Жаңалықтар

Балаларға шаңғыны қалай таңдаған дұрыс?

Шаңғы аламын деген ата-анаға 5 кеңес
Балаларға шаңғыны қалай таңдаған дұрыс?
25.12.2018 10:57 12651

Әр мезгілдің өзіндік ерекшелігі бар. Балалар жазда өзен-көлге түсуге құмар болса, қыста сырғанақ маңайынан шықпай қояды. Балаңызға шаңғы алып беруді ойлап жүрсіз бе? Онда мына 5 кеңеске назар салыңыз.

1. Шаңғының түрлері 

Шаңғылар екіге бөлінеді: тау шаңғысы және мәнерлеп сырғанауға арналған жүгіру шаңғысы. Маңайыңызда биік қыраттар, тау немесе төбе бар болса біріншісін алғаныңыз жөн. Біздің елімізің кей мектептерінде қыс мезгілінде балаларға шаңғымен мәнерлеп сырғанауды үйретеді.

2. Шаңғы материалы

Шаңғы екі түрлі материалдан әзірленеді. Бірі - ағаш, екіншісі – пластик. Ағаштан жасалған шаңғылар арзандау болады. Балаға алғаш тебуге алып беруге ең ыңғайлысы осылар. Ағаш шаңғылар пластикке қарағанда күтімді көп қажет етеді. Табанына арнайы майларын жиі жағып отырған жөн. Бұл оның жақсы сырғанауына әсерін етеді. Ал, пластик шаңғылар мұндай аса қатты күтімді қажет етпейді. Оның табаны майламай-ақ тайғанақ. Бұны артықшылық десек те, кемшілік десек те болады. Кемшілік деуіміздің себебі – шаңғыға тұруды енді үйреніп жүрген баланың екі аяғы екі жаққа кете беруі мүмкін.

3. Шаңғы ұзындығы

Мәнерлеп сырғанау шаңғысы.  Бұл мақсатта алынған шаңғы балаңыздың бойынан 15-20 см ұзын болуы керек. Мәселен, баланың бойы 140 см болса, шаңғысы 160 см болғаны дұрыс. 

Тау шаңғысын баланың салмағы мен бойына лайықтап аламыз. Шаңғы тебуді енді бастаған балаға өз бойынан 5-10 см қысқа шаңғы алынады. 30-40 кг салмақтағы балалардың шаңғысының ұзындығы 100 см аспаған жөн.

4. Шаңғыға арналған бәтеңке

Шаңғы тебуді енді үйреніп жүрген балаға шаңғы спортына арналған бәтеңке алып берудің қажеті жоқ. Баланың аяғының жылы болуы мен ыңғайлылығы бірінші орында болуы тиіс. Сондықтан да баланың өз бәтеңкесіне лайықтала қалатын арнайы аяқ бекіткіштер сатылады. Ал, бала әбден машықтанып алған соң бәтеңке алғаны дұрыс. 8-9 жасар балаларға арналған бәтеңкелер жеңілдігімен ерекшеленеді. Бұл бәтеңкелерде баланың аяғына ыңғайлылық пен қауіпсіздік жағы жіті қадағаланған. Ал, бұдан ересек балалардың бәтеңкелері сәл қатқылдау болып келеді. Себебі, бұрылыстарда, түрлі маневрлар жасағанда тобығы тайып кетпеу, табаны сырғып кетпеу дегендей дүниелер ескерілген. 

Мәнерлеп сырғанауға арналған шаңғылардың бәтеңкелерінің табаны жұмсақ келеді. Бұл бәтеңкелермен тек шаңғы үстінде ғана емес, шаңғыңызды арқаңызға асып алып жүргеніңзде де аяғыңыз жайлылықты сезетін болады.

 

5. Шаңғы таяқшалары.

Мәселен, ұзындығы 160 см шаңғының таяқшасы 110 см болуы керек.  Шаңғы таяғы қандай шаңғы алғаныңызға тікелей байланысты. Егер, классикалық бағыттағы шаңғы алсаңыздар, таяғы ұзындығы баланың қолтығынан келуі тиіс.  Ал, коньки әдісіне арналған шаңғы таяғының ұзындығы иық деңгейінде болуы керек.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға