Жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ ӨЗБЕК ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ӨКІЛДЕРІ БИЗНЕСТЕГІ ТӘЖІРИБЕЛЕРІМЕН БӨЛІСТІ

ШЫМКЕНТТЕ ӨЗБЕК ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ӨКІЛДЕРІ БИЗНЕСТЕГІ ТӘЖІРИБЕЛЕРІМЕН БӨЛІСТІ
15.04.2019 00:00 2913

Шымкент қалалық Қазақстан халқы ассамблеясының «Халықтық бренд» жобасы аясында кәсіпкерлікпен айналысып жүрген түрлі этнос өкілдері көпшілікке өздерінің бизнестегі тәжірибелерімен бөлісіп келеді. Осы жолы қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі болып табылатын кәсіпкерлер жастар үшін арнайы шеберлік сабағын өткізіп, табысқа жетудің құпиясымен бөлісті. 

«Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимратында өткен іс-шараға ассамблея мүшелері, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының өкілдері, «Агро Бәйтерек» ЖШС» және «Тұлпар» ЖШС басшылары, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін қала тұрғындары мен жастар қатысты.
Жиынды ашқан қалалық «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Ұлжан Айтубаева алдымен жобаның маңызына тоқталып, бүгінде этномәдени бірлестіктер мәдени шаралар өткізумен ғана шектелмей, аймақтың экономикалық әлеуетін арттыруға лайықты үлес қосып келетінін айтты.
«Агро Бәйтерек» ЖШС ет пен сүт өнімдерін Қазақстан мен көршілес Өзбекстанның нарығына шығарып отырған танымал компания. Онда бүгінде жүзден аса адам еңбек етеді. Компания директоры Тахирбек Нишанбаев жиында көпшілікке компанияның алғашқы құрылған күнінен бүгінге дейінгі жүріп өткен жолын баяндап берді. 

«25 жасымда он-он бес сиыр асырап, бизнестегі алғашқы қадамымды жасадым. Содан бері тынымсыз ізденіс пен еңбектің арқасында мал басын 500-ге жеткіздік. Мемлекеттің қолдауымен ет-сүт өнімдерін өңдеуді қолға алып, тауарларымыз еліміздің және көршілес мемлекеттердің нарығына шыға бастады. Жалпы, елімізде кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге кедергі жоқ. Әсіресе, «Жастар жылына» орай мол мүмкіндіктер ашылуда. Бұл бағытта ассамблея мүшелері де осындай іс-шаралар арқылы жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді жалғастырады», - дейді Шымкент қаласы Еңбекші аудандық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Т. Нишанбаев. 

Ал, қаладағы «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының менеджері Сабыржан Исаков бизнес негіздері бойынша оқу, бизнес-жоспар жасап кәсіпті ілгерілету, бизнес бастамаларды қаржыландыру бағытындағы мемлекеттік қолдауларға тоқталды.

Еркін форматта өткізілген басқосуда кішігірім кәсіптен бастап, үлкен бизнеске дейінгі жолда керекті кеңестер берілді. Бастаған істе нақты жетістіктерге жетуде біліммен қатар, жаңа технологияны дұрыс қолданып, инновациялық даму жүйесінің болуы қажеттігі айтылды.
Жиын соңында кәсіпкерлердің тауарлары қойылған көрме көпшілікке таныстырылды.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға