Оралда Ұйғыр халқының мәдениет күні аталып өтті

19.12.2019 313

Батыс-Қазақстан облыстық ассамблеясының Достық үйінде ҚР Тәуелсіздігі күніне орай «Этностар күні» жобасы аясында ұйғыр халқының мәдениет күні аталып өтті.


Ұйғыр этномәдени бірлестігі әзірлеген мерекелік шара барысында Қазақстанның тәуелсіздік жылдары ішіндегі табыстары, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының басты мақсаты – ел бірлігі мен тыныштығын сақтау қажеттігі тағы бір пысықталды.

БҚО әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» мекемесі директорының орынбасары Жамал Ихсанова, ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы, ҚХА мүшесі Әсиям Үсенова жиналған жұртшылықты тәуелсіздік мейрамымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

«Батыс Қазақстан облысында тоқсаннан астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатса, соның бірі – біздерміз. Санымыз көп болмаса да, өз тілімізді, мәдениетіміз бен өнерімізді ұмытпай, дамытуға бар күш-жігерімізді салып келеміз. Бұған Достық үйінде барлық жағдай жасалған. Мұның бәрі тұңғыш Президентіміздің түрлі ұлт өкілдеріне деген қамқорлығының арқасы», - деді Ә. Үсенова.

Шара кезінде көне түркі халықтарының бірінен саналатын ұйғырлардың тарихы мен мәдениеті, салт-дәстүрлері туралы бейнекөрініс көрсетіліп, ән-билеріне кезек берілді.


Ұлттық спорт түрлері бойынша шебері Айбек Амантайұлы асық ату, лянгі, арқан тарту сияқты ойындарын көрсетті.


БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, «Вайнах» шешен-ингуш бірлестігінің төрағасы Данильбек Саратов спорт жарыстарының ең белсенді қатысушысы атанды.


Келушілер, сондай-ақ, ұйғыр халқының ұлттық тағамдарынан дәм татып, қолөнер көрмесін тамашалады.


Ұқсас материалдар