Жаңалықтар

Тарихтың бұл парағы мәңгі есімізде

31 мамыр саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алу күні
Тарихтың бұл парағы мәңгі есімізде
31.05.2022 15:45 3004

Мамырдың соңғы күнін қазақ қоғамы қара жамылып қарсы алады. Себебі елбасының 1997 жылдың 5 сәуірдегі жарлығымен жыл сайын саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алатын азалы күн. Қазаққа қарсы жасалған геноцидтің таңбасы күнтізбеге басылып ресми аталып келе жатқанына биыл 25 жыл. Иә, арада аз уақыт өткен жоқ. Бірақ зұлмат заманның ақиқаты әлі күнге дейін ашылмады.

Қуғын-сүргін десе тек 1937-1938 жылдары халық жауы деп қуғындалып қыспаққа алынып, атылып кеткен арыстар ғана көз алдымызға келеді. Дегенмен ол оқиға қазақты ұлт ретінде жою саясатының жалғасы еді. Түбіне тереңдей берсек, империалистік ресейден бірақ шығасың. XVll-XVlll ғасырда қазақ даласына бекініс салып, Сырым Датұлы, Кенесары Қасымұлы сынды бас көтерген батырлардың басын алған отаршылар XlX ғасырдың соңы мен XX басында жерімізді басып алуды мақсат етті. Стольпин реформасы негізінде қазақтың шұрайлы жерлеріне қара шекпенділер қоныстанып, Ресейден босып жүрген шаруалардың бәрі бері ағылды. Оларды қорғау үшін жазалаушы әскерлер де келді. Кей дерек көздеріне сүйенсек, тек XX ғасырдың басында қазақ жеріне ресейден 430 мың отбасы көшіп келген. Жаңа жерге қоныстанғаны үшін, барлық жағдай жасалған уыстап ақша да алған. Деревняларды қорғау үшін оқ атылды. Ол мылтық жайылымдық жерін қорғап, атқа мінген қазаққа қарсы атылды. Алаштың Әлихан Бөкейханы бастаған айбынды ұлдарының теңдік үшін саясатқа араласа бастағаны осы кезден бастау алады. Бірінші дүниежүзілік соғыста отардағы қазаққа еселеп салық салынған, бас көтергенін жағалай қырған. Мұны көрген алаш азаматтары мемлекетті бөліп әкету идеясын жеделдетті.

XX ғасырдың ортасы қазақ үшін тым ауыр кезең болды. Екі бірдей ашаршылық халықты дүркін-дүркін тентіретті. Ұлт тарихындағы ең қасіретті оқиға қолдан жасалды. Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын деген жалаң ұранның кесірінен дәстүрлі мал шаруашылығы күйреді. Бұл бүкіл өмірі төрт түлікке байланған көшпенділер үшін ашық күнде ажал құшумен пара-пар еді.

1897 жылғы халық санағында қазақтың саны 4 миллион делінген. Ал, 1917 жылы 6 миллионнан асқан. Арада ширек ғасыр өтіп, 1939 жылы санақ жүргізілгенде ұлтымыз небәрі 2 миллионнан асқан. Он бес жыл ішінде еліміз төрт миллионнан аса адамнан айырылды.

Ал, саяси қуғын сүргін қазақстанда 1928 жылдың ортасынан алаш арыстарын тұтқындаудан басталды.1937-1938 жылдары саяси репрессия бұрынғы СССР-дегі жеке тұлғаларға қарсы ұйымдастырылған қуғын-сүргін шараларының ең шарықтаған кезеңі болды. Қазақтың зиялы қауымы партия қайраткерлерінің қателігімен асыра сілтеуін қатты сынға алды. Кеңес билігі азаматтық соғыс жылдарындағы ұлт тәуелсіздігіне белсене қатысқан алашорда қозғалысын көптеген қайраткерлерін тізімге алып отырды. 1928 жылы А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытұлы, Х. Ғаббасұлы сынды қырық төрт біржуаз ұлтшыл қамауға алынды. Оларға ұлтшыл деген айып тағылды.

Ал,1930 жылдың қыркүйегінде М.Тынышбай, Х.Досмұхамедов, Ж.Ақбай сынды бірқатар қазақтың қаймағын қамауға алды. Олардың басым бөлігі суық сібір даласына ит жеккенге айдады. 1937-1938 жылдары қазақтың көрнекті қайраткерлерінің барлығы репреесияға ұшырады. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының қатарында Ә.Бөкейхан, Т.Рысқұлұлы, Н.Нұрмақұлы, О.Жандос, Ә.Досұлы, С.Сәдуақас, Т.Жүрген, С.Сейфуллин, І.Жансүгірұлы, Б.Майлин, С.Асфендияр бар. Ұлт зиялыларының өздері ғана жапа шеккен жоқ. Олардың жұбайлары, балаларына дейін жазаланды. 1937 жылы 15 тамызда КСРО-ның орталық комитетінің №00486 бұйрығы отанын сатқандардың отбасы мүшелеріне қарсы жаппай қуғын-сүргінді бастауға мұрындық болды. Бұл құжат ең алдымен саяси айып тағылғандардың әйелдердін кінәсін еш дәлелдемей-ақ қамауға алуға және лагерьлерге жіберуге құқық берді. Қысқа мерзім ішінде бас аяғы бірнеше ай барысында отанын сатқандар деген жалған желеумен жарлары қамауға алынып, 5-8 жыл мерзімге сотталды. Бір жастан үш жасқа дейінгі балалы әйелдердің алғашқы легі Ақмолаға 1938 жылдың 6-шы қаңтарында келді. Бұл лагерь шындығында тым ерекше болды. Сегіз мыңнан астам әйел Алжирде, қоңыраудан қоңырауға дейінгі мерзімдерін отырып шыққан. Негізінен олар аттары одақ көлемінде кеңінен таралған. Әзиза Рысқұлқызымен оның анасы Әрипа Есенқұлқызы, Д.Жүргенқызы, Р.Асфендиярқызы, Г.Майлина, Г.Сейфуллина және тағы басқа сынды мемлекет саясат және қоғам қайраткерлерінің әйелдері еді. Лагерьлерге тап болған адамдардың нақты саны әлі күнге дейін белгісіз.

«Сәкенімнің аманатына қиянат жасадым...»

«Мені қазір ғұмыр кешіп жүр демесең, құр сүлдерім ғана қалған… Сәкеннің жалғызын өлтіріп алдым, аманатына қиянат жасадым». Бұл — ақын Сәкен Сейфуллиннің жесірі, АЛЖИР түрмесін көрген Гүлбаһрамның зары.

Тарихтың бұл парағы мәңгі есімізде

Сәкеннің 1936 жылы туған Аян деген ұлы болған. Алматыдан Ақмолаға айдалған Гүлбаһрам сәбиін құшақтап, кетіп бара жатқан азап түрмесіне уайым шегіп. Оны зор мехнат күтіп тұр еді! Сәкеннен тірідей көз жазып, сәбиін құшағына қысқан сорлы әйел не күтіп тұрғанын жорамалдауға мұршасы да келмеген. Аян вагонды басына көтере жылап, қызуы көтеріліп, ауырып қалады. Қанышер конвой сәбиді жылатпа деп әмір береді. Суық вагонда сорлы ана қалғып-мүлгіп отырғанда, малғұн орыс жастықты баланың бетіне жаба салады… Міне, солай Сәкеннің жапырағы үзілген…

Сәкен мен Гүлбаһрам соңғы рет 8 ақпанда кездескен болатын. Оның өзінде небәрі 2,5 минут қана тілдескен. Сәкеннің соңғы тілегі: “Аянды сақта!” болған.

Кейін Гүлбаһрам соңғы кездесуі туралы былай дейді: “… Кірсем, кірпігі көзіне жабысып, өңі құп-қу Сәкенім отыр. Нарттай беті қарайып кеткен. Жағы суалған. Қайратты қара шашын сыпырып тастаған. Шашы 4-5 айда ағарып кеткені көрініп тұр. Көз жанары сөнген. Өң жоқ. Екі ұрты ішіне кіріп кеткен. Тістері қаусап қалған болу керек. Алдымда отырған бір аруақ секілді… Бұл кездесу Сәкенді соңғы көруім екен…”.

14 тамыз күні НКВД Гүлбаһрамды АЛЖИР-ге айдады. Сол жаңбыр аралас қар жауған күні сорлы ана Сәкеннің туған інісі Мәжитке барып: “Ағатай! Сәкеннің тұқымы ғой, Аянды алып қалшы” деп жылап, өтініш айтады. “Байтал түгіл, бас қайғы” заманда Мәжит Аянды алмақ түгілі “Сәкен менің туысым емес!” деп кетіп қалады. Мәжитті жазғыруға болмайды.

Аян 16-нан 17-не қараған тамыз түнінде опат болады. Аянның есімін Мұхтар Әуезов қойған. Ақын Алматы түрмесінде (25 ақпан) атылды. Ақын-жүрек ұлының өлерін сезді ме екен?! Гүлбаһрам ештеңеден хабарсыз еді…

АЛЖИР-дан шыққан соң, Сәкенді ақтау комиссиясына қатысып, мұрасын түгендеп, естелік жазып, Аянның жерлеген жерін (Көкшетау) көрсетіп, ақынның 80 жылдығына дайындалып жүргенде бейбақ Гүлбаһрам (1973) өмірден өтті…

Дереккөз: Е. Тоқтарбай, «Сәкен-ғұмыр» мақаладан үзінді

Тарихшы ғалымдардың мәліметтерінше, бір ғана қазақстанның өзінде жүз мыңнан астам адам тұтқындалған. Жиырма бес мыңнан астам адам атылған. Республика аумағында он бір концлагерь болған. Ондағы адамдар аштық пен ауыр еңбектен ажал құшты.

Репрессияға ұшырағандарды ақтау алғаш Хрущевтың кезінде басталды. Бұл Сталиндік жеке басқа табынушылықтан бас тартқан кез. Алайда, қаншама жылдан бері санаға сініп, сүйектен өткен номинклатуралық тәртіп әжептәуір басталған істі аяқтауға кедергі келтірді. 1980 жылдарда ғана тарих ақтаңдақтарына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік туды. Ал, 1990 жылдары еліміз егемендікке қол жеткізген соң, жаппай саяси қуғын- сүргін құрбандарын ақтау туралы заң шықты. Жыл сайын 31 мамырда республика бойынша түрлі іс-шаралар өткізіледі. Солақай саясат қанша тырысқанымен, арыстарымыздың есімін санамыздан өшіре алмады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға