Жаңалықтар

Біртұтас Қазақстан: Сахалар

Ежелгі түркі халқы туралы
Біртұтас Қазақстан: Сахалар
13.10.2020 16:51 5146

Қазақтар мен сахалар арасында ұқсастықтар көп. Мәселен, сахаларда өзге түркі халықтары секілді наурызға ұқсас мереке бар. Олардың тілінде бұл мейрам Ысыах деп аталады. Бұл күні ұлттық мәдениетке негізделген көріністер қойылып, ат жарысы, халық ойындары өткізіледі. Мейрамға қатысушылар түгелге дерлік өздерінің ұлттық киімдерін киіп шығады.

Ысыах мерекесі 21-25 маусым аралығында тойланады. Сахалар күннің алғашқы шапағынан энергия қуатын алу үшін мерекені таңғы сағат 3-те бастайды, және бұл күннің сәулесімен бойларына тараған қуат бір жылға дейін жетеді деп сенеді.

Қазақтар секілді сахалар да бие сауып, қымыз ашытады.  Жылқы, сиыр еттерін қорек етеді. Сахалардың кейбір тайпалары жылқы етін шикілей де жейді.

Олардың тілі түркі тілдік тобына жатады. Сондықтан, қазақтар мен сахалардың тілдік қорында үндес сөздер де бар. Мәселен қазақтар да, якуттар да жылқы малын «ат» дейді.

Жалпы сахалардың ата қонысы, негізгі мекені Ресей аумағында орналасқан. Мекендерінің қысы қатаң солтүстік аймақта орналасуы олардың өзге ұлт өкідерімен аралас-құралас өмір сүруіне шектеу қойды. Бұл сахалардың өз кезегінде ата дәстүрін қаймағын бұзбай сақтап қалуларына ықпал етті.

Біртұтас Қазақстан: Сахалар

Дәстүрлі қолөнері және фольклоры

Сахалар жоғарыда атап өткеніміздей түркі тектес халық болып саналады. Олар ежелгі уақытта қазіргі Якутия аумағына Байкал маңынан қоныс аударған делінеді деректерде. Оларға якут деп ат беріп, айдар таққан кейінгі кезде осы жерлерді жаулап алған ресейліктер екен.

Алайда, олар өздерін ежелгі ержүрек ел ұрпағы – сахалармыз деп атайды. Саха – ежелгі түркі тілінен аударғанда «күн секілді», «ақ» дегенді білдіреді екен. Айта кету керек, сахалардың ұлттық дәстүрі мен наным сенімінде Күннің алар орны ерекше. Күн тіпті орлардың туларында да бейнеленген.

Негізінен сахалар балық аулаумен және аңшылықыпен күн көріп келген. Кейінгі уақыттарда сахалар бұғыларды қолға үйретіп, оны шашуашылыққа пайдалана бастады. Сахалар да қазақтар секілді жылқы малын ерекше қадір тұтады. Олардың арасында жылқы шаруашылығын кәсіп етіп, үйірімен ат өсіріп отырған шаруалар да жетерлік. Сахалардың атының бойы тапал болғанымен, ұзақ жолға, табиғаттың қатаң талаптарына шыдас беретін мықты болып келеді. Жүріске де жүйрік. Якутияның тағы бір символы – ақ түсті ат.

Жалпы дәстүрлі қолөнерден Якутияда сүйектен ойып бұйым жасау кең қолданысқа ие. Жергілікті шеберлер морждың, мамонттың азу тістерінен түрлі бұйымдар жасайды.

Жақұт фольклорының қомақты бөлігі Олонх эпосынан құрылған. Сахалардың ежелгі аңыз әңгімелері ел ішінде кең тарап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіліп келеді. Эпосты жатқа соғушыларды олонхосуттар деп атайды. Ежелгі уақытта мұндай жыршылар ауыл-ауылды аралап, айналасына аңыз әңгімені жаны сүйетін тыңдармандарын жинайтын болған. Жыршылар таңды таңға соғып эпос-жырларды жатқа айтқан. Егер тарихқа көз жіберер болсақ, мұндай жыршылық өнері қазақтарда да бар.

Дәстүрлі діні мен діни мейрамдары

Жақұттардың дәстүрлі діні түркі халықтарының ежелгі наным-сенімі -Тәңіршілдіктен бастау алады. Олардың Аар Айыы деп аталатын діни сенімдері жалпы әлемді жоғарғы, ортаңғы және төменгі әлем деп бөледі. Аспан әлемінде Құдайлар тұрады, ортаңғыда адамдар, ал төменгі әлемде жын-перілер өмір сүреді деп сенген.

Жоғарғы Құдайдың есімі жақұттардың діні бойынша – Айыы тойон деп аталады. Адамдар мен әруақтарды шамандар (дәруіштер) ғана байланыстыра алады.  Ол ерекше ғұрыптар арқылы Құдаймен «тілдесіп», ем салады, бейбіт тірлік сұрайды, болашаққа көз жібереді. Жақұттардың арасында әлі де болсын, ежелгі Аар Айыы дініне сенетіндер кездеседі.

 Жақұттардың маңызды ғұрыптарының бірі – алғыс деп аталады, бұл алғыс айту, бата беру рәсімі. Бұл ғұрыпты жүргізетін адамды алғысшыт деп атайды. Ол от арқылы Құдайлармен тілдесіп, одан сәттілік, денсаулық, көмек сұрайды.

Жақұттар барлығының өз Тәңірі бар дегенге сенеді: оттың да, жартастың да, ағаштың да. Сондықтан отқа кез-келген нәрсені жаға бермейді. Алдымен алғысшыт отқа жылқы қылын тастайды, жылқы қылының иісі жын-перілерді қашырады деген наным бар. Одан кейін оған сүттен жасалған тағам мен құймақ салу арқылы мейірімді тылсым иелерін «тамақтандырады». Бұрынғы уақытта бұл рәсім әрбір маңызды іс алдында жасалатын болған. Ал қазіргі уақытта алғысшытты қыс басталарда жасап, Тәңірден адамдар мен малдың қысты аман-есен өткеріп шығуларын тілейді.

Сахалардың басты мейрамы – Ысыах деп аталады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, оны жаз айында тойлайды. Той басталмас бұрын алғысшыт оған қатысушылардың барлығына сүт сусынын ішкізеді. Мұнан кейін сахалар бірге шеңбер айналып, би билейді. Бидің де өзіндік мағынасы бар, жақұттар би кезінде бір-бірімен өздерінің қуаттарымен бөлісетіндігіне сенген.

Біртұтас Қазақстан: Сахалар

Музыкалық шығармашылығы

Сахалардың дәстүрлі музыкалық аспабы - хомус деп аталады. Айтпақшы, бұл аспап түркі халықтарының ішінде 5000 жылдан бері қолданылып келеді.

Хомус сахалар елінде қасиетті деп саналады. Себебі, хомуста шамандар ойнайтын болған. Формасы бойынша хомус үлкен темір кілтке ұқсайды. Якутияда хомус аспабының мұражайы да бар. Мұнда бұл аспаптың металлдан, бамбуктан, ағаштан, сүйектен жасалған түрлері сақталған.

Сондай-ақ, түрлі ғұрыптар кезінде сахалар барабанда да ойнайды. Ең үлкен музыкалық аспап – табық деп аталады. Оны үлкен ерекше мерекелерде ғана алып шығады. Ежелгі жаугершілік заманда бұл аспап арқылы жауынгерлерді шайқасқа шақырған. Ол жауынгерлерге күш беріп, рухын көтереді деп есептелген.

Якутияның музыка және фольклор мұражайында мұндай діни аспаптардың бірнеше түрлері бар. Оның ішінде куолай табык, талба талык деп аталатын түрлерін көруге болады.  

Жақұттардың ауыз әдебиетінде сақталған және бір шығармашылықтың түрі -  сатиралық жаңылтпаштар. Жақұттар оны өз тілдерінде чабыргахи деп атайды. Олар адамдардың тұрмыстағы жағымсыз қылықтарын осы жаңылтпаштар арқылы келеке етіп отырған.

Дәстүрлі асханасы

Әдетте жақұттар камелька деп аталатын дәстүрлі пештерінде тамақ дайындайды. Сахалар тамақ дайындайтын жерді қасиетті деп санайды және ол жерлерге бөгде адамдарды жолатпайды. Себебі, мұнда От Тәңірі мекендейді, ол адамдарға жылулық беріп, өзге де Құдайлармен байланыстырады. Камелькада жақұттар ашық отта жұқа нан пісіреді. Бұрынғы уақытта мұндай тағамды отбасы қыстаудан жазғы балаганға көшкен уақытта дайындайтын болған. Қазір жұқа нанды жиі пісіреді. Әсіресе, туристерге осы жұқа нан таңсық ас ретінде ұсынылады. Әлі күнге дейін дайын нанды От Тәңірін сыйлау үшін отқа тастау дәстүрі сақталған.

 Жақұттардың дәстүрлі ұлтық асханасы бұл – суға қайнатылған, шикі және ашытылған тағамдар. 19 ғасырда сахалардың негізгі асы – балық, сүт және түрлі өсімдіктер болатын. Ал етті олар сирек қолданатын, негізінен ет олардың қысқы азығы болып саналды.

Табиғаттың қатаң талабы сахаларды тамаққа ұқыптылықпен және үнеммен қарауды үйретті. Олар сойылған малдың ішек-қарнын, қанын, бас-сирағын барлығын да қалдық қалдырмай қолданады. Ішек-қарыннан сорпа дайындайды, қаннан шұжық жасайды.

Жақұттар асханасында тар деп аталатын тағамның орны ерекше. Бұл ашытылған сүт.

Ұлттық киімдері

Сахалардың бүгінгі киім үлгілерінде де ұлттық нақышқа аса мән беріледі. Ұлттық ою-өрнек пен киім үлгісінің әрқайсысы өзіндік мән-мағынаға ие.

Мәселен, қыздың бас киіміндегі лента тізгінді білдіреді. Қыз бала тұрмыс құрғанға дейін оны періштелер қаумалап, оның ар-намысын, ақыл-жігерін сақтайды деп есептеледі. Некелесу кезінде күйеу жігіт бұл лентаны қиып, қалыңдық үшін өзіне жауапкершілікті қабылдайды.

Ұлттық киімде ою-өрнек аса мән-маңызға ие деп айтық. Мәселен, үшбұрыш – әл-ауқатты білдіреді, ал етек-жеңге тігілген жолақтар адамды жын-періден қорғайды.

Әйелдің бойында міндетті түрде асыл тастар мен бұйымдар көп болуы керек. Бұрынғы кездерде қыз балалар 10 келіге дейін күміс бұйымдарын көтеріп тағып жүретін болған. Күмістің жарқылы жын-перілердің назарын тайдырып, көз тиюден қорғайды деген сенім де бар. Мойынға тағылатын күн бейнесінде жасалған алқаның көлемі әртүрлі болуы мүмкін. Оның шашақтары түрлі асыл, қымбат тастардан, жіптерден тігіліп жасалады. Бұл зергерлік бұйым иесінің мойнын және кеудесін толықтай жауып тұрады. Кейбір сән бұйымдары қайың қабығынан жасалған. Себебі, қайың қабығы адам жанын емдейді деп сенген, сондықтан шамандар одан түрлі тұмарлар жасаған.  Ер адамдар да зергерлік бұйымдар таққан. Мәселен, олар пышақты сән бұйымы ретінде мейрамдарда мойнына асып шығатын болған. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға