Жаңалықтар

Итбегі

Итбегілік  және "Рухани жаңғыру" 
Итбегі
23.11.2018 16:53 8567

Көпшіліктің құлағына Рамазан Стамғазиев ағамыздың орындауында таныс «Аңшының әні» атты ән бар. Сол әнде

«...Бір қызық, ит жүгіртіп аң ауласаң,

Қырғилап, шабуылмен таң ауласа...» деген жолдар бар. Жалпы, ит жүгірту мен аң аулау жайлы әндер қазақта жеткілікті. Мұхиттың «Қоянды шалмай алар қара қаншық...» деп жырлауы да тазының да тазысы барын, құмай тазының қоянды шалмай-ақ, іліп алып тастайтынын суреттеп тұр.

Ауылда өскен әр қазақ баласы күшік асырап көргені жасырын емес. Тіпті, «Құмай тазы сары ала қаздан туады екен» деген аңызды естіп, өзен жағалап, өзен маңайындағы ескі індерді қазған балалар да жетерлік. Сары ала қаздың түлкілердің тастап кеткен інін мекендейтіндігі жайлауда өскен әр қазақ білетін жайт. Бәлкім, құмай тазы жайлы аңыздың бір ұшы ұяны емес, інді мекендеулерінде жатыр ма екен?

Қазақ үшін тазының орны ерекше. Бұл сөзіме жеті қазынаның біріне осы құмай тазыны кіргізтуінің өзі дәлел болса керек-ті. Құмай тазыға үй ішінен арнайы орын беріп, астына құс мамықтан көрпе төсеген. Бұл нені білдіреді? Бұның барлығы - тазы иттің өте сырбаз, таза және паң ит екенін білдіреді.

Есте жоқ ықылым заманда демей-ақ қояйын, ашаршылық кезінде, соғыс жылдары бір итімен бір ауылды асыраған аңшылар да болған екен. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Қарағанды облысы, Шет ауданы, Өспен ауылының тумасы  Құрманғазы Әлиман есімді сері жігіт. Бұл жігіттің атбегілігі бір төбе болса, асабалығы бір төбе. Бірақ, біз Құрманғазының итбегілігі жайлы әңгіме қозғамақпыз. «Қазақта итбегі деген сөз бар ма?» деп сұрарсыз. Атбегі мен  құсбегіні естімеген қазақ жоқ шығар. Ал, «Итбегі» сөзін бәлкім қайта жаңғыртқан, мүмкін ойлап тапқан, алдыңғы аға буында өзіміз сыйлайтын жазушы, журналист ағамыз Төрехан Майбас екенін айта кетейін. Ол кісінің «Итбегі» деген шығармасы бар. Сондықтан да бұл сөзді біз де қолданып жүрміз.

Құрманғазының айтуынша иттің бабын жасау оңай шаруа емес. Ит күтімі - қораның алдына үйшік жасап беріп, итаяғына жуынды құя салумен шектелмеуі керек. Иттің қарыны үнемі тоқ болуы керек және итті күнделікті ат соңына ертіп, біраз жерді айналып келген дұрыс. Спортшылар жарыс алдында қалай дайындалса, итті де сол секілді ұзақ дайындайсыз. Алты ай жазда үйдің жанында жатқан тазыңды қар түскен күннің ертеңіне соңыңа ертіп алу аңшылық емес.  Иттің «қоясын түсіру» деген ұғым бар. Бұл иттің жеген жүн-жұрқасын құстыру. Қоясы түспеген ит жүгіріп жарытпайды. Сәйкесінше, қанжығаңызға қоян мен түлкі байлау мүмкіндігіңіз кәдімгідей төмендейді. Қояны қалай түсіреміз? Жылқының қылын сары майға не болмаса тоң мойға шылап, сол түйнекті итке жұтқызу керек.  Осылайша итіңді қансонарға өзің дайындап, бабын байқастап отыруың керек. Біздің елдегі тазы иттер жарғақ құлақты және шашақ құлақты болып екіге бөлінеді. Таза тазының құйрығы орала бітеді және құйрық жүнінде де шашақтар болады. Текеметтер мен сырмақтардағы «Ит құйрық» оюы осы тазының құйрығын негізге ала отырып жасалса керек-ті. Басы сопақтау ұзынша, көз жанары суық әрі өткір болады. Кең омыраулы, шынтағы шығыңқы, жауырыны кең болады. Бақайларының арасы түкті және тырнағы өткір болады. Құрманғазының сөзіне қарағанда Арқа төңірегінде  көбіне шашақ құлақты тазылар ұстайды.

Ит күтімін күшік кезінен бастап қолға алған жөн. Күшік үш айға толар-толмас кезінде арнайы екпесін жасаған жөн. Бұл біздің тілмен айтқанда «переходной возраст» дегенге келетін кезең десем шатаспаспыз. Көп күшіктің жүдеп, ауырып, тіпті өліп кететіні осы екпенің салынбауына тікелей байланысты. Жас күшіктің ғзасына ақуыз өте қажет. Біз көбіне күшікті енесінен ажыратып алып кетіп жатамыз ғой. Сол кезде күшікті табиғи ақуыздан да айырамыз. Бұның орнын жаңа сауылған жылы сүтпен, ірімшікпен толтырған дұрыс. Аңға қосамын деген итті шынжырлап ұстауға болмайды. Себебі, байлаулы иттің мойыны қатып қалады деген түсінік бар.

Қазір қансонардың кезі. Ит ұстаушылар жас иттерін ауыздандыратын шақ. Ауыздандыру дегеніміз соңыңа итіңді ертіп аңға шығуың және аңның бойы көрінісімен иттеріңді әлгі аңға қосуың. Міне, осы аң қуған лекке ілескен жас ит ауызданады. Түлкіні не қоянды өзі алмаса да, басқа иттермен араласып, әлгі аңды бір тістеп қалса жеткілікті. Келер жолы бұл итіңіз өзі-ақ қанжығаңызды майлап беруі мүмкін.

Ит ұстаймын деген адамның әлеуметтік жағдайы жақсы болғаны дұрыс. Себебі, өзі ашқұрсақ жүрген адамның итіне қарауға уақыты болмайтыны түсінікті. Талай тамаша тазылардың үй маңынан өткен мотоцикл мен машинаға қосылып жүргенін көргенде ішіміздің ашитыны рас. Итке, қазақтың осынау аңшылық дәстүріне жаны ашитын адам, тазысына адамға қарағандай қарауы тиіс.

Атбегілік пен итбегілікке қатысы жоқ болса да, осы саладан нәпақа табатын бизнесмендер бар. Айналамызға бажайлап қарар болсақ қазіргі таңда бизнес дендеп енбеген сала қалмаған тәрізді. Құрманғазының ойы басқаша. «Ит сатып байымай-ақ қойдым. Айтуға ауыз, естуге құлаққа ауыр сөз екен. Мен тазыға, аңшылыққа қызыққан жігіттерге күшіктерімді тегін беремін. Өздері үйіме арнайы келіп, таңдаған күшіктеріне қарғы тағып кетіп жатады. Қазақтың салты бойынша ырымдап, қарғыбауға деп шамалы ақша тастап кететіндігін есепке алмасақ та болады. Себебі, бұл бағзыдан қалыптасқан жол. Ал, бір күшікті бір қойдың не болмаса бір жабағының құнына сату адамның ақылына сыймайтын дүние» дейді итбегі жігіт.

Бұл орайда біздің де алып қосарымыз бар. Қара базардағы тазы сату нарығының тарихына көз жүгіртіп көргенбіз. 1917 жылы бір тазы үшін 47 бас жылқы берген оқиғалар да кездескен екен. 1947 жылдары бір тазыға 37 бас жылқы берген деген мәліметтер де бар. Қара базардағы тазының қазіргі құны 150 доллардан басталады деседі...

Бүгінде  тазының тұқымы құрып бара жатқаны рас. Бұның бір себебі, қазақы тазыны қырғыздың тайғанымен, арабтың салюкиімен не болмаса ағылшынның грейхаундына будандастыруымызда. «Жоқ» деп ауызды құр шөппен сүрте беруге де болмайды. Түкпірде жатқан біраз ауылдарда әлі де болса таза қанды тазылар бар.

Кейде көк жәшіктен не болмаса газет беттерінен «Тазыны қалай сақтап қаламыз?» деген сарындағы сюжеттер болмаса мақалалар оқып қаламыз. Меніңше, бұл шаруаны осы саланың басы-қасында жүрген, ішкі мәселелерді жетік білетін Құрманғазы сынды жігіттерге берген дұрыс.

Сурет ашық интернет көзінен алынды

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға