Жаңалықтар

Наркенже Серікбаева: Тойда ән салудың өнерге қатысы жоқ

Күміс көмей әнші  Наркенже Серікбаевамен сұхбат
Наркенже Серікбаева: Тойда ән салудың өнерге қатысы жоқ
23.10.2018 11:56 38146

Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра.

Нағыз қазақ – қазақ емес,

Нағыз қазақ – Домбыра!

Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана:

Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана.

Қадыр Мырза Әли осы өлең жолдарын естімеген, білмейтін қазақ сирек-ау.  Қолына қалам алып, жүрегіндегі жолдарды ақ параққа жыр қылып түсірген ақындардың домбыраны жырламай кеткені кем де кем.

«Заман дамыды», «Ән өнеріне өзгеріс енді» дегенімізбен тойларда не болмаса жәй ғана отырыстарда біреу домбырамен ән салса қиқулап, еліріп кететініміз анық. Той демекші, қазір қазақта той көп қой. Ішінде ат шаптырып, көкпар тартуға болатын зәулім мейрамханаларда өтетін тойларда  бұрындары домбырамен  ән салу азайыңқырап кеткен болатын. Кейінгі жылдары халық «Мына даң-дұңдарыңнан шаршадық. Домбырамен ән салмайсыңдар ма?» деп сұрау салатын болды. Сұраныс болғандықтан  оны орындаушылардың да өсетіні анық. Той-томалақ, құдалықтарда тек қана қазақы  нақыштағы әндер айтып, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген жандар жетерлік. Соның бірі «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Наркенже Серікбаева. Орайы келгенде дәстүрлі әннің дүлділімен сұхбаттасқан едік. 

- Сәлеметсіз бе? Сізді біз дәстүрлі әнші, жыршы ретінде білеміз. Жалпы, музыкалық білімді қай оқу орнынан алдыңыз?

- Негізі менде музыкалық білім жоқ. Осыны айтсам жұрттың бәрі таң қалады. Олардың таң қалғанына мен де таң қаламын. Бұл қазақтың қанында бар дүние ғой. Әрине, арнайы білімің болғаны жақсы. Қазақтың қара қызы қара домбырамен ән салғанға таңырқайтын күнге де жетіппіз-ау деп ойлаймын кейде. Бірақ, екі жыл Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде оқығаным бар. Райымбек Сейтіметов атындағы өнер кафедрасында «театр әртісі» мамандығы бойынша Набатай Дәулетқызы деген апайымнан дәріс алғанмын. Бірақ, екі жыл оқыған соң тастап кеттім. Оған ешқандай да отбасылық не болмаса әлеуметтік жағдайлар себеп болған жоқ. Іштей «бұл оқу, бұл мамандық менікі емес екен» деген шешімге келіп, өзімді әрі қарай қинамауды жөн санадым.

- Сонда бұл қаннан келіп тұрған өнер болып тұр ғой?

- Иә, бұл менің ата тегімде бар дүние. Әкем Серікбаев Абдолла жыршы болған адам. Әкем қайда барса да соңынан қалмайтынмын. Әкем «аманбысың, Қазақстан аймағым» деп жырлап отырғанда ауызым ашылып тыңдайтынмын. Соның әсері болар мен алты жасымнан бастап ән сала бастадым. Негізі жыршымын. Ал, қазіргі  нарық заманында тойға лайықталған әндерді айтуға мәжбүрміз.

- Сіз еліміздің оңтүстік өңіріненсіз. Қалың қазақ сізді «YouTube» видео хостингіндегі видеоларыңыз арқылы тани бастады. Сізді тойына жиі шақыратын аймақтарды атап беріңізші?

- Өзіміздің Шымкент, Түркістанды есептемегенде көршілес Қызылорда аймағы, Атырау, Ақтау, Алматы мен Астана жиі шақырып тұрады. Бәлкім бұған менің бағамның қолжетімді болуы да себеп шығар. Аспандаған бағам жоқ.  Жағдайын айтқан адамдарға кейде келісілген бағадан да төмен соммаға бара беремін.

- Сіздің видеоларыңыздың астына  кілең сіздің өнеріңізге сүйсінген пікірлер жазылады. Үлкен сахнаға шығуыңызға не кедергі? Ауызынан дыбыс шығара алғандардың біразы сол жақта жүрген заманда ол жаққа қалайша жете алмай жүрсіз?

- Қазақта «бұйрық» деген сөз бар. Бұйрығымыз келген кезде ол жақта да жарқырап қалармыз.  Былайша әлсін-әлсін шығып та жүрмін ғой. Бірақ, тұрақты түрде табан тіреп жатпағаным анық. Өзім «Үлкен сахнаға шықпадым-ау» деп өкініп не болмаса уайымдап жүргенім жоқ. Аллаға тәубе, абыройым ол жақта жүрген біраз адамнан жоғары.

- Тойларға тапсырысты парақшаларыңыздағы видеоларыңыз арқылы аласыз ба? Парақшаларыңызды кім жүргізеді?

- Расымды айтсам парақша арқылы келген тойларымды санап көрмеппін. Себебі, санынан жаңылысатындай болдым. Өзіміздің оңтүстік өңірінде біреуден сұрап болса да нөмірімізді тауып алып, хабарласып, тойына шақырып жататындар көп. Ал, өзге қалалардағы адамдар осы парақшам арқылы шақырады. Менде екі парақша бар. Біреуін администраторым жүргізеді және тойларымды да сол қабылдап отырады. Бір парақшамды өзім жүргізтіп отырамын.

- Instagram парақша демекші... Парақшалардың астына кейде жағымсыз пікірлер жазылып жатады ғой. Жүрегіңізді ауыртқан пікірлер болды ма?

- Бастапқыда ондай пікірлерге кәдімгідей ренжитінмін. Біреулер жеке басыма қатты тиіседі. Өмірімнің әр жықпылына үңіледі. Бұл негізі дұрыс емес қой. Әйтпесе «періште көкте ғана» деп жүрген халықтың қызымын ғой. Роза Әлқожа әпкем «Балағыма үрген әр итке жауап бере берсем сапарымнан қаламын ғой» деген тамаша сөз айтып еді. Келе-келе мұндай пікірлерге көңіл бөлмейтін болдым. Біреудің жеткен жетістігіне, абыройына қызғанышпен қарайтындар көп. Әбіш Кекілбаев ағамыз да «Қуана білмегенге құт қонбайды. Бағалай білмегенге бақ қонбайды» деген еді ғой. Жаман пікір жиі келе бермейді.

- Жыршы ретінде қандай да бір конкурстарға қатыстыңыз ба?

- Осы уақытқа дейін он үш конкурстың лауреаты болған екенмін. Жыршылығымның арқасында байқаулардан бес автокөлік ұттым. Бұл тұрғыда Алалға сансыз мадақ айтамын.

- Жыршылық жолыңызды жалғайтын шәкірт тәрбиеледіңіз бе?

- Жоқ, артымнан пәленбай шәкіртім өсіп келе жатыр деп мақтана алмайды екенмін. Бірақ, бұл ойда бар дүние. Шәкірт тәрбиелеуді өз қызымнан бастап жатырмын.  Қызым он жеті жаста. Шымкенттегі музыка колледжінің студенті. 

- «Той Тәңірдің қазынасы» деп тойдан нәпақа тауып жүргендер көп. Қазір алты-жетідегі, он-он бірдегі балалар тойға шығып табыс тауып жатыр. Осыған не дейсіз?

- Мен бағана бір сөзімде алты жасымнан бастап ән айтып, сахнаға шықтым деп айтып өттім ғой. Ташкенттегі «Әнші балапанға» қатысып, екінші орынды иемденген болатынмын. Бірақ, табыс табу деген менің де, әкемнің де ойында болмапты. Өнерлері болса жарқырай берсін. Бірақ, тойға шығып табыс табу дегенді қойған дұрыс. Баланы кішкентайынан ақшаға құнықтырып жатырмыз. Қазір өнерлі балаларға арналған конкурстар көп қой. Соларға апарсын, жұлдызын жарқыратсын. Ондайға мен «Әй, қойыңдар енді» демеймін. Кіп-кішкентай қыздардың әлем-жәлем боянып алып би билегеніне, сүп-сүйкімді балалардың табақтағы ақшаға құныға қарағанына жүрегім ауырады. Баласын тойға апаратын ата-аналар баланың балалығын ұрлап жатыр. Туған-туыстың тойында өнерлерін көрсетсе де жетеді ғой. Оның өзінде орын-орынымен шығара білу керек. Біз бұл дүниелерге тым жеңіл қарап кеттік. Мен он жеті жастағы қызымды тойға жиі шығармаймын. Әйтпесе, оның дауысы  өз қатарластарынан кем емес. Былтырдан бері тойларда ән айтуына  ептеп-ептеп рұқсатымды беріп жүрмін.

- Тойда жүрген қыз-жігіттер өздерін өнер адамы ретінде сезініп жүр. Бұған не дейсіз?

- Тойға шығып, микрафон ұстау өнерге жатпайды. Бұл жеңіл нәпақа табудың бір түрі. Тойларына бас сұғып кеткен өнер жұлдыздарымен суретке түсіп, «Өнердегі ағаларымның ортасында» деп ұялмай фото салып отыратын бауырларымыз бар. Шын өнер адамында қарапайымдылық болады. Бүгін тойға шығып, ертең адаммен сөйлеспей кететін жастар бар. Бұл көргенсіздікке жатады. Өнер адамдары дегеніміз театр актерлары, композиторлар, дәулескер күйшілер, дүлділ әншілер тағысын тағылар ғой. Ал, той жағалап жүргендердікі өнер емес.

- Өмірде кімді құрметтейсіз?

- Анамды. Былтыр бір өлімнен аман қалған болатынмын. Күрделі ота жасаттым. Сонда «осыдан аман қалсам анамды қажылыққа жіберемін» деп сөз бергенмін. Кейін, сол сөзімде тұрып, өзіме берген уәдемді орындадым. Біздің әр жақсы ісімізге қуанып, артымыздан ерген жел сөз үшін өзімізден бетер уайым шегетін аналар аман болсын. Әркімге өз анасы керемет жан секілді. Анам нашар болса қолында екі келіні тату-тәтті тұрар ма еді? Мен үйдің кенжесімін. Анам маған «сен біздің әулеттің көз қуанышысың» деп үнемі айтып отырады.

- Интернетті ақтарып отырып бір байқаған дүнием бар. Сіздің ән салған видеоларыңыз көп екен де сіз жайлы мәліметтер аз екен. Бұған не себеп?

- Дұрыс байқаған екенсіз. Мен сұхбатты жиі бере қоймаймын. Өзімді артық-ауыс жарнамалай бергім келмейді. Баяғыда бір тілшіге сұхбат беріп, кейін  ол сұхбат «Мен қазақ эстрадасындағы ешкімді мойындамаймын» деген тақырыппен жарияланып кеткен болатын. Сіздің әріптестеріңіз «оқырман жинаудың жөні осы екен» деп кейде осындай әдепсіз әрі арзан қылықтарға барып жатады. Тілшілермен жиі сұхбаттаспауымның  бір сыры осы жерде жатуы да мүмкін.

- Рахмет, Наркенже! Алдыңыздағы анаңыз, соңыңыздағы балаңыз, бауырларыңыз аман болсын! Еңбегіңіздің жемісін жей беріңіз!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға