Аралға саяхат

Ғалымжан Оразымбет
Арал теңізіне саяхаттау, қазіргі тіршілігімен танысу көптен ойда жүрген еді. Өткен демалыс көп ойланып жатпай, Арал қаласына шығып кеттім. Жолда, Қызылорда қаласынан досым Жәмила қосылды. Қалаға таңғы сағат 6:30 келдік. Темір жол станциясы 1904 жылы салынған, архитектурасы ерекше, әдемі, шағын ғана ғимарат екен. Өткен ғасырлар туралы фильм түсіруге таптырмайтын жер. Станциядан шыға берісте бұл қай кәсіпті серік еткен ел екенін бірден ұқтырғысы келгендей қайыққа қойылған ескерткіш қарсы алды. Қала ұйқыда, тып-тыныш. Көшеде әр жерде бір-екі адам ғана жүр. Әрине, ешқашан ұйықтамайтын, үйіне де бармайтын вокзал таксистерін есептемегенде.
Арал станциясынан түсіп, қаласына кірсең болды, теңізден бірақ шығасың деп ойлаушы едім. Бәрі бір жерде сияқты көрінетін. Олай болмай шықты. Қала өз алдына, ал теңізге шығу үшін сол аудандағы ауылдардың біріне бару керек екен. Жақсы, ақыры келіп қалдық, қаласын да көре кетейік деп сұрастырып жүріп балықшылар музейін тауып алдық. Таңғы сағат жетіде қарауыл жігіт музейді ашып көрсетті.
Балықшылар музейі
Бір жағы бұрын балықшыларға қызмет қылған ескі қайық болса, екінші жағы кәдімгі ғимарат. Сыртта тағы бірнеше ескі қайық жайғасыпты. Музейде өткен ғасырда Арал балықшылары қолданған заттар қойылған. Сонымен бірге, балық шаруашылығы, балық аулау ісіне көп үлес қосқан рекордсмендер мен түрлі жетістіктерге жеткен үздіктердің жүлделері мен фотолары самсап тұр.
Музейді аралап болған соң, аздап қаланы аралап көрдік. Тротуар, көшелерде алтын түсті, ерекше құм көп екен. Тіпті кей жерлерде тротуарды жауып қалған. Асфальт жолмен келе жатып құмды жолға түсіп кетесің. Желді, қаланың төбесінен құм суырып тұратын табиғаты бар екенін болжап үлгердік. Ескі және жаңа ғимараттар қатар салынған, бір-бірін толықтырып тұрады.
Жан-жағымызды қарайлаған соң теңізге жету жолдарын қарастыра бастадық. Тұрғындардан сұрап жүріп автобекетке бардық. Бізге керек ауылдарға бүгін автобус жүрмейтін болып шықты. Ал жеке таксилер біздің есебіміз бойынша тым жоғары баға сұрады. Мәселен, Арал қаласынан 70 шақырымдай жердегі Жамбыл колхозына (баяғыша атай беретін «дәстүр» мұнда да бар екен) жеткізіп тастауға екеумізден 15 мың теңге сұрады. Қайтары да шамамен солай болайын деп тұр. «Сендерге теңізге жақын жер керек болса, Қарашалаңға бару керек қой», - деді бір тұрғын. Автобекеттен сұрасақ, сағат 11:00 автобус бар екен. Билет бір адамға 800 теңге, қаладан 200 шақырымдай жерде орналасқан. Мейлі, келіп тұрып теңіз, балықшы көрмей кету жарамас деп екі билет алдық та, жолға шықтық. Жолаушылар бір-бірін танитын, іргелес ауыл тұрғындары болған соң, азан-қазан. Бәрі бір-бірімен әңгіме айтып барды. Автобустың басындағы әңгімеге соңында отырған біреу оңай қосыла кетіп, толықтырып жатыр. Көңілді компания екен. Онсыз да ұзақ жол, ол тағы бірнеше ауылға жүретін жалғыз автобус екен. Қарашалаңға жеткенше үш-төрт ауылға бұрылып, адамдарды түсіріп, мінгізіп отырды. Бөген ауылына дейін асфальт жолмен бардық та, ары қарай жабайы, құм жолға түстік. Секіріп, ары-бері теңселіп жүріп отырдық. Автобус құмды теңізге түсіп кеткен кеме ме дерсің. Шайқатылып келеді. Сөйтіп үш сағаттан астам уақытта керек ауылымызға да жеттік. Мұндай ауылды бұрын шөл даладағы ауылдар туралы кинодан ғана көретінмін. Ауылда тек қана үйлер, қоралар және құм. Көше дейтіндей бір түзіліп жатқан жол да байқалмайды. Негізгі көлік – мотоцикл және УАЗ автокөлігі. Әр үйдің жанында бір-бір қайықтан төңкеріліп жатқанын көріп, бұл ауылдың нені кәсіп қылатынын, немен күн көретінін айтқызбай ұғасың.
Аралға саяхат
Аралды көру үшін Қарашалаңға баратын боп шешкенде аралдық досымыз Сағыныш ол жақта ағам мен жеңгем тұрады деп телефон номерін берген. Бара сала соған хабарласып, автобус Зәру жеңгенің үйіне жеткізіп салды. Жәмила екеуміздің бүгін теңізге барып қонамыз деген сөзімізге күліп алды да: «Ол жаққа машинамен бір сағат жүреді. Жаяу биыл жетпейсіңдер. Түсқайта балықшылар барады. Соларға қосып жіберемін. Қазірше аздап тамақтанып, тынығып алыңдар», - деді. Тынығып жатқанда ауылдастардың кішкене балалары, қыздары бөлменің есігінен сығалап, тырқылдап күліп қашады. Ана жаққа барып бір-біріне бірдеңе айтып береді де, қайтып келіп сығалап, тағы сықылықтап қаша жөнеледі. Айдаладағы екі қаңғыбастан не қызық тауып алғанын білмедім. Әйтеуір өздеріне бір қызық ермек тауып алды.
Сәлден соң тамақ пен шәй да дайын болды. Тамақ үстінде ауыл тіршілігі туралы сұрастырдық. Негізгі күн көрісі – балық пен мал шаруашылығы. Күнделікті теңізден балық аулап келіп, ауылға жақын жердегі балық зауытына өткізеді. Соны күнкөріске жаратады. Таза ауыз су жоқ. Су таситын көлікпен әкеліп, ауладағы құдыққа құйып кетеді. Келесі әкелгенге дейін соны пайдаланады. Мыңдаған малы бар ауқатты отбасылар да бар екен. Балықшылар көбіне түсқайта барып ау салып, ертеңіне таңертең сегіз, тоғыздан бастап келе бастайды екен. Ал қалаға қарай автобус таңғы бес жарымда жүреді. Енді қайттік деп тұрғанда Зәру жеңгенің жолдасы Сакон аға (шын есімі Сағынадин) бүгін қайтамын ауылға деді. Жолымыз болды деп қуанып қалдық. Жалпы, бар жағынан жолымыз боп кеткен жеңіл, әрі қызық сапар болды. Сөйтіп түсқайта Сакон ағамыздың УАЗына мініп, теңізге қарай жүріп кеттік. Жолай қасындағы ауылдасы екеуі балықшылар туралы, ауылдың тіршілігі туралы әңгімелеп барды. Біздің сонша жерден теңізді, балықшыларды көруге келгенімізді естіп әрі күліп, әрі таң қалып қояды. Досымыз Сағыныш Астанада тұратын болған соң ба, біз де соның досы ретінде Астанадан келген қонақтар боп шыға келдік. Біз Шымкент пен Қызылордадан келдік деп айтып қоямыз. Сәлден кейін жөн сұраған ауылдастарына Астанадан келген қонақтар екен. Теңіз көруе келіпті деп түсіндіріп жатады. Мейлі, бізге теңіз көрсек болды.
Аралға саяхат
Теңіз көрген адамдардың шат-шадыман жүзі
Бір сағаттай топырақ, шаң, ойдым-ойдым жолдармен жүріп отырып теңіздің жағасына жеттік. Түскенде үстімізден «бір тонна» шаң төгілген шығар. Шаң кірмеген тесік қалмады. Біз жағалауға жеткенде ау құрып келген екі жігіт бізді қайыққа отырғызып, ашық теңізге алып кетті. 1997 жылы туған Азамат пен 2000 жылы туған Оразбек өздері кәнігі кәсіпқой балықшылар. Күнделікті ермегі де, кәсібі де балық аулау. Жағалаудан біраз жер ағаш қайыққа отырғызып алып барып, ары қарай моторлы қайыққа ауыстырды да, ашық теңізге шықтық. Қайықтарында балық аулауға керектің бәрі бар: қап-қап тор, шанышбай (балықты шаншып аулайтын құралды солай атайды екен), тағы мен білмейтін бір құралдар. Сөйтіп ашық теңізде күн бататын әдемі сәтті тамашалап, ау құру, балық аулау процесін көріп бір ерекше ләззат алдым.
Арасында жігіттерден бұл кәсіп туралы, жеке өмірлері, басқа да кәсіптері, қызығушылықтары туралы сұрап жүрміз. Бір-бірімізге қарап, онсыз да жұмыс істеп шаршап жүрген адамдарға жүк болғанымызбен қоймай, миын да ашытып жіберген шығармыз деп күліп қоямыз, ұялған болып. Бірақ білгіміз келіп өліп барамыз. Азамат үлкендерден бөлек, қайықпен жеке балық аулауды тоғызыншы сыныпта бастапты. Атадан келе жатқан негізгі кәсіп қой деп қояды. Содан бері осы кәсіпті «ермек қылады». Күніне бір қаптай балық ұстап өткізеді. Одан бөлек жұмыс маусымында қалаға барып, басқа да жұмыстар істеп келеді. Ал балық аулау қысы-жазы тоқтамайды екен.
Аралға саяхат
Қазір балық аз. Қыста, көктемде көп болады. Молынан аласың. Қыста теңізге бір метр шамасында мұз қатқанда шыға бастаймыз. Әр жерінен мұзды ойып, ау тастап отырамыз. Кейін келіп жинап аламыз. Мұздан аулау онша қиын емес. Ол үшін арнайы торпедо деген құрал бар. Сонымен ауласаң оп-оңай,
дейді Азамат.
Құралдар атауы бізге ештеңе білдірмейтінін байқады ма, торпедо дегеннің не екенін түсіндіріп берді. Айтып жатқанда түсінгендей болғам, кейін есімнен шығып қалыпты. Бізге өз кәсібінің қыр-сырын түсіндіріп жүріп өте ұзын ау тастап шықты. Азамат ау тастап жүргенде қайықты Оразбек ескекпен жүргізіп отырды. Ау таусылатын емес. Үлкен ақ қаптан шығып жатыр, шығып жатыр. Болған соң қанша метрлік ау екенін сұрадым. Сегіз жүз метр дейді. Бір ау сегіз жүз метр?! Ертеңіне соның бәрін жинап шығуды айтыңыз. Одан бөлек тағы құрып қойған аулары бар.
Аралға саяхат
Жәмила екеумізге бұл кәсіп, жігіттердің әңгімесі қызық. Ал олар «адам деген де теңізді көруді армандайды екен-ау» - деп бір-біріне қарап күле береді. «Астаналық» екі еріккеннің жүрісі оларға қызық. Сөйтіп бір-бірімізді қызықтап жүріп ау тастап, алдында тастап кеткен ауларын тексеріп те үлгердік. Бір үлкен сазан, бірнеше мөңке (сазанның баласын солай атайтынын солардан білдім), екі үлкееен жыланбалық «ұстадық». Күн батып кетті, түн болды. Ал біз ашық теңізде әлі жүрміз.
Бізден басқа да ау құрып, балық аулап жүрген қайықтар көп екен. Бір-бірін алыстан танып, жөн сұрасып қояды. Бірақ қанша ауладың, не түсті, не ұстадың деп сұрап жатқан бірі жоқ. Күнделікті жұмысы болған соң қызығы да қалмаған сияқты сол сұрақтың. Сөйтіп, ау тексеріп, құрып болған соң жағалауға қарай жүздік. Тағы сол алдыңғы ағаш қайыққа ауысып отырып, жағалауға дейін екі жігіттің көмегімен жетіп алдық та, бәріміз бір көлікке отырып, ауылға қайттық.
Ауылға түнгі 23:30 шамасында жеттік. Шаршаған, ұйқы қысқан, үстіміз шаңнан, кірден көрінбейді. Жеңіл ғана шайынып, Зәру жеңгенің дайындап қойған вермишель мен балық араластырып қуырған тамағын жеп алдық. Бәрін қойшы. Айналасы бір күнде бәрін үлгергенімізді қайта-қайта айтып, мәзбіз әйтеуір. Сөйтіп, Зәру жеңгенің үйге жатыңдар дегеніне көнбей, табиғат аясында ұйықтауға келгенбіз деп, палаткамызды сыртқа құрып, ұйқыға кірістік. Автобус таңғы 5:30 деген соң 4:30 дейін ғана ұйықтағанбыз. Таза ауада болған соң ба, ұйқым қанып, әдемі ұйықтадым. Сөйтіп Сакон ағамен қоштасып, Қарашалаң – Арал маршрутындағы жалғыз автобусқа отырып, қалаға қайттық. Қалаға жетіп алып, пойыздың кестесінен он бір жарымда пойыз бар екенін білген соң, билетімізді сайлап алып, асықпай оразамызды ашып, үйге қайттық. Жәмила Қызылордада түсіп қалды. Ал мен үйге.
P.S. Аралға барғанда тағы бір көргіміз келгені – «кемелер моласы». Барғандардан, сонда тұрғандардан бұрынғы кемелердің жағалауда жататынын естігенмін. Арал туралы түрлі фильмдерден де көргем. Өкінішке қарай, жергілікті тұрғындар кесіп-кесіп металға өткізіп жіберіпті. Оның бәрін кесіп-кесіп әкетіп қалған баяғыда деді тұрғындар. Үлкен өкініш болды. Ал одан басқасынан алған әсер ерекше. Суы да, құрлығы да шетсіз-шексіз бір теңіз. Сапар алдында Арал бағытын осы турмен жабамын деп ойлағанмын. Бұл жолы Қарашалаң, келесі жолға Жамбыл «колхозы», Қаратерең, т.б. бірнеше маршрут ашып қайтқан сияқтымын. Енді оларды да көріп қайтпай тыныштық бола қоймас. «Құм теңіз», құмды жолдар, балықшылар мен ашық теңізде балық аулау, теңізде жүріп батқан күнді тамашалау, бұлардың бәрі енді қайталанбаса, «ауру» қылатын нәрселер. Аралмен ауырып келдім. Емі де Аралдың өзі.