Жаңалықтар

Қорған облысының Макушин ауданында алғашқы қазақ тілі сыныбы ашылды

Қорған облысының Макушин ауданында алғашқы қазақ тілі сыныбы ашылды
08.10.2019 17:29 2055

Ресейдің Қорған облысының Макушин ауданында алғаш рет қазақ тілі сыныбы ашылды.

Қорған облысы қазақтарының Ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Қайрат Оралов Науанұлы бұл жобаға бастамашылық жасап, Қорған өңіріндегі бауырластарын қазақ мәдениетіне баулу және олардың ана тілін үйренуді қолдауға шешім қабылдады.

Облыста тағдырдың еркімен Ресей азаматы болған 12 мыңға жуық этникалық қазақ тұрады. Егер ересектер қазақ үкіметтік емес ұйымдарының құрамында қоғамдық қызметті жүзеге асыру арқылы өзінің туған мәдениетінен сусындауға мүмкіндігі болса, өскелең ұрпақ жағы бұл мүмкіндікті қазақ тілі сыныбының оқушылары ретінде алды.

Қорған облысының Макушин ауданында алғашқы қазақ тілі сыныбы ашылды

Олардың алғашқы мұғалімі – Қорған облысында тұратын, бірақ Петропавл қаласындағы СҚУ колледжін бітірген жас педагог Алтынай Бекешева болды.

Оқушылар мен ұйымдастырушыларды құттықтауға Солтүстік Қазақстан облысының делегаттары: тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Жамантаев, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының мүшесі Сағындық Салмурзин, «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Мария Татаренко келді.

Іс-шара қонақтарын Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының депутаты Василий Шишкоедов және Қорған облысы Макушин ауданының басшысы Виктор Воротынцев қарсы алды. Олар өз мәдениетін сақтау елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етеді дей келе, Қорған облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясының жұмысын жан-жақты қолдайтындықтарын жеткізді.

Қорған облысының Макушин ауданында алғашқы қазақ тілі сыныбы ашылды

Іс-шараға қатысушылар Қазақстан мен Ресей өңірлері арасындағы шекаралық ынтымақтастықты нығайту бойынша маңызды мәселелерді талқылап, ашылған қазақ тілі сыныбында болып қайтты. СҚО делегаттары сынып оқушылары мен олардың ата-аналарын «Шашу» рәсімімен қарсы алды, сондай-ақ ең басты сыйлық - қазақ тілін үйрену бойынша ғылыми-әдістемелік әдебиеттерді тарту етті. Әр түрлі кітаптар мен оқу құралдарының 50-ге жуық данасы оқушыларға тілді тиімді және тереңдетіп оқыту үшін үлкен көмек болмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға