Жаңалықтар

Ю. Тимощенко Ұлттық Дельфий комитетінің бастамасына қолдау білдірді

Қазақстанда алғаш рет ерекше қажеттіліктері бар (есту қабілеті нашар) шығармашыл жастармен жұмыс бағдарламасының тұсаукесері өтті.
Ю. Тимощенко Ұлттық Дельфий комитетінің бастамасына қолдау білдірді
18.02.2019 04:44 2786

Қазақстанда алғаш рет ерекше қажеттіліктері бар (есту қабілеті нашар) шығармашыл жастармен жұмыс бағдарламасының тұсаукесері өтті.

Қорғалжында өткен бірегей өнер мектебінің ұйымдастырушылары – Ұлттық Дельфий комитеті.

Дөңгелек үстел басында көшпелі Дельфий өнер мектебі аясында инклюзивті шығармашылықты дамыту жолдары талқыланды, оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты – Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының мүшесі Юрий Тимощенко, Қорғалжын ауданының әкімі Бауыржан Ғайса, Ұлттық Дельфий комитетінің директоры Құралай Түспекова, республикалық жастар ұйымдарының басшылары қатысты.

Дөңгелек үстелге қатысушылар есту қабілеті бұзылған жастардың алдында тұрған өткір мәселелерді талқылады: мамандандырылған мектептерде ымдау тілін қолдануға тыйым салу және есту қабілеті бұзылған жастарға арналған шығармашылық мамандықтар бойынша оқу бағдарламаларының болмауы.

«Біздің өміріміздің ең ауыр кеселдерінің бірі – біз «мүгедектер» деп атайтындар – бұл ерекше қабілеті бар адамдар екенін жиі түсінбеу. Біз дені сау және науқас деп жөнсіз бөлеміз. Қайта біз осы адамдардан көп нәрсені үйренсек екен. Оған бүгін таланатттардың өнерін тамашалап, көз жеткізе аламыз», – деді Ұлттық Дельфий комитетінің директоры, Қазақстан Республикасындағы Халықаралық Дельфий комитетінің өкілі Құралай Түспекова.

Ұйымдастырушылар «Жастар жалыны» Дельфийлік өнер мектебінің жұмысы талантты жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту екенін атап өтті.

Қазіргі Дельфийлік өнер мектебінің бірегейлігі – ол 12-25 жас аралығындағы есту қабілеті нашар жастарға арналған «Әндерді ыммен орындау» және «Хореографиялық өнер» номинациясы бойынша Дельфий ойындарының жеңімпаздары мен осы салада жұмыс істейтін педагогтар үшін өткізіледі. Сонымен қатар Дельфий мектебінде балалар актерлік шеберлік, хореография, ымдау тілі мәдениеті, сөз сөйлеу бағдарламаларын меңгереді.

Іс-шараның соңында Дельфийлік өнер мектебінің қатысушылары үлкен концерттік презентация жасады. Сахнада екі рет Ұлттық Дельфий ойындарының жеңімпаздары, есту қабілеті бұзылған жастар арасында «Хореографиялық өнер» номинациясы бойынша халықаралық Парадельфиялық ойындардың жеңімпаздары – «Сенситив» би ансамблі өнер көрсетті. Сондай-ақ балалар ымдау тілінде көптеген әндер орындады.

Депутат Юрий Тимощенко Дельфий комитетінің бастамасына қолдау білдіріп, жақын арада кездесу ұйымдастырып, есту қабілеті бұзылған балалар мәселесін тереңірек қарауды ұсынды.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға