Жаңалықтар

Украина жеріндегі шайқаста қаза тапқан жауыенгердің сүйегі араға 76 жыл салып туған топырағына жерленді

Украина жеріндегі  шайқаста қаза тапқан жауыенгердің сүйегі араға 76 жыл салып туған топырағына жерленді
07.06.2019 17:49 7265

Атырау қаласының Жеңіс саябағында Атырау облысы Исатай ауданынан қанды майданға аттанып, 23 жасында Днепропетровск облысы маңындағы шайқаста қаза тапқан Бейсенғали Малдыбаевтың сүйегін араға 76 жыл салып, туған топырағына қайта жерлеуге арналған салтанатты жиын өтті.

ANU_0276.JPG

Майданға Малдыбаевтар шаңырағынан Кенжеәлі, Бердіғали, Бейсенғали атты үш ұл бірдей аттанып, бәрі де соғыс даласында опат болған. Хабарсыз кеткен үш перзентінің артынан іздеу салған Жәміш ананың үміті көзі тірісінде ақталмады. Кенжеәлі Малдыбаев жерленген бауырластар зираты да биыл Украина жерінен табылды. Ал сержант Бейсенғали Малдыбаев Тосна өзені бойындағы арпалыста жау қолынан қаза тапқан.

ANU_0335.JPG

Шара барысында сөз алған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ақтаңдақтардың бетін ашу, белгісіз жауынгерлердің рухын қайта жаңғырту жолындағы ізгілікті дәстүр жалғасын тауып келе жатқандығын айтып өтті.

ANU_0336.JPG

Сондай-ақ, мәңгілік алау маңына жиналған Исатай ауданынан арнайы келген  өкілдер және Бейсенғали Малдыбаевтың туыстары мен ұрпақтары да сөз алды.

Исатай мен Махамбеттердің асқақ рухын шыңдаған құм Нарын өзінің жаужүрек перзенттерін мәңгілік мақтан еткен қастерлі мекен. Араға ұзақ жылдар салып, кіндік қаны тамған топырағына азат рухымен, мәңгі жас бейнесімен жауынгер Малдыбаев қайта оралды. Бүгін жауынгер сүйегін Атамекеніне арулап жерлеу үшін келесі жиын Бейсенғали Малдыбаевтың мәңгілік мекені Исатай ауданы Хамит Ерғалиев ауылында жалғасын таппақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға