Жауырыны жерге тимеген, намысты қолдан бермеген наркескендер

28.09.2020 4012

Өткен ғасырлардағы қазақ балуандары 

Қазақ тарихында есімі сақталған, аты аңызға айналған тұлғалар аз емес. Алайда, қазақтан шыққан наркескендердің барлығын бірдей біз танып үлгердік пе?!

Нәубет жылдары көптеген қазақ отбасылаарының шаңырағының шайқалғаны рас. Сол уақытта елден безіп, атажұрттан қоныс аударуға мәжбүр болғандар да көп болды. «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деген зар сол уақыттан қалған.

Бүгін біз оқырман қауымға Алтай асып кеткен қазақтың бір тобының тұяғы, асылдың сынығы болған, жауырыны жерге тимеген қазақ балуандары туралы сыр шертеміз.

Сонымен, хош делік...

Адамның ала мойын алыбы Бұланбай балуан

Бұланбай балуан туралы аңыз әңгімелер ол туып-өскен өңір Шығыс Қазақстан өңірінде желдей еседі. Балуан 18 ғасырда өмір сүрген. 85 жасқа келіп, қарттықты көріп қайтқан. Ол туралы деректерде Бұланбай балуанның Зайсан ауданының Кендірлік өзенінің бойын мекендегені айтылады. Оның есімінің ел ішінде кең таралғаны соншалық, тіпті балуан қыстауына да, бойын мекендеген өзенге де жергілікті халық оның есімін берген. Бұланбайдың әкесі бай-бақуатты адам болған. Бұланбай бәйбішенің баласы. Екі әйел алған әкесі Көлбай көп уақытқа дейін перзент сүйе алмайды, содан Маңырақ тауында өткен меркіттің бір ықпалды биінің тойына Көлбай 10 ақ саба қымыз алып барады, одан бөлек жанындағы он жігітті ақ киім кигізіп, ақ атқа мінгізеді. Сөйтіп оларды арнайы ақ үйге түсіреді. Алайда, Көлбайға құйқасы сыдырылып тасталған қу бас тартылады. Мұның мағынасын түсінген Көлбай ауылына оралған соң, үйіне кірмей, «қу басқа қу дала лайық» деп далада түнеп жатып қалады.

Бір күні түсінде бұланға мініп, Ертісті екі рет кешіп өткенін көреді. Түсін Жәнібекке жорытады. Ол: «Әйелің егіз ұл туады, үлкенін Бұланбай деп ата, бұлан секілді мықты күш иесі болар, екіншісін Ертісбай қой, су байлықтың белгісі» дейді. Төбесі көкке жетіп қуанған Бұланбай Жәнібекке екі үйір жылқы атайды.

Осы оқиғадан соң, көп ұзамай Көлбайдың бәйбішесі бұлан етіне жерік болады. Осылайша, өмірге егіз ұлдар келеді.

Түс жорушының дегені дәл келіп, Бұланбай ерекше күш иесі болса, Ертісбай сансыз байлыққа ие болады.

Бұланбай діни сауат ашып, медреседе оқыған. Оның үстіне жастайынан «тайжақа балуан» деген атағы болған. Оны алғашқы белдесуінде-ақ, халық адамның алыбына теңейді.

Орта жүзде ықпалды бір бай той жасамақ болып, жарты жыл бұрын «бұл тойда балуан бәйге алады, сұлу қыз салыстырылады, толық дайындық жасап келіңдер» деп ел ішіне сауын айтып, хабар таратады.

Керей руының маңдайалдылары білекті жігітті, көрікті әйелді бірінші өздері сынамақшы болады. Содан белгіленген уақытта белгіленген жерге сен тұр, мен атайын жігіттер, сымбаты мен ақылы келіскен сұлу қыздар, бәйгеде дес бермес, ауыздығымен алысқан жүйрік тұлпарлар жиналады. Содан бағалаушылар елу шақты әйелдің ішінен жасы он сегіздегі бұраң бел, қолаң шаш Жансүйерді таңдайды. Бәйге аттары да іріктеліп қалады. Балуандардың ішінен Бұланбайдың бағы жанады. Балуан таңдау тәсілі де қызықты еді: ұйымдастырушылар піскен етті астауға салғызып, төрді жағалай отырған балуандарға қос қолдап асаттырады. Жігіттер балуанды кілем үстінде емес, аспен сынағанына разы болмай реніш білдіреді. Сонда ет асатушы «етті қарпып асағандағы демі қолымды аузына тартып әкетті. Бұл жігіт алапат күш иесі» дейді. Бұланбайға таңдана қарағандар «бұрын белдесіп көріп пе едің?» деп сұрайды. Бұланбай болса: «белдесіп көрмедім, бірақ көктемдегі бүрлеген тобылғыдан сығымдай қысқанда суын тамшылатушы едім. Асау құлан, тарпаң байталды құлағынан басып, сирағынан алып ноқаталап алушы едім» деп жауап береді.

Сонымен қалың Керейдің намысын бала Бұланбай қорғайтын болып шешім қабылданады. Той отыз күн ойынға ұласады. Ақыр аяғында бағалаушы жұрт жүргенде сыбдыры білінбейтін, оймақ ауыз тана көз Жансүйерді сұлулардың сұлуы деп бағалайды.

Балуандар белдесуі мен ат бәйгесіне дейін, ұзақ жерден жол соғып жеткен Керейлердің бәйге аттарын, бала балуанын менсінбеген өзге рудың шенділері «Балуан деген не? Малман деген не? Ат деген не? Мат деген не? Керей алдымен осыны шешіп берсін» деп кісі жібереді. Керейлер болса, жауабын бәйге келіп, балуандар белдесуі аяқталғаннан кейін айтатындықтарын жеткізеді.

Керейлердің бәйге аттары да өреге бірінші болып жетеді. Ендігі кезек балуандардың белдесуіне келеді. Құнан атанды мойнына салып шыққан Ақбалуан атырапқа аты әйгілі дәу, кісі шақ келтірмейді. Сол уақытта шаршы ортадан «енді керейлердің балуаны шықсын» деген айғай естіледі. Ақбалуан ортаға лып етіп жеңіл шыққан Бұланбайды місе тұтпай, оған қарсы атыла кетеді. Екеуі шап та шұп айқасады. Бұланбайдың тегеуріні мықты, арқыраған Ақбалуанға оңай алдыра қоймайтыны белгілі болды. Ақбалуан әдісін тауып, Бұланбайды көк желкеден қойып қалады. Бұланбай төрт-бес қадам артқа шегініп кетеді. Сол уақытта балуаны үшін қауіп ойлаған керейлер жағы «Бұланбай, Бұланбай» деп айғай салады. Айқайға делебесі қозған Бұланбай бірден есін жиып алып, Ақбалуанға қарсы жүгіріп, оны көтеріп алады. Сасқалақтаған Ақбалуан тұсындағы киіз үйдің уығына жабыса кетеді. Керейдің күреске елірген бір жігіті «бұл неме адаммен күреспей, ағашпен күрескені несі» деп оны шапалақпен тартып жібереді. Ақбалуанның қолы уықтан шыға бергенде, Бұланбай да оны гүрс еткізіп, жерге тулақша лақтыра салады. Оның сол жерде ортан жілігі үзілген екен дейді.

Керейлер өздерін менсіне қоймаған өзге рудың мырзаларына қарап: «кеше бізге біреулер сұрақ қойған еді, жауабын енді берейік. Бәйгеден озып келгенді ат дейді, шаң қапқанын мат дейді. Күресте жыққан жігітті балуан дейді, жеңілгенін малман дейді. Біздікі ат, сіздердікі мат, біздікі балуан, сіздердікі малман» деп миықтарынан күледі.

Тойдан қайтып келе жатып, бірнеше аттарын жоғалтады. Бұланбай бастаған 3 жігіт аттарды іздеуге жедел үзеңгіге аяқ салады. Жолай бір ауылда құдық басына жиналған бір топ адамға кезігеді. Ішінде бір әйел ботадай боздап жылап тұр екен. Сөйтсе, әлгі әйелдің атан түйесі құдыққа түсіп кетіпті. Жиналғандар түйені шығара алмай бас қатырып тұр. Бұланбай ойланбастан шешініп тастап, құдыққа түседі де, түйені екі өркешінен көтеріп, жоғары-төмен теңселтіп тұрып, «әуп» деп құдықтың сыртына бір-ақ шығарады.

Бұланбай айтыпты деген әңгімелердің бірі, ол күші тасып тұрған жиырма бестер шамасында ел аралап, өзімен тең түсер белдесетін, күш сынастыратын адам іздейді. Алайда, Бұланбайдың тегеурініне ешбір жігіт төтеп бере алмаған. Содан Тарбағатай өңірін аралап жүріп, тоғайда ағаш кесіп жатқан алпыстарды алқымдаған бір кісіге тап келеді. Әлгі кісінің қарулы екені ісінен-ақ білініп тұр, сілегені бір қолымен көтеріп, бұтақтап отыр екен. Жанына таяп келген Бұланбайға «балам, ар жағындағы ағашты бере салшы» дейді. Бұланбай да артында жатқан сілегені бір қолымен көтергенде, бұйым көрмейді. Мұны көрген әлгі кісі «қарулы екенсің» деп күбір ете қалады. Күшін сынамаққа адам таппай, зерігіп келе жатқан Бұланбай «күресейік» деп оның шаужайына жабыса кетеді. Жас балуан қоймаған соң, шал да белдесуге келісімін беруге мәжбүр болады. Бір кәрі, бір жас ұстаса кетеді. Шал ұстаған жерінен сілки тартқан кезінде, Бұланбай сүрініп кетіп, жерге бір тізерлеп жартылай отырып қалады. Бірақ дереу бойын түзеп, шалды қапсыра көтеріп әкетеді. Сол уақытта шал да «балам жықпа, мен жығылдым, босат» дейді. Кейін Бұланбай «мен өзгелермен күрескенде, сүрінбек түгілі денем илікпеуші еді. Мен сол шалдан шын жығылдым» деп мойындаған екен.

Бұланбайдың моңғолдың балуан қызымен күресі де аңызға татырлық хикая. Балуан қыз «Бұланбаймен кездессем» деп жүреді екен. Бір күні Бұланбайдың қыз ауылына жолы түседі. Онымен оңашада кездеспек болған қыз ерте тұрып, Бұланбайдың далаға қойған атын аңдиды. Таңертең атқа бір жігіт келеді. «Бұланбаймысың?» дейді қыз одан. «Ия» дейді әлгі де міз бақпастан. «Онда күресейік» дейді қыз. Жігіт келісімін беріп, екеуі күресе кетеді. Қыз жігітті «ә» дегеннен жерге алып ұрады. Сөйтіп әкесіне келіп, «мен Бұланбайды жықтым» дейді масайрап. Сеніңкіремеген әкесі Бұланбайды үйіне қонаққа шақырады. Сөйтсе, қыздың күрескені балуанның атқосшысы екен. Қарт кісінің сөзін жерге тастамаған Бұланбай қызбен күресіп, оны жеңеді. Сонда қыз: «Мені жыққан жігітке күйеуге шығамын деген уәдем бар еді. Мені әйелдікке ал» дейді Бұланбайға. Бұл балуанның жасы қырыққа келіп қалған шағы екен, әрі ауылында күтіп отырған әйелін ойлап, қызды алмайды.

Бұланбайдың көшкен жұртынан түйенің тобығын тауып алған біреу оған жала жауып, әдепкіде жоғалған түйесін содан көреді. Бұл жала әбден ызасын келтірсе де, сыр бермеген балуан тобықты көрсетуін сұрайды. Жоқшы түйенің тобығын оның қолына салуы мұң екен, оны аузына салып, қылқ еткізіп жұтып жібереді. Әлгі жоқшы енді дызақтап биге жүгінеді. Оның «Бұланбай түйемнің тобығын жұтты» деген сөзіне күмәнмен қараған би Бұланбайды шақырады.

Сонда Бұланбай: «Адам түйенің тобығын жұтып қойыпты дегенге кім сенеді?! Менің оны жұтқаным рас болса, онда мынау ең болмаса, қойдың тобығын жұтып көрсін» дейді. Қойдың тобығын жұта алмайтынын білген ол, өтірік жала жаптың деп айыппұл салар деп қорқып дау орнынан тайып тұрады.

Бұланбайға бір күні орыстың балуанымен күресуге тура келеді. Аяқ-қолын шынжырлап алып келген орыстың сарытөс балуаны «өлсек, жауаптаспаймыз» деп шарт қояды. Сол кезде балуан жанындағы қазақтарға ««Әуп» деген дауысым шыққанда, «Бұланбай» деп ұран салып, дем беріңдер» деп ескертеді. Айтқандай, «әуп» деген дауыс шыққанда, қалың қазақ «Бұланбайлап» айқайлайды. Сол уақытта Бұланбай орысты шыр айналдырып лақтырып, жамбасын сындырады.

Найманның Байқоңыр атты балуаны Бұланбайдың ауылына келе жатып, шөп науалап жатқан одан «Бұланбайдың ауылы қайсы?» деп сұрайды. Байқоңыр болдырған атын аяғын байлап, мойнына салып көтеріп алған екен. Бұланбай сонда жөнін айтпай, «ол ауылға демалып ертең барасың, әуелі мені жеңіп көр» дейді. Сөйтіп екі алып күш сынаса кетеді. Бұланбай талды қысып, суын шығарып, үгітіп жібереді. Ал Байқоңыр болса, талдың суын шығарғанымен, үгіте алмайды.

Балуанның ұрпақтарының арасында алып күш иелері де көп болған. Олардың көбісі Қытайдың Алтай аймағын, Шығыс Қазақстанның Зайсан ауданын қоныстанған. Бұланбай ұрпақтарына қалдырған өсиетінде «Менің атымды ұран қып ат шапқанда айтпасын, ат көтере алмайды. Жауға шапқанда айтпасын, Жәнібектей жауды алған батыр емеспін. Балуанға түскенде өздерің біліңдер, өз ұрпағымды қолдайтын ғана қауқарым бар» деген екен-мыс.

Аюды жалаң қол соққан Қойлыбай балуан

Қазақ тарихындағы түйе балуандарды бірі Қойлыбай балуан. Балуан Алтай өңірін мекен еткен. Оның іргелес көршісі Мәмедолла көпшіл, қонақжай кісі болыпты. Әрі бие сауып, қымыз ішкен сайын көршілерінің барлығын түгендеп, дәмге шақырып отырады екен. Бір күні сол әдетімен Қойлыбайды іздейді. Сөйтсе, балуан ат іздеп кеткен екен.

Әрі күтеді, бері күтеді балуан жоқ. Содан көршілері жиылып, балуанды іздеуге өздері де атқа қонады.

Сөйтсе, қалың қарағайдың арасында Қойлыбай аюмен арсың-күрсің алысып жатыр екен. Жанында аю жеген аттың жемтігі жатыр. Не болса да, батырекең аю атты жәукемдеп жатқан үстіне түскен сыңайлы. Аю алысып болдырғанға ұқсайды, адамның алыбына қылар қауқары аз тағы аяғын қозғауға да шамасы жетпей, балуанның тегеурінді құлашында тырп етпей тұр. Бұл көріністің үстінен түскен ауыл жігіттері аюды көріп, кейін қарай серпіле қашады. Сол уақытта Мәмедолла «Тоқтаңдар!» деп оларға ақырады. Осы кезде Қойлыбайға да тіл бітіп: «Атамның атын атап, ұран шақырыңдаршы» дейді. Мәмедолла бастаған топ Ителінің ұранын шақырысып: «Бұқарбай, Бұқарбай» деп шулап қоя береді. Айғайға арқасы қозған Қойлыбай да аюды тік көтеріп алып, көлдеңен жатқан қарағайға сарт еткізеді. Қатты ұрылған аюдың белдемесі сарт үзіліп, шалқасынан түседі. «Үһ» деп терін сүрткен Қойлыбай да өзі соққан аюдың жанына сылқ етіп отыра кетеді, әп-сәтте аюды сойып та үлгереді, «терісін сізге байладым» деп Мәмедолланың қанжығасына аюдың терісін байлайды. Жаңағы топ ауылға қайтып келіп, ішілмей қалған қымызды ішіп, әйелдер жағы қазан көтереді. Қойлыбай болса, балуанға жаяу жүрген жараспайды деп, оның аю жеген атының орнына ат мінгізіп, шапан жабады.

Бұқамен күрескен Байғозы балуан

Байғозы балуан сіңірі шыққан кедей отбасында дүниеге келген. Жастайынан қара жұмысқа жегіліп өскен Байғозы алайда, ерекше күш иесі болған деседі.

Бірде найманның Құдакелді деген биінің асында Наймандар жан-жаққа сауын айтып өздерінің екі иығына екі кісі мінгендей еңгезердей Төлендімен күресуге балуан әкелулерін тапсырады. Жәнтекей руының белсенділері додаға Байғозының ағасы Нарғозыны түсірмекші болады. Алайда, Нарғозы бас тартып, жолын інісіне ұсынады.  

Билер бұрын күреске түсіп көрмеген Байғозыдан секемденіп, «бұл шіркін күресе алар ма екен» деп Нарғозының өзінен сұрайды. Сонда Нарғозы: «Алты шеріктік екі қап тарыны қоржынға қосақтап, өгіздің үстіне арта салушы еді. Осыған қарағанда, менен күші әлдеқайда басым ғой деп ойлаушы едім» дейді. Билер мұны естігеннен кейін Байғозыны қой бағып жүрген жерінен алдыртады. Сөйтіп одан Төлендімен күресу туралы өз ойын сұрайды. «Күреспейтін не тұр. Алып емес, адам шығар, біз секілді жұмыр басты пенде шығар» дейді ол да іркілместен. Билер оның ескі тоны мен тесік шарқайын тастатпақшы болады. Алайда, Байғозының аяғына сиятын етік табылмайды. Содан топ ішінен біреу «Мұның аяғына Айбара бәйбішенің қыстық мәсісі сиюы мүмкін» деген соң, байдың бәйбішесінің мәсісін алдыртады. Бұл үлкен деген мәсі де Байғозының аяғына әрең сияды.

Екі жағында төрт жігіт қолтықтап, терісіне симай шыққан Төленді Байғозыны баласынып, «бәйгемді күреспей-ақ беріңдер» деп айқайлайды.

Бұл мазаққа шыдамаған Байғозы үстіндегі желбегей жамылған шапанды лақтырып тастап, Төлендімен ұстаса кетеді. Әруақтаған айғай сүрең басталады. Сол уақытта Байғозы Төлендіні балаша көтеріп алып, иығынан асыра лақтырып жібереді. Халық «нағыз балуан осы екен» деп он тағыздағы балуан жігітті қолпаштай жөнеледі.

Жас жігіттің дақпыртын естіген моңғол билеушісі Чын уаң Байғозыны баласының үйлену тойына арнайы алдыртып, моңғол балуанымен күреске түсіреді. Моңғол балуанын екі жігіт екі жағынан ноқталап алып келеді. Мұны көрген Байғозы ақыра тұра жүгіреді. Елдің айызын қандырған екі алыптың ерегесі басталып кетеді.

Байғозы «ә» дегеннен-ақ, моңғол балуанын иығынан асыра атып ұрады. Салмағы ауыр моңғол балуанының бірнеше қабырғасы сынып, орнына тұра алмай қалады. Чың уаңның аты да бәйгеде қазақтардан кейін келеді. Әбден масқара болған моңғол билеушісі «Қазақтың балуаны мықты болса менің бұқаммен күрессін» деп шарт қояды. Чың уаңның айтып отырған бұқасы табынымен өрісте жабайы жайылып жүретін, жанына адам жуытпайтын тағы екен. Ертеңіне жиылған жұрт Шиліктіге келіп, табынға жақындаған уақытта топтан Байғозыны жалғыз жібереді. Топтан бөлініп шыққан қараны көрген бұқа да табыннан алыстап адамға жер сүзіп, алыстан айбат шегіп, жақындай береді. Халық қалың шаңнан не болып, не қойғанын көре алмайды. Шаң басылған уақытта теңкиіп жатқан бұқаны, өздеріне қарай аяңдап келе жатқан Байғозыны көреді. Сөйтсе, Байғозы бұқаны екі мүйізінен ұстап тұмсығымен жер сүзгізгенде, оның жағы үгітіліп, екі мүйізі тұқылынан сынып, жұлыны үзіліп өліпті. Мұны көрген Чың уаңның да қазақ балуанының күшін мойындамасқа лажы болмайды. Осы оқиғадан кейін қандай ас, той болмасын, бас бәйге үнемі Байғозының қанжығасына байланыпты. Байғозының күші 60-70 жасына дейін қайтпаған екен. Бір күні Байғозы жол жүріп келе жатып, құдыққа түсіп кеткен атан өгізді шығара алмай жатқан топқа жолығады. Олардың ісіне қарап тұрып: «бір тайыншаға бола, осыншалықты әуреленгендерің қалай?» дейді. Жігіттердің сынай қарағанын байқаған балуан жасының қарттығына қарамастан, аттан түсіп, білегін түрініп, бір қолымен арқаннан, бір қолымен өгіздің мүйізінен ұстап толқытқанда, құдықтың суы біресе кейін кетіп, біресе жоғары көтеріледі. Осылайша ырғап тұрып «әуп» деп көтере тарқанда, өгіз жартылай су бетіне шығады. Екінші қайтара тартқан уақытта өгіз құдықтың сыртына шығады.

Байғозы атадан мал бітпеген соң кедейшіліктің зарын тартқан адам екен. Отбасын асырар жағдайының жоқтығынан кейде таяқ ұстап ел кезіп кетеді екен. Сол уақыттарда Жеменей ауданында атағы жер жарып тұрған балуан Зейнолла Малшыбайұлы жаяулатып жол ортасында келе жатқан Байғозыны тоқтатып, амандасқаннан кейін «бір күресейікші» деп мазақ қылады. Оның шаужайына жабысып, қоймасын білген соң, Байғозы келісімін береді. Жиырма бестегі күші бойына сыймаған жас жігіт көңілі пәс, жасы үлкейген Байғозыны бір-ақ көтеріп жерге атып ұрармын деп ойлайды. Алайда, Байғозы Зейнолланы лақша көтеріп алып, күресінге лақтырып жібереді. Зейнолла біразға дейін есін жия алмай қалады. Мұны естіген оның әкесі үйінен жүгіріп шығып, Байғозыны үйіне қондырып, қонақ қылып, шапан жбады. Бұл уақытта Байғозы 73 жаста екен.

Ел аузындағы тағы бір әңгіме, Байғозы балуанның елуді еңсеріп қалған шағы екен. Бір күні қас қарайған шақта малын қайырып ауылға қайтып келе жатқан балуанды артынан екі баукеспе келіп, ту сыртынан шоқпармен ұрады. Шоқпардан құламақ түгілі, отырған орнынан міз бақпаған балуан жалт бұрылып, қоян-қолтық шайқасқа бел сыбанады. Олар қайта айнылап келіп ұмтылған уақытта, алғашқы болып ентелеп жеткенін ат үстінене жұлып алып, ер басына жұмарлап басқанда, әлгі «ойбай, өлдім» дейді. «Өлсең өрем қап» деп күңк ете қалған балуанның гүр-гүр еткен дауысынан танып қалған әлгі тентек «Балуан аға, жаздым, жаңылдым, жіберіңізші» деп жалына бастайды. Байғозы оны жерге сылқ еткізіп лақтыра салады. Сол жігіт кейін Байғозыны ұстаз тұтып, онымен дос болған деседі.

Бір байдың ұлының ұрын баруына орай ұйымдастырған үлкен тойында жас балуандардың белдесуіне делебесі қозған Байғозы да «мен балуанға түсемін» деп шешіне бастайды. Мұны көрген той иесі Әлен уаң «Керейдің ардагері, сіздің алып күшіңізге қартайсаңыз да шақ келер бұл тұста пенде жоқ. Бұл реткі күрес жолыңызды маған беріңіз, күреспей-ақ, бас бәйге сіздікі» деп алдына ат тартып, иығына шапан жабады.

Балуанның жетпіске келсе де, додадан қалмаған қайрат-жігеріне тәнті болған халық тойдағы басқа қызықтың бәрін қалдырып, оның айналасына жинала бастайды. Оны қаумалаған ел-жұрт «Өзіңізден кейінгі жас балуандарға батаңызды беріңіз. Сіздің алып күшіңізге тең түсер балуан жоқ, сіздің белдесулеріңіз туралы өз аузыңыздан естиік» деп қолқалайды.

Сонда Байғозы балуан: «Менің күшім бір адамдық қайрат қана, өткенде талай-талай алыптар өтті емес пе, менің күшім оларға қалай тең келсін, солардың бірі Бұланбай балуан» деп өзінің Бұланбай балуанға күшінің тең еместігін мойындайды. Оған мысал ретінде кезінде Бұланбай балуан Кендірліктің бойында көтеріп қойған биіктігі екі жарым кез, қалыңдығы жарым кезден артық белгі тасты айтып, өзінің де сондай тасты көтерем деп, орнынан қозғалта алмағанын, тек қана биіктігі екі кез, көлдеңені бір жарым кезге таяу, қалыңдығы жарым кездей болатын бір тасты әрең көтеріп, Бұланбай тасының қатарына қойғанын айтады. «Міне, осы кісілерге қарағанда, біздің күшіміз қаншалықты дейсің» дейді. Байғозы бір қойдың етін жалғыз өзі сорпасымен қоса тауысып ішіп-жеп қоятын болған. Оның көзін көргендердің бірінің ел ішінде сақталған әңгімелерінде былай делінеді: «Байғозы балуанның өңдіршегінің тереңіне қол батырғанда кеңдігі алты елі шамалы, иегі екі елі, мойыны жоқ, қалың қасты, құлағы тебінгідей, көзі тостағандай адам еді. Бір жолы Байғозыға жеңгелерінің бірі қайтер екен деп, дастархан басында асық жіліктің ойынды етін бітеу күйінде қос қолдап оның аузына тақайды. Сонда асық жіліктің ойынды етін оба, ішіне тартқан балуан шайнамасатан қылқ еткізіп жұта салады. Жеңгесі саптыаяқпен Байғозыға қымыз ұсынғанда, артына бұрылғанша, төбесіне бір-ақ көтеріп, жұтып үлгерген екен». Артына аңыз боларлық әңгіме қалдырған балуан 1933 жылы 74 жасында дүниеден өтіпті.

Жомарт Шегебай балуан

Шегебай Тоқпанбетұлы керейден шыққан балуан. 18 ғасырдың соңында найман елінде дүркіреген той өтеді. Наймандар өзгелерге сауын айтып, асқа шақырады. Әдеттегідей, әр рулы ел сайысқа түсер балуанын, бәйгеге жарар атын, орақ ауыз шешендері мен от тілді ақындарын дайындайды. Он екі абақ керейден Қожаберген батырдың немересі Шегебайды балуанға түседі деп шешеді.

Шегебай кедей кісі болса керек. Рубасылары оған жаздай күтініп, дайындалу үшін жандық жинап береді. Шегебайдың ағасы Алшынбай болса, сал-серілер сынына дайындалады. Күз де келеді, әр елдің мықтылары ырғалып-жырғалып көш жолын созып, асқа жиналады. Балуанға керейлерден Шегебай, наймандардан Ақбалуан сынға түседі.

Астан бірер күн бұрын балуандар өз іштерінде күш сынасқан екен. Осы уақытта Ақбалуан қос ақ атанды парлап жегіп, басына арнайы жасалған ноқтаны киіп тартуға дайындалады. Сөйтіп Ақбалуан сіресе тартқанда, парлап жегілген атан күші жетпей бақырып, шөгіп жатып қалған екен. Асқа жиналған жұрт Ақбалуанның күшіне таңдай қағысады. Шегебай бұл уақытта атын көлеңкеге байлап қойып ер-тоқымын жастанып, ұйықтап жатады. Оның ұйқыдағы алып түрін көргендер, Шегебайдың да осал еместігін айтысады. Күреске Ақбалуанды 4-5 жігіт кілемге салып көтеріп әкеледі. Ал есік пен төрдей құла жорғаға мінген Шегебайды екі жігіт екі жағынан жетектеп келеді. Оның ат тізгіненен аяқ алуы мұң екен, Ақбалуан оған қарсы тұра ұмтылады. Ақбалуанның өзіне арыстандай атылып келе жатқанын көрген Шегебай сәл тіксініп қалғанымен, алақанына түкіріп жіберіп, қарсы ұмтылады. Ақбалуан «Еңкейте тартсам, омыртқаң үзілмесін, шалқайта жықсам белдемең опырылмасын, арманда қалма, қарныңды тарының қауызы тескен жаман керей» деп мұқатпақшы болады. Сөйтіп Шегебайды шалып құлатпақшы болады, алайда оның табанын жерден аудара алмайды. Бір уақытта Ақбалуанның қалайша аяғы аспаннан келгенін өзі де аңғармай қалады. Осы уақытқа дейін жан адам қарсы келмей әбден есірген Ақбалуан жығылғанына намыстанып жарылардай болады. Оны тізесіне басып отырған Шегебай «Атам керей он екі Абақтан сендік болар ұл тумады деп пе едің? Мұнша неге асқындың?!» дейді. Оны қоршаған руластары «Абақ», «Қожаберген» деп айғайлай жөнеледі.

Шегебай алапат күш иесі ғана емес, сондай-ақ қолы ашық мырза кісі болған екен. Бір күні ол бір қарияның жалғыз атан түйесін аю жеп кеткенін естіп, оған өзінің түйесін береді. «Осыны көлік етсін, кейін оған сол аюдың терісін сыпырып алып беремін» деп сәлемдеме айтып жібереді қарияға. Сөйтіп ол бір күні бес қаруын сайлап, аюға тұзақ құрып оны күтіп жатады. Шегебай дайындап қойған жемтікке ауыз сала берген аюға отша атылып, найза салады. Аюмен алысып, ақыры оны өлтіріп, терісін әлгі шалға сойып әкеліп берген екен-мыс.

Ұқсас материалдар