Жаңалықтар

Астанада өзбек мәдениеті мен тілі дәріптелді

Астанада өзбек мәдениеті мен тілі дәріптелді
01.12.2018 02:33 3680

Бүгін Астана қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «Астана қаласы өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Қазақстандағы Өзбекстан жылының қорытындылануы аясында өзбек мәдениеті мен тілі күні өтті.

Іс-шараға Астана қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясының Хатшылығы, Қазақстан Республикасындағы Өзбекстан Республикасының Елшілігі, дипломатикалық корпустың өкілдері, ҚХА мүшелері, қоғам қайраткерлері, этномәдени және жастар бірлестіктерінің өкілдері, Елорда тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатов: «Бүгін шығыс мәдениетін таныту және оған қызығушылық қалыптастыру және Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ұлтаралық келісім мен қазақстандық патриотизмге негізделген қоғамдық сананы жаңғырту бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында, соның ішінде ең басты себеп – ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай ауқымды іс-шара өткізіп жатырмыз.

Бұл күні Елорда тұрғындары мен қонақтары өзбек мәдениетімен, өзбек этносының тарихи мұрасымен, шығыс қонақжайлығымен, ұлттық тағам – палауды дайындау әдісімен және ұлттық салт-дәстүрлерімізбен, ойындарымызбен танысатын болады.

Бүгінгі іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуы – орталық ұжымының бірлігі мен еңбекқорлығының нәтижесі деп білемін», – деді.

Мерекелік іс-шара Түркістаннан келген өзбек ұлттық аспаптарының ансамбілінің әсем әуездерімен басталып, жиылған қауымның назарына тақырыптық көрме таныстырылды.

«Жарасым» Республикалық жастар ұйымының төрағасы Тимур Жұмырбаев: «ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесінде аталмыш іс-шараның өтуі кездейсоқ емес. Осы күндері Қазақстандағы Өзбекстан жылын қорытындылау іс-шаралары өткізіліп жатыр. Бір айта кетерлігі, жыл бойы мазмұнды, мағыналы, салиқалы іс-шаралар көптеп өткізілді. Ең бастысы, ұлтаралық татулық пен бауырластық сыйластық бұрынғыдан да нығайды.

Екі елдің арасында бірлескен жобалар құрылды, білім беру бағдарламалары іске асырылды. Университеттер арасында ынтымақтастық пен серіктестік жұмыстары жалғастырылды. Мысалы, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Өзбекстан Елшілігі өзбек авторларының шығармаларынан тұратын кітап көрмесін  ұйымдастырды. Көрмедегі кітаптың саны өте көп болды. Жалпы жылды қорытындылайтын болсақ, оны өте сәтті өтіп жатыр деп айтар едім.

Бәріміз куә болып, тамашалауға келген мына іс-шара да әдеттегідей жоғары деңгейде өтеді деп сенемін. Өйткені өзбек этномәдени орталығының мүшелері ұйымдастырған іс-шаралардың барлығын жандандырып жібереді», – деп ризашылығын білдірді.

Айтқандай-ақ, мерекенің салтанаты келісті болуына үлесін қосып жүрген бірқатар тұлғаларға «Дустлик» өзбек этномәдени бірлестігі Қауымдастығының төрағасы И. Хашимжанов Жамбыл облысының өзбек этномәдени орталығының төрағасы Бахром Муминовке, Қауымдастық төрағасының орынбасары Хасан Шариповке, Астана қаласының орталықтағы ақсақалдар кеңесінің мүшесі Шамухтар Шаюнусовке, Атырау өзбек этномәдени орталығының төрағасы Акмал Амировке, Қызылорда этномәдени орталығының төрағасы Кахар Дадашевке мерекелік төсбелгісін тақты.

«Биылғы жылы Қазақстандағы Өзбекстан жылының өтуіне белсене атсалысқан азаматтарды шын жүректен құттықтаймын! Әлі де еліміздің бейбітшілігін сақтау және қоғамдық келісімнің нығайуына талмай еңбек ететіндеріңізге сенімдімін. Сіздердің игілікті істеріңіз көпке үлгі. Сондықтан да біздің этносты танытуда көшбасшы болуларыңызға тілектеспін», – деп, марапат соңында алғысын білдірді И. Хашимжанов.

Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының Хатшылық меңгерушісі Ләззат Құсайынова өз кезегінде жиналған қауымды мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдіре келе, «Өзбек этномәдени орталығы тек Астанада ғана емес, еліміздің барлық өңірінде жұмысын жоғары деңгейде атқарып жатыр. Менің бір байқағаным, орталық мүшелері өздеріне жүктелген міндетке үлкен жауапкершілікпен қарайды. Барлық іс-шараларын жандарын беріп ұйымдастырады. Бұл қасиеттері сүйсінуге тұрарлық», – деді ол.

Салтанатты бөлімнен кейін қонақтарға сәлем салу дәстүрі көрсетіліп, ұлттық тағамдардың жасалу әдістері таныстырылды. Кішкентай бүлдіршіндер ойындар ойнап, қыз балалардың бұрымдарын өруде ұлттық ерекшелігі көрсетілді.

Думан шығармашылық ұжымның өнер көрсетуіне ұласып, артынша қонақтарға палау үлестірілді. Дәмнен ауыз тиген қонақтар дән ризашылығын білдірісіп жатты.

Шығармашылық ұжымдардың еңбегі бағаланып, «Согдиона» халық фольклорлық ансамбіліне, «Рапсодия» би ұжымына, сондай-ақ Түркістандық «Садо» ұлттық аспаптар, «Астана Ғунчалари» ансамбіліне, өзбек орталығының жексенбілік мектебінің өнерпаздарына Астана қаласының Қазақстан халқы ассамблеясының және орталықтың Алғыс хаттары табыс етілді.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға