Жаңалықтар

Түркістанда ағайынды Кочали жастармен ауылда бизнес жүргізудің қыр-сырымен бөлісті

Түркістанда ағайынды Кочали жастармен ауылда бизнес жүргізудің қыр-сырымен бөлісті
30.01.2019 11:42 1462

Ынтымағы мен бірлігі жарасқан елімізде ілгері басқан шағын кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттік жобалар аясында тың табыстарға қол жеткізу, халықтың әл-ауқатын жақсарта түсу жай-жапсары қашан да назардан тыс қалған емес.

Ел тұтастығы мен жарасымдылығын сақтауда өңірде бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Осының бір көрінісі ретінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасына сәйкес, облыстық ҚХА-ның ұйытқы болуымен өңірде «Әр ұлттың бренді»  жобасы аясында түрлі форматтардағы іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып өткізілуде.

Түркістан облыстық ҚХА ғимаратында өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға және насихаттауға бағытталған, сонымен қатар, белгілі бір деңгейде облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуына үлес қосу және жастарды ауылшаруашылығы саласында кәсіп ашып, оны игерудің қыр-сырын үйрету мақсатында шеберлік сабағы өтті.

Түркістан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы, «Қоғамдық келісім» КММ-і мен облыстық «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен биыл өңірде шеберлік сыныбы екінші рет өтті.

Аталмыш жобаның мақсаты - Түркістан облысында тұрып жатқан түрлі этнос­тар­дың табыстарын, жетістіктерін, тұр­мы­сын, дәстүрін, кәсібилігін жас ұрпаққа үлгі ретінде көрсету, жастарды кәсіпкерлікпен айналысуға шақыру. Іс-шараның ашылуында сөз алған Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысының міндетін атқарушы Мұхтар Мұхамбетжан өңірдегі этномәдени бірлестіктер мәдени шарлар өткізумен ғана шектелмей, аймақтың экономикалық әлеуетін арттыруға зор үлес қосып келе жатқанын тілге тиек етті.

Жиынға арнайы шақырылған «Дары Сайрама» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің негізін қалаушы – ағайынды Кемаль мен Мамуржан Кочали өздерінің өндіретін тауарларды жастардың назарына ұсынып, бизнестегі тәжірибелерімен бөлісті. Кәсіп ашу негіздеріне, әсіресе жұмыссыз тұрғындар мен студенттер қауымының қызығушылығы ерекше болды.

«Дары Сайрама» ЖШС - еуропалық технологияларды пайдалана отырып, консервіленген көкөністерді өндірумен айналысатын кәсіпорын. Жылына тұзды және консервіленген 50-ден астам өнім түрлерін немесе 21 миллионнан астам  консервіленген көкөністерді өндіреді.

Қазіргі уақытта 200-ден астам  жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған, оның 80-і тұрақты жұмысшы.

«Қазақстанда барлық этникалық топтардың өкілдері өздерінің бизнес-идеяларын жүзеге асыруға және өз бизнесін дамытуға зор мүмкіндіктерге ие. Бұл, ең алдымен, Елбасының еңбегі және қонақжай қазақ халқының  қасиетті жердегі барлық этнос өкілдеріне әрдайым кеңпейілділік танытуының нәтижесі  деп білемін»,- деп атап өтті Мамуржан Кочали.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға