Жаңалықтар

Алматы маңындағы үш қала

Алып мегаполистің көлеңкесіндегі қалалар
Алматы маңындағы үш қала
10.05.2017 11:22 13801

Алматы Қазақстан Республикасындағы ең ірі қала екендігі баршаға белгілі. Бүгінде бұл қаланы мекен еткен халықтың саны 2 миллионнан асып түспесе, кем түспейді. Осындай алып мегаполистің көлеңкесінде қалып қойған, көршілес жатқан үш қала бар. Экономикалық, өндірістік маңызы жоғары, ресми түрде «қала» статусы бар болғанымен, Алматыдан таяқ тастам жерде орналасқандықтан, біз ол елді-мекендерге ауыл ретінде қарап үйреніп қалғанбыз. Үлкен шаһардың жалғасы іспеттес, сол кішігірім қалаларға тоқталып өтсек.

Талғар

Алматыдан шығысқа қарай 25 км қашықтықта, Іле Алатауының бөктерінде, Талғар өзенінің оң жақ жағалауында орналасқан, табиғаты ерекше көркем қала. Негізі 1858 жылы қаланғанымен, Талғар көне қалалардың бірі болып саналады. Археологтар дәл осы мекеннен піл сүйегінен жасалған алты шахмат мүсінін тапқан.

Бүгінге дейін Қазақстанның өзге аймағында мұндай жәдігер кездесіп көрмеген. Ежелгі заманда Талхиз деп аталған Талғар Ұлы Жібек жолының бойында орналасып қана қоймай, сол тұста сауда орталығының бірі болды. Бүгінде жер көлемі 3,8 мың шаршы шақырымды алып жатқан Талғарды жүз елу мыңға жуық халық мекен етуде. Қалада республикалық маңызы бар ірі кәсіпорындар, ауыл шаруашылық өнімдерін шығаратын серіктестіктер, жеке қожалықтар мен шағын бизнес қарқынды дамып келеді. Сондай-ақ, жалпы білім беретін тоғыз орта мектеп, Д.Қонаев атындағы университеттің колледжі, М.Бейсебаев атындағы агробизнес және менеджмент колледжі және медициналық колледж бар. Мәдениет ошақтары мен әлеуметтік нысандар да қала тұрғындарының қажеттіліктерін өтеуге қабілетті. Табиғаты, қоңыржай климаты бірегей аймақ болғандықтан, елімізге белгілі ірі демалыс орындары Талғар маңында шоғырланған. Жыл өткен сайын қала инфрақұрылымы жанданып, мұндағы халық саны артып келеді.

Қаскелең

Алматының батысында орналасқан тарихи қалалардың тағы бірі  Қаскелең. Екі қаланың арасы небәрі 10 шақырым ғана. Күн санап бой көтеріп жатқан ғимараттар мен әлеуметтік нысандарға қарап, бұл екі қала арасындағы шекараның жойылар күні алыс емес екендігін түсінесің. Қарасай ауданының құрамына кіретін 12 ауылдық әкімшілік округтың орталығы болып саналатын қала Қаскелең өзенінің бойында орналасқан.

Тарихшылардың айтуы бойынша, кезінде бұл өңірді жоңғарлар паналаған екен. Ал Қаскелең атауы жоңғар батырының есімі болса керек. Кейінірек бұл жер Қазақ хандығының құрамына өткенімен де атауы өзгермей қалған. Ал кейбір деректерге сүйенсек, «Қаскелең» түркі тілінен алынған және «тасыған судың екпіні» деген мағына береді деп көрсетілген. Қалай дегенмен, тарихы сонау қарлұқтар заманынан басталатын бұл қоныстың орнына Ресей империясының билігі тұсында Любавинская ауылы құрылады. Осылай алғаш негізі қаланған Қаскелең 1963 жылы қала статусын алады. Биылғы жылдың 1қаңтарында жүргізілген есеп бойынша қаланың бір өзінде 66435 тұрғын тіркелген екен. Бұл тек тіркеуде тұрғандарға байланысты ресми ақпарат. Негізінде Қаскелеңнің тыныс-тіршілігін жақсы білетіндер, мұндағы халық санының әлдеқайда көп екендігін алға тартады. Қалада ірі өндіріс орындары, республикалық деңгейде өнім шығаратын зауыттар мен ұйымдар орналасқан. Білім, мәдениет, денсаулық ошақтары, яғни қала деңгейіне сәйкес инфрақұрылым жүйесі толығымен қалыптасқан. Еліміздегі беделді жоғары оқу орындарының бірі - Сүлеймен Демирел атындағы университет те осы Қаскелең қаласында орналасқан. Бұл білім ордасын 1996 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркия президентімен бірлесе отырып ашқан.

Есік

Алматыдан шығысқа қарай 43 шақырым қашықтықта жатқан бұл қала – әйгілі Алтын адам табылған мекен. Іле Алатауының солтүстік баурайында, теңіз деңгейінен шамамен 1000 метр биіктікте орналасқан Есік қаласы Еңбекшіқазақ ауданының орталығы болып табылады.

Бүгінде 40 мыңнан астам халқы бар көне шаһардың негізі 1854 жылы қаланған. Қала маңынан Есік, Талғар, Түрген сынды өзендер ағып өтеді. Ал Есіктен 17 шақырым жерде, биік таудың шатқалында Есік көлі орналасқан. 1963 жылдың шілде айында Алматыда болған апатты сел тасқыны көлдің біршама бөлігін шайып кеткен. Дегенмен қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, бүгінде табиғаты әсем бұл аймақта туризм саласы қарқынды дамып келеді. Қаланың солтүстік жағында ежелгі сақ мәдениетінің аса көрнекті ескерткіші – Есік обасы орналасқан. Темір дәуірінен сақталған обадан 1970 жылы белгілі археолог Кемел Ақышев алтын киімді сақ жауынгерінің мүрдесін табады.

Бұл тарихи оқиға Есік қаласының мәртебесін асқақтата түседі. Осы өлкеден табылған Алтын адам бүгінде Қазақстанның азаттық символына айналып, мемлекеттік маңызы бар нысандарда бейнеленіп жүр. Сақ патшасына қызығушылық танытып келген шетелдік туристер мен еліміздің әр аймағынан жиналған саяхатшылар осы Есік қаласына келіп ат басын тірейді.

Тарихқа көз жүгіртсек, алғаш Верный бекінісі құрылған тұста, Ресей империясы мұндағы жағдайды бақылауда ұстау мақсатында қала маңындағы үш жерден бөлімше құрған екен. Ол Надеждинская (Есік), Софийская (Талғар) және Любавинская (Қаскелең) елді-мекендері. Орыстың отарлау мүддесінен пайда болған өлкелер енді міне, араға ғасыр салып, азат елдің гүлденіп, көркейген қалаларына айналып отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға