Жаңалықтар

ТАТАРСТАННЫҢ АСТАНАСЫНДА АҚЫН МҰСА ЖӘЛЕЛДІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ӨЛЕҢДЕР ЖИНАҒЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

ТАТАРСТАННЫҢ АСТАНАСЫНДА АҚЫН МҰСА ЖӘЛЕЛДІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ӨЛЕҢДЕР ЖИНАҒЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
24.04.2019 00:00 3537

Татарстанның (Қазан қаласы) Достық Үйінде Қазақстандық татар және башқұрт Конгресінің бастамасы бойынша белгілі қазақстандық ақын және журналист Мұрат Әбдірахмановтың қазақ тіліне аударған Мұса Жәлелдің өлеңдер жинағының тұсаукесері өтті.

Әккі әдебиетшілер әзілдеп айтатындай, көркем аударма әйел тәріздес: егер ол адал болса, ажарсыз болады, ал егер ажарлы болса, адал болмас. Әсіресе ақындық шығармашылықта. Әрине, дәл аудармасын келтіруге болады, бірақ ол басқа тілде мағынасын жеткізе алмайды. Немесе керісінше, әдемі аударма автордың шынайы ойын білдірмейді. Бір мезгілде бірнеше дүние жасай алатындар сирек: мағыналық адалдықты сақтау және көркем жауһарды дәнекерлеу. Сондықтан да жақсы өлең аудармашылары алтынға пара-пар.

Міне, сондай «алтын» болып жарқыраған ақын, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Мұрат Әбдірахман. Ол әйгілі татар ақынының бірнеше шығармасын қазақ тіліне тәржімалап, 2015 жылдың мамыр айында Нұр-Сұлтанда алғаш рет Мұса Жәлелді еске алу кешінде сөз сөйлеген еді.

Ақын өзінің еңбегіне қатысты шығармашылық қауымның берген жоғары бағасына тәнті болып, жұмысқа үлкен құлшыныспен кірісіп кетті. Алайда төрт айдан соң кенеттен ауыр науқастан шебердің ғұмыр жібі үзіліп, бастаған ісі аяқсыз қалды. Көзі тірісінде Мұса Жәлелдің Маобит дәптерінен он төрт көркем аударма жасауға үлгерді.   

Қазақстан татарлары мен башқұрттары Конгресінің өкілдері Мұрат Әбдірахмановты Мұса Жәлелдің туғанына 110 жыл толуына орай естелік төсбелгісімен марапаттауға ұсынды. Марапат ақынның жұбайы Нәдия Ахметқызына тапсырылды. Сонымен қатар Дүниежүзілік татарлар мен башқұрттар Конгресінің өкілдері Мұса Жәлелдің қызы Чулпан Залилованың Алғыс хатын табыстады. Чулпан Залилова қазіргі уақытта Мәскеу қаласында тұрады.  

2017 жылы Нәдия Ахметқызы «Дуслық» астаналық татар оқу-мәдени орталығының қолдауымен Мұрат Әбдірахманов туындыларын аударған Мұса Жәлелдің өлең жинағы үш тілде шығарылды – татар, қазақ және орыс. Қазақстан татарлары мен башқұрттары Конгресі Нұр-Сұлтан қаласында кітаптың тұсаукесерін өткізіп, артынша Татарстан Президенті Рустам Нұрғалиұлы Миннихановпен өткен кездесуде Нәдия Ахметқызы өз қолымен табыстады.   

Өз кезегінде Татарстан Республикасы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы Қазан қаласында Мұрат Әбдірахмановтың аудармалар жинағының тұсаукесерін ұйымдастырды. Достық үйінің мәжіліс залында Татарстан Республикасы Мемлекеттік кеңесінің, Ұлттық кітапхананың, шығармашылық зиялы қауымның, қазақ автономиясы активінің өкілдері, Қазан қаласында оқып жатқан қазақстандық студенттер жиналды.   

Іс-шараға Қазақстаннан ақынның жұбайы Нәдия Ахметқызы Әбдірахманова мен «Дуслық» татар оқу-мәдени орталығының төрайымы, Бейбітшілік әйелдер достығы орталығының және Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесінің төрайымы Яннат Низамутдинова қатысты. Олармен бірге Қазақстанның басқа облыстарының этномәдени бірлестіктерінен татар әйелдерінің ІІ Дүниежүзілік съезінің делегаттары келді.

Іс-шараны Татарстан қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясының жетекшісі Сағит Жақсыбаев ашты. Кездесу қонақтары мен басқа да қатысушыларды Татарстан Республикасының Мемлекеттік Кеңесінің депутаты, Татарстан Достық үйінің директоры Ирек Шәріпов жылы қарсы алды.

— Бізде қазақ халқымен менталдық, тарих, даму жолдары бойынша ортақ көп нәрсе бар, – деді ол. — Мен Қазақстанда болдым, татар этносы өкілдерімен кездескенімді айта отыра, онда этномәдени бірлестіктер ұлттық мәдениетті, ана тілін сақтау және дамыту бойынша жемісті жұмыс істеп жатқанын, сол үшін барлық жағдай жасалғанын атап өткім келеді. Мұндай жұмыстың мысалы – Мұса Жәлелдің өлеңдері қазақ тіліне аударылып, жинақ болып басылып шығуы. Жәлелдің терең ойлы, қайғылы өлеңдері жүректің тереңіне дейін еніп, өшпес із қалдырады, оның ерлігі теңдессіз. Бұл шығармаларды қазақ тіліне аударудың арқасында аты аңызға айналған татар ақыны Қазақстан халқына да жақын болды.

«Дуслық» татар оқу-мәдени орталығының төрайымы Яннат Низамутдинова Қазақстан астанасында өзі басқарып отырған ұйымның қызметі, тұсаукесерлік өлеңдер жинағын шығару жұмысы және осы шығармалардың авторы Мұрат Әбдірахманов туралы әңгімеледі. Ол талантты журналист болды, ұзақ уақыт бойы теледидар және радиохабар комитетін, Павлодар облысының Мәдениет басқармасын басқарды.

— Мұрат Мұсайбекұлы бізге өте жақын болды, сонымен қатар онымен жарты ғасыр бірге өмір сүрген жұбайы Нәдия ханым этникалық татар; ол қаһарман ақынның туындыларын аударуға көмектескен болатын.

Туғанына 110 жыл толуына орай біз алдымен Нұр-Сұлтан қаласында Мұса Жәлел атындағы Жастар әдеби байқауын жарияладық, одан кейін қатысушылардың резонансы мен үлкен белсенділігін ескере отырып, республикалық деңгейде өткіздік, ал енді халықаралық дәрежеге шығарып отырмыз. Әр елден төрт жүзге жуық жұмыс келіп түсті. Байқаудың қорытындысы ағымдағы жылдың мамыр айының аяғында шығарылады, – деді Яннат Низамутдинова.

Нәдия Әбдірахманова мезгілсіз өмірден озған жолдасын еске алып, көз жасын іркіді, тұсаукесердің ұйымдастырушылары мен жинақтың жарыққа шығуына демеу болған жандарға алғысын білдірді. Қазақстан қонақтарының қазақ және татар тілдерінде мәнерлеп оқыған Мұса Жәлелдің өлеңдері қатысушылардың ешқайсысын бей-жай қалдырмады.

Қазақ дәстүрі бойынша қонақтар Сағит Жақсыбаев пен Ирек Шәріповке шапан жапты, ал Нәдия ханым іс-шараға қатысушыларға, Татарстан Республикасының Ұлттық кітапханасы мен Татарстан Республикасы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясына арнап өлеңдер жинағын табыс етті.

Сағит Жақсыбаев та өз кезегінде Қазақстан қонақтарына 1998 жылы Қазан қаласында Қазақ автономиясы шығарған «Қазан оқу орындары және ХІХ ғасырдың ортасы мен XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының қалыптасу үдерісі» атты кітапты табыс етті. Оның авторы – осы бірлестіктің негізін қалаушылардың бірі Батыржан Кенжетаев. Өкінішке орай, ол да өмірден трагедиялық жағдайда ерте кетті.

Тұсаукесер соңында қазақтың ұлттық салтына сай шашу шашылып, түрлі тілдерде ән шырқаумен шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға