Жаңалықтар

2019 жылға арналған астрологиялық жұлдыз жорамал

Доңыз жылы сізге не жаңалық әкелмек?
2019 жылға арналған астрологиялық жұлдыз жорамал
20.12.2018 15:02 240586

Бұл жұлдыз жорамал астрологиялық деректерге сүйеніп жасалған. Әлбетте өз тағдарыңыздың иесі - өзіңіз, дегенмен айыңыздың оңынан туып, жұлдызыңыз жанатын сәтті білу артықшылық етпейді.

Тоқты

(21.03 – 20.04)

2019 жылы Тоқтыларды әртүрлі жағдаяттар күтіп тұр. Юпитер ғаламшары тұспа-тұс келетін уақытта бұл жұлдызнамадағылар жарқын, позитивті сәттерді бастан өткереді. Тек  10-сәуір мен тамыз айының алғашқы жартысы аралығында сақ болып, әрбір қадамыңызды ешкелегеніңіз абзал. Ал жылдың басында Уран Тоқтылардың өміріне тамаша жаңалықтар әкеледі. Уранның әсері 25-ақпанға дейін болады. Ал мамыр айынан бастап қыркүйектің орта тұсына дейін тәуекелге баруды қойып, тосын әрекеттерге жол бермеу керек. Оның нәтижелері сізге аса ұнай қоймайды.

Отбасы мен махаббат

Бойдақ Тоқтылар үшін 2019 жыл жаңа махаббаттың бастауы болуы мүмкін дейді астрологтар. Ол үшін «алма піс, аузыма түс» деп жата бермей, қарекет еткеніңіз жөн. Жиі саяхаттап, үйден алыс шығуға қорықпаңыз. Астрология жалғыз басты Тоқтыларға саяхаттау бұйырып тұр дейді. Ал отбасылы Тоқтылар өз бақыттары үшін алаңдамасын. Олар үшін бұл жыл тұрақты өтпек. Тек желтоқсан айында жеке өмірлерінде шиеленіс орын алып, әр Тоқты өз айтқандарын жасап, деспотизмге жол беруі мүмкін. Бұл көптеген проблемалар тудырып, жеке өмірге кері әсер етеді.

Мансап пен қаражат

2019 жылдың басында қаржылық не мансаптық жаңа істі көздеп отырғандар бір-екі ай ішінде жаңа шешім шығаруға асықпағандары жөн. Себеіб, Ураннан келетін қауіп олардың ісінің алға ілгерілеуіне кедергі болады дейді жорамалшылар. Ал көп күші мен уақытын алатын жұмыс істейтін Тоқтылар шыдамдылық танытқандары жөн. Олардың еңбектерінің нәтижесі үлкен марапат болмақ. Жұмыстан шығуды көздеп жүргендерге екі рет өлшеп, бір рет кесуге кеңес береміз. Оның артында жағымсыз жайттар тұруы ықтимал.

Денсаулық

Денсаулық тұрғысынан Тоқтылар үшін тұрақты жыл болады. Тек пластикалық ота мен экзотикалық терапиялар жасауға асықпау қажет. Әсіресе, сәуір айының ортасы мен тамыз айына дейін денсаулығыңызға көңіл бөлінген жөн. 

Торпақ

(21.04 – 20.05)

Астрологтар 2019 жыл Торпақтар үшін аса сәтті болатынына кепілдік береді. Себебі, Уран бұл жұлдыз белгісімен жақсы байланыс орната біледі. Сол үшін Торпақтар қарқынды жұмыс жасап, қорықпай жаңа шешімдер шығара беруіне болады. Бұл қажырлы еңбектің нәтижесі көп күттірмейді. Тек  30 сәуір мен қыркүйек айының орта беліне дейін Сатурнның ықпалы жүре бастағанда сақтық шараларына көңіл бөлу керек. Күдік ұялататын шешімдерден аулақ болып, тәуекелге баруға асықпаған дұрыс. Себебі, өте қажет деген ресурстардан ойда-жоқта айырылып қалуларыңыз ғажап емес.

Отбасы мен махаббат

Отбасылы Торпақтар үшін 2019 жылы қарым-қатынастарының нығаятын кезеңі. Кей жұптар ғана 10-сәуір мен тамыздың ортасына дейін кішігірім келеңсіздіктерге бой алдыруы мүмкін. Ол уақытта Юпитер Торпақтардың көңілдеріне кірбің ұялатып, жағымсыз сезімдер әкелуі мүмкін. Десе де, әр адам өз сезімінің билеушісі емес пе? Ал жалғызбасты Торпақтарға Венера көмекке келіп, жаңа қарым-қатынасқа жол ашады. Ол кезең 15-мамыр мен 9-маусым аралығы, тамыздың соңғы апталары мен  қараша айынан жылдың соңына дейін орын алуы мүмкін. Ол үшін жаңа орындарды аралап, жақсы кештерге барудан бас тартпаңыз.

Мансап пен қаражат

Торпақтарды 2019 жылы көптеген өзгерістер күтіп тұр. Әсіресе сәуір айында туғандар үшін жаңа өмір кезеңдері басталмақ. Содан соң, олар жаңа жоспарлар құрып, өздерінің болашағына оң ықпал ететін қадамдар жасауға қорықпауы тиіс. Қаржылық тұрғыда Торпақтар аса қиындыққа тап бола қоймайды. Осы белгідегілер бұған дейін ірі зат сатып ала алмай, саяхатқа шыға алмай жүрсе, 2019 жылдан үлкен үміт күтсін. Себебі, астрологтар сондай қуанышқа кенелетініне кепілдік береді.

Денсаулық

2019 жылды Торпақтар жақсы көңіл-күймен бастағандары өте маңызды. Себебі, оның жыл бойы әсері болады. Ал созылмалы дерттері бар Торпақтар өз денсаулығына ерекше көңіл бөлсін. Себебі, ол сырқат кез келген уақытта кедергі келтіріп, армандаған жұмысқа бөгет болуы ықтимал. Сонымен қатар Торпақтар  эндокринді жүйе, буындары мен құлақ-мұрындарына аса сақтықпен қарағаны жөн. 

Егіздер

(21.05 – 21.06)

2019 жыл Егіздер үшін зеріктіретін жыл болмайды. Оларды жақсы өзгерістер мен жаңа таныстықтар күтіп тұр. Әсіресе, Уран Тоқтыда орналасқан алғашқы айлар өте қызықты өтпек. 2019 жыл бұл белгідегілер үшін жақсы із қалдырмақ. Ол үшін Егіздер өз ақылын дұрыс пайдаланып, қаржылық шығындарды бір ретке келтіріп, алдағы уақытты дұрыс жоспарлай алса жеткілікті.

Отбасы мен махаббат

Жалғызбасты Егіздер үшін жаңа бақытына қол жеткізуге мүмкіндік бар. Алайда, асықпаңыз. сіздің өміріңізді өзгертетін жаңа таныстықтар көктем мен жаз мезгілдерінің басында болады. Венераның Егіздер үшін де дайындаған «сыйлығы» бар. Ал отбасылы Егіздерге өмір бірқалыпты, қызықсыз болып кеткендей көрінуі мүмкін. Оған себепкер – оппозициядағы Юпитер. Соның кесірінен бұл белгідегі жандар өз жарларының кем-кетігін іздеп, қиын жағдайға түседі. Бірақ сіз ондай қиындықтармен күресуге қауқарлы екеніңізді біліп жүріңіз!

Мансап пен қаражат

Бұл жылы Егіздерде қаржылық сұрақтардың шешімі табылмақ. Табыс көлемі азаймайды, кейбірінде тіпті ілгерілеу күтіп тұр. Сол сияқты, Егіздер белгісінде туғандар құжаттарға қол қоймас бұрын мұқият қарап шығуды ұмытпағандары жөн. Барлығы болмаса да, кей Егіздер алға қойған мақсаттарына қол жеткізбек. Және өз жобаларын жүзеге асыруды ойлап жүрген болса, еш қорықпай іске кірісулеріне болады. Себебі, жұлдыздар олардың жағында!

Денсаулық

2019 жылы Егіздердің денсаулығы назар аударуды талап етеді. Себебі, көңіл бөлмесе, болашақта бір дерттің ұшы шығуы мүмкін. Уақытында ем қабылдағандар ондай келеңсіздіктен аулақ болады. 365 күн бойы Егіздер өз денсаулығын бақылауда ұстағандары абзал. Сонымен қатар, астрологтар  спортпен айналысып, алкогольден бас тартуға кеңес береді.

Шаян

(22.06 – 22.07)

Егер Шаяндардың өздері қаласа, 2019 жылы табысты шешімдер мен дұрыс жауаптарға толы болмақ. Яғни, әртүрлі идеялардан қашпай, ішкі түйсігіңіздің айтқанын жасап, креативті болуға шақырады. Бір жағынан оппозияциялық Сатурн Шаяндарды уақытша амбициясынан түсіріп, кедергі келтіруі мүмкін. Осы жылдың 2-шілдесінде Шаян жұлдызында Күннің тұтылуы орын алады. Түрлі жағымсыз ситуацияларға тап болмас үшін бұл күнді есте сақтап қалуды сұраймыз. Астрологтар бұл уақытта (оған дейін, одан кейін 1-2 күн) жол жүрмеуге (саяхат не іссапар), маңызды қаржылық шешімдер (несие алмауды) шығармауға кеңес береді.   

Отбасы мен махаббат

Жалғызбасты Шаяндар үшін 2019 жылдың көктем, жаз және күз мезгілінің орта тұсында нағыз таныстыққа жол ашып, жаңа қарым-қатынас орнататын уақыт. Бұл кезеңде Венера Шаяндар үшін оң ықпал етпек. Ал адамын тауып, бірақ некеге тұра қоймаған Шаяндар өздерінің ескі достарымен сөйлесіп, солардың ақылына назар салғандары жақсы. Отбасылы Шаяндар өз сүйіктілеріне адал болмаса, 2019 жыл олардың шаңырақтарының шайқалуына әкеп соқтырады.

Мансап пен қаражат

Мансап қуған Шаяндар үшін 2019 жылы табысты болмақ. Алайда, әр нәрсенің өз шекарасы барын естен шығармаған абзал. Әсіресе, екінші жарты жылдықта, Нептунның ықпалы жүре бастаған уақытта идеялар түрленіп, нақты істерден алыстатып жіберуі мүмкін. Бұл жылы Шаяндар берекелі болады. Қаржыны тек дұрыс бағытта жұмсай білгендер ғана өздерінің көп мәселелерін шеше алады. Ал жөн-жосықсыз, бей-берекетсіз шығын жасағандар, керісінше айтарлықтай проблемалар тауып, қиындыққа тап болады. 

Денсаулық

Бұл жылы Шаяндардың денсаулықтарында аса үлкен кінәраттар кезікпейді. Тек аздап сезілген ауырлық сезімдерге көңіл бөліп, дер кезінде бетін қайтарып отырса жеткілікті. Бұл белгідегілер өз салмақтарының өзгеруіне көңіл бөлгендері абзал. Себебі, ол ағза қызметіне айтарлықтай әсер етеді. Десе де, салмақ қуып, мінсіз мүсін қалыптасыру үшін тер төгудің қажеті шамалы. Бәрі тамаша болады. Жұлдыздар оңыңыздан туып тұр. 

Арыстан

(23.07 – 23.08)

Астрологтар Арыстандар үшін 2019 жыл табысты әрі керемет оқиғалармен есте қалатынына сенімді. Бұл белгіге ғаламшарлардың әсері оң дейді олар. Жылдың әр кезеңінде Юпитер сәттіліктермен қамтамасыз етпек. Оны Арыстандардың өздері пайдалана алса жеткілікті.  Бұл белгідегілер үшін қауіп тудыратын уақыт Уранның торпаққа жақындай түсуі. Бұл ақпан айының соңынмен тұспа-тұс келеді. Аса сақ болатын уақыт деп жаз мезгілінің соңын айтуға негіз бар. Ғаламшар кері бағытта қозғала бастауы Арыстандардың өз істеріне берік болып, шешім шығаруда да асығыстыққа жол бермеуге шақырады.

Отбасы мен махаббат

Жеке өмірінде болатын оқиғаларға Арыстандар шағымдана қоймас. Себебі, қаңтар, мамыр және тамыз айлары жаңа таныстық пен көңіл көтеретін кездесулерге толы болмақ. Расында кей Арыстандар өз махаббатын тандауда қателікке бой алдырмағандары жөн. Себебі, көп жүздесулер оларды сезімге бой алдырып, өмірлік жар болмайтын басқа жанға бастарын байлауы мүмкін. Ал отбасылы жандар өздерінің жұбайына көңіл бөліп, ұрыс-керістен аулақ болғаны жөн дейді. 2019 жылы үйленген Арыстандар бақытты болмақ.

Мансап пен қаражат

Бұл белгідегілер қаржылай қиындыққа тап болуы мүмкін. Ақша тапшылығы жыл бойы сезіледі дейді астрологтар. Ол кірістің азаюына емес, сұраныстың көбеюімен байланысты. Оларға 2019 жылы осындай проблемаларға кезікпес үшін басқа жолдар қарастыруға кеңес беріледі. Шілде айында туған Арыстандар өз кәсіптерінде жақсы бағаға ие болып, шабыттана түспек. Тамызда туғандар үшін де жұмыстарында жақсы жаңалықтар күтіп тұр.

Денсаулық

Бұл жылы Арыстандарды денсаулықтарына байланысты ешқандай тосын жаңалық күтіп тұрған жоқ. Десе де, бұл сөзіміз олардың кей симптомдарды көзге ілмей, артынан опық жегізіп жүрмесін. Арыстандар уақытында тамақтанып, дұрыс тынығып жүрсе болғаны.

Бикеш

(24.08 – 23.09)

Кей бикештер 2019 жылы ескі проблемаларын шешіп, жеңілдеуі мүмкін. Ал кейбірі болашақта үлкен жетістіктерге жетелейтін ұлы істің қабырғасын қалайды. Алғашқы жарты жылдықта Уранның Бикештерге ықпалы жүріп, оң әсер етеді. Тамыз айынан кейін Уран кері жүретіндіктен, барлық маңызды шаруаны оған дейін шешіп алған дұрыс. Астрологтар да сәуір айының басы мен тамыздың соңғы күндері Бикештер айтарлықтай проблемаларға кезігетінін айтып отыр.

Отбасы мен махаббат

Бикештердің жеке өміріне оң әсер ететін уақыт мамыр-маусым, тамыз-қыркүйек пен желтоқсан айлары болмақ. Махаббат іздеген Бикештер өз айналасына, әріптестеріне көңіл аударып көрсін. Әрине, өмірлік серігін тауып алады деген нақтылық жоқ болса да, соған үміткерлер кездесуі ықтимал. Егер сондай жан табылып жатса, көңіл қойып, байыпты қарым-қатынас орнатсын. Ал отбасылы жандарда өзгерістер болып жатса, Юпитердің әсері болмақ. Ол ғаламшар шиеленістер мен жанжалдарға жетелейді. Десе де, ондай мәселелер Бикештер үшін ауыр соқпауы керек. Себебі, олардың қиын сәттерде алып шығатын ақылы жеткілікті.

Мансап пен қаражат

Қаражатты Бикештер өз уысында ұстағаны жөн.  Тауешкіде тұрған Сатурн мамырдың басы мен қыркүйектің ортасында қателікке бой алдыратын қаржылық шешімдер шығаруға жетелеуі мүмкін. Жалпы, Бикештердің табысы олардың көптеген қиындықтарын шешуге сеп болмақ. Ал кәсіп бойынша олар алға жылжып, позитивті көңіл-күймен жылды өткереді. Десе де, бұл белгіде туған жандар көп уақытын жұмыста өткізетіндігіне дайын болуы керек. Одан қорқудың қажеті жоқ, себебі қызмет барысында келетін тамаша эмоциялар біршама уақытқа азық болады.

Денсаулық

2019 жылы Бикештер өз денсаулығына аса сақ болғандары жөн. Керітартпа Юпитер оларға елеулі қиындықтар алып келуі мүмкін. Яғни, көктемнің басында және жаз мезгілінде созылмалы аурулары бар жандар аса сақ болсын.

Таразы

(24.09 – 23.10)

2019 жылдың жұлдыз жорамалы Таразыларға Юпитерден қолдау күтіп, Уранның оң ықпалында болып, Сатурннан сақтану керегін айтады. Бұлардың барлығын бір арнаға тоғыстырсақ, Таразылар үшін бұл жыл негативтен гөрі, позитивке толы болмақ. Астрологтар Таразыларға кереуетте жатып, «алма піс те, аузыма келіп түс» деген жалқаулықтан арылуға кеңес береді. Егер алға қарай ұмтыла білсе, соның міндетті түрде жемісі болмақ. Сонымен қатар Таразылар үшін басқа да жақын жандарының ақылы керек болып қалуы мүмкін. Олардан өздеріне қаджетті керемет кеңес алуға әбден болады. Бұл өз ақылыңды ысырып тастап, өзгенің дегенімен кетуді білдірмейтінін тағы да ескертіп қоялық.

Отбасы мен махаббат

«Жеке өмірімде елеулі оқиғалар бола ма?» деген сауал Таразыларды еш алаңдатпаса да болады. Жұлдыздар мен ғаламшарлар жыл бойы бұл белгідегілерге бақытты сәттер сыйлауға дайын. Наурыз, жаздың бірінші бөлігі және күздің орта тұсы жаңа таныстықтарға жақсы мүмкіндік береді. Сонымен қатар, 2019 жылы қарым-қатынас құру қыркүйекте туған Таразылар үшін оңайырақ болады. Десе де, оларға аса сабырлық қажет етілмек. Танысқандардың барлығынан өмірлік жар іздеп әуре болмауға шақырамыз. Жүрегіңізге құлақ ассаңыз, ол сізді қажет адамға жетелейтін болады.

Мансап пен қаражат

Уранның оппозициясы жыл басында (қаңтар-ақпан) қаржылық қиындықтар туғызуы мүмкін. Кей Таразылардың кірісі төмендеп, шығыны артуы ықтимал. Наурыз айынан бастап, бұл қиындық қалыпқа келеді. Десе де, бұл белгідегілер жыл бойына экономия режиміне көшіп, қаржыларын бақылауға алса құба-құп. Кәсіпкерлікпен шұғылданатын немесе бизнес-жоспар құрғалы жүргендерге сәттілік серік болып, ісі алға басады. Таразыларға шешім шығарушылық пен табандылық қасиеттер қажет болады. «Табысым төмендеп, ісім кері кетеді» деген ой мүлдем болмағаны абзал! Себебі, бұл кішкентай проблеманы ушықтырып жібереді.

Денсаулық

Таразылардың денсаулығында 2019 жылдың басты мәселесі – жүйке жүйесі болмақ. Кейбірі үшін көңіл аударатын проблема болмаса да, жүйкеге салмақ салатын жайттарда сабырлылық артықтық етпейді. Егер осындай белгі байқалса, тыныштандыратын дәрілерге жүгінген дұрыс. Жыл басынан ауруға жол берген жандар жыл бойы соның зардабын тартуы ғажап емес.

Сарышаян

(24.10 – 21.11)

2019 жылы Сарышаяндардың өмірінде көптеген өзгерістер күтіп тұр. Сол сияқты олар Уранның оң ықпалында болады. Уран бұл белгідегілердің мықты қырларын ашып көрсетуге оңтайлы сәт туады. Ал Сатурн Сарышаяндарды тағдырдың тосын соққыларынан қорғаштайды. Ал төрт ай бойы (сәуір айының екінші бөлігі мен тамыз айының екінші жартысына дейін) Юпитердің кері әсері болып, кейін зардабы тиетін дұрыс емес шешімдер шығаруға итермелеп жатады. Маңызды деген мәселелерді мың толғанып барып, шешкеніңіз дұрыс.

Отбасы мен махаббат

Жұлдыздар мен ғаламшарлар Сарышаяндарға пайдалы жағынан әсер ететін болады. Осы белгіде туғандардың көбінің араласатын ортасы өзгеріске ұшырайды. Бұл таныстық ортасы кеңейеді дегенді білдірмейді. Керісінше, тек қажетті, маңызды адамдар ғана қалмақ. Ол Уранның сүзгі рөліне көшуінің себебі деп білген дұрыс. Бойдақ Сарышаяндар жанына жақын адамын тауып, өмірінде үлкен өзгеріс болуы мүмкін. Сарышаян-әйелдерде жаңа таныстық аз болғанмен, олардың ішінен өмірлік серік болатын ер-азаматты табуға әбден болады. Көп таныстықтардың уақыты ретінде сәуір, шілде және желтоқсан айлары болып есептеледі (бірінші және соңғы апталарын есепке алмағанда).

Мансап пен қаражат

Жыл басы қаржылық жағынан қиындық туғызбайды. Одан кейін ситуация күрт өзгеруі мүмкін. Десе де, Сарышаяндарға ақша тұрғысынан аса қауіп төніп тұрған жоқ. Ал жұмыс барысында алға ілгерілеу болып, жаңа табыстар күтіп тұр. Сарышаяндар өздерінің жаңа қырларын ашып, көшбасшылық қабілеттерін көрсетуге уақыт таяды. Бір қиындық ретінде олардың әріптестері арасындағы байланыстың аздап шиленісуін айтуға балады. Сол үшін Сарышаяндар өз эмоцияларына берік болып, шиеленіскен ситуациялардан бойларын аулақ ұстағандары жөн.

Денсаулық

Сарышаяндар бұл жылы өз денсаулықтарына көңіл бөлгендері жақсы. Оның ең дұрыс жолы – дұрыс демалып, жиі табиғат аясында серуендеу. Күйзеліс пен стресстің аулынан алыс болып, кей жағдайларда салқынқандылық таныту керек. Созылмалы дерттері бар Сарышаяндар уақытында дәрігерге қаралып, ем қабылдап жүрсін! Тек сондай сәтте ғана денсаулықтарына айтарлықтан зиян келмейді.

Мерген

(22 қараша – 21 желтоқсан)

2019 жыл үлкен мүмкіндіктерге жол ашпақ. Юпитер бұл белгідегілерді қолдап, олардың жұмысының ілгерілеуіне ықпал етеді. Тіпті, тәуекелдікті талап ететін жағдайларда да демеу береді. Жұлдыздар Мергендерге көп энергия мен энтузиазм сыйлауға дайын. Олардың өздері көңіл-күйлерінің бірқалыпты жүргендеріне таң қалулары да мүмкін. Сонымен қатар, Уран да жыл басында Мергендерге оң ықпал етіп, өз қарамағына алады. Бұл кезеңде ірі жобаларды қорықпай қолға ала беруге рұқсат, себебі оның нәтижесі оң болады. Мергенде үшін 2019 жыл жаңа оқиғаларға толы болмақ.

Отбасы мен махаббат

Көптеген Мергендердің өмірінде өзгерістер болады деп күтілуде. Ол өзгерістердің барлығы жақсы жаққа қарай екенін де ескерте кетеміз. Жалғыз басты жандар үшін өз бақытын тауып, тіпті неке сарайына баратын сәт туып тұр. Сол үшін Мергендер жаңа таныстықтардан бөлек, ескі достарына да көңіл бөлгендері дұрыс. Себебі, оның арасында өзінің болашақ жары болуы мүмкін. Ал отбасылы Мергендер жақындарының жанында көбірек уақыт өткізсін. Бақытты сәттерге толы кезең көктем мезгілінің ортасы, тамыз бен қараша айлары болмақ.

Мансап пен қаржы

Мергендер қаржылық қиындықтардан аулақ болады. 2019 жылы жаңа зат алуды көздеп жүргендер дегендеріне жетпек. Ол үшін жетпей тұрған қаржыны қарызға алса да, алаңдаудың қажеті шамалы. Кей Мергендерге жұмыс орнын ауыстыру туралы ой келуі мүмкін. Жаңа қызмет те оңай келетін болады. Ондай өзгерістерге жыл басында (сәуір айына дейін) немесе тамыз айының орта тұсында барғаны жөн. Сонымен қатар, жыл басында жаңа жобаны бастауды ойлап жүргендер бірден іске кірісулеріне болады. Уран жаңа бастаманың алға ілгерілеуіне өз ықпалын тигізбек.

Денсаулық

Мергендердің бас ауыртатын мәселесі – жүйке жүйесі. Толыққанды демалыс пен ұйқының қанық болуы бұл дерттен аман алып шығады. Сонымен қоса, белсенді өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданудың да зияны жоқ. Демалыстың аздығы Мергендерді депрессияға оңай түсіреді. Сонымен бастысы - тыныштық, ұйқы, спорт.

Тауешкі

(22 желтоқсан - 19 қаңтар)

Жұлдызнама бойынша көктемнің ортасынан жаздың ортасына дейін Юпитер, ал 17 қыркүйекке дейін Сатурн керітартпа “қылық танытуына” қарамастан, 2019 жылы ғаламшарлар Тауешкілерге негативті әсер етпейтін болады. Бұны сыры неде десеңіз, Сатурн жыл бойы Тауешкі белгісінде орналасады. Ал бұл өз кезегінде осы белгі өкілдеріне күш пен мүмкіндіктер береді. Әрине ғаламшарларды керітартпа кезеңін де естен шығармауға тырысу қажет, бірақ олардың әсері негативті емес, керісінше ерекше болады. Сондай-ақ Тауешкілерге өз белгісі кезінде болатын күн тұтылуы (06 қаңтар, 26 желтоқсан) қиындық туғызуы мүмкін. Осы күні және оның алдыңғы, соңғы күндері Тауешкілерге әр қадамын аңдап басқаны жөн.

Отбасы мен махаббат

Тауешкілердің жеке өмірі позитивті сәттерге толы болмақ. 2019 жылы аңсаған армандарына жету мүмкіндігі жоғары болған соң, оларға болашағын әуелден жоспарлау ұсынылады. Отбасын құрғандар осы жылы өз шаңырақтарын жайластырмақ. Бұл олардың да сүйіктілерінің де көңілін көтеріп, сол арқылы жұбайлардың қарым-қатынастары жақсара түседі. Ал бойдақтарда өз «жұбын» табу мүмкіндігі беріледі. Салмақты әңгіме, ұсыныс жасау сияқты маңызды оқиғаларды ақпан, мамыр-маусым, тамыздың аяғы мен қыркүйек, желтоқсан айларының басына туралаған дұрыс болады.

Мансап пен қаражат

2019 жылы Тауешкілердің қалтасы жиі қалың болмақ. Бірақ бұл бүкіл Тауешкілер үшін қаржылық тәуелсіздікті білдірмейді. Себебі келесі жылы Тауешкілердің материалды сұранысы қаржылық табысынан жоғары болмақ. Бірақ табысын көбейте алғандар қоныс алу, оны жайластыру сияқты мәселелердің шешімін таба алады. Көктемнің ортасынан күз ортасына дейін Тауешкілер кәсіби қызметіндегі жағдайды қайта қарау қажеттілігін сезінуі мүмкін. Көбі өзгерістерге бет бұрып, өз саласында жетістіктерге жетпек.

Денсаулық

Тауешкілер өз денсаулығына немқұрайлы қарамауы тиіс. Бұл 2019 жылы олар жиі ауырады деген сөз емес, бірақ асқазан-ішек жолы мен жүйке жүйесінің жағдайын үнемі қадағалап отыруы қажет. Сондықтан келер жылы Тауешкілер жүре тамақтану әдетінен арылып, дұрыс тамақтануға көшкені дүрыс. Сондай-ақ уақытылы ұйықтап, ара-тұра массаж курсын алған дұрыс.

Суқұйғыш

(20 қаңтар – 19 ақпан)

2019 жылы жұлдызнама бойынша Суқұйғыштарға Юпитердің әсері түбегейлі өзгермек. Егер 2018 жылы бұл ғаламшар оларға негативті әсер етсе, келер жылы ол позитивке ауысады. Сондықтан келер жылы Суқұйғыштарда оптимизм сезімі мен өздеріне сенімділігі артпақ. Ал өздерін төмен санайтын адамдар айналаға позитив таратуға тырысқаны жөн, солайша олар өзіне деген сенімді арттыратын болады.
Ал Уран керісінше ауыртпалық туғызуы мүмкін. Бұл ғаламшар 26 ақпаннан бастап Торпақ белгісінде орналасып, Суқұйғыштардың көңіліне күмән ұялатып,жігерін құм етуі де мүмкін. Олай болмау үшін олар өздерін табысқа ынталанырып, күмән мен қорқыныш сияқты сезімдерге бой бермеуге тырысуы тиіс. Суқұйғыштар, сендер алмайтын қамал жоқ! Осыны әр кез естеріңізде ұстаңыздар. 

Отбасы пен махаббат

2019 жылы Суқұйғыштар жеке өмірінде өзгерістер орын алады, осал тұстары байқалады. Бірақ бұл келер жылы қандай да бір үлкен проблемалардан қорқу керек деген сөз емес. Тек Суқұйғыштар негізсіз және көзге көрнеу эгоизм танытып, жақын адамын елемейтін болса, соның өзі жанжалға әкеліп отыратын болады. Сондықтан отбасылы Суқұйғыштар жыл бойы жақындарына ілтипат пен қамқорлық танытқан жөн. Ал жалғызбасты суқұйғыштар өздерін еркін ұстай алады. 2019 жылдың біраз кезеңі Шолпан жұлдызының ықпалында болмақ. Осы кезде Суқұйғыштарға жаңа адамдармен танысып, араздасқандарымен табысады. Бұл кезде жақындарыңызбен бірге саяхатқа шығуға кеңес беріледі. Ол кезеңдер - көктемнің басы (наурыз), маусым айы, қыркүйектің ортасынан бастап қазан айының ортасына дейін.

Мансап пен қаражат

Келер жылы Суқұйғыштарда қаражат жағынан қиындықтар болуы мүмкін. Бұл ықтималық жылдың бірінші жартысында артып, екінші жартысында төмендей бастайды. Десе де Суқұйғыштар бұл қиындықтан өздерінің жеке қасиеттерінің арқасында шыға алады. Кәсіби қызметтегі табыс та адамның өз жұмысына деген қатынасына байланысты болмақ. Сондай-ақ, түбегейлі өзгеріс жасау алдында бәрін ой елегенін өткізіп алған жөн.

Денсаулық

Суқұйғыштарға өзінің денсаулығы жөнінде алаңдаудың қажеті жоқ. Олар өздерін биылғы жылдан гөрі жақсырақ сезінері анық. Суқұйғыштардың бәрін мазалауы мүмкін бір қауіп болса, ол – қатты шаршау. Сондықтан оларға жұмыс пен демалыс уақытын дұрыс жоспарлаған жөн.

Балық

(20 ақпан – 20 наурыз)

Жұлдызнама 2019 жылды Балықтарға бастаған ісін аяқтап, қорытынды жасайтын жыл ретінде көрсетеді. Бұл Балықтар үшін маңызды болмақ. Себебі жаңа жылда оларды жаңа жобалар күтіп тұр, ал оған кірісу үшін әуелі ескі жобаларды ретке келтірген жөн. Ал Сатурн мен Уран Балықтарға жақсы жағынан әсер етпек. Сатурн олардың мінездеріндегі игілік пен ой тереңдігін дамытса, Уран көшбасшылық қасиетін арттырмақ. Юпитер болса балықтарға эмоциялық тұрғыда (қырсықтық, эгоизм) қиындық туғызуы мүмкін. Бұл олардың мақсатына жетуге бөгет жасайтын болады. Сондықтан өзіңіздің эмоцияңызды іште сақтамай, жақындарыңызбен сырласып, спортпен айналысып теріс энергияны сыртқа шығарып отырыңыз.

Отбасы пен махаббат

Көңіл-күйінің аумалы-төкпелі болуына байланысты Балықтардың жақындарымен қарым-қатынасында қиындықтар туындауы мүмкін. Ал бойдақ Балықтарда мұндай проблема болмайды. Керісінше олар өздерінің ерекше мінезі арқылы айналасындағы адамдардың көңілін тез баурайды. Сондықтан осы жылы олар өздерінің бақыттарын кездестіріп, шаңырақ құруы бек мүмкін. Ондай маңызды оқиғалар үшін уақыттың да (01-20 сәуір, шілде айы, 11-30 қазан) қолайлы болғаны дұрыс.

Мансап пен қаражат

Балықтарға қаражат тұрғысынан алаңдамауға болады. Әсіресе шығармашылық кәсіп иелерінің “айы оңынан тумақ”. Ал кәсіби қызметінде тұрақтылық орнайды. Сондай-ақ жұмыс ауыстырам деген ойыңыз болса, келер жыл нағыз оңтайлы кез, ал тәжірибелі әрі білімді адамның ұсынысымен жасасаңыз тіпті қателеспейсіз.

Денсаулық

2019 жылы Балықтарға аяқ-қолдың жайына баса назар аударған дұрыс. Әсіресе қантамыр жүйесінің жұмысын қадағалап жүрген дұрыс. Массаж қабылдау артық етпейді. Сондай-ақ киіп жүрген аяқ киіміңіздің сапасы жақсы болсын. Жүйке жүйесі де аз проблема әкелмеуі мүмкін. Сондықтан өмір салтыңызды бір қарап шығыңыз. Спортпен шұғылданып, бос уақытты жақындарыңыз бен өзіңіз ұнататын іске арнаңыз.

 

Сайтта басылған мақалаларды редакция рұқсатынсыз көшіруге, өңдеп басуға рұқсат етілмейді. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға