Жаңалықтар

Наурыз айы туғанда

Наурыз айы туғанда
22.03.2022 16:28 27310

2020 жылғы пандемиядан соң әлем жұртшылығы үлкен тойлар мен кісі көп жиналатын ауқымды іс-шаралардан бойын тартып қалғаны рас. Алайда ел мен жердің жаңарып, күн мен түннің теңелетін кезі – наурыз мерекесі елдің күткен тойы. Бұл бұрынғының нанымында қараны ақ, жамандықты жақсылық жеңіп шығатын күн деп бабалар ырым қылған мереке. Күн мен түннің теңелуі арқылы әлемдегі тепе-теңдіктің де орнауы айқындалатын күн деп есептелген ұлы той. 1926 жылы ескіліктің, діннің мерекесі деген желеумен бұл мейрамды тойлауға тиым салғаны белгілі. Алайда ел арасында бұл мереке жасырын түрде тойланып келіп, 1988 жылы Алматы қаласында жалпыхалықтық мереке ретінде тойланып басталды. Қазір жыл сайын ел күткен нағыз халықтық мерекеге айналған бұл мейрамды қазақстандықтардың барлығы да ерекше көңіл күймен мерекелеп жүр.

Ал 2021 жылы Қазақстанда Наурыз мейрамы тұжырымдамасы бекітілді. Осы тұжырымдамада Наурызды он күн тойлау жобасы жасалған. «Рухани жаңғыру» институты ұсынған құжатта Наурыз мейрамы 14-23 наурыз аралығында атап өтілетіні көрсетілген. Ресми мерекелік күндер – наурыздың 21-і, 22-і, 23-і. Ал наурыздың 14-нен бастап Ұлыстың ұлы күніне әзірлік күні әрі ұлттық мұрамызды дәріптеу жолы ретінде түрлі шаралар ұйымдастырылады. Тұжырымдамаға сәйкес 10 күннің әрқайсысында мазмұнды бір іс-шара өткізілетін болады. Мысалы, наурыздың 14-і көрісу күні, қалған күндер отбасылық құндылықтарды құрметтеуге, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға үндемек. Бір күн игі істер атқарып, қайырымдылық жасауға, тағы бір күн тазалыққа арналса, басқа бір күні ұлттық тағамдар әзірлеу мен қолөнер бұйымдарын жасау бойынша шеберлік сағаттарын, жарыстар ұйымдастыру ұсынылып отыр. Тұжырымдамаға сай 10 күннің атауы мынадай:

14 наурыз – «Көрісу күні»

15 наурыз – «Жайлау күні»

16 наурыз – «Шежіре күні»

17 наурыз – «Тарихқа тағзым күні»

18 наурыз – «Игі істер күні»

19 наурыз – «Шымырлық пен шеберлік күні»

20 наурыз – «Зияткерлік күні»

21 наурыз – «Ұлттық тағамдар күні»

22 наурыз – «Ұлыстың ұлы күні»

23 наурыз – «Жоралғы күні»

Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында «...Еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін барлығымыз бірдей ­жауаптымыз. Осы орайда, халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыруымыз керек. Мысалы, Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады», – деп, Наурыз мейрамының жаңа сипаты мен мазмұнына айрықша атап өткен. Ендеше сол мереке ел арасында қазір қалай тойланып жүр, мұны азаматтардың өздері айтсын.

        Наурыз – дәстүрді ұлықтаудың мерекесі

Алматы қаласының тұрғыны Элеонора Тасымбекова наурыз тойлаудың бұрынғы және қазіргі дәстүрін былай деп айтып берді:

«Кішкене күнімізде, ауылда жүргенде Наурыз мерекесін ерекше сән-салтанатпен тойлайтынбыз. Көше-көше болып Наурыз дәстүрін жаңғыртудың жарысына түсетін едік. Әр үйде қазан асылып, қыстан қалған соғымның сүрінен наурыз көже дайындалатын. Үй-үйге кіріп әлгі наурыз көжеден дәм тататынбыз. Қазақтың дәстүрімен киініп, тілек айтып, ұлттық ән-күйлерді орындайтынбыз. Ауылдық Мәдениет үйінің алдында алтыбақан қойылып, қазақ үй тігілетін. Ұлттық дәстүрлі ұлықтаудың, наурыз тойын ерекше көңіл күймен атап өтудің жолын біз осылай кішкене күнімізден бойға сіңіріп өстік. Наурыз тойы десе, береке-бірліктің, қуаныштың, дәстүрдің, игіліктің мерекесі еске түсетіні сондықтан.  

Наурыз айы туғанда 

Қазір есейдік. Алматының тұрғынымыз. Бұрын ауылда көбінесе қазақ отбасы мекендесек, енді әр ұлттың өкілдері араласқан ұжымда қызмет етемін. Демек наурызды ұйымдастырудың ұйытқысы біз болайық деп шештік. Осылайша ұжымдағы бірнеше қазақ жиылып, ақылдасып, наурыз тойын ұжым болып тойлайық деп келістік. Түрлі ұлт өкілдерінен құралған ұжым бұл бастаманы қуана қолдады. Осылайша наурыз тойлаудың ұжымдық дәстүрі бізде де қалыптасатын болады. Мұнда ауылдағыдай он екі қанат ақ шаңқан үй тіге алмайтынымыз анық. Алайда қолдан келгенше қазақ үйдің жасау-жиһазын құрастырып, арнайы бұрыш жасадық. Кейбір керек дүниені ауылдан алдырттық. Өзім үйден 25 литрдей наурыз көже дайындап әкелдім. Әріптестеріміз мәз-мейрам болып наурыз дәстүрімен тілек тіледі, ән айтып, би биледік.

Жеке өзім осы наурыз мерекесінде құдайдан халқымның, отбасымның амандығын тіледім. Наурыз тойында Роза Рымбаеваның орындауындағы Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Наурыз думан» әнін орындадым. Әсіресе:

Наурыз айы туғанда,

Той болушы еді бұл маңда.

Сақталушы еді сыбаға,

Сапарға кеткен ұлдарға,

Наурыз айы туғанда...

деген жолдарында қатты толқыдым. Себебі, қазір менің ұлым үлкен сапарда, Отан қорғау жолындағы қастерлі сапарда жүр еді. Сол сапардан дін аман келуін тіледім. Ол әскерден келгенше сыбағасы үйде сақталып тұрады. Білесіз бе, біздің қазақтың әр дәстүрінің, әр салтының, әр жоралғысының үлкен мән-мағынасы бар екен. Балалықпен, жастықпен жете түсіне бермеген көп дүниені бүгін түсініп, осындай наурыз мерекелерінде көңілге бекітіп аламыз. Ендеше наурыз қазір жылдың жаңару мерекесі ғана емес, біздің дәстүрге, бабалар жүріп өткен жолға құрметпен қайта үңілуіміздің де жөн-жоралғысы деп білемін».  

Наурыз – өткенді құрметтеуге шақыратын мереке

Алматы қаласындағы 145-ші мектеп директорының орынбасары, ұстаз Сара Қойбағарова наурыз тойы өткенді құрметтеуге шақыратын мереке деп есептейді: «Ұстаздық жолға күллі ғұмырымды арнаған жанмын. Біздің жастық шағымызда наурызды ел жасырып тойлайтын еді. Алматыда бұл мереке 1988 жылдан кең көлемде тойлана бастады. Ол кезде жас болсақ та осындай айтулы мерекеміздің тойлана бастауы бізге қанат бітіргендей болды. Осы мереке арқылы ұлттық дәстүрлеріміздің жаңғырып жатқанын анық сезіндік. Бұл мереке бізге дәстүрдің тозығы болмайтынын, өткенді әрдайым құрметтеу керек екенін ұқтырды.

Наурыз айы туғанда

Қазір өзім де әжемін. Атасы екеуіміз наурыз сайын отбасымызбен үлкен мереке етіп тойлаймыз. Әулеттің үлкен-кішісін шақырып, наурыз көже береміз. Ақ дастарқан басында жақсы тілек айтамыз. Осы тілек айту арқылы кішкене балалардың құлағына жақсылықтың жаршысы болуы керегін құямыз. Балаларымыз жақсы тілекті құлағына құйып өссе, жамандықтан аулақ жүреді деп сенемін.

Наурызды атап өтудің біздегі тағы бір дәстүрі әулетіміздегі кішкене балаларға сыйлық үлестіреміз. Себебі сыйлық арқылы бала бойында разылық сезімі қалыптасады. Кейін өзі де есейгенде сондай сыйлықты кішілерге алып беруге тырысады.

Ұстазбын. Наурызды мектепте де атап өтеміз. Сонда наурыз арқылы оқушылардың бойына өткенге құрмет сезімін сіңіргім келеді. Тарих пәнінің мұғалімі болғандықтан, бабалар жүріп өткен жолды көрсету арқылы ұлттық мерекелерді тойлау дәстүрі қандай қиындықпен, қандай күреспен, еңбекпен келгенін ұқтыруға тырысамын. Ұлттың мерекесі тойлануы үшін ол ел дербес, тәуелсіз болуы керек емес пе? Ал оның тәуелсіздікке ұмтылуы туралы әңгімелегенде тарихшы Талас Омарбековтың: «Қаласақ та, қаламасақ та тәуелсіз ел болар едік деп айта ал­май­мыз. Өзіміз әрекет жасамасақ, тәуелсіз ел болу үшін жанын қиған құрбандарды ақтап, ұрандар көтермесек, тарих жазбасақ, халықтың азаттық сүйгіш қалауы болмаса, әрине, тәуелсіз­дік орнамас еді. Тәуелсіздік – Ұлт-азаттық қоз­ғалыстардың заңды нәтижесі», – деген сөзіне әбден қосыласың. Демек, осындай тар жол, тайғақ кешулерден өткен ұлтымыздың ұлы мерекесін бүгінгі ұрпақ үлкен тағзыммен тойлауы тиіс. Себебі бұл мереке күн мен түннің теңелген күні ғана емес, қазақтың өзге ұлттармен терезесі тең екенін айғақтайтын үлкен мейрам. Дербестігіміз болмаса мұндай тойды қалай мерекелер едік? Өзім оқушыларыма қазақ тарихының әр кезеңі жайлы сабақ өтіп, түсіндіріп тұрғанда олардың ең алдымен ұлты бастан кешкен ауыр кезеңдерді еш ұмытпауы керегін бойларына сіңіргің келеді. Талай бабаларының көмусіз қалғанын, сұраусыз өлім құшқанын, іздеусіз тентіреп, жан-жаққа бассауғалаған кезеңдерді де бастан өткергенін әрдайым есте сақтаса дейсің. Әрине, еліміз бастан кешкен небір ғажап сәттер, жеңісті кездер, ел мәртебесі биіктеген уақыттар да баршылық. Сонда да, соншама құрбандықпен келген тәуелсіздіктің қадірін түсінуі үшін ұлттың бары мен жоғын,  қазасы мен қайғысын да біліп жүруі тиіс қой. Әсіресе осындай ұлттық мерекелерде де ұлтымыздың тарихи арманы ұлықталса деп тілеймін. Себебі наурыз дәстүрдің және сол дәстүрді сақтап қала алған бабаларға тағзым етудің мерекесі деп білемін».

   Наурыз – Қызыр бабаның батасы қабыл болатын күн

«Бұрын әжелеріміз Наурыз күні есікті жаппаңдар, Қызыр аралайды, қырықтың бірі – Қызыр» деп отыратын. Сол сөз санамызда мәңгіге шегеленіп қалған сыңайлы, Наурыз мерекесінде көжемізді пісіріп, асымызды дастарқанға молынан салып, наурызбен құттықтап келген жандардың барлығын жылы қабақпен қарсы алып отырамыз. Себебі, бұл мереке жақсылықтың мерекесі, Қызыр бабаның батасы қабыл болатын күн. Наурызда «Ақ мол болсын, ұлың оң болсын, қайда барса жол болсын, көк көп өнсін» деп үлкендер бата беріп отыратын. Ол кезде жаспыз, ол батаның тереңіне бойлай қоймаған екенбіз. Қазір ойлап қарасақ, бұл батаның өнегесі көп екен ғой. Осы күні балаларыма наурыз батаны көп тыңдатқызамын. Себебі қазақ «батамен ел көгереді» деп бекер айтпаған екен.

Ақын Оразақын Асқардың:

Ниеттерің ақ болсын,
Наурыздың ақша қарындай.
Бастарыңа бақ қонсын,
Шашыңның барлық талындай.
Санасы өсіп адамның,
Көңілде кір қалмасын.
Құты қашып жаманның,
Жақсы тапсын жалғасын.
Тыныш болсын даламыз,
Түгел болсын нуымыз.
Таза болсын ауамыз,
Тұнық болсын суымыз.
Қатыгездік жоқ болсын,
Оралмасын кез өгей.
Кірісіміз көп болсын,
Бүгінгі Наурыз көжедей.
Аллаһу акпар! – деген батасын өзім де ұнатып, айтып жүремін», – дейді Алматы қаласының тұрғыны Назгүл Бейсембаева.      

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға