Қандастар Ассамблея

Алматының өзені мен көлдері

24.04.2017 36679

Жасыл желекті қаланың аумағы арқылы 22 өзен ағып өтетінін білесіз бе?

Іле Алатауы тауының етегінде орналасқан  әсем Алматы қаласы өзінің тарихымен ғана емес, ешбір жерде қайталанбас ерекше сұлулығымен де көрген жанды өзіне ерекше баурап алады. Дегемен жасыл желекті бұл қаланың аумағы арқылы 22 өзен ағып өтетінін білетіндер аз.

Ал бұл өзендердің көпшілігі көбіне өзінің байырғы атауымен емес, сырттан таңылған орысша аттарымен аталып жүр. Мәселен, Есентай – Весновка, Бөкенбай – Бутаковка, Жарбұлақ – Казачка, Кереңқұлақ – Поганка, Сұлтанқарасу – Султанка, Басқарасу – Мойка, Боралдай – Бурындай, Қарағайлы – Каргалинка,  Ерменсай – Ремизовка,  Абылғазы – Солоновка, Беделбай – Батарейка, Тіксай – Приямуха, Ботбайсай – Широкая щель, Терісбұлақ – Каменка  деген сияқты.

Ғалымдардың есептеуіне қарағанда,  Алматы қаласындағы өзен арналарының жалпы ұзындығы 317,18 шақырымды, ал су қорының жалпы айналым ауданы – 1210 гектар аумақты алып жатыр.  Мәселен ең ірі 3 өзеннің қаланы кесіп өтетін аумағының ұзындығына жеке-жеке тоқталатын болсақ: Үлкен Алматы өзені  38 шақырымға,  Кіші Алматы өзені  34,6 шақырымға,  ал оның сол жағы саласы болып табылатын Есентай өзені 31,4 шақырымға созылып жатыр.   

Осы арада мына бір жәйтті де айта кеткен жөн шығар. Алматы қаласы аумағы арқылы ағып өтетін  өзендердің саласы мен оларға  салынған каналдардың саны өте көп. Оларды нақты санын ешкім тап басып айтып бере алмайды.  Мысалы,  Іле Алатауындағы Тұйықсу мұздығынан  басталып Қаскелең өзеніне құятын Кіші Алматы өзенінің жалпы ұзындығы 125 шақырым, су жиналатын алабы 710 шаршы шақырым. Оның ең ірі салалары Күйгенсай, Сарысай, Қазақ деп аталады.  Егер бұған  өзен бойындағы көл мен су қоймаларын қосатын болсақ ұзын  саны 46-ны құрап, олардың  көлемі 2,5 мың шаршы шақырымды құрайды екен. 

Кіші Алматы өзенінің сол саласы болып табылатын Есентай өзенінің де жалпы ұзындығы 19 шақырым болатын 8 саласы бар. Ал Қаскелең өзенінің оң саласы аталатын Үлкен Алматы өзенінің  ірі салалары Өткелді, Терісбұтақ, Қызылкүнгей, Серкебұлақ, Құмбел, Аюсай деп аталады.   

Жасанды арна тоғандарының ең ірісі Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналын. Оның  қала аумағындағы ұзындығы 23,1 шақырымға созылады.   1980 жылдары Алматы облысындағы суармалы жерлер мен тың жерлерді сумен қамтамасыз етуді жетілдіру үшін салынған бұл канал Шелек және Шамалған өздерін біріктірді. Алматы аумағында кейін арна бойымен түрлі демалыс аймақтары құрылды. 

Алматыда бұдан бөлек шаһар тұрғындарының демалысын ұйымдастыру үшін арнайы құрылған бірнеше су қоймалары  бар.  Олардың ең үлкені – Сайран.  Жұртшылық арасында Сайран көлі аталып кеткен бұл су қоймасы 1971 жылы салынған  болатын. Оның аумағы 2,3 млн шаршы метр, орташа тереңдігі – 12,1 метр, максималды тереңдігі – 18 метрді құрайды.  

Алматы өзендерінде жауын-шашын кезінде және мұздықтардың белсенді еруі кезінде судың деңгейі орта есеппен 15-20 см-ге дейін көтеріледі.

Ғылыми әдебиеттерге қарағанда, Қазақстанда 85 022 өзеннің 84 694-і ұзындығы 100 шақырымға дейінгі шағын, 305-і (500 шақырымға дейінгі) орташа және 23-і (500 шақырымнан асатын) ірі өзендер. Осы арада Алматы облысы мен Алматы қаласы аумағында жатқан Кіші Алматы өзенінің жалпы ұзындығы 125 шақырым, Үлкен Алматы өзенінің жалпы ұзындығы 96 шақырым, Есентай өзенінің жалпы ұзындығы 43 шақырым екенін еске сала кеткен артық болмас. 

Дәмі тіл үйірер тәтті алмалар өзен, канал, арық сулары арқылы қалаға ағып келгенін  тамсана отырып еске алатын адамдардың әңгімесі мен кітаптарда және өзге де жазбаларда сақталған деректер аз емес. Бұл көрініс тіпті өткен ғасырдың 80-жылдарына дейін жеткен көрінеді. Бақтардың есепсіз кесілуі мен құрылыс жұмыстары кезінде өзендер мен жылғалардың арнасының бітелуінің салдарынан қазір оның бәрі көрген түстей боп қалды.

Ұқсас материалдар