Жаңалықтар

Қасиетті жерлер – рухани қалқанымыз

Павлодар облысының киелі орындары
Қасиетті жерлер – рухани қалқанымыз
29.08.2020 23:40 7882

Баянауыл баурайы мүлгіп жатқан сырға толы. Оның табиғат кереметтері қазақ даласын еркін кезген жиһанкездердің жолжазбаларында да жиі кездеседі. El.kz интернет жобасы оқырман назарына Павлодар аймағындағы табиғи, тарихи ескерткіштер туралы мәліметтерді ұсынады.

Қасиетті жерлер – рухани қалқанымыз

Әулиебұлақ – Ақбура әулиелерінің мекені

Баянауыл ауданындағы Күркелі ауылдық округінің Шанин ауылынан жиырма бес шақырым қашықтықта жатыр. Жергілікті халық бұлақ суы шипалы деседі. Бұлақ түбінде қайнап жататын көзін көргендеріңіз бар ма?! Табиғаттың таңғажайып құбылысы емес пМ?! Бір қызығы, Әулиебұлақтың үш қайнар көзінен дәмі бір-біріне ұқсамайтын үш түрлі су ағатын көрінеді. Тамаша дерсіз, алайда таңқаларлығы бұлақ суына қыстың қытымыр аязында да тоң түспейді. Тіпті күннің суығында да, ішсең тамағыңды қаритындай мұздай болмайды-мыс. Дәмін татқандар оның суының жұмсақтығын аңыз етіп айтады. Мұндай кереметті таңдай қағуға аз десеңіз, қаңтардың өзінде бұлақ маңайында шөптің көгеріп тұратынын қайда қоясыз. Сондықтан болар, қысы-жазы бұл жерде адам аяғы басылмайды. Келушілердің дені ауруына шипа іздеп келеді екен.

Бұл жер ежелден әулиелердің мекені болған деген де аңыз бар. Басы ауырып, балтыры сыздағандардың барлығы айшылық жердің өзінен арнайы осы жерге ат сабылтып келеді екен. Тіпті Меккеге қажылыққа барғандардың өзі Әулиебұлаққа соқпай жолға шықпайтын болған.

Есте жоқ ерте заманда бұл жерді жеті әулие мекендеген дейді. Ел ішінде әулиелердің есімдері де жатталып қалған: «Тәшмағанбет, Төлембек пен Жаулыбайды, Дәнсат абыз, әулие Мұратайды, Қажы Лекер баласы Исабаймен – «Жеті әулие» деп Мәшһүр елге жайды» деген шумақ баланың да аузында жүр. Әулиеблұлақта ертеде молда-имандар дұға оқып, азан шақыратын болған.

Қасиетті жерлер – рухани қалқанымыз

Нұрғали хазірет кім болған?

Жергілікті халықтың сый-құрметіне ие болған, туған халқы әулиеге балаған Нұрғали хазірет Боташұлыц шын мәнінде кім еді?! Ол 1832 жылы Ертіс өзенінің бойын қоныс еткен Басқұдық болысына қарасты Қамырау деген жерде дүниеге келген. Ауылдастары оның атын атамай «Ғазиз Атекем», «Қасиетті Ата» дейді екен. Ол буыны қатпаған жас кезінен діни ілім-білім жинауға бел буады. Осылайша алған бетінен қайтпаған бозбала 15 жасында үлкен азаппен Бұхара шахарына жаяулап-жалпылап жетеді. Мұнда келгеннен кейін діттеген мақсатына жетіп, «Мір-Араб» медресесіне оқуға түседі. Медресені үздік аяқтап, хазірет дәрежесіне ие болады. Кейін білімнің жолына әбден түскен Нұрғали хазірет Самарқан, Хиуа, Хорезм секілді ислам дінін ұстанушылардың басты қалаларында болып, алған білімін жетілдіре түседі. Жалпы ол діни білім алуға 15-20 жыл уақытын сарп етеді.  

Нұрғали хәзіретке қатысты ел аузында сақталған әңгімелер өте көп. Олардың кейбіреулері тіпті аңызға бергісіз құпияларға толы десек те болады. Солардың біріне тоқталып өтсек.

Нұрғали хәзіреттің Құран аяттарымен науқас адамға дем салып, емдейтін де қасиеті болған. Бір күні оны атқосшысы Мұхамеджан Уәлиұлы сел жүріп бастаған наурыз айында Ертістің арғы бетіндегі ауылға алып барады. Мұнда сырқаттанып қалғандар оның келуін өтінген болатын. Сөзі дуалы, қолы шипалы хазіретті ауыл адамдары келген соң босатпай қояды. Бұл ауылда біраз уақыт кідірген ол, ақыры жолға шығады. Сөйтсе, Ертісте сел жүріп жатыр екен. Сасқалақтап қалған атқосшыға Нұрғали хазірет біраз кідіріп барып, «Тәуекел, айда» деп қолын алға сілтейді. Кейін атқосшы бұл туралы елге аңыз етіп жеткізеді. «Көзді ашып-жұмғанша Ертістің ар жағына шығып үлгердік. Менің шошынған түрімді көрген ғазиз атекем бұл туралы ешкімге айтпауымды тапсырды» деген екен ол.

Бүгінде Павлодар ауданының Әйтім ауылында Нұрғали хазіреттің кесенесі сақталған. Оны әулие санаған жергілікті халық әлі де кесене басына барып түнеп, тілек тілейді.

Қасиетті жерлер – рухани қалқанымыз

Қалмаққырған тауы – шапқыншылық орны ма?

Қалмаққырған деген жер атаулары қазақ жерінде өте жиі кездеседі. Бұл қазақ даласының бір кездері шайқас майданы болғандығының куәсі.Қалмаққырған деген тау Павлодар облысының Май ауданының Ақшиман ауылының маңайында да бар.Тарихи деректерге көз салар болсақ, осы жерде ХІХ ғасырда Қалмаққырған болысы құрылған екен. Бұл аймақ ол уақытта Павлодар уезінің қарамағында болған. Ол жөніндегі ақпараттар белгілі философ және тарих білгілі Мәшһүр Жүсіптің еңбектерінде жиі кездеседі.

Шындығында бұл аласа таулы аймақта шапқыншылық заманында қалмақтарамен аты аңызға айналған шайқастар өткен. Батырлардың тұлпарының дүбірі қалған Қалмаққырған тауының атауының шығуына байланысты ел ішінде аңыз да сақталған.

Бұл аңыздарда осы аймақта Жасыбай есімді батырдың өткені туралы айтылады. Ол Баянауылдан қазақтарды қалмақтар ығыстыра бастаған уақытта өмір сүрген екен. Шоқпары зілді батырға сондай бір шапқыншылық кезінде қолбасы Олжабай тапсырма береді. Жасыбай батыр шағын жасағымен мыңдаған қолмен келе жатқан қалмақ әскерін тау асуында бөгеуге тиіс болады. Екі жақ ашық ұрысқа түседі. Жаудың бетін қайтарған Жасыбай батыр осы шайқаста қалмақ қоңтайшысының сауытының ашық жерінен көздеп атқан оғынан ажал құшады. Батыры өлген қазақ жауынгерлері кері шегінуге мәжбүр болады. Сол уақытта қалың қолмен Олжабай қолбасы да жетіп үлгереді. Қалмақтар шатқалға қамалып қалады. Қорыққаннан жан сауғаламақ болған әскерлеріне қарап, ақырған қалмақ қоңтайшысы «сендердің барлығың жиналып Жасыбайдың бір шынтағына да татымайсыңдар» деп қарсыласының батырлығын мойындауға мәжбүр болады. Қалмақтар осы шайқаста жеңіліс тауып, бастары ауған жаққа қарай қаша жөнеледі. Өлгендері тау арасында шашылып қалады. Бұл жердің кейін Қалмаққырған тауы аталуының себебі де осында. Айта кеткен абзал, бұл шайқас сарыарқаның қазақ еншісінде қалуын шешкен тағдыршешті шайқас болған екен.

Таңбалы тас – Ақбидайық

Қазақ жерінде ежелгі адамдардың ұрпаққа қалдырған «аманат хаттары» көптеп табылуда. Екібастұз ауданы Ақбидайық ауылының солтүстік-батыс бөлігінде тасқа қашалған бейнелер бар. Зерттеушілер мұны тас, қола және ерте темір дәуірлеріне жатқызады. Бұл Сарыарқа төсін ертеде мекендеген аңшылар мен малшылардың рухани мәдениеті мен бейнелеу өнерінің белгісі дейді тарихшылар.

Бұл аймақта палеоген құмтастары созылып жатыр. Петроглифтер қызыл түсті тас бетіне салыныпты. Суреттердің басым бөлігі адамдардың би қимылдарын бейнелейді екен. Ал билеп жатқан адамдардың маңайында мифтік жануарлардың суреттері қашалған. Тарихшы зерттеушілердің айтуынша, петроглифтердің бұл тобының мезолит дәуірінің (ж.с.д. 10-7 мыңжылдық) ескерткіштеріне ұқсастық бар.

Мифтік жануарлардың бейнесіне келер болсақ, мүйізі ұзын, басын төмен түсіріп тұрған бұқалардың суреттері – энеолит, ал қозғалыстағы бұқалардың бейнесі – дамыған қола дәуіріне жатады.

Сондай-ақ, Ақбидайықта тауешкінің, мүйізсіз бұғының бейнелері қашалған. Ең қызығы, бұл суреттердің үстінде жылқы кескінделген.

Ақбидайық петроглифтерінің ғажайыптары зерттеушілерді таңқалдыруда. Бұл таңбалы тастар жергілікті халықтың қонақтарға мақтанышпен көрсететін тарихи орнына айналған.

Қасиетті жерлер – рухани қалқанымыз

Елдестірген Үкібай би

Даланың даулы мәселелеріне төрелік айтқан Үкібай бидің есімі Сарыарқа төсін жайлаған халыққа кеңінен таныс болған. Ол ел ішіндегі тұрмыстық дау-дамайда ғана билік айтпай, сыртқы мәселелерге де төрелік еткен атақты адам болған. От тілді, орақ ауызды шешен әйгілі Шоң мен шорман билердің замандасы болған екен. 1831 жылы Қаржас пен Қанжығалы руларының арасында үлкен жер дауы болады. Дау ауыл арасындағы жігіттердің қақтығысына ұласып, нәтижесінде жеті адам мерт болады. Бұл орыс патшалығының дәурені жүріп тұрған кез еді. Қанша заңға сүйенген, орыстардың билігі қазақтың ішкі дауын шеше алмай бастары қатады. Ақыры мұны қазақтың өз билерінің төрелігіне береді. Билер өзара ақылдаса келе, Үкібайға жүгінеді. Нәтижесінде, екі ауылды қайта елдестірген Үкібайдың беделі арта түседі.

Мына бір деректі де оқырман назарына беруді жөн санап отырмыз: 1852 жылы Қарқаралыда Құнанбай қажы мешіт салдырып, оның ашылуына күллі ауыл халқы, жан-жақтан игі-жақсылар жиналады. Баянауыл дуанынан Мұса Шорманов пен Үкібай би де қатысады. Жиналған жұрт енді мешіттің есігін кім бірінші болып ашады деген сұрақтың төңірегінде дауласады. Тобықты жағы мешітті салдырған Құнанбай, есігін де алғашқы болып өзі ашсын десе, қаракесектер ата қонысында бой көтерген құдай үйінің есігін бірінші болып Алшынбай би ашуы тиіс деп дес бермейді. Осылайша, екі топ өзара қызылкеңірдек болады. Сол кезде топты жарып шыққан Үкібай би: «Алланың қасиетті үйінің есігін ашатын адамның тұла бойынша еш кемістік болмауы керек» дейді. Осылайша ол сыңар көзді Құнанбай мен басы таз Алшынбайды аттап өтіп, аят оқып, мешіттің есігін бірінші болып өзі ашады.

Міне осындай, сөз бастар шешендік ғана емес, топ бастар батырлық пен батылдық дарыған Үкібай би Баянауыл ауданындағы Көкдомбақ ауылының маңына жерленген. Оны пір тұтқан халқы оған арнап осы жерде кесене тұрғызған.

Ақсүйектер мекені

Екібастұз ауылдық аймағының Қаражар ауылының маңайында Әулиекөл археологиялық кешені бар.

Бұл Ақкөл-Жайылма кешені ақсүйектердің мекені болған. Дәлірек айтар болсақ, дәл осы мекенде өткен ғасырларда Шыңғысхан ұрпақтары орда тіккен. Археологиялық құрылысы XIV ғасырға жататын бұл кесене сарыарқа шекарасындағы ең ірі ескеркіштердің бірі.

Жерлеу рәсімдерінде исламға дейінгі тәңіршілдік пен мұсылман жораларының элементтері кездеседі. Ислам дінінің белгілері ретінде археологтар оны мүрденің батысқа бағыттап жерленуін, ағаштан жасалаған табытқа салынуын, қабірге бірге салынған құрал-сайманның, құрбан табағының болмауымен байланыстырады.

Бұл кесене археологиялық қазбалар кезінде Алтын Орда дәуіріне жататын теңгелер табылған. Сондықтан тарихшылар бұл мекенді ұлыс басшыларының жазғы ордасы болуы мүмкін деген болжам айтады.

Сабындыкөлдегі жерлеу кешені

Бұл кешен орналасқан жерге жергілікті халық көп аяқ баса бермейді. Бұны ғұрыптық жерлеу құрылыстарының қалдықтары десе де болады. Археологтар бұл кешенді зерттеу кезінде одан әлеуметтік жіктелудің белгілерін байқайды. Қола дәуірінде тайпалар арасында бай, ауқатты адамдар тайпа көсемі ретінде белгілі бір дәрежеде абырой-атаққа ие болған. Жерлеу орнының көлем адамның дәрежесіне байланысты болған. Бұл жерде ата-баба аруағына арнап құрбандық шалу, сиыну дәстүрлерінің белгілері кездеседі. Сол үшін жерлеу кешенінде арнайы құрбандық шалу орны болған.

Әулие үңгiрi

Халық жиi тәу етiп баратын жерлердiң бiрi – Қызылтау тауларындағы Құлан әулие үңгiрi. Аңыз деректерiне көз салсақ, бұл үңгiрде жер бетiн топан су басқан ықылым заманда Қоңыр әулие өмiр сүрген. Қоңыр, Қыран, Құлан есiмдi ағайынды үш жiгiт өмiр бойы туған халқына жақсылық жасаймын деп жүрiп, үйленбей қалған екен. Топан су басқан уақытта олар «ауыр болып кетiп, халыққа қырсығымыз тиiп кетер» деген қауiппен халыққа жақсылық жасамақ оймен Нұх пайғамбардың жасаған кемесiне мiнбей, екi тақтайды құрап, сонымен суда қалқып жүредi. Оларға мейрiмi түскен Алла, ағайынды жiгiттердi су тартылған уақытта Баянауыл тауының басына шығарады. Содан қоңыр әулие қазiргi жамбақы жерiндегi тауларды, қыран Баянтаудың ұшар басын, Құлан Қызылтауды мекен етедi. Үш ағайындының үшеуi де керемет қасиеттерге ие болыпты. Қоңыр әулие әркiмнiң сұраған тiлегiн берiптi. Қыран әулие жауды күншiлiк жерден көрiп, адам болып хабар берiп, сағым болып жоғалып кетедi екен. Ал Құлан әулие болса, кейде құлан, кейде адам кейпiнде көрiнiп, халықтың малының өсiп-өнуiне жәрдемдеседi.

Сақ қорғандары Торайғырда да бар

Қазақ даласы ежелгi сақ тайпалары болғандығы ешкiмге де жаңалық емес. Мұндай сақ тайпаларынан қалған қорғандардың бiрi Торайғыр көлiнiң жағасында сақталған. Археологтар бұл қорғандарды үш топқа бөлiп қарастырады. Қорғандардың жалпы саны жиырмадан асады. Солтүстiк топта – үш, орталық топта – он екi, батыс топта – алты қорған бар. Солтүстiк батыс бөлiктер орналасқан қорғандардың iшiнде аң стилiндегi суреттер кескiнделген стелла табылған. Жалпы бұл қорғандар салт-жоралғы құрылысы болып табылады. 2002 жылы жасалған археологиялық қазба жұмыстары кезiнде сақиналар бейнеленген стеллалар табылған. Бұл ескерткiштер ерте темiр дәуiрiне жатады екен. Сондай-ақ жерлеу орнында Тәңiрге тағзым ету жоралғылары да жасалған. Торайғыр қорғандары сақ тайпаларының наным-сенiмiн айғақтайды.

Ал көл жағасындағы тағы бiр археолгиялық ескерткiштер – мұртты обалар археологтар үшiн жұмбақ болып отыр. Мұнда пұт тастары бар ғұрыптық алаңдар бар. Зерттеушiлердiң айтуынша, мұндай тастарды сақ дәуiрiнiң адамдары арнайы дайындап, өздерi қасиеттi деп таныған жерге алып келiп қоятын болған. Сондықтан, бұл тастарға сақтар тәу еткен деуге негiз де бар. Бұл тастардың ғылым тiлiнде «меңгiр» деген атауы бар. Меңгiрде күн бейнесiндегi шеңберлер бейнеленген.

Жалаулы көлі

Жалаулы көлiнiң жағасында ертедегi шапқыншылық заманда қазақ рулары бас қосып, кеңес құрған. Бұл көлдiң тарихына байланысты аңыз-әңгiмелер Қыпшақ шежiресiнде де сақталған көрiнедi.

Жалпы жалаулы – Ертiс пен Ақтоғай аудандарының шекарасында орналасқан, аймақтағы ең iрi тұзды көлдерiнiң бiрi. Сiлетi мен Қарасу көлдерiнiң алабына жатады. Жоғарыдан қарағанда, көл сипаты жалпақ щұңқырға ұқсайды. Көл жылғаларынан қоқиқаздың ұяларының орындарын байқауға болады. Алайда, жергiлiктi халық қазiргi уақытта мұндай» қоқиқаз тұқымының құрып кеткенiн айтады.

Ал ендi ел аузындағы аңызға кезек берейiк: жоңғар шапқыншылығы кезiнде осы өңiрдi мекендеген Түгел, Жазы, Қошқарбай батырлар әр рудан үзеңгiге аяқ атар ер-азаматтарды жинап, жоңғарға қарсы соғысқа аттандап, жалау тiккен. Жалаулы көлiнiң атауының шығу тарихы осы оқиғамен байланыстырылады. Оларды жауды жеңiп, көлдi жағалай қуады. Бұл шайқаста қол бастаған қыпшақ батыры Жазының есiмi ерекше айтылады.

Ақбалық хазiрет

Сарыарқа даласында ислам дiнiн уағыздаушы дiндарлардың бiрi - есiмi елге белгiлi Ақбалық хазiрет болған. Тарихи деректерде 1833 жылдары өмiрге келген деп келтiрiледi. Оның азан шақырып қойған шын есiмi – Әбдiлда екен. Оның аққұба өңiне қарап, халық Ақбалық деп атап кетiптi.

Ел iшiнде қалған аңыздарға сенсек, елдiң атақты байы Тәнтi малына мал қосылған сайын дандайсып, танауымен көк тiреп, қарапайым халықты менсiнбей қойыпты. Оның тентектiгiн бетiне басып, сабасына түсiрудiң орнына айналасындағы бай-манаптар да мырзаның дегенiн жасап, елге озбырлық көрсете бастайды. Халыққа мырза деп айтыңдар деген талап қояды. Ақбалық дандайсыған Тәнтiнi тәбесiне түсiрудi ойлайды. Сөйтiп, пәуескеге үш ақбоз ат жегiп, тәнтiнiң ауылына бет бұрады. Пәуескенi алыстан байқаған мырзаның қарт әкесi ұлық келе келе жатыр екен деп ойлап, баласына дереу шапқыншы жiбередi. Асығыс киiнген күйде Тәнтi дамбалшаң күйде жүгiрiп шықса, шымылдықтан аппақ қол көрiнiп, Тәнтiнiң жағасына жармасады. Генерал-губенатор келiп қалған екен деп ойлаған тәнтi жалмажан қолды сүйе бастайды. Ақбалық арбашыға Айда деп әмiр бередi. Арбаға сүйретiлiп шаңға көмiлген Тәнтiнiң құлағына «сенiң атың Тәнтi» деп үш рет айқайлап, жерге лақтырып кетедi.Бұл оқиғаны кейiн ауыл халқы мырзаны әжуалап аңызға айналдырады.Ақбалық хазiрет Түндiк өзенiне жақын Сарытау деген жердегi Шыңырауға жерленген.

Ғабдыл-Уахит хазiрет кесенесi

Ол Мәшһүр Жүсiптiң iзбасары болған адам. Жергiлiктi халық арасында ислам дiнiн таратып, дәрiптеушiлердiң бiрi. Әке-шешесi орта дәулеттi адамдар болған. Алты жасында арабша әрiп таныған хазiреттiң дiн iлiмiне деген құштарлығы ерекше болады. Оның алғашқы ұстазы ауыл молдасы болған. Кейiн бiлiмiн әрi қарай жетiлдiрмек болып 1873 жылы Бұхара қаласындағы «Мiр Араб» медресесiне оқуға қабылданады. Мұнда жиырма жасында оқуға келген ол 15 жыл үздiксiз бiлiм алады. Туған жерiне оралғаннан кейiн ислам дiнiн насихаттауға кiрiседi. Сөйтiп Есiлбай ауылында мешiт ашып, бала оқытады. Өмiрiнiң соңына дейiн ұстаздық қылған хазiрет Келдiқыз ауылында өз күшiмен мешiт салдырады. Қартайған шағында осы мешiтте де ауыл балаларының сауатын ашудан жаңылмайды.

Оның дiнге жан-тәнiмен берiлгендiгi соншалық, тiптi Кеңес билiгi дәурен құрып, молдалардың соңына шырақ алып түскен заманда, iшкi iстер комиссариатының үйiне баса көктеп кiргенiн елең қылмастан намазын қаза қылмай, жайнамаздан тұрмай қояды. Безбүйрек тергеушiлердiң бiрi Құранның парағын жыртып алып, одан папирос жасайды. Оның бiр жақ бетi содан қисайып кеткен деген деректер бар. Ғабдыл Уахит хазiрет намаз оқып алуға мұрсат сұрайды. Кейiн тергеушiлер оны атпақ болып тоғайға алып барады. Алайда, оған мылтық кезенгеннiң мылтығы атылмай, екiншiсi қолын қимылдата алмай қалады. Осы жайттан соң хазiретке қайта баруға ешкiмнiң дәтi жетпейдi. Хазiрет Ғабдыл Уахит сырқатарды емдеп қана қоймай, болашақты болжаған көрiпкел де болған. Оның кесенесi шарбақты ауданындағы Арбиген ауылынан 15 шақырым жерде орналасқан.

Таймас әулие кесенесi

Таймас әулие – Түгел батырдың ұлдарының бiрi. Түгел - XVIII ғасырда жоңғарға карсы ұлт-азаттық күрес дәуiрiнде оларға қарсы ту ұстап, әскер жинап, қол бастаған қыпшақ тайпасынан шыққан қазақ батыры. Халық арасында Таймастың керемет қабiлеттерi есте сақталған. Ол көрiпкелдiк қасиетке ие болған. Ол халық ағарту iсiмен айналысқан. Қайтыс болғаннан кейiн қасиеттi қыпшақ әулиесiнiң жерленген адамдар дұға қайырып, тағзым еткен. Тәуелсiздiгiмiзге қол жеткiзгелi берi Таймас әулиенiң жерленген жерi. Әулиенiң басына арнайы барып тәу етiп қайтатындар көбейдi. Ертiс өңiрiнiң қыпшақтарының арасында сақталған аңыздар мен әңгiмелер Таймас әулие тұлғасының киелiлiгiн айқындап отыр. Аңыздарда, ертеде жолаушылап келе жатқан Таймас алдағы ауылда қатты қиналып жатқан бiреудi сезiп, сол ауылға барады. Ауылдың көпшiлiк жиналып тұрған тұсына келгенде, бiр адамның жаңа ғана дүние салғанын бiледi. Ал әулие болса шаршы топты қақ жарып үйге кiредi де, мәйiттi айналып, қасиеттi қамшысымен сырмақ үстiн тартып-тартып жiбередi. Қамшы жерге тиген сайын қаңқ еткен үн шығады. Көзге көрiнбейтiн бiрдеңенi қуып жүргендей, сыртқа шығып үйдi айнала қамшылайды. Содан кейiн, маңдайынан терiн сүртiп үйге кiргенде, өлдi деген адамның көзiн ашып, одан басын көтерiп отырғанын жұрт көрiп, таңғалады. Таймас әулие кесенесi Ертiс ауданының Шұбарат ауылынан 15 шақырым жерде орналасқан.

Өлеңтi петроглифтерi

Өлеңтi петроглифтерi - Өлеңтi өзенiнiң сол жағалауында оңтүстiк-батысқа қарай 10 км жерде орналасқан. Өзеннiң оң жағалауына қарсы қараған террасаның баурайында iрi ақшыл қоңыр түстi палеогендiк құмдақтың бетi ашылған. Табылған археологиялық материалдарды зерделей келе, бұл жер ғибадатхана орны деп болжанды. Бейнесi бар тастар террасаның баурайында жатыр. Олар түстен кейiнгi уақытта жарық алғашқы тасқа сурет салу өнерiнiң ескерткiшi, елуден астам аңдардың суретi. Сонымен қатар антропоморфты бейнелер мен аң аулау көрiнiстерi бейнеленген. Ескерткiш ежелгi малшылардың салт-жоралық орны болып табылады. Және солтүстiк-шығыс далаларында энеолит, қола, ерте тас ғасыры дәуiрлерiнде өмiр сүрген тайпалардың тасқа сурет салу өнерi мен рухани мәдениетiн сипаттайды. Алаңы 300 шаршы шақырымды құрайды.

Хронология жағынан оларды үш негiзгi энеолит, қола және ерте темiр дәуiрлерi кезеңдерiне бөлуге болады. Өлеңтi өзенiнiң жағалауында да осыған ұқсас бейнелер кездеседi. Мысық тәрiздi жыртқыштар бейне иесi ежелгi темiр дәуiрiне жатады. Бұл кезеңге басқа скиф-сақ өнерiнiң дәстүрлi персонаждары: бұғы, ақбөкендер жатады. Өлеңтi суреттерiнiң өзiндiк стилистикалық, көремдiк ерекшелiктерi бар. Бұл ғибадатхананың маңына орналасқан барлық ескерткiштер толығымен кешенi зерттеудi талап етедi. Бұл жер неолит пен энеолит дәуiрiнiң мекенi. Ол қола дәуiрiнiң жерлеу орны мен ежелгi дәуiрiнiң көшпендiлер қорғаны болғаны белгiлi.

 

Драверт үңгiрiндегi петроглифтер

Драверт үңгiрiндегi петроглифтер Баянауыл ауылының солтүстiк-батысына қарай 5,5 км қашықтықта Жасыбай көлiнiң жағасының оңтүстiк шығысында орналасқан. Ежелгi адамдар өздерiнiң дiни көзқарасы мен наным-сенiмiне сай қиялды образдарды тасқа бейнелеп отырған. Бұл бiр жағынан, бейнелеу өнерiнiң ең алғаш туындылары болса, екiншi жағынан, олардың наным-сенiмiн, дiни түсiнiктердiң ең алғашқы көрiнiстерiн анық көрсетедi. Ежелден берi әр түрлi бейнелерде адам бейнеленсе, оның жанының бiр бөлiгi содан көрiнiс табады деп сенген. Бұлар ата-баба аруақтарының бейнесi де болуы ықтимал. Сонымен қатар бұл суреттер адамдардың белгiлi бiр салт-жораны жүзеге асыру шақтарында бейнелеуi мүмкiн. Мұндай салттарға аңшылыққа шығу, ғұрыптарды орындау тағы басқа жатады. Аңшылық сәттерiн бейнелеу оның сәттi болуын жору, соған ниет-тiлек бiлдiрумен де байланысыты.

Жасыбай көлiнiң жағасындағы тас суреттерiн зерттеген Петр Драйвер былай деп жазған: «Бұл суреттерден 15 бейненi байқауға болады. Олардың он шақтысы әр түрлi кейiпте тұрған адамдардың суреттерi, олардың үшеуi ерлердiң суреттерi екенi анық. Үңгiрдiң шағын көлемiне қарап оның бiр адамға лайық баспана болғаны да ықтимал. Үңгiрдiң күмбезi тазалығымен ерекшеленедi. Ондағы суреттердiң дiни немесе магиялық маңызы болғаны анық. Маңайдағы өзге де үңгiрлер бұған қарағанда көлемi мен кеңдiгi жағынан астана ретiнде ыңғайлырақ. Дегенмен олардың қабырғалары мен күмбездерi қатты күйеленген».

Малыбай көлi

Малыбай көлi Лебяжi ауданы Малыбай ауылының маңында орналасқан. Ел аузында Малыбай көлiнiң пайда болуы туралы бiрнеше аңыз бар.

Онда: «Баяғы заманда, елдiң басы аманда, бақ дәулеттi жер жарған Малыбай деген бай болыпты. Бiр балаға зар болыпты. Ол бiр түс көредi. Түсiнде таңғажайып iс көредi. Малыбайға су перiсiнiң қызы ғашық болады. Малыбай телегей-теңiз отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап үйленедi. Қыз Малыбайға шарт қояды: «Қандай қиыншылық, құрғақшылық болмасын су киесiне тиiспе, тиiссең мерт боласың да, мен ұшып кетемiн» дейдi. Малыбай «Уәде-уәде» дейдi. Бiр жыл құрғақшылық болады. Малыбайдың сансыз жылқысы шөлден қырылуға тақау қалады. Амалы құрыған Малыбай су перiсiнiң қызы - әйелiне жалынады: Мал төлдеп, бас молайған он құдықтың суы бiр тартылып, бiр толып тұрады. Бұған Малыбай мазасыздана бастайды. Жылқышылары он құдықтың орта тұсында мол су бар деуiн қоймайды. Малыбай бiр күнi: «Әйелдiң тiлiн алып, малымды қырмақпын ба» деп он құдықтың қақ ортасынан құдық қаздырып, өзi жұмысты бақылап тұрады. Бiр кезде Малыбайдың тұрған жерiне көлеңке түседi: «Аспанда бұлт жоқ едi ғой» деп басын көтерсе, қанатын кең жайып ұшып бара жатқан су перiсiнiң қызы - әйелiн көредi. Ал қанатын қағып-қағып, «Қош» деп ұшып кетедi. Құдықтан мол су шығады. Бәрi қуанышты. Кенет су құдықтан аспанға атылады. Көздi ашып-жұмғанша Малыбай мал-жанымен су астында қалады. Сөйтiп Малыбай көлi пайда болған екен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға