Қазақ тілін шет тілдер әдістемесін қолданып оқыту керек!

Наталья Дементьева, Көкшетау қалалық гуманитарлық-техникалық лицейінің директоры, ҚХА-ның «Ұлы даланың Ұлтаралық тілі» форумына қатысушы:

«Қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіндегі деңгейі көтеріліп келеді. Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыт келді. Бұл үшін барлығымыз жұмыла әрекет етуіміз қажет» деген еді Ел Президенті Қ.Тоқаев өз Жолдауында.

Бұл мәселе мені, білім беру саласында 17 жыл қызмет ететін адам ретінде ғана емес, ел азаматы ретінде де қатты толғандырады. Ана тілін жақсы білу - әркімнің азаматтық борышы. Бүгінгі күні мемлекеттік тілді қоғам өмірінің барлық саласында тереңдете енгізуге үлкен маңыз беріліп отыр.

Әлемдегі мүйізі қарағайдай елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз, өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ. Ал ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайсың.

Ең бастысы, қазір қазақстандықтар тарапынан мемлекеттік тілді қолдау және дамыту бағытында барынша мүдделік танытылып отыр. Бүгінгі күні тілдерді дамыту жан-жақты қарастырылуда. Тіл тағдырына деген жеке адам ретінде жанашырлығымыз бен қамқорлығымыз артуда. Қазіргі таңда көптеген отбасылар балаларын қазақ тілінде оқытатын мектептерге ана тілін жетік меңгеру үшін беріп, оқытып жатқандары қуантарлық жағдай. Әрбір отбасында, осындай тілге деген жанашырлық болса, «тамшыдан тама-тама дария болар» дегендей, тіліміздің жағдайы әлдеқайда жоғары деңгейге көтеріледі деген сенімдемін.

Алдымен ана тіліне деген үлкен құрметтің қалыптасуы маңызды. Өз тіліңді сыйламау, түп-тамырыңды білмей, басқаны бағындырам деу - бекершілік. Елбасы Н. Назарбаев 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс екендігін баса айтқан болатын. Қазақ тілін меңгерту мақсатында сан түрлі жобалар мен бастамалардың қолға алынып жатқаны белгілі. Үштұғырлы тілдің негізгі тұғырында туған тіл тұруы тиіс!

Одан кейін, елімізде бірнеше тіл меңгерем деген адамға да мүмкіндік жоқ емес. Әртүрлі тілді білім көкжиегін кеңейту үшін меңгеру қазір заман талабына айналды.

Мемлекетіміздегі маңызды бағыттарының бірі - заман талабына сай бәсекеге қабілетті, бірнеше тіл білетін білікті мамандар даярлау.

Тілді үйрету аса күрделі ізденісті қажет етеді. Оқушыларға үйретуде жақсы жетістіктерге жету үшін, біріншіден, пәнді үйрету, ғылым негіздерімен қаруландыру, екіншіден, саналы, мазмұнды бағдарлама мен оқулықтар, үшіншіден, әрі тиімді, әрі пайдалы инновациялық технологияларды пайдалана білу керек. Сонда ғана оқушы бойындағы тілге деген қызығушылықты арттыра аламыз.

Кез-келген ел үшін біліммен қаруланған ұрпағының өз туған тіліне деген құрметі мен сүйіспеншілігін жоймауы маңызды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бір сөзінде: «Ел мен үшін не істей алады?» деп сұрамаңыз, «Ел­ үшін өзім не істей аламын?» деп сұраңыз» деген еді. Ендеше, әр қазақ­стан­дық, алдымен өзіміз, осы сұрақты өзімізге қойып, жауа­бын тауып, тегіс қазақ тілінде сөй­леуіміз қажет. Сонда ғана қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналады деп сенемін.

Ағылшынша сөйлеу үшін тілдік орта жоқ болса да, жастар тез үйреніп алып, керемет сөйлейді. Ешқандай тілдік кедергі жоқ. Менің ойымша шетел тілін үйрену әдістемесін қазақ тілін үйренуде, оқулықтар шығарған кезде де қолдануымыз керек.

Ұқсас материалдар