Жаңалықтар

Таиландта өз бетіңше демалудың 5 қадамы

Тур фирманың көмегінсіз демалып көрдіңіз бе?
Таиландта өз бетіңше демалудың 5 қадамы
19.01.2018 10:28 6748

Туристік фирмалардың тілімен сөйлесек, Таиланда, Вьетнам, Шри-ланка сынды экзотикалық елдерде қаңтар, ақпан, наурыз айлары барқыт маусымы деп аталады. Себебі, шелектеп жауатын жаңбыр тиылып, нағыз саяхат маусымы басталады. Сәуір айынан бастап, күн ыситын маусым басталады. Көптеген туристер аталған еледерге дәл осы "барқыт маусымында" ағылады.

Қай бір жылдары керемет саяхатқа аттанып, жақсылап демаламыз деген ниеті бар қаншама отандастарымызды туристік фирмалар алдап соғып, қалталарын қаққаны есімізде. Өкінішке қарай ондай жағдайлар ара-тұра болып тұрады. Мұндай кемшілік – адамдардың туристік фирмаларға деген сенімін азайтады. Жалпы тур фирмаларға екі есе ақша төлегіңіз келмесе, өз бетіңізше саяхаттап көріңіз. Барқыт маусымы болғандықтан, Таиландқа еш тур фирманың көмегінсіз өз жолыңызбен барудың 5 қадамын жіктеуге тырыстық.

Авиабилет алу

Алғашқы қадам авиабилет сатып алудан басталады. Екі жолы бар: билетті әуекомпаниялардың сайтынан іздеңіз не болмаса агрегатор сайттардан іздеп көріңіз. Агрегатор сайттар дегенміз – түрлі әуекомпаниялары мен брондау жүйесі туралы барлық ақпараттар келіп түсетін іздеу жүйесі.

Ең бір тиімдісі агрегатор сайттар әуебилеттерінің нақты құнын көрсетеді. Мұндай сайттарға комиссияны әуекомпаниялары төлейді.

Билеттерді tickets.kz, aviatа.kz, aviasales.kz сынды агрегатор сайттардан алуға болады. Аviasales.kz сайтының тиімділігі – күнтізбе мен төмен бағалар картасы бар. Өзіңізге тиімді нұсқаны тапқаннан кейін, сайт сізді сіз таңдаған әуекомпанияның сайтына не болмаса брондау жүйесіне өткізеді. Сол жерде билеттің ақысын төлей аласыз.

Қонақ үй брондау

Отель брондау десе бірден ойыңызға Buking.com жүйесі оралары анық. Бірақ, Букинг брондау жүйесінің тек бір түрі ғана. Бұдан өзге Agoda.com, Hotellook.ru сынды агрегатор сайттардан, сондай-ақ тікелей үйдің иесімен байланысып, жеке жай жалдауға мүмкіндік беретін Airbnb.com сайты арқылы бронь жасауыңызға болады.

Сақтандыру  

Тайландқа аттанбас бұрын, міндетті түрде демалысыңызды сақтандыруды ұмытпаңыз. Бұған әрі кетсе тек 5 минут уақытыңызды жұмсауыңыз мүмкін. Қандай да бір мәселе туындап, денсаулығыңызға зиян келсе, аяқ асты дәрігердің көмегі керек болып қалса, сақтандыру арқылы жергілікті емханаларға қарала аласыз. Сол үшін сақтандыру полисін қолыңызға алып, байланыс телефондарын жазып қойыңыз. Қажеттілік туындаса хабарласасыз.

Әуежайдан қонақ үйге жететін транспортты ойластырыңыз

Өз бетіңізше саапарға шығатын болсаңыз, әуежайдан отельге қалай жететініңізді алдын-ала ойластырыңыз. Егер Паттаяға сапарласаңыз Cувapнaбxуми әуежайынан қалаға тұрақты автобустар қатынап тұр. Трансферге ертерек Belltravelservice.com. сайты арқылы тапсырыс берсеңіз болады. Арнайы жолақты толтырып, баратын қаланы, маршрут, ай-күні, уақыты мен қанша адам екенін көрсетесіз.

Мәселен, Бангкоктан әуежайға дейін метромен жетуге болады. Ал, Чиaнг Maя әуежайында қолжетімді (арзан) бағада таксилер қатынап тұр, не бәрі 150 батқа қаланың кез-келген нүктесіне жеткізуге әзір. Ал, Пхукет әуежайынан күніне бірнеше рет қалаға автобустар қатынайды. Тәулік бойы тасымалмен айналысатын жергілікті таксистердің көмегіне де жүгіне алатыныңызды естен шығармаңыз. Сондай-ақ uber.com, Grand taxi сынды танымал такси компаниялары да әлемнің түкпір-түкпірінде қызмет көрсетеді. Убер - халықаралық компания. Тиімді тұсы - жол ақысын банк карточкасынан да төлей аласыз. 

«Тіл білмеймін» деп қорықпаңыз

Ресми дерекке сенсек, Таиландта жыл сайын 30 миллионнан астам турист демалады. Патшалық туризмның арқасында ел экономикасын қарыштатып отыр. 2016 жылы 1 милионнан астам ресейлік азаматтар демалысын Таиландта өткізген. Жергілікті қызмет көрсету саласы мамандары ағылшын тілімен қатар орыс тілін де жақсы меңгерген. Орыс тіліне сенім артуға мүмкіндік бар. Десе де сенімді болуды ұйғарсаңыз, «туриске арналған ағылшын тілінің қысқаша сөздігі» деген электронды кітапшаны іздеу жүйесінен жүктеп алыңыз.

Саяхаттарыңыз көңілді ең бастысы жанға жайлы болсын! Іске сәт!    

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға