Жаңалықтар

Азамат сені сақтадым...

Азамат сені сақтадым...
30.09.2019 16:46 1902

Бахтияр Базарбековтың сұқбаттарына көз жүгірте отырып, оның еңбегінің ерлікке пара-пар екендігін аңғардық. Ақиқаты осы. Көз жанарынан бала кезінде айрылған Бақтиярдың еңсесін түсірмей, қоғам ісіне араласуы, және көшбасшыға айналуы тәнті боларлық жігерлілік пен жанкештілік.
Тіпті, өркениеттің шыңына жеткен қоғамның өзінде «зағип жандардың қолы байлаулы, аяғы тұсаулы» деген мүсіркеудің бар екені жасырын емес. Өкінішке орай, қараңғылық тұмшалаған олардың әлемінде қуаныш мұңды, табыс өлшеулі деп ойлайтындар көп.
Ал Бақтияр мен оның командасы мүмкіндіктің шексіз екенін сөзбен емес, ісімен дәлелдеп берді.
Әңгіменің әлқиссасы да сол, «100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңінің жеңімпазы, «Шексіз спорт» әлеуметтік жобасының авторы және жетекшісі Бақтияр Базарбековтың әлемінен сыр шертеді.

Жеңімпаз!

Ол бірнеше әлеуметтік жобаларды дүниеге әкеліп, қарға адымы мұң болған зағип балалардың, жастардың спорт арқылы қоғамға бейімделуіне, тұлғалық қалыптасуына үлес қосып жүрген жанашыр азамат.
«Қазіргі балалар американдық комикстер мен фильмдердің кейіпкерлерін жақсы біледі, алайда, олар денсаулығында кінәрат бар өзі құралпы балалардың күнбе-күн қандай қиындықтармен бетпе-бет келетінін білмейді. «Ерекше балалар» үшін алаңда жүгіріп доп теппек түгілі, қарға адым аттауының өзі мұң. Олар күнде ауыр дертпен, өзінің өзгелерден бөлек екенін сезінген жайсыздықпен өмір сүреді. Сондықтан, қоғамнан жырақтау, елеусіздеу болғанды қалайды. Алайда, бұл дұрыс емес. Мүмкіндігі шектеулі жандар спортпен шұғылдануы керек, қоғам игілігі үшін еңбек етіп, киноға баруы, отбасын құруы тиіс. Әрбір өмірге келген адамның бақытты болуға құқы бар және оны ешкім де жоққа шығарып немесе тартып ала алмайды», - дейді бұл мәселені бүкіл жан-тәнімен түйсіне білген Бақтияр.
Оның бұлайша ой түюінің де өз себебі бар. Бақтиярдың көз жанары өмірді танып-біліп, оның ғажайыбын көріп үлгермеген шақта, бала кезінде сыр берді. «Бүгінгі күнге жету үшін ғана емес, жалпы өмірде аяғымды нық басу үшін мен көп еңбектендім, көрген қиындығым да аз болмады. Себебі, мүгедектіктің тауқыметін бала кезден тартып келемін. Кейде бақытты болдым, ал кейде шын бақытсыздықты сезіндім. Оқыдым, білім жинадым, 16 жасымнан бастап сауда-саттықпен айналыстым. 2002 жылы видеоөнімдер студиясын аштым, кейін деректі, жарнамалық фильмдер түсіре бастадым, IronMan 70.3 дистанциясы бойынша бірнеше марафонға қатыстым, Астанадан Парижге дейін велосипедпен жүріп өттім. Еңбегім мойындалды, ал кей жерде ескерілмегені де рас, сүрінген де, қайта тұрған да кездерім көп болды...», - дейді өмір жолын, ондағы жеңістері мен жеңілістерін тобықтай түйінге сыйдырта білген жаңа есім.
Ол өзінің отбасы мен балаларын өміріндегі ең үлкен жетістігім деп есептейді. Арнайы мектепті тәмамдағаннан кейін жоғары оқу орнына түсіп, заңгер мамандығын игереді. Мектепте оқып жүрген кезінен бастап, бауыры екеуі фотоаппарат, музыкалық орталық, видеокамера алып, кәсіпкерлікпен айналыса бастайды. Кейін продюссерлік орталық ашады.
Бақтияр қол қусырып отыра алмайтын жандардың қатарынан. Үнемі қозғалыста, ызу-қызу тірліктің қазанында қайнап жүргенді қалайды. «Қиындық мені мұқалтпайды, керісінше, жігерімді жани түседі», - дейді үнемі жаңа бастамалардың басы-қасында жүретін ол. «Мені бірқалыпты емес жобалар қызықтырады, адамдармен араласқанды ұнатамын. Шығармашылық, көпқырлылық, әлеуметтік мәселелерді шешу, оның өзгелерге әкелген игілігіне куә болу - мені үлкен істерге жетелейтін, шаршауға мұрша бермейтін еңбек осы», - дейтін Бақтияр қоғамдық жұмысты жанын салып жасайды. «100 жаңа есім» жобасында оның үздіктердің қатарына енуіне себеп болған «Шектеусіз спорт» әлеуметтік жобасы мүмкіндігі шектеулі адамдарды спортқа бейімдеу арқылы әлеуметтік ортаға тартуға арналған. Жоба аясында зағип жандардың қатысуымен Алматы-Астана, Алматы-Ыстық-Көл, Алматы-Париж бағыттарында үш веламарафон ұйымдастырылды. Ол осы жоба арқылы ерекшелігі оқшаулануына себеп болған жандардың мүмкіндігінің шексіздігін дәлелдеді. Салауатты өмір салтын насихаттай жүріп, елде бұқаралық спорттың дамуына үлес қосты. Бақтияр Базарбеков өзі тағдырлас жандарға қоғамнан мүсіркеу күтпей, өз өмірін өз қолына алуды үйретті, және соны өзінің өмір жолымен өнеге етіп келеді.
Мүгедектігі бар адамдардың қандай қиындықтармен бетпе-бет келуі мүмкін екендігін жақсы түсінген ол, бұл мәселенің түйінін тарқатуға білек сыбанды. Оның айтуынша, қоғамдық іспен айналысуына алғашқы рет зағип жандарға арналған шахмат клубының тозығы жеткен құрал-жабдығын ауыстыруға өзінің мұрындық болуы ықпал етіпті. Ол кәсіпкердің көмегімен спортшыларға арналған елу шахмат тақтасын ауыстыруға қол жеткізеді. Осыдан кейін-ақ, өзінің шамасы жеткенше, бей-жай қарамайтын адамдар мен мемлекет көмегіне сүйене отырып, жағдайды жақсылыққа өзгертуге бел шешеді. Уақыт пен қаржының жеткіліксіздігі де ол үшін қолбайлау болмады. Бақтияр Базарбеков қоғамдық істен бөлек, өз жеке ісін де дөңгелетіп отырған кәсіпкер. Сондай-ақ, күнін таңғы сағат 5-те дене шынықтыру жаттығуынан бастайды. «Жасыратыны жоқ, бізде әлі де бюрократия мәселесі жойыла қоймады. Сондықтан, кейбір кездері маңызды қоғамдық жобаларды жүзеге асыруда маңдайын тасқа соғылғандай, салың суға кететін де кездер аз емес болатын. Қазір мен мемлекет пен гранттық қолдау саласын белсенді түрде зерделеп, біздің ұсынатын жобаларымыздың кәсіби, жүйелі, ауқымды түрде мықты болуына көңіл бөле бастадым», - дейді ол. 

 Шектеусіз спорт

«Бұл мен үшін жәй ғана жоба емес, бұл мен жүріп өткен жол, жанымның, тәнімнің дертіне айналған мүгедектіктің мүсіркеуді қажет етпейтінін, мүгедек жандардың қауқарсыз, қорғансыз емес екенін қоғамға көрсету, айту, дәлелдеу болды. Бұл барлығы үшін дем беретін мотивациялық алаң құруға, шешілуі керек мәселелерге мемлекеттің назарын аудартуға жасалған ұмтылыс болатын», - дейді «Шектеусіз спорт» жобасының авторы, өзінің алғашқы әлеуметтік жобасы туралы.
Оның көру қабілеті 5 пайыз ғана болса да, бұл оның әлемді танып-білуіне кедергі келтіре алмады. Кішкентайынан қалыптасқан дағды мен үнемі өз-өзімен жұмыс жасау арқылы ол адамдар мүмкіндігінің шексіздігін дәлелдеді. Ол спортпен бала кезінен алты жасынан бастап шұғылданып келеді екен. Әдепкідегі шахматқа әуестілік оның үлкен істерге бел бууына себеп болды. Ол өзінің қолынан келген істің өзгенің де қолынан келетініне кәміл сенді. Сондықтан, велосипедті басқаруды үйренген сәттен бастап, спортта өзі сезінген қуаныш пен сенімділікті, жігер мен батылдықты өзге де мүмкіндігі шектеулі жандардың сезінгенін қалады. Осылайша, ол спорта да, адам мүмкіндігінде де шектеу болмайтынын дәлелдеді. «Шектеусіз спорт» жобасының дүниеге келуіне де осы себеп болды. 
Бақтияр марафон кезінде физикалық, моральды тұрғыда қиын болғанын жасырмайды. Оған сенгендер аз еді, сондықтан қаржылай-материалдық тұрғыда қолдаушылардың қарасы да көп болмады. Алайда, «Ел Тірегі» шағын және орта кәсіпкерлік Ассоциациясы мен оларға дем берген демеушілердің арқасында қазақстандық зағип спортшыларға Еуропа қол соқты, олардың еңбегін ерлікке балады. Олар Ресей, Беларуссия, Польша, Германия, Франция жерлерін Қазақстанның көк байрағын тік көтеріп жүріп өтті.
«Өкінішке орай, әлем стандарттарына сай келетін параолимпиадалық дайындық орталығы тек Нұр-Сұлтан қаласында ғана орналасқан. Біз мұндай лайықталған орталықтар еліміздің өзге өңірлерінде де болса екен дейміз», - деген Бақтияр Базарбеков Алматы-Қапшағай бағытында велошабандоздардың еш тосқауылсыз және қауіпсіз жаттығуы үшін велотрасса құрылысын жүргізу туралы бастама көтеріп жүрген азаматтардың бірі.

  «Анашым» 

Ол «Анашым» көзі нашар көретін балалар мен жастарды қолдау қорының бас директоры. Алайда, оның айтуынша, бұл қордың негізін салушы оның анасы екен. Жас кезінде ол да кездейсоқтықтың кесірінен жанарының 60 пайызынан айрылған. Әкесінің де көзінде кінәрат бар. Тек арқылы берілген бұл дерт отбасындағы үш баланың да кейінгі тағдыры болды. Бала кезінде Бақтияр мен оның бауырының операциямен көзбұршағын алып тастаған. Алайда, әкесі мен анасы оның өзін өзгелерден кем санамауы үшін, кішкентайынан өз бетінше велосипед тебуіне, конькиде тұруына, түрлі үйірмелерге қатысуына жағдай жасады. Балаларының өмірге бейімделуіне бар күш-жігерін салған анасы, кейін өз балалары аяғынан тұрған соң, өзге балаларға да көмек қолын созуды ойлайды. Сөйтіп, 2001 жылы «Анашым» қоры дүниеге келеді. Бүгінде Бақтияр қордың жұмысын «Шектеусіз спорт» жобасымен бірге үйлестіріп келеді. Мұнда балаларға компьютерлік сауаттылық, музыка, спорт бағытында оқу бағдарламалары ұсынылып, іс-шаралар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, балаларға ота жасау, ем жүргізу үшін демеуші, медициналық мекеме табуға көмек көрсетіледі. 

                   Алматы-Ыстықкөл 

«Шектеусіз спорт» жобасының спортшылары 2017 жылы Алматы-Ыстықкөл бағытында 500 шақырымды бағындырған болатын. Зағип жандар арасындағы «Қозғалыс энергиясы» алғашқы халықаралық велошеру сол кезде-ақ халықтың назарын аудартқан болатын. Бұл жолы шеруге 18 адам қатысқан Оған дейін бір жыл бұрын ерекше велошабандоздар еліміздің Алматы қаласынан елордасына дейінгі жолды жүріп өткен болатын. Бұл жоба жылдың үздік әлеуметтік жобасы деп танылып, Елбасы-Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы Қор жүлдесімен марапатталған болатын.    

                                                                          Алматы-Париж
Жарты әлемнің назарын аудартып, Еуропаға таңдай қақтырған «Астана-Париж» велошеруі өткен жылдың тамыз айында Елордадан бастау алған болатын. Оның қатысушылары велоспорттың отаны саналатын Парижге жету үшін 5000 шақырымды жүріп өтті. Қазақстандық 15 велошабандоз бір айдан астам уақыт жүріп, жолшыбай 30 қалаға ат шалдырыпты.  
                                                                          Алматы-Түркістан
Бақтияр Базарбеков тағы бір шеруді бастап жолға шықты. «Алматы-Түркістан» бағытында бірнеше жүздеген шақырымды жүріп өткен марафоншылардың табаны қасиетті Түркістан өңірінің топырағына тиді. Оларды жергілікті халық төбелеріне көтеріп күтіп алды. Шын мәнінде, бұл Бақтияр мен оның командасының өз мақсаттарына жеткенін айғақтайды. Себебі, өзгелер олармен санаспақ тұрмақ, қызыға қарайды, еңбектерін ерлікке балайды. «Мақсат бар жерде ешқандай кедергі жоқ». Бұл команданы топтастырған, жігерлерін жанып, ұлы істерге ұмтылдырған ұраннан туған ниет болатын. Зағип жандармен бірге бұл марафонға арбада отырған мүмкіндігі шектеулі жандар да үн қосты. Олар физикалық тұрғыдағы қиындықтарға қарамастан, команданы қолдап, күллі қазақстандықтарға адам үшін шектеулі дүние жоқ екенін дәлелдеп келеді. Түркістанға жолға шыққан шабандоздардың ішінде параолимпиадалық чемпион, қазақстандық спортшы Зүлфия Габидуллина да бар. Алматыдан 22-ші қыркүйек күні жолға шыққан шабандоздар 900 шақырымды 9 күнде бағындырып, 1 қазан күні Түркістан қаласына ат басын тіреді. Бұл халықаралық жарысқа барлығы 9 адам қатысуға ниет білдіріпті. Ал марафон кезінде спортшылардың қауіпсіздігін еріктілер тобы пен полиция қызметі бақылап отырды. Бақтияр бұл велошеру салауатты өмір салтын қалыптастырудың, бұқаралық спортты дамытудың насихат құралы болып қана қоймай, экотуризмді дамытудың алғышарты болатындығына сенімді.

                                                                              Мақсат
«Мен бұрын үнемі тұлғалық қалыптасу мен өзін өзі дамыту туралы семинар, тренингтерге қатысып жүретінмін. 2016 жылы сондай бір семинарлардың бірінде өз мүмкіндігімді әлі толық пайдаға жаратпай жүргенімді түсіндім. Бизнес-тренер өмірдегі 101 мақсатыңды қағазға түсіру туралы тапсырма берген еді. Алғашқы 15 мақсат, әрине материалдық тұрғыда үй алу, көлік міну секілді болды. Ал ары қарай  ештеңе жаза алмадым. Себебі, ойымда басқа ештеңе жоқ еді. Кейін Джон Годдардтың өмірбаянынан оның 127 мақсаты туралы оқыдым. Осы сәтте мен өзімнің жабықтығымды, білім көкжиегімнің шектеулі екенін түсіндім», - дейді Бақтияр. Ол кейін қағазға түсірген барлық ойларына қол жеткізудің жолын тапты. Ол өзі үшін ғана емес, айналасындағы адамдар үшін пайдалы іспен айналысуды қолға алды.
«Табысқа жету – барлық кезде бақытты болуды білдірмейді. Мәселен, мен кей кездері өтіп бара жатқан бейтанысқа «қайырлы таң» тілегенім үшін де өзімді бақытты сезіне аламын, ал белгілі бір мақсатыма қол жеткізе отырып, өзімді бақытты сезінбейтін кездерім де жоқ емес. Біз бірнәрсенің соңына жетеміз деген қарбаласта жүгіріп жүріп, толық бақыт пен қанағаттанудың дәмін толық сезінбей қалып жатамыз. Қабылдау, алғыс білдіру, шабыттану арқылы ғана бақытты бола алатын сияқтымыз»,- деген біздің кейіпкеріміз адам қандай жағдайда болмасын, дүниеден баз кешпей, өз бақытыңа жетудің жолын өзі жасауы керек дейді.

Бөлісу:

Нұргүл Қалиева 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша none;text-underline:none">ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.


Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға