Жаңалықтар

Қасиетті Қазақстан: Ақмола облысының тарихи-мәдени ескерткіштері

Қасиетті Қазақстан: Ақмола облысының тарихи-мәдени ескерткіштері
18.06.2021 18:15 22086

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Біз ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы»,- деген сөзі бар. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына кіретін «Қасиетті Қазақстан» жобасының да мақсаты – Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы аясында ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау.

Қасиетті Қазақстан картасына кіретін киелі мекендер қатарында Ақмола облысы да бар. Назарларыңызға Ақмола облысының тарихи-мәдени және табиғат ескерткіштерінің тарихын ұсынғанды жөн көрдік.

Қасиетті Қазақстан: Ақмола облысының тарихи-мәдени ескерткіштері

«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» ҚР Заңына сәйкес 1037 ескерткіш мемлекет қарауына алынып, В.В.Куйбышевтың музей-үйі, Ш.Уәлихановтың ескерткіші, Біржан сал зираты, Ботағай кесенесі республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер қатарына енгізілген. Сондай-ақ Ақмола облысы аумағында орналасқан 1032 тарихи және мәдени ескерткіш жергілікті маңызы бар ескерткіштер нысаны ретінде мемлекет қарауына алынған.

2009-2015 жылдарға арналған өңірлік бағдарламаға сәйкес жаңа 937 археологиялық ескерткіш, 1278 мұражай экспонаты, 298 жылжымайтын нысан есепке алынып, сирек кітаптар қоры толықтырылған. Құнды кітаптардың 73 көшірмесі, 15 тақтайша, 320 құлпытас, 522 тарихи және т.б. ескерткіштер мемлекеттік қорғауға алынды.

Мезолит дәуірінің II Виноградовқа тұрағы, неолит дәуірінің Х Тельман, қола дәуірінің Бірлік, Граф қираған орындары, II Петровка, ерте темір дәуірінің Ақ-Тау қаласы,темір дәуірінің қорғаны Новоникольск, Обалы, Қара-Оба, т.б. бірқатар тарихи-мәдени ескерткіштерге археологиялық зерттеулер жүргізілді. Аршалы ауданындағы Вишневка, Зеренді ауданындағы Ақтас тұрақтары,сондай-ақ 2-Ангренсор, 7-Батпақ тұрақтары ашель кезеңіне тән. Талдыөзен,Курома және 4-Вишневка тұрақтарын мекендеген тұрғындар балық аулау және аң аңлау кәсіптерімен шұғылданған. Ақмола облысындағы мезолиттік құралдар кремний және кварциттен жасалып, қима, пластина, т.б. материалдар қолданылған.

Ақмола облысындағы неолиттік ескерткішке Атбасар мәдениетін, Есіл өзенінің төменгі ағысында қалыптасқан Сарғара мәдениетін жатқызуға болады. Жалпы бұл аймақта Петров, Алакөл,Федоров, Сарғары мәдениеттеріне тән қола дәуірлік тұрақтар көп кездеседі. Сонымен қатар сақ дәуіріндегі «патшалық» кезеңге тиесілі 50-ден астам қорған тарихи-мәдени ескерткіштер тізімін толықтырып отыр.

Темір ғасырының археологиялық ескерткіші – «Ақ Ирий» қалашығы. Бұл қалашық 2004 жылдан бері жоспарлы түрде зерттелуде, 2007 жылдан қаланың құландыларын қалпына келтіру ісі қолға алынды.

Ақмола облысы аумағында Түркі кезеңіне тән ескерткіштер әлі де жіті зерттелмеген. Түрік, Батыс Түрік, Қыпшақ хандықтарына мекен болған аймақта Бозоқ қалашығы, Абылай ханның тағы, Абылай хан алаңы, Бөгембай мен Қабанбай ескерткіштері, т.б. ұрпаққа аманат болып отыр. Облыс аумағындағы ортағасырлық тарихи-мәдени ескерткіштердің басым бөлігі сақталмаған. Ортағасырларда, нақты айтсақ, 6-7 ғасырларда Ақмола облысы Түрік қағанатының, кейін Батыс Түрік қағанатының құрамында болды. Қыпшақ кезеңінен Қошқарбай ғұрыптық кешені, 11-12 ғасырлардан Ботағай кесенесі, 17-18 ғасырлардан Киікбай батыр кесенелерінің қирандылары сақталған.

Ақмола облысының Ерейментау ауданы Бұйратау бауырында Құмай түркілік археологиялық-этнографиялық кешені орналасқан. Түркілер бұл жерді аса бағалы әрі киелі символ ретінде таныған. Бүгінде монументальды ескерткіштердің ең көп орналасқан жері – Көкшетау қаласы. Онда 43 тарихи-мәдени, 6 археологиялық ескерткіш орналасқан. Біржан мен Ақан серіге, В.В.Куйбышев, Ш.Уәлиханов, С.Сәдуақасов, Қ.Сәтбаевқа ескерткіш, Т.Бигелдинов, М.Ғабдуллинге бюст-ескерткіш орнатылған.

Степногорск қаласы әкімдігіне ерте темір дәуірінің екі ескерткіші – Қарабұлақ қорғаны мен I Көксал моласы, сондай-ақ Ақкөл ауданына – 26, Аршалы ауданына – 9, Астрахань ауданына -21 археологияық ескерткіш, ал Атбасар ауданына 111 тарихи-мәдени ескерткіш тиесілі. 2002 жылы осы ескерткіштерді зерттеу, тіркеу, қорғау және ел игілігіне пайдалану мақсатында Ақмола облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау орталығы құрылды.

Ақмола облысындағы табиғат ескерткіштері

«Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» ҚР Заңына сәйкес Ақмола облысы аумағындағы 15 республикалық маңызы бар ескерткіш мемлекет қорғауына алынған.

Ақмола облысы орналасқан Арқа, Сарыарқа – Қазақстанның орталық бөлігін алып жатқан аймақ, Солтүстікте Солтүстік Қазақ жазығынан оңтүстікте Бетпақдала мен Балқаш көліне дейінгі аралықта орналасқан. Батыста Торғай үстіртіне тіреледі, шығыстағы шегарасы Балқаш көлінің солтүстік-шығыс шетінен Тарбағатайдың етегіне, онан әрі Зайсан қазаншұңқырының шетін ала Қалба жотасына дейін жетеді. Батыстан шығысқа 1200 км-ге, шығысында 400 км-ге созылып жатыр, ені 900 км-ден асады. Ауданы – 1 млн км2. Қарағанды, Ақмола облыстарын, Шығыс Қазақстан облысының басым бөлігін, Павлодар, Қостанай облыстарының біраз жерін қамтиды. Арқа туралы Құрбанғали Халидидің 1910 жылы жарық көрген «Таварих-и хамса-и шархи» атты 2500 км зор аймақ Оң Арқа және Сол Арқа болып екіге бөлінеді. Осы аймақта көшіп-қонып жүрген тайпалар Арқа елі деп аталады».

Сарыарқа сөзінің этимологиясы туралы айтар болсақ, Әбілғазы баһадүр «Түркі шежіресі» атты еңбегінде Арқа//Дешті//Қыпшақ деген үш сөзді бір топонимдік атау ретінде қолданған. Арқа сөзі түркі тілдерінде географиялық термин ретінде қолданылады,мысалы, қарақалпақта арқа- «арқа тұс, сырт жақ», түркіменде арга – «солтүстік», тува, хакаста арго – «тайга», «тау орманы», «созылып жатқан жон», якутта арга – «арқа», «сырт жа», «батыс», башқұртта арка – «тау жалы», «биіктік», моңғолда ар – «арқа», «арт жақ», «солтүстік», қырғызда арка – «солтүстік». Яғни Арқаға сәйкес келетіні «батыс» немесе «солтүстік» ұғымдары. Өлкедегі Жаңаарқа, Сарыарқа, Арқалық атауларына осы «арқа» сөзі негіз болған.

Абылайдың қара жолы

АБЫЛАЙ ЖОЛЫ / ХАН ЖОЛЫ / АБЫЛАЙДЫҢ ҚАРА ЖОЛЫ – Талас және Шу бойын Бетпақдала арқылы Сарыарқамен жалғап жатқан байырғы күре жол. Бетпақдалаға жүргізілген тарихи-топографиялық зерттеулер бұл өңірде ежелде бірнеше магистральды жолдардың түйіскенін, оңтүстіктен солтүстікке қарай жол болғанын анықтаған.

Қасиетті Қазақстан: Ақмола облысының тарихи-мәдени ескерткіштері

Ортағасырлық «Ұлы Жібек жолыны» бір сүрлеуі болған бұл жол Талас пен Шу аймағын Ертіс, Батыс Сібір аймақтарымен жалғастырған. Түркістан өлкесінен шыққан керуен жолы Ұлытауда түйісіп, кейін бірнеше тармаққа бөлініп кеткен. Сондай тармақтардың бірі – «Хан жолының» күре тамырына айналған Қараөткел. Кейін оны Талас және Шу бойын мекендеген қазақтар Бетпақдала арқылы жаз жайлауға көшу барысында қолданған. Байырғы керуен жолдары жаугершілікте жорық, көш жолдары қызметін атқарған.

Тарихи дерек бойынша, Хантауға Абылай хан 1753 жылы келген. Бірақ «Хантау» атауының «Хан жолы» атауына қатысы жоқ. Аңыз бойынша, Керей хан осы Хантау етегінде жерленген. Оңтүстік өлкедегі тайпаларды Ертіс бойы, Батыс Сібір аймағымен байланыстырып, сол өңірдегі жергілікті тайпалармен қарым-қатынасын күшейтуде бұл жолдардың маңызы зор болды. Хан жолына Ақмола уезі мен Қарқара уезі шегарасы Шу өңірінен бастау алатын Шағайлы жолы келіп түйіскен. Кейін оның бір бөлігі Шу бойындағы тайпалардың Арқаға қарай көшуін қамтамасыз етіп, 20 ғасырдың бас кезіне дейін қолданыста болған. Нақты айтқанда, Шу,Талас бойын мекен еткен Ұлы жүз тайпалары жайлауға алысқа көшпеген, олар Қаратау етегіндегі шұрайлы жерлерге қарай көтерілген. Ал Шу,Талас бойындағы Кіші жүздің тама руы «Хан жолының» бір бөлігі арқылы «Жетіқоңыр жолына» түсіп, Арқадағы Жетіқоңыр жайлауына жеткен. 18 ғасырда Батыс Сібірді Оңтүстік және Орта Азия қалаларымен байланыстырған «Қарқара жолының» бір бөлігі осы Хан жолымен түйіскен.

Қазақ жерінің оңтүстік өңірінен Бетпақдала арқылы өтетін «Хан жолы», «Қарқаралы жолы», «Уанас жолы», «Жетіқоңыр жолы», «Сарысу жолы» керуен жолдары Оңтүстік өлкені Орталық Қазақстан, Ертіс бойы, Күнбатыс Сібірмен байланыстырып, сауда қарым-қатынасын күшейтуде маңызды рөл атқарған, сондай тағы бір жол Сырдария өлкесінен Торғайға, Оңтүтістік Оралға дейін созылып жатқан.

Абылай хан мемориалдық кешені

Абылай хан мемориалдық кешені экспозициялық кешені – 2009 жылы Бурабай ауылында, Көкше тауының баурайында, «Абылай ханның тарихи алаңы» деген атаумен ашылған мұражай. Кешеннің аумағы – 288 км2. Кешенге үш басты нысан – Абылай хан стеласы, тарихи зал, қымызхана кіреді. Тарихи залдың кіреберісінде Баян батыр мен Қожаберген жыраудың мүсіндері тұр. Залда «Шаң жорығы», ханның әскери әрекеттерінің картасы, өмірбаянына қатысты мәліметтер, т.б. қойылған. «Елшілерді қабылдау» атты паннода тақта отырған Абылай бейнеленген. Абылай ханның стеласы Абылай ханның 280 жылдығына Көкшетаудың етегіне 1991 жылы орнатылған. Сегіз қырлы монумент дөңгелек ішінде орналасқан. Қазақстан халқы мәдениетінде сегіз қырлы пішін дүниежүзінің барлық бағыттарына тараған берекені білдіреді. Ескерткіштің биіктігі – 35м, қырлары жебе ұштықтары алтын оюмен безендірілген. Алаңдағы жеті балбалдың да өз сыры бар.

Қасиетті Қазақстан: Ақмола облысының тарихи-мәдени ескерткіштері

Тарихи деректер бойынша, алаңда үш жүздің басын қосып, біртұтас қазақ елін құрған Абылай ханның Ақордасы болған. Алаң – Абылайды ақ киізге салып, хан көтерген жер. Қазір «Хан тағы» атанып кеткен тас тақ алаң төрінде Көкше тауының дәл етегінде орналасқан. Абылай ханның тастағы – кешеннің ең танымал нысандарының бірі. Халық арасында тараған наным-сенімге сәйкес бұл жерге келген адам осы тасты жеті рет айналып, тілек тілесе, ол тілегі қабыл болады екен. Абылайдың екінші қысқы ордасы «Ханның Қызыл ағашы» аталатын жерде, Бурабайдың теріскейінде болғаны қазақтың тарихи әңгімелерінен белгілі. Қазіргі уақытта Қызылағаш ауылы бар. Қызылағаш - Абылайдың негізгі қыстауы болған. Ұлы ханның қолбасшылығымен болған «Шаңды жорық» мұражайдың бір қабырғасын толық алып жатыр. Ал дәл ортада «Әскери кеңес» атты мүсіндік композиция сомдалған. Осы мүсiндiк композицияны қоршай орнатылған бағаналарда Абылайға қатысты деректер жазылған.

Қасиетті Қазақстан: Ақмола облысының тарихи-мәдени ескерткіштері

Абылайша – табиғат ескерткіші. Ерейментау ауданының оңтүстік-шығысындағы көл. Ерейментау қаласынан 17 шақырым жерде орналасқан. Жағалауы жайпақ, тілімденген, көл табанында тұнба шөккен, аумағы - 25 га.

Азамат соғысы жылдарында қаза тапқан көкшетаулықтарға ескерткіші

(1918-1921) – Көкшетау қаласы саябағында орналасқан сәулеттік ескерткіш. 1967 және 2003 жылдары ескерткіш қайтадан қалпына келтірілді. Сәулетшісі – Н.А.Атяшев. Бетоннан құйылып, сұр гранит тақтамен қапталған. Бедерлі тақтаның ұзындығы - 8 м, ені - 0,65 м, биіктігі – 2,7 м. Бедерлі тақта қызыл гранит тақталармен қапталған стилобатқа орнатылған.

«Айдаһар үңгірі» тауы – халық тәу ететін ерекше орын. Үңгір Зеренді ауданы, Үлгілі ауылында орналасқан. Ұзындығы - 270 м, ені – 70 м, биіктігі 35 м. Жарқабақ саңылауларынан су тамып тұрады. Үңгірдің кіреберісінде қарағай мен қайың өседі. Халық сенімінде үңгір «киелі орын» болып саналады. Үңгірде емші өмір сүріп, алдына барған адам кез келген ауруынан сауығып кететін болған. Емшінің энергиясы осы үңгірде сақталып, қазірге дейін ауруына шипа іздеген жандарға жәрдем береді екен.

Айнакөл/үлкен шабақты – табиғат ескерткіші. Үлкен Шабақты – Бурабай ауданында орналасқан тұйық көл. Аумағы - 1900 га, орташа тереңдігі – 10 м, терең жері – 24 м. Көл жауын-шашын, жерасты суларымен толады. Жағалауында қоға, қамыс өседі. Суында алабұға, мөңкенің екі түрі, торта тіршілік етеді. Тереңдігі (38 м) мен үлкендігіне байланысты көлді «Кіші Байкал» деп те атайды.

Қасиетті Қазақстан: Ақмола облысының тарихи-мәдени ескерткіштері

Ақмола облысындағы табиғат ескерткіштері

Ақмола облысындағы табиғат ескерткіштеріне тас шоқы, жота, т.б. түрлердегі ерекше табиғат ескерткіштері жатады. Олардың қатарына «Дулыға сүйір» шоқысы, «Көне ағашты тоған», «Малта тасты» шоқысы (Еңбекшілдер ауданы); «Көк мүйіс», «Қара май» шоқысы, «Қашқын» шоқысы, «Қызыл күрең мүйісі», «Өрт байқау» шоқысы (Зеренді ауданы), т.б. бар.

Ақтоқты зираты – Зеренді ауданы, Қызылағаш ауылында орналасқан тарихи орын. Ақан серінің Ақтотыға ғашықтық сезімі кейін аңызға айналған оқиға. Ақан серінің «Ақ көйлек», «Алтыбасар», «Ғашық жарға», «Тағрипың», «Ж-ға» әндері Ақтоқтыға арналған махаббат толғаулары.

Ақылбай асуы – көне күре жол бойындағы асу, «Оқжетпес» пен «Щучье» санаторийлерінің аралығында орналасқан. Деректер бойынша, Абылай ханның Бурабайдан Түркістанға дейін тартқан «көне жолының» бір тармағы деседі. Бетпақдала, Сарыарканы кесіп өтетін керуеншілер де осы асуға келгендерінде Ақылбай батыр алдарынан шықпаса, сескеніп тұрып қалады екен. Асудан Ақылбай батыр асырып салған керуеншілер адаспайтын, ұры-қарының тонауына ұшырамайтын болыпты.

Ақтайлақ соры/көлі – халық арасында емдік қасиетімен танылған әрі ертеректе халық тұз өндірген сор. Шілде-тамыз айларында науқастар келіп тұзға, батпаққа түсіп емделеді. Көлдің жағасында Ақтайлақ байдың мазары бар.

Алыптомар мазары – 19 ғасырдың соңғы кезеңінде салынған сәулет өнері ескерткіштерінің бірі. Мазар Қорғалжын ауданындағы Қорғалжын ауылынан оңтүстік-шығыска карай он шақырым қашықтықта, ашық далада орналасқан. Кесене мөлшерлері 35х22х10 см және 30х28х10 см шикі өңделген кірпіштерден қаланған. Әшекейлі шешім ретінде мазардың бүкіл көлемі бойынша күңгірт және ашық өнді кірпіштер калау қатарларының алмасуы қолданылған. Алыптoмaр тaқуаның, жерленген орны ел арасында діни ғибадат ету орны болып саналады

Балқадиша зираты – Зеренді ауданы, Кеңөткел ауылының мұсылмандар зиратындағы бейіт. 2015 жылы Зеренді ауданының Зеренді ауылының кіреберісінде осы Балқадишаға арнап ескерткіш тұрғызылды.

Баубек батыр кесенесі – сәулет ескерткіші. Силикат кірпіштен қаланған Баубек батыр кесенесі оның ұрпақтарымен 1993 жылы тұрғызылған. Бас қасбеті қуыс ортасында ойығы бар тік бұрышты портал түрінде жасалған. Кесененің аумағы қоршалып, көркейтілген. Бас қасбетінің бұрыштарында найзалар мен әскери қалқандар орнатылған қысқа бағаналар бар

Бектемiр сопы кесенесі – 17-19 ғ.-дағы діни сәулет ескерткіш кешені. Егіндікөл ауданында Қоскөл шатқалында орналасқан. Кесене жылқының, түйенің, ешкінің қылы және өсімдік тамырлары қосылып иленген кірпіштен қаланған. Кесененің күмбезі сегіз қырлы тікбұрышты пирамида тәрізді жабылған. Күмбездің қолшатыры тәрізді жайылған бөліктері сегізқырлы негіздің төбе бөлігіндегі биіктелетін сфералық-конустық күмбезшелермен жалғасады.

Ботағай кесенесі немесе Бытығай/Татағай күмбезі – 12-ғ.-да салынған сәулет өнері ескерткіші. Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы жерінде 19 ғасырдың 80-жылдарына дейін жақсы сақталып, одан кейін адам қолымен бұзылып, қирап қалған, ірі ортағасырлық Ботағай қорымының құрамына кіретін маңызды мемориалды-табынушылық ғимараттардың бірі болып табылады. Қалдығы Ақмола облысындағы Нұра өзенінің Қорғалжын көліне құятын сағасынан 15 шақырым жоғары, қазіргі Қорғалжын ауданының орталығынан Шығысқа қарай 1,5 шақырым жерде жалпақ дөңестің үстінде. Алғаш рет 18 ғасырдың ортасында П.И.Рычков еңбегінде айтылады. 19 ғасырдан бастап Қазақстанның далалық аудандарын зерттеген түрлі зерттеушілермен, соның ішінде Г.Ф.Генс экспедициясымен 1815 жылы қаралған. Кесененің (сол кездегі орыс ақпарат көздерінде ғибадатхана деп аталған) бас қасбеті, жоспары және кескіні суреттелген алғашқы қысқаша сипаттамасын 1816 жылы И.П.Шангин экспедициясы жасаған. Барлық зерттеушілер секілді, Шангин Ботағай кесенесін ерте замандағы Татығай қаласының қалдықтары деп есептегген. Бұл ескерткіш туралы мәліметтер Г.И.Спасскийдің (1818 – 1824), А.А.Шахматовтың (1831), А.И.Левшині (1832), И.А.Кастаньенің (1910), Л.Ф.Семенов (1930) жұмыстарында да кездеседі. Ботағай кесенесі Ш.Ш.Уәлихановтың да еңбектерінде кездеседі. Бүтін кезіндегі бейнесін 1831 жылы А.Шахматов қағазға түсірген. Күмбезді топограф Козловтар арнайы көріп шығып, сипаттама берген. Мазар күйдірілген кірпіштен қаланған тік бұрышты, күмбезді зәулім құрылыс болған. Қалау барысында ғаныш лайы мен ақ балшық сылағы қолданылған. Кесененің ең көркем бөлігі – бет жағындағы (портал) шығыңқы жасалған арка ең алдымен көзге түседі. Ескерткіш жобасының өлшемі – 10,67 м / 8,53 м. Ал биіктігінің өлшемі зерттеушілердің дерегі бойынша екі түрлі: 10,67 м (Шахматов) және 9,24 м (Уәлиханов). Қабырғаның үстіндегі сегіз қырлы, биіктігі – 1 м барабанға биіктігі – 3,5 м, диаметрі -7 м күмбез орнатылған. Кесененің қасбеті, ішкі қабырғалары мен бұрыштары түрлі әдемі текшелермен әшекейленген. Қабырғаның ішкі кeнeрeсiнде айналасы оюланып өрнектелген жазу болыпты. Оны Шахматов оқуға тырысқанмен, эпиграфиканың көшірмесі көмескі боп шығып, не жазылғаны әлі күнге дейін беймәлім болып отыр. Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы 1974 жылы қазба жұмыстары кезінде кесенені айнала 21,0х17,4 м аумақты алып жақан кірпіштен қаланып төселген алап, 21х11х4, 35х22х5, 22х22х5, 22х22х4 см мөлшерлі күйдірілген кірпіштер, сондай-ақ кесененің алдыңғы қабырғасының бетін қаптауға арналған тақталар мен өсімдіктер түріндегі ою-өрнектері бар терракота тапты.

«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны ортағасырлық «Ботағай» кесенесіне консвервациялау және қайта жаңарту жұмыстары бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, кесенені зерттеу бойынша дала экспедициясы ұйымдастырылып, зерттеулердің нәтижелері қазақ халқының мәдениеті мен сәулет өнерінен мол деректер берді.

Ботағай/бытығай/татығай қалашығы – ортағасырлық қалашық, қоныс, қираған орны Ақмола облысы Қорғалжыннан солтүстік-шығысқа қарай 1,5 км қашықтықта, Нұра өзенінен оңтүстік-шығысқа қарай 2,5 км қашықтықта Ботағай қорымдары кешенінде сақталған. Бұл қалашықтың атауы алғаш рет Ресей картасына 1694 жылы түсірілді. Оны Тәуке ханға Ресейден келген елшілер Ф.Скибин мен М.Трошин сызған. Ол 20 парақтан тұратын «Қазақ ордасы» деп аталған. Онда Қорғалжын көлі мен хан ордасы арасында Нұра өзенінің жағалауында Бытығай қаласы орналасқаны туралы айтылған. Ол елсіз жер емес еді. Бұл жерде Ұлы Жібек жолымен жүретін көптеген керуен жолдары түйісетін.

1825 жылы Сібір және Орынбор шегара шебін Қазақстанға көшіру туралы I Александрдың атына жазған жазбасында алқалық кеңесші Демидов осы ескерткіш туралы жазып өткен. «Тұзды көлдердің ішінде маңайы 300 шақырым болатын Қорғалжын көлі – ең үлкені. Бұрын Есіл өзеніне ағатын Нұра өзені қазір осы көлге құяды. Осы өзеннен алыс емес жерде бұл елдің құнарлығын дәлелдейтін ескі егіндіктің аумағы көрінеді, ал 15 шақырым аймақты алып жатқан әжептәуір сәулет өнерінен хабар беретін ескі қаланың қирауынан пайда болған кірпіш үйінділері бұл елді қаңғырып жүрген көшпенділер емес, білімді,сауатты халық мекен еткенін дәлелдейді».

1949 жылы Ботағай қалашығының қалдықтарын ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның жетекшілігімен Қазақ КСР Ғылым академиясы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы іздеген. Ә.Марғұлан Татығай қаласын Нұра өзенінің сол жағалауындағы ірі төбелердің біреуінің орнында деп көрсетіп, Каталондық картада Нұра өзенінің сағасында белгіленген Ахсикент қаласына балаған.

1974 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясымен археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Ботағай кесенесін 2006 жылы «ҚазЖоба қалпына келтіру» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны ғылыми-зерттеу және жобалау филиалы зерттеген. Қазба жұмыстары жүргізілгенге дейін ескерткіш диаметрі – 30 м, биіктігі – 1,5-2 м сопақ қалыпты төбе болып табылған. Оның төбесінде металдан жасалған триангуляциялық бекет орналасқан. Қазба жұмыстарының нәтижесінде мөлшері – 21х17,4 кірпіштен төселген алаңша және де саны аз болғанымен, осы аймақ үшін бірегей болып табылатын күйдірілген саздан қашап жасалған, геометриялық және өсімдік ою-өрнектері бар ілменақыштар табылған.

«Біржан сал» мемориалдық кешені – Ақмола облысындағы Степняк шағын қаласында 2012 жылы 14 қыркүйекте ашылған мұражайлық кешен. Мемориалдық кешен қаланың ең жоғарғы нүктесінде орнатылған сәулет композициясы болып табылады. Бұл кешен ұлы сазгердің жерлестері жинаған қайырымдылық қаражатына салынған. Сәулет-мемориалдық кешеннің орталық бөлігін биіктігі 6 м құрайтын композитордың мүсіні алып тұр. Қолында домбыраны ұстап тұр, ал өзі алысқа қарап, өзінің өшпес музыкалық туындыларының бірі ойнап тұрғанда көрінеді. Композицияның авторы көкшетаулық мүсінші М.Бұрмағанов.

Ғабдуллин мәлік ескерткіші – 2015 ЖЫЛЫ Кеңес Одағындағының Батыры, ғалым, жазушы Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдығымен тұспатұс келген Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында Көкшетау қалалық саябағында батырға арналып орнатылған ескерткіш. Ескерткіштің биіктігі – 3,5 м. Жобаның авторы – Тоқтар Ермеков. Қоладан құйылған мүсінде батырдың соғыстан қайтқан кездегі бейнесі сомдалған.

Ғабдуллин мәлік музейі – Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллин мұражайы. 1993 жылы батырдың 80 жылдық мерейтойына орай ашылды. 2004 жылы Ақмола облыстық әкімшілігі мұражай ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге шешім қабылдап, 2005 жылы 19 тамызда жаңа ғимарат салтанатты түрде ашылды. Мұражайдың ең алғашқы келушісі ҚР-ның ең алғашқы Президенті Н.Назарбаев болды. Мұражай жәдігерлері М.Ғабдулиннің шежіресі мен туған жері Зеренді ауданы Қойсалған ауылының тарихынан басталады. Музей 5 экспозициялық залдан тұрады. Олар: «Ауылым – алтын бесігім», «Батырдың ержетіп, азамат ретінде қалыптасқан кезі», «1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысы», «Мәлік Ғабдулиннің жұмыс кабинеті».

«Дулыға» сүйір шоқысы» мемлекеттік табиғат ескерткіші – мемлекеттік табиғат ескерткіші. Алаңы – 3,0 га. Шалқар филиалының аумағындағы ең биік жердің бірі. Оның төбесінде байқау алаңы бар. Осы жерден аймаққа тамаша көрініс ашылады. Лобаново, Шабақшы, Имантау көлдері өте жақсы көрінеді. «Қызыл» орман бағы алақандағыдай болып көрінеді. Алыстан Зеренді филиалы шоқыларының жүйектері мен «Орманды бұлақ» мемлекеттік табиғат ескерткіші көрінеді.

Ерейментау қорықшасы – Ерейментау ауданында құрылған республикалық маңызы бар қорықша. 1978 жылы ұйымдастырылған. Жер аумағы – 30 мың га. Табиғаты әсем таулы өлкеде, Ерейментау таулы-орманды алқабында, Астана қаласынан шығысқа қарай 120 км жерде орналасқан. Онда көне дәуірлерден осы уақытқа дейін сақталып қалған ғылыми-тәжірибелік мәні зор бағалы жануар мен реликт өсімдіктердің алуан түрлері қорғауға алынған.

Мұнда өсетін өсімдіктердің 400-дей түрінің 50-ге жуығы Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Арқар, елік, дала суыры, ақ қоян сияқты бағалы аңдармен қатар 150-ге жуық құстардың түрлері бар. Онда Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген хайуанаттардан: арқар, безгелдек, қызылжемсаулы қарашақаз, сұңқылдақ аққу, дуадақ, ақбас тырна, дала қыраны, лашын т.б. мекендейді. Бұларды аулауға тыйым салынған.

Есенберлин ілияс әдеби мұражайы

Атбасар қаласы – белгілі қазақ жазушысы І.Есенберлиннің туған жері. Осы жерде жазушының балалық және жастық шағы өткен. Мұражай 1999 жылы ашылды. І.Есенберлиннің Әдебиет мұражайының экспозициясында ұлы жазушының өмірі мен шығармашылығының барлық кезеңдері көрсетіледі. Экспонаттар жазушының балалық шағы мен жас шағына, оның Ұлы Отан соғысына қатысуына, кейінгі еңбек қызметіне, әдеби шығармашылығына арналған бөлімдерге бөлінген. Бүгінгі күнде мұражай қорларында 2000 экспонат бар, олардың көпшілігі мұражай залдарында қойылған және келушілерге көрсетіледі. Мұражайдың басты экспонаттары жазушының жеке заттары болып табылады. Бұл – хаттар, пошта, жазушының кітаптары, қолжазбалар, отбасының фото-суреттері. Мұражай залында жеке заттарының негізінде құрылған Ілияс Есенберлиннің жұмыс кабинетінің ішкі көрінісі қайтадан қалпына келтірілген. Осында тамаша туындыларын жазып отырған жұмыс үстелі орналасқан. Жазушының дәптері, қойын дәптері және телефон анықтамалығы, сүйікті домбырасы мен фото-материалдар бар.

«Жеті батыр» қорымы – Ақмола облысы Ерейментау қаласының оңтүстік-шығыс жағасында 84 шақырым жерде орын тепкен мұсылман зираттары. Усамбай елді мекенінің солтүстігінде жайғасқан Қараадыр қыратының етегінде жатыр. Бейіті табиғи тас үйіндісімен қаланған. Биіктігі – 80 см, ені – 3 м, ұзындығы – 4 м. Айналасында 6 батырдың бейіті бар.

Жұмбақтас – «Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркі аумағында қорғалатын, табиғаттың ерекше ескерткіші, Әулиекөлдің сол жағында, Көкше мен Теміртау тауларының айырығында орналасқан. Бурабай тауы етегінде бой көтерген оқшау жартас, құздың атауы. Пішіні пирамида тәріздес, жиектері дөңгеленген граниттен тұрады. Биіктігі – 18 м. «Жұмбақтас» әр қырынан қарауына қарай адамға әртүрлі бейнені көз алдыңа әкеледі, бір қырынан қарасаң, бұрымды жас қыз, екінші қырынан қарасаң, орамал тартқан келіншек, үшінші қырынан қарасаң, бетіне әжім түскен кейуана,қария бейнесін береді.

Киікбай батыр кесенесі – 18 ғасырға жататын Ақмола облысы, Атбасар ауданы, Сергеевка селосы аумағында тұрғызылған сәулет ескерткіші. Қазіргі кезде көлемі дөңгелек мазардың алдыңғы бөлігі жартылай сақталған, қарама-қарсы қабырғасы бұзылған және құмған тастармен толтырылған. Ескерткіштен жақын жерде Киікбай адыры бар. 20 ғасырдың аяғында Киікбай батырға арналған тағы бір мазар қойылған. Қабырғасы дөңгелек жаңа үлгіде тастан қаланған мазар орта ғасырдағы ескерткіштерге ұқсайды. Жоғары жағы жартылай ашық, жалпақ кең көлемде төңкерілген ислам рәмізін растайтын жарты айдың белгісі күмістелген. Осы жерден өткен 50+жылдарында 18 ғасырдағы қазақ жауынгерінің сауыты табылды. Кездейсоқ табылған бұл сауыт қазіргі кезде Атбасар тарихи-өлкетану музейінде сақталуда.

«Көк мүйіс» мемлекеттік табиғат ескерткіші – мемлекеттік ерекше қорғалатын нысан. Алаңы – 1,2 га, «Көк мүйіс» аттас жартылай арал аумағында орналасқан. Ландшафт жартылай ашық,жазық орналасқан. 18 ғасырда «Көк Мүйіс» жартылай арал болған, оған байланысты көптеген аңыз-әңгімелер туған. Оның бірінде: «Екі жас ғашықтың қосылуына ата-аналары рұқсат бермегендіктен, олар осы аралға жүзіп келіп, ұзақ уақыт бойы осы аралда өмір сүреді, ал оларды тапқан адамға қомақты сомадағы сыйақы тағайындалады. Бұл арал олардың туыстарынан тығылуға жақсы орын болды. Екі жас бір-бірінен айырылғысы келмегенмен, осы аралда аштықтан өледі» - делінеді. 100 жылдан кейін «Көк мүйіс» аралы Зеренді көліндегі су деңгейінің төмендеуінен жартылай аралға айналды. «Көк Мүйіс» шоқысынан Зеренді көлінің жағалауында орналасқан курорттық аймақтың барлық алаңы көрінеді.

Атбасар – қала, Атбасар ауданының орталығы (1928). Іргетасы 1846 жылы қаланған. Астана қаласынан солтүстік-батысқа қарай 250 шақырым, облыс орталығы Көкшетау қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 200 шақырым жерде, Жабай өзенінің оң жағалауында орналасқан. 19ғ. 40-50 жылдары өзі аттас округтің, 1869 жылдан Ақмола облысы Сарысу уезінің орталығы болған. Халқының саны – 28,2 мың адам. Қазан төңкерісіне дейін мұнда жыл сайын Атбасар жәрмеңкесі өткізіліп тұрды. Диірмен және тері өңдейтін ұсақ кәсіпорындар жұмыс істеді.Төңкерістен кейін 1924 жылдан бастап Атбасар жәрмеңкесі қайта жанданды.Қалада 8 орта мектеп,кітапхана, І.Есенберлин атындағы өлкетану мұражайы,аурухана,емхана,сауда үйлері,мәдениет үйі,базар,наубайхана,спорт мектебі, 2 саябақ бар. 2-дүниежүзілік соғыстың құрбандарына ескерткіш орнатылған. Атбасар арқылы республикалық маңызы бар Екатеринбург—Алматы, Астана-Көкшетау автомобиль жолдары өтеді.

Ақмола облысынан шыққан алаш қайраткерлері

Қазақ халқының тарихында Алаш қайраткерлерінің орны ерекше. Олар өз ұлтының бостандығы жолында басын бәйгеге тіккен, тәуелсіз мемлекет құру үшін күрескен асылдар еді. Оларды ұлықтауға арналған лайықты ескерткіш-белгілерді, өкінішке қарай, біз Ақмола облысы орталығынан, не аудандардан кездестіре алмай отырмыз. Осы орайда Ақмола облысы жұртшылығы үшін аса қадірлі, еліміздің тәуелсіздігі жолында шейіт болған кейбір Алаш қайраткерлерінің атын атап, өмірдеректерін ғана көрсете кетпекпіз

Айбасов Бірмұхамед, Біркей (1895, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Ұлытау облысы – 28.2.1938, Алматы) – Алаш қозғалысының беделдісі, қоғам қайраткері, ақын, редактор, кооперация техникумының директоры (1935-1937). Саяси қуғын-сүргіннің құрбаны.

Кемеңгеров Қошмұхамбет Дүйсебайұлы (15.7.1896, бұрынғы Ақмола облысы, Омбы уезі, Беке болысы, Қаражас ауылы – 21.11.1937, Омбы қаласы) – Алаш қайраткері, ғалым, драматург, жазушы, журналист. 1917 жылы күз—қыс айларында Ақмола облысында Алашорда комитетін ашуға қатысады. Тәшкенде САГУ-дің аспиранты болып жүргенде М.Әуезовпен бірге репрессияның алғашқы толқынында тұтқындалады. Екі жыл Алматы абақтысында отырып, 1932 жылы Украинаның Валуйкиіне жер аударылады. Бұдан 1935 жылы босанып, елге оралғанымен, 1937 жылдың 7 тамызында қайта ұсталып, 21 қарашада атылды.

Әлжанов Отыншы (1873, бұрынғы Семей облысы, Зайсан уезі, Нарын болысы – 1918, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы) – Алашорда басшыларының бірі, мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы, фольклоршы.1987 жылдан 1904 жылға дейін Омбы, Ақмола облысында оқыды. Дала губернаторының кеңсесінде, Ақмола облыстық санақ комиссиясына атсалысты. Ресейдің отаршылдық саясатына ашық қарсы шыққаны үшін 5 жылға Жетісуға жер аударылды. 1918 жылы қызылдардың қолынан қаза тауып, кеңес өкіметі ұрпағын жойып жіберді.

Тұрылбаев Айдархан – Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері,заңгер,саяси қуғын-сүргін құрбаны. Ақмола облысы, Көкшетау уезінің Мезгіл болысында туған. 1897 жылы Омбы гимназисын тәмамдаған. 1897-1902 жылдары Санкт-Петербург университетінің заң факультетінде оқып бітірген. Алашорда үкіметінің мүшесі болған.  

(Суреттер ашық ғаламтор көздерінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға