Жаңалықтар

ШЫМКЕНТ ПЕН ҚОСТАНАЙДА ТАТАРЛАРДЫҢ ДӘСТҮРЛІ «САБАНТОЙЫ» ӨТТІ

ШЫМКЕНТ ПЕН ҚОСТАНАЙДА ТАТАРЛАРДЫҢ ДӘСТҮРЛІ «САБАНТОЙЫ» ӨТТІ
17.06.2019 16:24 3159
Шымкенттегі Абай саябағында қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен «Сабантой» мерекесі өтті. 

1a3d76a5-357d-453b-9dc1-0f6062191cb1.jpg

Абай ескерткішіне гүл қоюдан басталған салтанатты жиында көпшілік «чак-чак», «умачты», «токмач», «чумар», «перемячи» сынды татар және башқұрт халықтарының ұлттық тағамдарынан дәм татып, концерттік бағдарламаны тамашалады. 

5821d798-82fa-4bf5-84ff-8fafd2d5eef7.jpg

Қолөнер көрмесі мен татар күресі, арқан тарту, қол күресі, дорбамен ұрысу сынды ұлттық спорттық ойындарды қызықтады. - Бұл көктемгі егін егу науқанының аяқталуына орай жасалатын ұлан-асыр той. Яғни егін егіп, көңілі жайланған ағайынның көл-көсір қуанышын білдіреді. Қазіргі таңда мейрам қазақстандықтар үшін маңызы зор мерекеге айналды. 

98edcf7b-7597-48e9-96ec-2a6679b76e92.jpg

Бүгінгі іс-шара елімізде тұратын түрлі этнос өкілдерінің берекелі бірлігін нығайтып, ынтымағын арттыра түседі, - дейді қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы Ася Мухамедова. 

«Сабантой» мерекесі жауһар мәдени мұра ретінде ЮНЕСКО тізіміне енгізілген. 

Шымкентте 1990 жылдан бері өтіп келе жатқан «Сабантой» шағын ұлттық думан деңгейінен халықтың береке-бірлігін дәріптейтін, этностарды біріктіретін өзгеше мерекеге айналды. Айта кету керек, бүгінде Шымкентте 10 мыңнан астам татар мен 400-ге жуық башқұрт этносының өкілдері тұрады. 

Ал Тобыл төріндегі «Сабантой» салтанатты іс-шарасы театрландырылған қойылыммен басталды. Әртістер Қостанай қаласының қалыптасу, даму тарихы және облыс тұрғындарын керек-жарақпен қамтамасыз еткен Яушев көпестерінің қызметі туралы баяндады. 

e-FZpHJxJCQ.jpg

«Дуслык» татар-башқұрт бірлестігінің белсенді мүшесі Радик Вильдянов қос доңғалақты арбаға мініп, Сабантой туралы әсем ән шырқады. Татарстан Республикасының өнеркәсіп және сауда министрі Ильдар Мингалеев қонақтарға ақ тілегін жеткізіп, Татарстанның Президенті Рустам Миннихановтың құттықтау сөзін жеткізді. 

«Қазақ және татар халықтарының арасындағы достық, рухани және мәдени байланыс нығая түспек. 1999 жылдан бастап Қазақ елі татар халық «Сабантой» мерекесін жоғары деңгейде өткізіп келеді. Қазіргі таңда Қазақстанда 270 мың татар-башқұрт ұлт өкілдері тұрып жатыр. Бұл мереке республиканың он тоғыз қаласында және екі ауылында аталып өтуде, мен бүгін қонақжай Қостанай жеріне келгеніме қуаныштымын. Барлықтарыңызды осынау мерекемен құттықтай отырып, барша халыққа табыс, бақ-береке тілеймін», - деді Ильдар Мингалеев. 

wf8kx-FBJR4.jpg

Делегация 100-ден астам спортшы қатысқан «куряш» (күрес) облыстық турнирін тамашалады. Жүлделі орындар жеті салмақ дәрежесі бойынша тағайындалды. Ересектер армрестлинг, гір көтеру сынды спорттық байқауларда күш сынасты. Әрбір қатысушы естелік кәдесыйға ие болды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған саябақтың кіреберіс тұсында қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды, жақын жерде аспаздық байқау өтті. 

«Дуслык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің 14 мүшесі бәліш, қыстыбай, қабартма, пәрәмәч сынды дәмді тағамдар ұсынды. Әділқазылар алқасы «гөбәдия» бәлішін ұсынған, биыл 80 жылдығын атап өткен Равиль Ахатовты үздік аспаз деп таныды. Әділқазылар алқасы аспаздық байқау қатысушыларын марапаттап болғаннан кейін мереке қонақтары дастарқан басына жинала бастады. Барлығы 25 келілік чак-чактан дәм татқысы келді. 

ribMXnlft0M.jpg

Іс-шара бағдарламасына сәйкес ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Балалар мен олардың ата-аналары, ата-әжелері айран ішінен тиын табу, шыбықпен құмыраны бұзу, таяқ тарту, қасыққа салынған жұмыртқаны құлатпай жүгіру сынды ойындар ойнады. Ойын жеңімпаздарына естелік сыйлықтар табысталды. 

Облыстың түкпір-түкпірінен келген 250-ден астам әртіс сахна төрінде өнер көрсетті. Татарстаннан келген Гүлназ Сираеваның әсерлі әні қала тұрғындары мен қонақтарын ерекше көңіл-күйге бөледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға