Жаңалықтар

Борлы тау жартасындағы мешіт сыры

«Шақпақ ата» мешіті
Борлы тау жартасындағы мешіт сыры
08.06.2017 11:43 10235

«Шақпақ ата» жер асты мешіті Маңғыстаудағы сәулеті ерекше орындардың бірі. Ол Түп Қараған түбегінде, Форт-Шевченко қаласының солтүстік-шығысқа қарай 20-25 км жерде орын тепкен.

От шығаратын қасиетке ие Шахмардан

Аталған мешіт таудағы борлы жартаста тұрғызылған. Мұнда бұрындары сопылар дертіне дауа іздегендерді бір түн қондырып, құлан-таза сауықтырып жіберетін болған екен. Қазірде де адамдар ауруынан жазылу үшін бұл орынға қонып кетеді. Ғалымдар мешітті  IХ-Х ғасырға тиесілі деп болжайды. Сол замандары ғұмыр кешкен Шақпақ ата осы жерастында тұрды деген аңыздар кездеседі. Бартольд болса, оны XIV ғасырда биілік құрған Өзбек ханның тұсында өмір сүрген дейді.

Ол Шопан ата әулиенің немересі болып келеді. Шахрух атадан таралған екі ұлдың бірі осы Шақпақ ата, шын есімі – Шахмардан. Ал Шақпақ атануының себебі, тырнақтарын түйістіргенде от шағара алу қабілетіне байланысты екен. Мешіт тұрғызылған орында шақпақ жыныстарының жиі кездесуі де ілгерідегі аңызды шындыққа жанасатынынан хабардар етеді.

Сондай-ақ, аңыздарда Шақпақ ата таңғажайып күшке ие тұлға ретінде айтылады. Қаратаудың ең биігіндегі «Сахаба» аталатын киелі орын осы Шақпақ атаның бұлт үстіне шыққандығының белгісі екен. Тағы бір бізге жеткен әңгімеде өзін қуған дұшпандарынан қашқан Шақпақ ата намаз уақыты келгенде, бір тасты таңдап намазын өтеген екен. Уақыттың қалай жылжып жатқанын аңғармаған оны, дәл сол жерден жаулары тауып басын шауып алыпты. Шақпақ шабылған басын қолына ұстап одан әрі қашып, ғайып болған деседі. Ал әлгі таста аяғының, қолының, сәждеге тиген маңдайының іздері жатыр.

Келесі бір аңызда бұл мешіттің негізін салған адам лақап атын жауға қарсы тұрған ұрыстарда иеленген делінеді. Оның қаруы от шығаратын қасеитке ие болыпты. Сол секілді Шақпақ атаны жыландар әміршісі, өмірден өткен адамдардың сүйенері болған деседі.

Жер асты мешітіндегі ғажайыптар

Бұл жер астындағы қасиетті орында тасқа жазылған араб, парсы, түрік-шағатай тілдерінде жазулар кездеседі. Олар сопылықтан хабардар етеді. Яғни, бұл қасиетті жерде медресе болып, оқыту ісі жүргізілуі әбден мүмкін. Қорымда 50 құлпытастық эпитафия тіркеледі, олардың 19-ы қорымның көне бөлігіндегі тастарда, 13-і құлпытастарда, сондай-ақ 18-і сағанатамдардың қабырғаларында тұр.

Мешіт әлемнің төрт тұсына қарай бағытталған, борлы жартаста салынып, капительдер бар қос-қос бағанаға ие крест-күмбездік ғибадатхана төрт камерадан тұрады. Бұл орын жалпы қазақтың киіз үйіне келеді, орталығында дөңгелек терезесі бар.

Мешіттегі тасқа қашалған оюлар көшпенді өнерінің үлгісін көрсетеді. Үңгірге кіру есігі доға секілді, оның жанында дүниеден озған дін таратушыларын жерлеу үшін бірнеше текшелер тесілген. Бұл үңгірде бірнеше бөлмелер бар. Мешіттің көп жерлері, босаға беті, жерлеуге арналған текше қабырғалары түрлі замандағы жазулармен, салт аттылардың, өсімдіктердің түрлі өрнектерінің пішіндік бейнелерімен шимайланған. Сол сияқты ерекше көрінетін алақан бейнелері кездеседі. Осы жазулардың ортасынан өмірдің өткіншілігі мен қысқалығы хақында айтылған сопы өлеңі бар.

Жерасты мешітке кіру есігінің қос жағында жерлеу орындарында Шақпақ атаның шәкірттері мен жақын туыстары жерленген деген болжамдар бар. Ілгеріде айтып кеткендей бұл қасиетті орынның басты ерекшелігі адамдарды емдеу болып табылады.

Шақпақ ата мешіті – бүгінге дейін еш бұзылмай сақталған, діни сәулет өнерінің тамаша туындысы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға