арқылы Әзербайжан еліне жеттім. Әзербайжандағы сапарым Грузияға жалғасып, жолым ұзара түсті. Осылайша 2018 жылдың желтоқсан айында мен Малайзияға ұштым. Себебі бұдан ары қысы қатты елдерге саяхаттау тиімсіз болатын. Сапарым Таиланд, Камбоджа, Лаос және Вьетнам секілді елдерге жалғасын тапты,- дейді ол әңгімесін әрі қарай сабақтап.

Әлемді велосипедпен аралаған жиһанкез қазақ қызы

 

Ақмарал Вьетнамда біраз бөгелуге тура келгенін айтады. Бұдан ары қарай Жапония, Қытай секілді аспан асты елдеріне саяхаттауды жоспарлаған қазақстандық жиһанкезге Вьетнам билігі виза беруден бас тартыпты. Есесіне қазақ қызы Оңтүстік Корея мемлекетіне жол түскенін тілге тиек етті.

 

– Оңтүстік Кореяға сапар шеккеніме ешқашан өкінген емеспін,- дейді кейіпкеріміз. – Бұл керемет ел. Дәл мен сияқты велосипедпен саяхаттағанды ұнататындар үшін ыңғайлы, қолайлы ел. Неге десеңіз, әлемдегі ең ұзын велосипед жолағы осы елде. 630 шақырым жерді алып жатыр. Табиғатына қарасаң көзің тоймайды, сондай әсем, көрікті жерлері көп. Ең қуантарлығы, жергілікті халқының көңілі дархан, қонақжай, ашық және жомарт болатындығы қатты ұнады.

 

Әлемді велосипедпен аралаған жиһанкез қазақ қызы

Осы сапарында жиһанкез қазақ қызы Оңтүстік Кореядан паромның көмегімен Ресей жеріне өтіпті. Ресейдің Владивосток қаласына табан тіреген ол, бұдан әрі Хабаровск шаһарына сапарлаған. Ақмарал Хабаровскіден Улан-Удэ қаласына жету үшін поезға отыруға мәжбүр болғанын айтады.

 

– Себебі заң талаптарына сәйкес, Қазақстаннан Ресей жеріне келген кез-келген турист бастапқы 7 күннің ішінде тіркелсе 3 айға дейін еркін жүре алады. Алайда мен ол талапты орындамаған едім. Соған байланысты тез арада қоғамдық көлікке отырып, сапарымды жалғастыруға тура келді. Улан-Удэ қаласынан Байкал көліне, одан әрі Моңғолия жеріне табан тіредім. Велосипедпен Моңғолияның солтүстігінен Улан-Батыр арқылы оңтүстік аймағына өттім. Осылайша қазақтар шоғырланған Баян-Өлгей аймағына жолым түсті. Көне көшпенділердің өмір салтын сақтаған қазақтардың тыныс-тіршілігімен танысып, риза болдым. Одан әрі шекара арқылы Алтай мемлекетіне сапарым жалғасты,- дейді жиһанкез.

Әлемді велосипедпен аралаған жиһанкез қазақ қызы

 

«Осыншама сапарды велосипедпен еңсеру қорқынышты емес пе?» деген сауалымызға Айжан былайша жауап қатты.

 

– Күндердің бір күнінде бір қалыпты өмір салтынан жалығып кеттім. Саяхат – менің өмірімнің ажырамас бір бөлігі. Ішкі қалауым қашан да алыс сапарларды, ел-жер көруді, өзгенің мәдениетін тануды қалап тұрады. Әсіресе, ірі мегополис шаһарлардан гөрі, еліміздің түрлі аймақтарында өмір сүріп көргендіктен, әлемнің ғажайыптарын өз көзіммен көріп, сезіну менің басты мақсатыма айналды. Ғаламшарды армансыз араласам деген жоспарым бар.

 

Ақмаралдың бұл шешімін жақындары бастапқыда құптамаған көрінеді. Десе де жиһанкез арудың айтуы бойынша, көнбеске амалдары қалмапты.

 

– Жоспар құрылып, әрбір қадамыма дейін есептеліп, шешім қабылданып қойғаннан кейін ғана жақындарыма айттым,- дейді ол. – Әр жолы рұқсат сұрайтындай кішкентай бала емеспін. Тек анама ғана не үшін саяхаттағым келетінін түсіндірдім. Басында анашым құптамағанын оның үнсіз қалғанынан түсіндім. Алдымен Қазақстанның ішіндегі сапарымның маршрутын жоспарлап, Арқалық-Жезқазған бағыты бойынша оңтүстік өңірге бет түзеймін деп ойладым. Бір аптадан кейін анам маған: «Егер сен өз саяхатыңды Арқалықтан бастағың келсе, бұл шешімің дұрыс емес. Арқа жері салқын, қысы суық. Бағытыңды өзгерткенің жөн болар»,- деді. Сол сәтте анам мені қолдайтынын, тілектес екенін ұқтым.

 

Әлемді велосипедпен аралаған жиһанкез қазақ қызы

Ақмарал жүрегінің түкпірінде саяхаттауды сәті түскен күні бастайтынын сезіп жүргенін айтады. Бастапқыда автостоп немесе бэкпекермен сапарлаймын деген ойда болған. Жиһанкез қазақ қызы алғаш рет 2014 жылы велосипед тізгіндеуді үйреніпті. Осы кезден бастап әлем елдерін аралау туралы қиялы қылаң беріп, арманы алға жетелеген. Алайда, ол әуелі туған жерінің көрікті мекендерін, әр облыстың тауы мен шатқалын, нуы мен суын көріп, жақынырақ танысқан жөн деп шешкен. Қазақтың дархан даласын велосипедпен бағындыру туралы идея осы кезде келсе керек.

 

– 2015 жылы жұмысқа велосипедпен қатынай бастадым. Ондағы мақсатым – көшеде ағылған көліктің арасымен жүру арқылы өзімнің қорқынышымды жеңу еді. Басында аздап қорқатынмын. 2016 жылы достарымызбен бірге велосипедпен үш аптаға Грузияға демалысқа аттандық. Дәл осы сапардан кейін ешқашан ешкімнен қорықпау керегін түйсіндім. Қандай да бір қалауың болса, велосипедке отырып, еш күмәнсіз кете беру керегін түсіндім.

 

Әлемді велосипедпен аралаған жиһанкез қазақ қызы

Бастапқыда Ақмарал жолға шықсам ба, шықпасам ба деп екі ойлы болғанын жасырмады. Жұмысынан да жақсы ұсыныстар түсіп, лаузымының өрлеуіне мүмкіндік болған. Нақты шешім қабылдау қиынға соқса да, ол 2017 жылы бір шешімге келіп, саяхатты қолға алады. Әуелі Қазақстанның тұмса табиғатын аралап, одан ары шекара асып алыс сапарларға кете барды.

 

– Велосипед – мен үшін саяхаттауға ең қолайлы көлік түрі,- дейді Ақмарал әңгімесін жалғастырып. – Себебі осы екі аяқты арбаның үстінде келе жатып, табиғатқа етене жақын екеніңді сезесің. Тұмса табиғаттың өзіне тән ерекшелігі мен сырын жақынырақ сезінуге, түрлі шөптер мен гүлдердің, тау мен судың иісін құшарлана жұтуға мүмкіндік аласың. Қалаған жеріме тоқтап, қанша уақыт сүйсінгім келсе, сонша уақыт бөліп, әдемілікке тамсанамын. Патша көңілім қалаған жерге палаткамды тігіп жіберіп, демалып аламын. Айта берсең, жақсы жақтары өте көп. Ең бір ұтымды тұсы деп – қаржыңды үнемдеуге септігі зор екенін айтар едім.

 

Әлемді велосипедпен аралаған жиһанкез қазақ қызы

Ақмарал осы сапарларына жеткізіп ұстайтын аздаған кірісі барын айтады. Десе де ол көбінесе саяхат барысында қаржысын неғұрлым үнемдеуге тырысатынын тілге тиек етті. Жиһанкездің айтуынша, бірінші кезекте ол палаткада түнеу арқылы қаржы үнемдейді. Тек палаткасын жаятындай мүмкіндік болмайтын ірі шаһарларда ғана қонақ үйге түнеуге тура келетін кездер болады екен. Екіншіден – ешқашан су сатып алмайтынын айтады. Көп жағдайда суды бұлақтан, арықтан алады. Тіпті болмаса жергілікті тұрғындардан су сұрап ішетін көрінеді.

 

– Сапарға шықпас бұрын алдыма бірнеше міндет қойдым,- дейді ол. – Анамның зейнет жасына жетіп, өз табысы өзінде болатын мезгілін күту, үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, несиесін жауып бергеннен кейін ғана өз мақсатымды жүзеге асыруға кірістім. Тек осы міндеттерді орындағаннан кейін ғана еш алаңсыз саяхаттауға мүмкіндігім болатынын болжадым.

 

Әлемді велосипедпен аралаған жиһанкез қазақ қызы

Көптен күткен сапарға аттанбас бұрын менің тәжірибемде «сынақ» сапарлар болды ғой. Сол себепті, вело сапарға өзіммен бірге не алып шығатынымды білдім. Бір қызығы Грузияға барған сапарымыз нәтижесіз болып шықты. Алысқа шыққан сапардың алғашқысы болғандықтан, көп кемшіліктер болыпты. Ал, Қазақстан ішіндегі сапарға аттанарда мен велосипедті әдемі немесе ұсқынсыз деп қана бөлетінмін. Саяхатқа шығарда өзіме гидравликалық тежегіші бар велосипед сатып алдым. Мұндай көлік тек менде ғана бар деген мақтаныш сезімі болғанын ойласам қазір күлкім келеді. Саяхаттың өзіндік ерекшелігін меңгере келе, жер-көкке сыйғызбай мақтаған көлігім алыс сапарға аса жарамайтынын түсіндім. Амал қанша, менде басқа таңдау жоқ еді. Қолымда бар жүгімді артып, қазақтың сары даласын кезген көлігіме отырып, тәуекел еттім. Алыс сапарға арналған керек-жарақтың ішінде ұйықтауға арналған жабдығымды ауыстырдым, оны маған достарым сыйға тартты. Үрлейтін матрас сатып алдым. Ондай матрас суықта өте пайдалы. Соңғы ақшама велотуфли мен контакт педалын сатып алдым,- дейді Ақмарал есіне алып.

 

Әлемді велосипедпен аралаған жиһанкез қазақ қызы

Айлап, апталап сапарлайтын ұзақ жолдарда түрлі қиындықтар мен күтпеген жағдайлар болып тұратыны сөзсіз. Ақмарал өз бетінше сапарлайтындықтан, ондай жағдайларға іштей есеп беріп, дайын жүретінін айтады. Шаршайтын кездер болады, қиын жағдайда жол жүруге тура келетін сәттер болатынын жасырмады. Мәселен, қарсы соғатын қатты жел, қолайсыз ауа-райы болып тұратын көрінеді. Бастапқыда кішкентай дөңестің өзі Ақмаралға биік асудай көрініпті. Көптеген елдерді көріп, талай асуларды бағындырып, небір қызықты сапарлар артта қалған кезде көзқарасы өзгергенін тілге тиек етеді. Бәрі де тәжірибе арқылы келеді. «Бастапқыда кез-келген кедергіні еңсергенде «Вау, мен бағындырдым, еңсердім, мен мықтымын» деп ойлайсың. Тіпті көңіл аударуға да тұрмайтын болмашы дүние екенін кейін түсінесің»,- дейді ол.

 

Әлемді велосипедпен аралаған жиһанкез қазақ қызы

Бір қызығы Ақмарал осындай сапарларға өзін физикалық тұрғыда еш дайындамаған екен.

 

–Саяхаттаймын деп шешім қабылдаған күні велосипедке отырдым да кете бердім. Осынша шақырымды еңсеруім керек деген ешбір мақсат қоймадым. Қанша жүрсем, сонша болады деген ой болды. Тіпті күніне тек 20 шақырым жол жүрсем де мұңаймадым, осылай болуы тиіс деп қабылдадым. Мұндай ұйғарымға да біртіндеп келдім. Бастапқыда аз жол жүрсем немесе желдің күшінен тайсақтап қалсам, кейде жаяу жүргенім үшін өзімді кінәлайтынмын. Кей тұстарда әлсіздік танытып, қорқынышқа жол бергенім үшін айналамнан ұялатынмын. Бәрі бекер екен. Кейіннен талай жиһанкездермен тілдесе келе, өзімді қабылдап үйрендім. Қорқыныштарым мен әлсіз тұстарымды да қабылдадым. Олар маған: «Кейде тіпті велосипедтен түсіп, діттеген жерімізге автостоппен жететін кездер болады. Мүлде жолға шықпай қалуымыз да мүмкін. Онда тұрған еш әбестік жоқ. Біз ол үшін уайымдамаймыз. Бұл сенің жолың»,- деді. Бұл тек менің басымда ғана болатын жағдай емес екен ғой деп, әр нәрсеге еркін қарайтын болдым. Қазір түрлі жағдайлардан сақтану мақсатында кейде автостоп арқылы сапарды жалғау керек кезінде еш ұялмастан жүре беретін болдым,- дейді кейіпкеріміз.

 

Әлемді велосипедпен аралаған жиһанкез қазақ қызы

«Қыз бала үшін мұндай алыс сапарлардың еш қаупі жоқ па?»,- деген сауалымызға кейіпкеріміз былайша жауап берді.

 

–Бұл негізі жиі қойылатын сұрақ. Әрі қызық тақырып. Мен секілді өз бетінше саяхаттайтын қыздармен дәл осы тақырыпта жиі сөйлесіп тұрамыз. Өз тәжірибеме келетін болсам, белгілі бір қауіп-қатерді білдіретін белгі болмаса, интуицияма құлақ асқанды жөн санаймын. Сапар барысында бөгде адамдармен тілдескен жағдайда сөзі немесе іс-әрекеті ұнамаса, бұрылып кете беремін. Қауіпсіздігім үшін кейде адам көзіне түспеу үшін елді мекенге алыс аймақтарға қонып, жүре беремін. Көп жағдайда дархан жүректі, жақсы жандар жолығады. Тәжікстанда болған бір оқиғаны айтып берейін. Ол кезде мен бір жолсерік қызбен сапарлаған едім. Сол күні біз екіге бөлініп, саяхаттамақ болдық. Мен Вакханск асуына қарай бет алмақ болдым. Жолсерігім негізгі тас жолдың бойымен кететін болды. Сапарға шығардан бір күн бұрын біз жүрген аймаққа 350 шақырым жерде төрт саяхатшыны (велосипедпен жүрген) өлтіріп кеткені туралы хабар алдық. Келесі күні таңда кісі өлімін террористік ұйымның мойнына алғаны туралы ақпарат тарады. Дәл сол сәтте біздің қасымыздан бір колонна әскери техника өтті. Сол күні қатты қорыққаным бар. Менің өмірімдегі қауіпті сәттердің бірі осы кез болды,- дейді жиһанкез.

 

Әлемді велосипедпен аралаған жиһанкез қазақ қызы

Осы жағдайдан кейін Ақмарал мен жолсерігі екеуі бөлінбей бірге жүруді жөн көріп, автостоп арқылы сапарлайды. Өкінішке қарай, жолай тоқтатқан көлік жүргізушісі арам пиғылды адам болып шықса керек. Кешке қарай қыздарға тиіспекші болған. Екеулеп, бетін қайтарып, өздерін қорғап қалған. Ақмарал сол кезде «Екеуміздің бірге жүргеніміз қандай жақсы, егер екіге бөлінген болсақ, бұл оқиғаның арты немен аяқталарын кім білген» деп ойға қалғанын жасырмады.

 

– Ал, жолда сырқаттанып қалатын кездер болып тұрады,- дейді ол әңгімесін ары қарай жалғастырып. – Бірде Тәжікстанда жүргенде тау ауруымен ауырып қалдым. Ағзаға су жетіспеушілігі болған екен. Оны кейін бірнеше ай өткеннен кейін ғана түсіндім. Сол үшін қазір сапарға алдын-ала дайындаламын. Симптомдарға көңіл аударып, ертерек көңіл бөлемін. Бір жағынан мұндай жәйіттер кімнің саған жанашыр екенін айқындап береді. Басыңа іс түскенде кім саған қол ұшын созады соны анық аңғарасың. Мәселен, сол кезде қаншама мың шақырым жолдар бөліп жатса да, достарымның қолдауын сезіндім. Достарымның мен ешқашан көрмеген көрмеген достары маған көмектесті, қиын сәтте демеу болды.

 

Әлемді велосипедпен аралаған жиһанкез қазақ қызы

Ақмарал төрт жылдың ішінде талай дос тауып, араласып тұратынын айтады.

 

– Саяхат маған еркіндік сыйлады. Бұрын жұмыс істеп жүргенде аз ғана қаражатқа жұмыс істеп, минималды жайлылықта өмір сүрсем де еркін боламын деп ойлайтынмын. Бұл қате пікір екен. Әлемнің ғажаптарын өз көзіммен көріп, талай-талай тұмса табиғатқа тамсанғанда менің көзқарасым түбегейлі өзгерді. Қаншама қарапайым адамдардың қалай өмір сүретінін көрдім, олар не ішеді, не жейді, қалай күн көретініне қанықтым. Ұсақ-түйектен бастап, тұрмысымен, салт-дәстүрмен таныстым. Бұрын әлемді көрсем деуші едім, қазір саяхатымның басты мақсаты – адамдар. Қандай ұлт болса да мен үшін керемет естеліктер сыйлайды. Адамдар өте қарапайым және кішіпейіл келеді. 4 жылдың ішінде талай дос таптым,-дейді ол.

 

Әлемді велосипедпен аралаған жиһанкез қазақ қызы

Ақмарал осы жылдар аралығында адамдар қаншалықты әртүрлі болғанымен, бәрінің мұраты бір екенін түйгенін айтады. Ұлты немесе діні басқа болса да, жер бетіндегі адамзат атаулының ортақ бір құндылығы – отбасы екеніне көзі жеткенін тілге тиек етті.

 

 

(Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды)

Бөлісу:

(Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды).

Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға