Жаңалықтар

Журналистер — футболшыға айналған күн

Журналистер күні Астанада ерекше атап өтілді
Журналистер — футболшыға айналған күн
26.06.2017 14:08 3254

28 маусым байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында Астанада ерекше спорттық іс-шара өтті. Астана әкімдігінің ұйымдастыруымен БАҚ өкілдері жасыл алаңда бас қосып, шағын футболдан жарысқа түсті. Жыл сайын ұйымдастырылатын шағын футболдан қала әкімінің Кубогына осы жылы 13 команда қатысты. 

Қайрат Қамбаров, Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары:

— Шағын футболдан турнир бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері арасында кәсіби қарым-қатынасты нығайту, салауатты өмір салтын насиxаттау футбол секілді спорт түріне өскелең ұрпақты баулу мақсатында өткізіледі.

Турнирдің бас төрешісі Даулет Хамзин жарыстың кәсіби деңгейде өткендігін атап өтті. Ол тілшілерден мұндай кәсіби ойынды күтпегенін айтып, таңғалысын жасырмады.

Даулет Хамзин, бас төреші:

— Жыл сайынғы турнир биыл 13 команда арасында өтті, жеребе салу бойынша 4 топқа бөлінді. Командалар алдымен топтық кезеңде ойнап, кейін плей-офф деңгейіне көшті. Ойын барысында БАҚ өкілдері арасынан "Хабар" телеарнасының командасы жақсы нәтиже көрсетіп, алға шықты. Сондай-ақ "Қазақ радиосының" командасы қызықты тартыста турнирдің жеңімпазы атанды. Ала допты соғуда шеберлік танытқан "Елорда Ақпарат" командасы да ерекшелене білді. Төреші болған соң, ойынның әділ өтуіне ерекше көңіл бөлуге тырыстым. БАҚ өкілдері арасында жыл сайын өткізілетін турнирге 9-шы рет төрешілік етіп отырмын. Халық пен билік арасында көпір болып жүрген журналистердің ерекше еңбегін, қызметін атап өткім келеді. Сіздер арқылы елімізде, әлемде болып жатқан оқиғаларға қанық болып, ақпар аламыз. Осы тұста сіздерді алдағы кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, ойынды қызықты әрі тартысты өткізгендеріңіз үшін раxметімді айтамын.

Турнирдің қорытындысы бойынша 3-ші орынды "Хабар" телеарнасы, 2-ші орынды "Қазақ радиосы" алса, 1-ші жүлделі орынға Республикалық " Егемен Қазақстан" газеті ие болды.

Эльвира Жүргенбаева, Астана қаласы әкімдігінің баспасөз-xатшысы:

- Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің кәсіби мерекесі қарсаңында біз арнайы турнир ұйымдастырдық. Тіршіліктің қайнаған ортасында жүретін журналистердің қоғамға беретін пайдасы зор. Бүгінгі күні олардың тек өз саласында ғана емес спортта да жоғары нәтиже көрсетіп отырғанына көзіміз жетті. Астана қаласы әкімдігі атынан келе жатқан кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілейміз.

Турнирдің жеңімпаздары атанған командалар әкімнің кубогімен, медальдармен, диплом және құнды сыйлықтармен марапатталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға