Жаңалықтар

Нұр-Сұлтанда республикалық жастар форумы өтті

Нұр-Сұлтанда республикалық жастар форумы өтті
29.10.2019 18:01 2676

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Назарбаев Университетінде республикалық «Social Assembly» жастар форумы өтті. Креативті жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін талантты жастарға арналған алаң құруды мақсат еткен форумға еліміздің әр аймағынан 100-ге жуық жастар жиналды.

Олар аймақтағы Жастар жылының қорытындысы бойынша бейнероликтерін таныстырды, сондай-ақ, стартап-жобалары бар жастардың бизнес-идеялары сарапқа салынды.

Форум жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, Ассамблея мүшелері, мемлекеттік органдар мен мекемелердің өкілдері, «100 есім» жобасының жеңімпаздары, жастар ұйымдары қатысты.

Нұр-Сұлтанда республикалық жастар форумы өтті

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевпен дөңгелек үстел басында бас қосқан жастар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды, сондай-ақ, ел дамуына жастардың қосар үлесі тақырыбында сұқбат құрды.

Жансейіт Қансейітұлы Ассамблеяның жастар қозғалысының Жастар жылы аясында атқарған жұмысына жоғары баға берді. Сондай-ақ, жастар таныстыруға ұсынған әлеуметтік жобалардың іске асырылатынына сенім білдірді. «Алдағы уақытта да жас көшбасшылардың әлеуетін дамытып, жаңа идеялар мен ұсыныстарды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жағдай қалыптастыратын боламыз. 2019 жыл Қазақстан үшін ерекше жыл болды. Біз Тәуелсіздік жылдары ішінде алғаш рет Жастар жылын өткізіп, ауқымды істерге серпін бердік», - деді Жансейіт Түймебаев.

Нұр-Сұлтанда республикалық жастар форумы өтті

Қазақстан халқы Ассамблеясы жастардың креативті жобаларын жүзеге асыру алаңына айналуды көздейді. Форум аясында жастар жобалық менеджмент, нетворкинг бойынша дәрістер тыңдап, «Жастар жылы-Даңғыл жол» онлайн конкурсының нәтижесі жария етілді. Сондай-ақ, жас мемлекетшілдер әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша өздерінің ұсыныстарын да айтты.

Және бұл жиынға стартап жобалардың жүзеге асырылуына менторлық колдау көрсету, инвестиция тарту мақсатында кәсіпкерлер де қатысты. Нәтижесінде, таңдалып алынған бизнес және әлеуметтік жобалар шақырылған спикерлер мен менторлардың талқылауына ұсынылды. Ең озық шыққандары «Үздік әлеуметтік жоба», «Үздік бизнес-идея», «Үздік ІТ жоба», «Үздік медиа жоба» номинациялары бойынша марапатқа ұсынылды.

Нұр-Сұлтанда республикалық жастар форумы өтті

Форум аясында «Innovation Day», «Startup алаңы» көрмелері ұйымдастырылды. Аймақтардан келген жастар өз жобаларын таныстыру мүмкіндігіне ие болды. Олардың Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Шерзод Пулатовпен, қалалық «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Әскер Пириевпен, Назарбаев Университетінің «Рухани жаңғыру» мәдени орталығының директоры Құрманбай Құлтаспен, Университеттің Студенттік үкіметінің Президенті Әсел Ибадулламен кездесуі ұйымдастырылды.

Форум аясында ҚХА «Рухани жаңғыру» республикалық жастар қозғалысының аймақтық штабтарының көшбасшылары жастардың ел дамуындағы алатын орны мен қызметі тақырыбында өз ойларын ортаға салып, өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстар бойынша есеп берді. Сондай-ақ, жастар өкілдерінің интерактивті тренингтер арқылы бақ сынасуына, тәжірибе алмасуына мүмкіндік берілді. Мұнда «Infinite Bilim» онлайн мектебінің стартап жобасының негізін қалаған Назарбаев Универститетінің түлегі Ақжол Замбаев, бизнесмен, Қазақстандағы Синергия университетінің өкілдігінің бас директоры Бауыржан Қасымбергебаев, ҚХА мүшесі, «Қазақстанның ұйғыр жастарының Одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рустам Қайыров, Павлодар облысы бойынша ҚХА кәсіпкерлер Ассоциациясының төрағасы Дмитрий Корепанов сынды белгілі азаматтар өз табыс тарихтарын баяндай отырып, тәжірибелерімен бөлісті. 

Форумда жастар бәсеккеге қабілеттілік тақырыбының төңірегінде де пікір таластырды. Әсіресе, ауылдың мемлекет тірегі екендігіне басымдық берген жас мемлекетшілдер ауылдағы талантты жастардың өз идеяларын жүзеге асыруына қолдау көрсету керек деді. Жастарға әсіресе, қазақстандықтардың үлкен қызығушылығын тудырған «100 есім» жобасының жеңімпаздарымен кездесу үлкен шабыт сыйлады. Олар халықтың ішінен суырылып шыққан үздіктермен бүкпесіз сұқбаттасу арқылы, табыстылық пен танымалдылыққа жетудің жолын анық ұғынғандай болды. Жастармен кездесуге саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлері ғана емес, сондай-ақ спорттық додалардан қанжығасы құр қайтпаған жеңімпаздар мен өнердің шыңын бағындырған дарынды өнерпаздар да келген болатын.

Нұр-Сұлтанда республикалық жастар форумы өтті

Назарбаев Университетінің басқару кеңесінің мүшесі, халықаралық серіктестік пен студенттік іс жөніндегі вице-президент Кадиша Даирова, республикалық жастар қозғалысының төрағасының бірінші орынбасары Тимур Жұмырбаев, штаб төрағасы Анастасия Тимощенко, «Өзбек этномәдени орталығының» белсендісі Фарангиз Ахметова жастар белсенділігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы туралы баяндады. Сондай-ақ, форум қатысушылары үшін Назарбаев Университетіне экскурсия ұйымдастырылып, «Абай әлемі» бұрышы таныстырылды.

Жиын соңында форум жұмысына қатысушылар келесі жылдың Еріктілер жылы деп жариялануына байланысты өз ұсыныстарын білдірді.


Бөлісу:

Нұргүл Қалиева 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.



Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға