Жаңалықтар

Қарағандылық полицейлер қазақ тілін қаншалықты меңгергендіктерін сынады

Қарағандылық полицейлер қазақ тілін қаншалықты меңгергендіктерін сынады
30.03.2019 12:59 2558

Қарағанды облыстық полиция Департаментінде «Толерантты тілдік орта – рухани жаңғыру негізі» атты форум өтті.

Басқосуға облыстың барлық ІІБ бөлімшелеріндегі этнос өкілдерінің белсенді полицейлері қатысты. Шара қатысушылары сөздерін мемлекеттік тілде дайындап, өз мамандықтарын, өмір сүру салтын, сондай-ақ күнделікті жұмыс барысында мемлекеттік тілді дамыту үшін ұстанатын позициялары жайлы сөз қозғады. 

Форумды ашқан Қарағанды ​​облысының полиция Департаменті бастығының орынбасары Қайыркен Әлиев: «2011-2020 жылдарға арналған тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы тіл үйренуге ниеті бар жан үшін  барлық мүмкіндіктерге жол ашады. Ал біз, Қарағанды ​​облысының полиция басқармасы, осы бағдарламаны іске асыруға белсенді түрде атсалысып келеміз», - деді.

Шараның қонақтары осындай іс-шаралардың маңыздылығын атап көрсете отырып, келешекте бірлесіп жұмыс істеуді және ішкі істер органы қызметкерлеріне мемлекеттік тілді тегін үйретуді ұсынды.

Мемлекеттік тілді қазақи, тіл байлығы жоғары, жұмысында да, отбасында да қазақ тілін еркін қолданатын жандардың ортасында жүріп үйрену әлдеқайда жеңіл дейді шараға қатысушы полицейлер.

Форум барысында Департаменттің шығармашылық ұжымы мен шақырылған әртістер патриоттық әндер шырқап, ұлттық аспаптарда ойнады. Шараға шақырту алған №21 кадет орта мектебінің оқушылары этнос өкілдері полиция қызметкерлерінің мемлекеттік тілде еркін сөйлеуі мен біліктіліктеріне таңданыстарын жасыра алмады.

Ардагер полицей Гюлаға Рзаев өз сөзінде: «Тіл саясатын жүргізу Қазақстандағы азаматтық келісімнің дамуына, біздің елімізде тұратын әртүрлі ұлт өкілдерінің арасындағы достықты нығайтуға, тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтауға септігін тигізеді», - деді.


Ал, полиция қызметкері, Бұхар Жырау ауданының полиция бөлімінің көмекшісі Дмитрий Абермет - неміс ұлтының азаматы, соған қарамастан ол: «Біздің отбасында қазақ тілі ерекше маңызға ие, себебі мен де, жұбайым да қазақ жерінде туғанбыз, сол себептен отбасында мемлекеттік тілде сөйлесеміз. Тіпті балаларды да  қазақ мектебіне бердік», - дейді.

Басқа мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары секілді, Қазақстан халқы Ассамблеясы да азаматтарды ұлтына, басқа да ерекшеліктеріне бөлмейтін, заң алдындағы тең мүмкіндіктер қоғамын құруды қолдайды. Осы себептен  бүгінде Қарағанды облысы Қазақстан халқы ассамблеясы мен  полиция Департаменті бірлесіп ортақ жұмыстар жасауда. Оған дәлел - 2019-2020 жылдарға арналған этносаралық келісім мен әлеуметтік тұрақтылықты нығайту жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарының бекітілуі.

Қазіргі күні Қазақстан халқы Ассамблеясының алдында ұлтаралық қатынастар ғана емес, сондай ақ елдің тұрақтылығы мен дамуын қолдау үшін барлық әлеуметтік күштерді, азаматтық қоғам институттарын, ғылым мен мәдениетті нығайту міндеті тұр. Жалпы алғанда, бірлескен іс-шаралар толеранттылықты арттыру, көпұлтты қоғамда жұмыс дағдыларын дамыту, ел азаматтарының қауіпсіз және бейбіт өмір сүруіне бағытталған.

Айта кетейік, бүгінде облыстың ішкі істер органдарының қатарында шамамен 20-ға тарта этнос өкілі жұмыс істейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға