Әйгілі Ойыл даласы

27.07.2017 14360

Көкжар жәрмеңкесі өткен Ойыл даласы туралы не білесіз?

Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы көпшiлiктiң көкейiнде жүрген ойларды дөп басты.

Мемлекет басшысы осы үндеуінде «Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады. «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі» - деген еді.

Елбасының саясатын қолдап, мен де туған өлкемдегі әйгілі Ойыл ауданының көркем табиғаты мен киелі орындарына тоқталғым келеді.

«Ботагөз батыр» кесенесі

Елімізді жаудан найзаның ұшымен қорғаған батырлардың ішінде Тама Есет Көкіұлының қызы, Әжібай бидің келіні  Ботагөз батыр (1719-1747жж.) өмір сүрген. Үстірт жотасындағы «Сам» құмын бірге паналаған Жетірудың Тама руына қараған қырық шақты ауыл ішінде Есет батырдың ауылы бар. Есет батыр Әбілқайыр ханның шақыруымен Орынборға жүріп кетеді. Ондағы хан кеңесінде қазақ елін жоңғар шабуылынан қалай қорғау керек екендігі жөнінде мәселе қаралмақшы еді.

Тарихи деректерге сүйенсек, Ақкете Әжібай би жиені Есет батырдың қызына құда түсіп, Әжібай бидің баласы Барсай мен Ботагөздің некесі қиылып, отаулары тігіледі. Әжібай бидің алты ұлы бар екен. Сол алты ұлына көшті кезек басқартып, үміт етіп көрсе олар жер ыңғайын байқай алмай, көшті жайысыз жерге қондыра беріпті. Содан көңілі қалған би көшті Бөтагөзге басқартыпты.  

«Жер ыңғайын дұрыс болжағандайсың қызым, рахмет, тек мына құдықшылар ауыз суды шығара алмай жатқан көрнеді, күрек салар жерді өзің көрсетерсің» - дейді. Ботагөз қасына Садық пен бірнеше қыз-келіншектті  ертіп, су іздейді.  Жан-жағын барлап, сайдың тақырлау  жеріне шығып тұрған бір түп қамысты көреді. Қамыс, ши шыққан жерде жер асты суы жақын болатынын жадында сақтаған қыз қамысты тартып қалғанда су білінеді.   Кетпенмен екі-үш ойғанда-ақ мөп-мөлдір бұлақтын көзін ашады. Келе жатқан  көш сол бұлақтан су ішеді, осы бұлақ «Ботагөз бұлағы» деп тарихта қалды. Ботагөз дәл осы жерде кенеттен ауырып құлайды. «Көз тиді» деп жасалған ем-домнан шипа болмай, Ботагөз көз жұмады.

«Ботагөз кесенесі» 2005 жылы тұрғызылды. Қоңырсай бойындағы Бүкіртұмсық биігінде. Кесене Кемер ауылына 40 шақырым жерде бой көтерді. Күмбезді кесененің көлемі 5х5 метр болса,  биіктігі 11 метр созылған.

«Барқын құмы»

Біз мақтанышпен айтатын Ойыл ауданның ең көрікті жерлерінің бірі – «Барқын құмы» табиғи орманды алқабы. Аңыздарға сенсек Каспий теңізі тартылған дәуірде кең ойыс алыпта қалған теңіз қайраны. Кейіннен көшпелі құм «бархандарға» айналған. Суы өте тайыздан шығады. 1873 жылдан бастап Ойыл әскери бекінісі жауынгерлерінің күшімен Қарағай, Қайың, Көктерек, Қандыағаш көшеттері отырғызылған деседі. Ондағы мақсат құм көшкініне тосқауыл қою болса керек.

Ойыл орман шаруашылығы 1950 жылға дейін Темір орман шаруашылығының бөлімшесі саналса, 1950 жылдан кейін Ойыл Орман шаруашылығы мекемесі болып қайта құрылды. Алғашқы директоры: Антон Нота (1964-1969)ж.  Қазіргі кезде Екпетал орман шаруашылығы, үлкен қорыққа айналды.

Қорықтың көлемі 3 4346 га жерді алып жатыр. Қарағай, терек, қайың сынды ағаштар мен жидеталданба, жүзген, құланқұйрық, құмаршық, жыңғыл, гүлбұт құртқагүл секілді сирек кездесетін өсімдіктердің түрі пайда болған.

«Ойыл» өзені

В.В.Радловтың сөздігі бойынша түрік тілінде «Ойул» сөзі – өзен суы шайып кеткен жер мағынасында қолданылса, моңғол тілінде «Уйл» біздің тіліміздегі «иірім» ұғымын береді.

Екеуі де мағына жағынан әрі дыбыстық құрамы тұрғысынан өзен сипатына сай келіп тұр. Сондықтан да «Уйл» сөзі бертін келе қазақ тілінде «Ойыл» түріне дейін өзгеріп, алғашқы мағынасы – «иірім»  болған деген тұжырым жасауға болады. Ойыл өзенінің жалпы ұзындығы 800 шақырымнан астам екенін ғалымдар айтып та, жазып та келеді.

Бекболат Иманғалиев,

Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы