Жаңалықтар

Ғайып ерен қырық шілтен

Ғажайыпқа толы мекен
Ғайып ерен қырық шілтен
11.05.2017 11:28 35773

Ғайып ерен қырық шілтен сөзі бір емес үш тілден құралған тіркес. Атап айтар болсақ, «ғайып» араб тілінен алынған «жоқ болу», «көзден таса болу» деген мағынада, «ерен» сөзі көне түркі тілінен алынған «ер» сөзі, ал «шілтен» болса, парсы тілінен аударғанда «қырық тән немесе қырық дене» деген ұғымға саяды.

***

Бұл сөз туралы, бұл жер туралы өте көп аңыздар бар. Оның бірі арабтың ғұламасы әл-Газалимен тікелей байланысты. Ол әл-Фарабимен замандас болыпты. 13-14 жастағы әл-Газали Үндістаннан араб елдеріне білім іздеп шығады. Ол мінген керуенге жол бойы қырық қарақшы жолығып, бұлардан ақша талап етеді. Жолаушылар бар қаржысын жасырып бақса, бала газали анасы берген тиынның бәрін қарақшыларға санап береді. Баланың бұл ісіне таңырқаған қарақшылар себебін сұрайды. Сонда әл-Газали анасының «Құдайдан қорық, адам баласына қиянат жасама, өтірік айтпа, адалдан мал тап» деген ақылын айтып береді. Қарақшылар баланың тегін емес екенін байқап, тартып алған ақшасын қайтарып беріп, бата сұрайды. Батадан соң, қарақшылар құсқа айналып, жоғарыға ұшып кетеді. Содан бастап «Ғайып ерен қырық шілтен» атанады. Оларға Алла тағала тарапынан қиын-қыстау жағдайға ұшыраған мұсылмандарға көмектесу міндеті тапсырылады.

***

Кей аңызға сүйенсек, бұл жерде Адам ата мен Хауа ана, сондай-ақ барлық жер-дүние, аң-құстар Алла Тағаланың құдіретімен ғайыптан пайда болыпты. Ғайып ерен – ғажайып күш, ал Қырық шілтен – көзге көрінбейтін қырық бір ата. 

***

Баяғы өткен заманда Шілтер атты әулие кісі болыпты. Құдайға құлшылық етуден таймаған, істегені ақ, көңілі таза, ниеті адал, ақ жолындағы адам екен. Бір күні қасындағы қырық кісімен бірге жолаушылап келе жатып, Қазығұрт тауының етегіне келеді. Біраз дамылдап алған соң, бесін намазын оқымаққа жайнамазға жығылады. Осы сәтте таудың басқа қырынан қарақшылар тап келіп, бұларды өлтірмекке бекінеді. Шілтер әулие мен  қатар қырық кісі де намаздарын бұзбай оқи береді. Намаз үстінде әулие тәңірден «жау қолына түсіргенше, тасқа айналдыра көр» деп дұға етеді. Алла Тағала қасиетті Шілтердің тілегін қабыл етіп, серіктерімен бірге тасқа айналдырады. Содан кейін көпшілік бұл жерді Қырық Шілтер әулиенің жері деп атап кетеді.

***

Ерте заманда бір сахабаның ұлы қасына қырық серігін ертіп, әулиелі, киелі жерлерді аралап жүреді. Олар осылай Қазығұрт тауының етегіне келіп түнейді екен. Бір аңызда ол жерді «Ғайып ерен қы­рық шілтен» деп атаса, ал бір аңызда «Қызырала қырық шілтен» дейді. Халық болса, сол қырық кісіні ғайыптан пайда болған деп қабылдап, Шілтер деп  атап кетеді. «Шіл» сөзі парсыдан тәржімалағанда «қырық» мағынасында екен. Содан ол жер «Ғайып ерен қырық шілтен» деп аталып кеткен.

***

Қазақ халқының батырлық дастаны «Алпамыс батыр» жырында:

«Сол уақытта батырға,

Атса мылтық өтпеді,

Шапса қылыш кеспеді.

Ғайып ерен, Қырық шілтен,

Қолтықтан сүйеп, демеді», – деген жыр жолдары бар. Бұл жырдан біз Ғайып ерен қырық шілтеннің сонау бағзы заманнан бар екенін көреміз.

Әулие басында тастардың арасынан өсіп шыққан бір түп киелі тұт ағашы бар. Сондай-ақ, Адам ата мен Хауа ананың белгілері бар. Бұл бейнеде  ер адам дауыл мен от-суға қарсы тұратын, әйел затының сүйеніші ретінде көрсетіліп, Адам ата мен Хауа анамызды қиындықтан қорғап тұр. Тастағы тесіктер Хауа ананы от пен судан аман сақтаған Адам атаның қырық тесік шапаны екен.

Табиғат-Ананың өзі таспен мүсіндеген жан-жануарлардың бейнесі, сондай-ақ дастархан белгісі, түйе белгісі секілді тас мүсіндер бар. Сол секілді мұнда 15 метрлік жартас бар. Ол жартас аралығындағы ең тар ені 25-30 см. Бұл жартастан арық адам өте алмай, толықтаулары оңай өте шығуы мүмкін. «Күнәсі аз адамдарды жартас оңай жібереді» деген түсінік бар.

Осы жерде біріне-бірі қарама-қарсы үш бұлақ ағып жатыр. Үшеуінің дәмі де үш түрлі, емі де үш түрлі. Біреуі іш ауруларына, келесісі көз ауруларына, ал үшіншісі құлақ ауруларына ем екен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға