Жаңалықтар

Аутизмі бар балаларға қажеті қоғамның қабылдауы ғана...

Астанада тағы бір мектеп ерекше қажеттілікті балаларға есігін ашты
Аутизмі бар балаларға қажеті қоғамның қабылдауы ғана...
14.02.2019 12:37 8217

 «Болашақ» Корпоративтік Қорының «Әр бала мектепке лайықты» жобасы туралы бұрынырақ та жазған болатынбыз. Жақында Қордың басшысы Динара Чайджунусова  «Нұр Отан» партиясының қолдауымен тағы бір мектеп ерекше қажеттілігі бар балаларға есігін ашқанын айтқан еді. Осы мектептің әдістемесімен, балалардың оқу жағдайларымен танысып, ата-аналарымен жүздесуге бардық.

Анар, 9 жасар Алдиярдың анасы

Біз бұрынырақ жекеше дайындық орталығына барып жүрдік. Ол жаққа түрлі аутизмнің түрлі спектрі бар, мүмкіндігі шектеулі балалар баратын еді. Шынын айтқанда айтарлықтай даму байқалмайтын. Кейін ПМПК-ға (Психологиялық медициналық педагогикалық консультация)  барып жалпы орта мектепке баруға жолдама алдым.  Аутизмді ауру емес, адамның ерекше жай-күйі.  Менің балам ешкімнен кем емес, оның дені сау балалармен оқығанын қаладым. Бірақ өкінішке қарай барлық мектеп менің балам сияқтыларға есігін айқара аша алмайды. Біз мұңы бір ата-аналар бір бірімізді әрқашан қолдап, көмек беруге тырысамыз. Осылайша «Болашақ» Корпоративтік Қоры  туралы естідім. Қорға келгенімде олар «Әр бала мектепке лайық» бағдарламасы аясында №85 мектеп-лицейінде н жүзеге асырып жүргендерін айтты. Қуанып кеттім. Себебі Астана қаласының сол жақ жағалауында мұндай инклюзивті білім беру мектептері өте аз.

Алғашқы күн стресті болды. «Мектепке барғанда сыныпта көп бала болады. Бұл балалар өте жақсы. Олармен достасып кетесің» деп барынша дайындадық. Соның өзінде ауыр қабылдап, мазасызданды, жылады. Бірақ бірте-бірте үйренді. Сыныптастарының қолдауы да өте маңызды. Бастапқыда олар  қалай қабылдайды екен деген ой мені алаңдатты. Бірінші сынып жиналысында ата-ананың біреуі «сыныптағы бала неге шешесімен сабақта отырады?» деген сұрақ қойды. Мен ақырын орнымнан тұрып, ол анасы емес, тьютор екенін, аутизм спектрі бар балалардың ерекшелігі туралы айтып бердім. Одан кейін мұндай сұрақтар қойылмады. Балалар да, олардың ата-аналары да түсіністік танытып, қолдауға тырысады. Қазір Алдиярдың үлгерімі жақсарды. Сыныптағы орташа оқитын баланың бірі».   

  

Орынай, 9 жасар Азаматтың анасы.

«Азаматтың ерекшелігін көшедегі әр балаға айтып жеткізе алмайсың ғой. Кейде көшедегі балалар кемсітеді. Ондайда Азамат тұйықталып кетеді.  Аутизм спектрлі балалардың басты проблемасы қоғаммен байланысты орнату қиындығы. Бірінші күні сабаққа барғысы келмеген еді. Тіпті жылаған кездері де болды. Менің екі балам бар. Қызым ДЦП дертіне шалдыққан, ұлымда аутизм белгілері бар. Қазір барлық күш жігерімізді салып балаларды оқытуға, тәрбиелеуге, қатарынан қалдырмауға тырысамыз. Алайда біз қанша қаласақ та өмір бойы қамқорлық ете алмайтынымызды түсінеміз. Ешкім де мәңгілік емес. Осындай жағдайларда баламның болашағына алаңдаймын. Басқа балалар тоғыз жасында үшінші сыныпқа баруы тиіс. Біз биыл ғана 1-сыныпқа бардық. Себебі Қазақстанның басқа қалаларында тұрмақ, Астананың өзінде кез келген мектеп ерекше қажеттіліктері бар балаларға есігін айқара аша алмайды. Күні ертең біз болмай қалсақ жағдайы не болмақ? Оған кім қарайды, кім қамқорлық етеді деген ойлар жанымды жегідей жейтін. Қазір №58 мектеп-лицейінің 1-сыныбында үшінші тоқсан оқып жүрміз. Баламның сөздік қоры молайды. Бұрын сөздерін мен ғана түсінетін едім, қазір ойын ұғынықты жеткізеді.  Бұрын өзім киіндіріп, керек-жарағын жинастырып жетектеп алып баратын едім. Қазір таңертең оянып, оқу-дәптерін жинап, өзі киінеді. Қазір мектептегі әр күн қуаныш. Күн сайын баланың дамуын көріп отырамын. Ерекше есімде қалған сәт бар. Біздің Азамат мектептегі «Әкем, шешем және мен» спорттық жарысына қатысып жүлделі орын алды. Бұл күні оның қуанғанын көрсеңіз. Бұл біздің отбасымыз үшін ерекше маңызды жеңіс еді. Баламның қуанышын көріп көзіме жас үйірілді. Қазір Азаматтың достары көбейді. Сыныпта жақсы дәстүр бар. Балалардың туған күнін тойлау деген. Азаматтың туған күнінде де достары сыйлықтарын сыйлап, тілектерін айтты. Бұл өміріміздегі ең ерекше туған күн болған шығар. Қазір ұлым сыныптастарының туған күніне алдын ала дайындалып жүреді. Кейде әдемі заттарды көріп, «Мама, мынаны досыма сыйлайыншы осы айда туған күні» дейді. Баламды қоғам қабылдады. Балам қоғамға бейімделді. Енді баламның болашағына сенімім оянды. Ертең өз бетімен көштен қалмайтынын білемін».  

Инклюзивті білім беру жүйесінің артықшылығы да осында. Ол ерекше қажеттілігі бар балалардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасайды. Қазір елімізде қаншама бала төрт қабырғадан шықпай отыр. Олардың ата-анасының мұңы ауыр. Ал түптеп келгенде оларға қажеті шамалы ғана. Қоғам, адамдар, мектептер мұндай балаларға түсіністікпен қараса, құшағын ашса жеткілікті.  Бұл балалар қоғамнан оқшаулауды емес, қоғамның қолдауын қажет етеді.

«Мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтары туралы барлық бекітіліген заңдарға қарамастан біздің мектептер білім беру ерекшеліктері бар балаларды, соның ішінде аутизмі бар балаларды қабылдауға дайын емес. Соңғы 10 жылда әлемде және Қазақстанда мұндай балалардың саны 10 есеге артқан. Қазір бүкіл әлемде адамдар аутизмді ауру ретінде емес,  жай-күйі ретінде қабылдай бастады», - дейді Динара Чайжунусова.

«Болашақ» Корпоративті Қоры  «Әр бала мектепке лайықты» жобасы аясында аутизмі бар балалардың жалпыға ортақ мектептерде білім алуы үшін жағдай жасауда. Олар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұыс жасайтын тьюторларды оқытады, қажетті методикалық білім береді, мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттерін ашады.  Бұл жобаға bolashakcharity.kz сайтында анкетаны толтырып қатысуға болады. Жақында ғана Солтүстік Қазақстанда мүдделі ата-аналар жиналып осындай инклюзивті сынып ашқан болатын. Жалпы 2015-2018 ж. аралығында «Болашақ» КҚ аутизмге шалдыққан балаларға және дамуында басқа да ерекшеліктері бар 248 балаға инклюзиялық қолдау көрсетті. Инклюзивті білім беру саласында 161 жұмыс орны құрылды. 20 Инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Білім беру, денсаулық сақтау салаларының 800-ден астам маманы және ата-аналар инклюзивті білім беру  мен мінез-құлықты  қолданбалы талдау бойынша  оқудан өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға