Жаңалықтар

Яха апай: Ұлтым шешен болғанымен, өзімді қазақ санаймын. Өйткені қазақтар қашанда менің қасымда

Яха апай: Ұлтым шешен болғанымен, өзімді қазақ санаймын. Өйткені қазақтар қашанда менің қасымда
25.02.2019 03:52 3059

Өмір-өзен. Сол өзеннің арынды ағысында түрлі тағдыр тәлкегін бастан өткерген қаншама жан бар. Қоғамдағы түрлі саяси көзқарастардың нәтижесінде тарих бетінен ойып тұрып орын  алған адам баласына тигізген зардабы зор оқиғаның бірі-репрессия. Көзі ашық, көкірегі ояу, елдің қайғы-мұңын жырлаған ел ардақтыларына жаппай халық жауы деген қара күйе жағылды. Оларды атты, асты, тілі мен түрі бөлек жат елдерге жер аударды. Алайда олардың тілегі бір еді.

Тұтастай ұлттар да орасан зардап шекті. Сондай қуғынға ұшыраған халықтың бірі шешендер еді. Вагон-вагон лық толған тірі жанның иесін қазақ жеріне әкелді. Осы бір топ лектің қатарында қазақстандық Яха апайдың әкесі Магомед пен анасы-Сауманд, атасы  және нағашы әжесі Палада бар еді. Олар қазақ жерінің қаймағы атанған Баянауыл жеріне табан тірейді. Тағдырдың жазуымен жат елге келген халық әбден арып-азған, ашыққан еді. Ол кезде қазақ жерінде де тура осындай қуғын-сүргін, зобалаң орын алған тұс болатын. Айдала, елсіз жерге топтасқан шешендер іштеріндегі бас көтерері Паладаның шешімімен «біз халық бар жерге барсақ өлмеспіз» деп ен далада жосыған халық, бір ауылға келеді. Бірден баса-көктеп кіріп баруға қаймыққан адамдар «біз көше бойлай зікір салайық» дейді. Алланың атымен көше аралап, зікір салған қалың халықты көрген қазақтар «мынау мұсылмандар ғой, дініміз бір, түбіміз бір адамдарды далаға тастағанымыз ұят болады» деп әр қазақ отбасы 1-2 адамнан үйлеріне бөліп алып, тіршілік ете бастайды. Тілін де, мінез-құлқын да білмейтін жат жерге қуғынмен келген халыққа оңай тимеді. Алайда олардың жанына демеу болғаны қазақ деген халықтың қонақжайлылығы, кеңпейілділігі еді.

Ана баласынан, аға-бауыр, туған-туысынан көз жазып қалып жатты. Бірте-бірте үйреніскен шешендер енді өз күндерін көрмекке бекініп, тіршілік жасай бастайды. Уақыт өз дегеніне жетіп, елдің жағдайы түзеле бастаған тұста, Яханың ата-анасы Магомед пен Сауманд сол Баянауыл жерінде табысып, шаңырақ көтереді. Әкесінің жеті кластық білімі бар еді, анасы сауатсыз еді. Жақсы өнерді тез игеріп әкететін сегіз қырлы, бір сырлы Магомедтің атқармаған еңбегі жоқ. Шаштараз да, тігінші де, жүргізуші де, аспаз да болды. Ал Сауманд үй шаруасымен шұғылданып, іс тікті. Осылайша еңбек етіп, ес жинай бастаған Магомед пен Саумандтың отбасы енді жан-жақта шашырап жүрген туыстарын іздей бастайды. Сөйтіп, Қарағандының Семізбұға деген жеріне келіп қоныстанады. Күн көрістің қамымен жылжи-жылжи 1977 жылы Қарқаралы жерінің Киргизия ауылына келіп, қыстақтардың құрылысына қатысады. Егіндібұлақтың Бастал деген бөлімшесінде қой да бақты.

Еңбекқор, ширақ, қатал да қарапайым, маңдайға біткен тағдырдың жазуымен қазақ жерінен пана тапқан Могамед ер туған жерінде болуы керек деген ниетпен 1979 жылы тарихи Отаны Қазақстаннан туған жері Шешенстанға қайтады. Дархан қазақтың даласында шаңырақ көтеріп, 9 баланы дүниеге әкелген қарапайым ғана шешен ұлтының өкілдері туған елге қызмет жасауды өздерінің азаматтық борышы деп білді.

Алайда ашаршылықта жеген құйқаның дәмі кетпейді дегендей, олар жомарт қазақтың елін әсте естен шығармады. Тіпті Қазақстанда дүниеге келген балалары жерсінбеді де, сондықтан болар бүгінде қыздары Яха мен Зара Қарқаралыда түбегейлі қоныстанып қалды.

Магомед ағай да денсаулығы сыр бере бастаған тұста қиын-қыстау кезеңде жанымызды сақтап қалған қазақ жеріне бір барсам деген ниетпен 1986 жылы Қазақстанған соңғы рет келіп кетеді. Ел басына күн туып, адамдардың пиғылы сынға түскен заманда да халықтың басын біріктірген тек тыныштық, ауызбірлік еді. Осындай асыл қасиеттерді қазақ жеріндегі халықтан тапқан Могамед аға балаларына «біз қазақтан жақсылықтан басқа түк көрген жоқпыз. Олардың кеңпейілділігі, қомқорлығына шексіз ризамын» деумен болған екен.

Бүгінде Жамбыл облысында дүниеге келіп, Қарқаралы қаласында тұратын Цагаева Яха апайды елдің бәрі біледі, халық құрмет тұтып сыйлайды. Мінезі жұмсақ, қолы ашық, ақ жарқын, қашанда адамға қолұшын беруге даяр тұратын Яха апай емшілік жасайды. Ниеті таза, көңілі пәк апайдың шипасы да дертке дауа. Туған-туыстың шақыртуымен біржола Кавказға кеткен еді, алайда жерсінбеді, алты жылдан кейін қайта Қарқаралыға қайтып келді. «Ауа-райы да, етінің де дәмі басқа, қайта-қайта Қазақстанға аңсарым ауа берді, содан қайтқым келдім», - дейді 3 баланың анасы Яха апай. Үлкен қызы – шешесінің қолында болды. Кавказда тұрады. Отбасылы. Екі ұлы Аслан мен Беслан екеуі де қазақ мектебінде оқыған отбасын құрған, бүгінде анасымен бірге тұрады. «Мен өзім де, балаларым да Қазақстанда тудық. Бірақ Шешенстанға барып тұрамыз. Туған жерімізден кеткіміз келмейді. Үйде қазақша сөйлейміз, тіпті елге барған кезде де бауырларыммен қазақша сөйлесеміз. Олар Қазақстанда туды, өсті ғой, қазақша біледі. Бірақ ана тілімізді ұмытпаймыз. Мен қазақтарды бөлім жармаймын, ұлтым шешен болғанымен, өзімді қазақпын деп санаймын. Өйткені қазақтар қашанда менің қасымда», - дейді Яха апай. Қазақ жерінде кіндік қаны тамған, ұлты шешен болғанымен, болмыс-бітімі қазақ, исі мұсылман қауымының қызына қажыр-қайрат тілейміз.

Сағыныш Әбілова,

«Шаңырақ» ҚХА облыстық

журналистика байқауының жүлдегері

Қарағанды облысы,

Қарқаралы ауданы.

Суретте–Яха ата-анасымен

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға