Сұлтанбек Қожановтың отаншылдық мақалалары

01.10.2017 4438

Қара басының қамын емес ұлт мүддесін ойлаған азамат

Елбасы Н.Назарбаев 2016 жылы «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақала жариялады. Яғни, 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам – ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды. Осы мақаланың 87 қадамы ел тарихы мен мәдениетін таныстыру болып көрсетілген. Еліміздің ХХ ғасырдың бас кезінде қоғамда қандай мәселелер болды? Олар баспасөз бетінде жарияланды ма? Қазақ газеттерінде Сұлтанбек Қожановтың қандай мақалалары жарияланды? Осы және де басқа сұрақтарды ңжауабын осы мақалада табуға тырысамыз.

Сұлтанбектің «Бірлік туындағы» тұңғыш туындысы – «Қайтейін?» деп аталады. Өлеңнің сол тұстағы толқымалы оқиғалармен тууы мерзімдес, табиғаты мінездес. Сұлтанбектің көңіл күйінде дауылдан кейінгі дүрелеңнің салқыны сезіледі. Өйткені, Ахметше айтқанда, «Қазақтарға Ақпан төңкерісі қаншалықты түсінікті болса, Қазан төңкерісі соншалықты түсініксіз көрінді».  Ақырында адал ой адасулы, ақ көңіл ақсаулы... Қол қорқақ, еңбек еш... «Бос жүріп, байлаулыдан бес бетермін» деп бордай езілу де бар... Сондықтан сергелдеңді сананың жалғыз жүгінері – сұрау, сұрау, тағы да сұрау...

Жүсіпбек Аймауытұлының: «Қазақ жазушылары, ақындары төңкеріске жолдан қосылды. Бір қанаты төңкеріс рухымен суарылса, екіншісі ұлтшылдықпен суарылып қалған» деген пікірі бойынша жоғары сипаттағы өлең, сөз жоқ, екінші қанаттағылардың еншісіне қосулы. Олай болса, Сұлтанбек те «ұлтшылдықпен суарылып қалған» санаткерлердің қатарында. Бұл мәселе оның туындыларына да соңыра әжептеуір әсерін тигізіп, әртүрлі әуреге түсірді.

Кей кезде жалпының кілтипаны – жалқыда, жұртшылықтың кілті – жалғызда. Сұлтанбектің «Бірлік туындағы» санаулы мақаласы да – теңіздің дәмінен дерек беретін тамшы іспетті. Енді сол мәселені қарастыралық.

Алашшыл пікірге ұйыған Сұлтанбек Қожанұлы өзінің «Түркістанда орыс съездері» атты мақаласын / «Бірлік туы». 29 қаңтар/ төмендегіше тиектейді: «Өткен жылғы ноябрь басынан бері қарай Түркістан аймағының билігін большевиктер партиясы зорлықпен қолдарына алып, өз үкімін жүргізіп, өз айтқанын қылдырып тұр... «Тоқпағы болса киіз қазық жерге енеді» деген осы-дағы».

Әңгімені осындай ашық пікір, анық пайымнан бастаған автор көзбен көргендерін, көңілмен күрегендерін бір қазыққа байлайды. Сол қазық – большевиктердің әділетсіздігі. Автордың айғағынша, бұл әділетсіздік талас-тартысты, мәнді-маңызды басқосулардың басында большевиктердің қимылы мен құлығынан анық белгі берген, сөйтіп жергілікті жұрттың қарсылығын қоздырған. Мысалы, кедей-кепшілігі мен бай-бағланы бірдей қатысқан мұсылмандар жиындарына олардың берген бағасы: «Бұл болған съездердің барлығы да байлардікі. Ішінде кедейлер болса, көбі – байлардың қасы мен қабағына қарағандар», - дегенге сайса, тәуелсіздік туралы тілектерді: «Автономияны Түркістанның байлары мен молларлары ғана істеп тұр. Кедейлердің қатысы жоқ – олар біздің жақта. Соның үшін біз бұл автономияны танымаймыз... Бұл – кедейлердің байлардан жалтақтап етіп жүрген ісі. Онан басқа, шын кедейлер бұл сөзді айтпайды», - деп тоқтатқандығы танылады. Сұлтанбектің суреттеуінше, большевиктердің істері де басбұзарлықпен іліктес. «Большевиктер «әуелі мұсылмандар көңілін аулап, өздеріне қаратып аударуға тырысып еді. Мұнан іс шығара алмады», - деп жазады ол, - Мұылмандарды тұзағына түсіре алмаған соң, крестьяндарды алдап-сулап, бір жағынан абай-құқай қылып қорқытып, керекті-керекті істерін бітіріп алып, бөліне сөйлер-ау деген күмәнді жерге келгенде, оларды да итермелеп шығарып жіберді».

Мұндай жандәрмен мақаланың жазылуы кездейсоқтыққа жатпайды. Өйткені, «Орталықта болған Қазан төңкерісінің шеруі ұлан –байтақ Қазақстан жерінде адам айтқысыз таптық зорлық-зомбылық жолмен жүрді». Ендеше, Сұлтанбектің сөз соңында: «Мұсылмандар, басқа Түркістан қамын жеген балалары, қайдасыз?! Айтарыңыз бар ма, болмаса жұмған ауыздарыңызды ашпай қала бересіз бе?!» - деп қамығуы да құлаққа қонымды.

Бірақ Қожанұлы жай баяндауға, жалпылама байыптауға байыздап алмайды. Ол большевиктердің басасаулығының түп-төркінін тәптішмек ниетпен «Өзіміздің большевиксінгендерге» деп аталатын адресаты айқын, теориялық тұрғыдағы мақаласын жазып-жариялатады. / «Бірлік туы». 1918. 20-28 ақпан/. Мұндағы мақсаты – большевиктердің берекесіздіктеріне  жұртшылықтың көзін жеткізіп, көңілін жиренту. Сол үшін бірінші бейнелейтіні – дәуір дидары:

«Осы күні Русия мемлекетін бір үлкен ауру әлсіретіп отыр. Бұл аурудың шын аты – надандық, өтірік аты – болшеуизм / большевиктік/. ...Русияның бүгінде қандай күйде тұрғаны көзі бар адам түгіл, соқырға да аян. Ол мынау аурудың салдарынан есінен түгел айырылған жынды мысалында өз қанын өзі ішіп, өз етін өзі жеп жатыр. Ол бүгінде бұрынғы Руссия емес. Оның қашаннан бері тырнақтап жиып, еңбектеп терген барлы-жоқты байлығы, азды-көпті мәдениеті тозаңдай тозып, судай төгіліп жатыр».

Одан соң автор «адамзаттың негізгі арманы – тіршілігін көркейтіп, тұрмысын қызықты жасау» деген ойды оқшаулап; жарлысы мен байы тең, жабысы мен тайы тең» қоғамды құрудағы саяси тәртіптің салмағын таразылайды. Жұртшылықтың жөн-жобасына, жол-жоспарына ұйытқы бөлігі – партиялар. Солардың бірі – большевизмді балалатқан социал-демократтар партиясы. Сұлтанбек ол туралы ойын: «Социал-демократ партиясы – Еуропада туған партия. Сол себепті оның програмы да Еуропаның тіршілігіне үйлесімді етіп жасалған», - деп түйіп, қазаққа қатысты алғанда: «Еуропаның буржуазиясы мен пролетариатын біздегі мың жылқылы бай мен жалғыз тұяғы жоқ кедейге ұқсатуға болмайды», - деп тұжырады. Демек, көсемсөзшінің көзқарасынша социал-демократиялық идея Еуропадан Ресейге, одан қазақ қауымына ауып-адасып, бұзылып-бұрмаланып келіп, тіршілікке үйлесімсіздігінен үркіншілікке, сәйкессіздігінен сергелдеңге ұшырап отыр. Қаламгер қантөгіске, қатыгездікке, қараңғылыққа қарсы; билік жолын бейбіт жағдайда шешуді жақтайды. Шарттары шикі өзгерістерге өлерменділікпен ұмсынып-ұмтылу – «айы жетпеген баланы асығыс дүниеге шығарамын деген сықылды ақымақтық». Және байлығы арзымаған, білімді-біліктісі аз ел – «Руссияда осы күні халықтың бәрінің тегіс құрдас болуы мүмкін болса, бәрі де бірдей қу кедей болып құрдас болады».

Большевиктердің аяқ алысын білдіретін астыртын әрекеттерін Сұлтанбек былай әшкерелейді: «Олардың Троцкий дегені жақында бір сөйлеген сөзінде бұл үлкен өзгерісті Русияда тәжірибе /опыт/ қылып қарайық деп жүрміз дегенді айтты. Олардың нағыз шын ниеттері сол екені рас. Олар Руссияға оның қонбайтынын білсе де, «әйтеуір бір тәжірибе болсын – неміз кетеді» деген ойда жүр. Соның үшін Руссияға шын жаны ашыған, анық халық азаматтары бұл іске жан-тәндерімен қарсы».

Жалпы, Сұлтанбектің мысалға алынған мақалаларында от басының ойбайы емес – отаншылдық, беталды бөспелік емес – барлау, күйкі, көрсоқырлық емес – көрегенділік бар. Әрине, текетірес тұстарға тән күлбілтесіз кесіп айту, астарсыз ашып айту, ара-арасында дұшпанына ащылап-асырыңқырап, досына тұщылап-тасырыңқырап сөйлеу дегендерден қызу қанды қайраткер-қаламгердің сөз сілтесі ада-күде таза дей алмаймыз. Себебі, адам баласы – өзі өмір сүрген кезеңнің жақсысы мен жаманын бойға бірдей сіңіретін жанды көшірмесі. Кемістік-кемшіліксіз кісі болмайтыны - аксиома.

Сұлтанбек «Жақындық па, жалақорлық па?» атты айтыс мақаласыда /1924, 3 сәуір. No421/ мақаласында Сәкенмен және Сәбитпен ой ұстастырады. «Еңбекшіл қазақтың» фебральдің 19-ында шыққан 68-інші санында «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы» деген таң қаларлық бір мақала жазылды. «Жазушысы – Төңкерісұлы Сәбит», «айтушысы – Сәкен жолдас» деп мақаланың басына біреуінің, аяғына біреуінің аты жазылған», - деп сөзін сабақтаған соң, ол ә дегеннен мына мәселені анықтауды сұрайды: «Бұл мақала кімдікі? Бұл мақалада айтылған тарихқа қарсы «тарих» пікірлерге кім жауапкер?» Жалпы, Сұлтанбектің мақаласының бір ерекшелігі – басынан аяғына дейін сегіз бөлікке сараланып-салаланған түйінді-түйінді сауалдардан тұратындығында. Мұның себебі де бар екен. Өйткені Сұлтанбек мақаласын: «Осы сұрауларға иә лекция оқыған Сәкен, иә көшіруші «Төңкерісұлы», иә мақаланы басып отырған «Еңбекші қазақ» басқармасы берген жауабына қарай әдебиет тарихы һәм әдебиетшілерді жайынан білгенімізді ортаға салмақпыз», - деп аяқтапты. Оның ойынша, «тарих деген – ақын емес, адамдар да үдесіне шығып, түсінігін жалдауға болатын майдан». Сондықтан Сәкен лекциясының «дәні» ғана терілмей, түбірі толық ашылып, жауап жазылған жағдайда Сұлтанбек өзі хабардар тарихи мағұлматтарды талқыға ұсынатынын айтыпты. Әзірше, оның кеңінен толғап, көлденең тартып отырған нәрсесі- сұрақтар.

Абзалы, тарих таразы басын тең ұстағанды ұнатады. Неге десеңіз, жартыкеш тарих – жалған тарих. Бір аяғын балдақ ауыстырған ақсақ тарих алысқа ұзамайды. Жығылады – жұдырық жейді. Бұл да – дәлел дәметпейтін ақжем ақиқат. Ендеше арамыздан аластатып, шежіремізден шеттетіліп келген, бірақ бұрын болған ой-қазынаны ортамызға қайтару өзімізге де, өмірімізге де қажет. Осы тұрғыдан ойлағанда Сұлтанбектің және оның серіктерінің жабулы жатқан сөзсандықтарын қалай ақтармай қаламыз?.. Олар жазған жайттардың көбін большевиктік басылым – «Правданың» өзі мансұқтай алмай, мойындаған.

Осындай қайғы-қасірет пен жоқтық-жетімсіздіктің үстіне де алдауға, арсыздыққа, ақымақтыққа тоқтам-тыйым табылмағанын автор ашына айтады. Аштарға көмекші азық-түлік комитетінің өз арасынан алаяқтар шыққандығына шіміркенеді. Сондай-ақ, «Бұған дейін азық комитетінің ағзаларының ішінде қазақтан да, сарттан да бар еді. Бұл уақытта комитетте орыс болып, азық ісі түгел  қолынан өтіп тұр», - деп, ұлт әңгімесін ұмытпайды.

Бір байқалатыны, Сұлтанбектер мақалалар жазумен ғана шектелмей, ізгілікті істерге кірісіп кеткен. «Бірлік туы» басқармасының ұйғарымымен өздерінің аштарға жәрдем комитетін ұйымдастырып, соның атынан асхана ашқан. Сөйтіп, қаншама адамды қазадан құтқарған.

Сайып келгенде, Сұлтанбектің қаламгерлік қызметі Түркістанның жергілікті жұрттарының арман-аңсары мен талап-тілегін діңгек еткен «Бірлік туы» басылымының аясында баянды бастау алды. Өкінішке қарай, азамат соғысы адуындатқан асыра сілтеу, аяусыз сілкілеу саясаты ұлт ұранын асқақтатқан алашордашылардың мемлекет майданынан да, мәдениет мәселесінен де бірте-бірте табанын тайдырды, жолын жапты. Олардың баяғыдан бергі имандай ұйыған идеялының күлпаршасы шығып күйреді. Дәйек таппай, дағдарысқа түсті. Кеңес пен Колчактың кескілескен кер заманы қазақ қоғамын іштей ірітіп, сырттай сансыратты. Екіге тіліп, есінен тандырды. Тірексіз, тұрақсыз ел берекесі қашып, босып кетті.

Сұлтанбек Қожанұлы «Ақ жол» газетіне мақалаларын көбіне «Тоқпақ» деген лақап атпен жариялап отырған. Оған мына мақаласы дәлел болмақ:

Қармақшы мектебі

Біздің Қармақшыдан қазақ мектебі ашылғанына 3 айдан асты. Сонан бері ешбір оқытылған оқу жоқ. Балалар келеді де, тоңып қайта кетеді. Мұғалімдері болса, биылғы Шымкенттегі қысқа уақыттық курстан оқып шыққан «жігерлі» жастарымыз. Бұлардың қолдарындағы куәнамасымен мұғалім деген аттары болмаса, бітірген істері, оқытқан оқулары шамалы.

Оқу бөліміне келсек, мұны қайғыртып халықтың көзін ашып, іс көрсетейін деп отырған олар жоқ. Басында отырған мырзаға мұғалімдер келіп, «Тақсыр! 10-15 күнге үйге барып келетін жұмысымыз бар еді, рұқсат берсеңіз екен» десе «тақсыр» дескен атаққа мәз болып, «бара ғой» дейді. Балалардың оқуы  мектептің отынымен жұмысы болмайды.

Интернаттағы балалардың халіне келсек, олар тіпті аянышты. Киім жоқ, тамақ жоқ, отын жоқ, далаға шығып дәрет те сындыра алмайды. Бұл туралы оқу бөліміне балалар барып арыз айтса, «бара тұрыңдар» деген жауап алады.

Біз екі мәрте Ташкентке өкіл жібердік. Біз Қазалы оқу бөлімінен шығып Ташкентке қарасақ екен деп. Ол қабыл етілмеген.

Енді бұл кемшіліктерге көз салынып, біздің Қармақшыдағы мектептерді орыс мектебіндей қатарға алса екен деген үміттеміз.

Тоқпақ

«Ақ жол», №15, Жексенбі, 16 январь, 1921 жыл.

Қазақ халқының тарихында ХХ ғасырдың алғашқы жартысы ең бір аласапыранды, дауылы мен дүрбелеңі, нәубеті мен қиянаты бір толастамаған дәуір болды. Қандай қиындықты бастан кешірмесін, зұлмат пен зобалаңға мойымаған халқымыз ілгері ұмтылды, бостандыққа жететін күнді күтті, үміт үзбеді.  

Алаш туы астында,

Алаш деген ел үшін.

Сарыарқаның жері үшін,

Бостандық берген ер үшін,

Төгілсін біздің қанымыз!

Аялмасын барымыз!

Жасасын, Алаш, жасасын! (С.Торайғыров), - деп ғұмыр кешті. Алаш үшін жан берген, қапыда қаза тапқан тұлғаның бірі арда туған алаштың азаматы, сайыпқыран Сұлтанбек Қожанұлы еді. Қайталанбас қайраткер тұлға жайында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев: «Сұлтанбек Қожанов жоғары мәдениетті тұлға еді, Түркістанда ішкі істер, ағарту, жер істері наркоматтарын басқарды, «Ақ жол» газетінің алғашқы бас редакторы болды, қазақ халқының ұлттық санасын көтеруде көп жұмыстар атқарды, ұлт мәдениетін алға сүйреп, ғалымдардың, ғылым мен мәдениет қайраткерлерінің тірегі бола білді», - деп аса бір ілтипатпен еске алды.

Біздің мақсат С.Қожанұлының қазақ баспасөзі саласындағы сіңірген еңбегі жайында, публицист ретінде сан алуан мақалалар жариялап, замана лебіне дер кезінде сергек үн қатып мол дүниелер жариялап отыруы қайраткердің жаңа бір қырын танытады. Жазушы әрі публицист Қожанұлының осы саладағы еңбектері жайында айтпас бұрын аз-кем шегініспен өткен тарихқа шолу жасап көрсек.

Қазақ руханиятының тарихында ерекше орын алатын құндылықтардың бірі әрі бірегейі қазақ баспасөзі болды десек қателеспейміз. ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде Ташкент, Омбы қалаларында жарық көрген «Түркістан уалаятының газеті», «Дала уалаятының газеті» сияқты газеттер патша үкіметінің ресми органы бола тұра мәдени мұрамызды насихаттауда, халық санасына сәуле түсіруде ерекше роль атқарды. ХХ ғасырдың бас кезінде бұл дәстүр жалғасын тапты. «Қазақ» (Троицк), «Қазақстан» (Орда), «Сарыарқа» (Семей), «Үш жүз» (Петропавл), «Бірлік туы» (Ташкент) газеттері жарыққа шықты. Осылардың ішіндегі Троицкідегі демократиялық бағытта болған «Айқап» журналының шығуы (1911-1915) Қазақстандағы қоғамдық-саяси ой-сананың күрт өзгергендігінің жарқын белгісі болды. Оның редакторы – М.Сералин еді. Журналдың ағартушылық бағытына 1909 жылы Петербургте басылып шыққан Абай өлеңдерінің әсері тиген болатын. «Айқап» журналы сияқты ой-санаға өлшеусіз қызмет еткен атақты Ахаңның, А.Байтұрсыновтың «Қазақ газеті» болды (1913-1918).

Ғасыр басындағы дауылды жылдар, дүрбелеңі көп төңкерістер жаңа кеңес қоғамын құрды. Билік басына большевиктер келді. Бұл қоғамға да газет керек болды. Ұлт ұстазы Ахаң (А.Байтұрсынов) айтқан «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі», - дейтін даналық қағиданың тарихи мәнін түсінген кеңес үкіметі баспасөзге үлкен мән берді. Алаш баласын бостандыққа, теңдікке шақырған, ізгі идеяларын жүзеге асыру үшін аянбай күрескен, сол жолда көп жапа шеккен ол кеңестік қоғамға да адал қызмет етті. Туған елін шексіз сүйген ол осы кезеңде жазған мақалаларының бірінде: «Көбінесе мәдениеті төмен жұрт ақкөңіл, анайы келеді. Сондықтан да мәдениеті жоғары жұртпен араласқан жерде алдауына, арбауына түсіп жем болады. ...Ол жем болудан мәдениеті жетілгенше құтылмайды, мәдениет қуатымен құтылады», - деп көрсеткен болатын.

Кеңес қоғамы алғашқы жылдары Ташкент қаласында жарық көрген «Ақ жол» газеті – Қазақстанның қоғамдық-саяси ойының және мәдени-ағарту ісінің дамуына ықпал еткен газет.

Газет 1920-1925 жылдары Ташкентте Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің органы ретінде шығарылды. Алғашқы редакторы – С.Қожанұлы. Кейін газет шығарушы, редакторларының ішінде Н.Төреқұлов, С.Оспанов, И.Тоқтыбаев т.б болды. Газет жұмысына М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Х.Досмұхамедов, І.Жансүгіров, А.Байтұрсынов, Б.Сүлеев, Т.Шонанов,  т.б қазақ зиялыларының үлкен шоғыры белсене араласты.

1920 жылдардан бастап ел тарихында белгілі жазушы Ғ.Мұстафин шығармасына арқау болғандай «Дауылдан кейінгі» тыныштық, аз-кем теңдік орнады. Аласапыран жылдардағы қантөгістен, аштықтан шаршаған халықтың тереңнен демалып, тынышқтық орнағанына сенер-сенбесін білмей дағдарыста болған кезі еді. Кеңес үкімет жан-жақпен дипломатиялық байланыс орнатып, шекарасын шегендеп дегендей әрекеттерде болғандықтан, ішкі мәселеге аса араласа қоймады, бір сөзбен айтқанда аяққа тұсау, ауызға қақпақ қойыла қоймаған уақыт болды. Сонымен қатар әрісі Мәскеу, берісі Орынбор, сондай-ақ, кеңес билігі ертерек үстемдік еткен Семей, Қарқаралы, Орал, т.б қалаларға қарағанда Ташкентте алаш идеясымен қаруланған рух елесі әлі де болса өмір сүруін жалғастыруда болатын. Дәл осы кезеңде қайраткер Қожанұлының, т.б тұлғалардың араласуымен «Ақ жол» газеті дүниеге келді.

Публицист Сұлтанбек Қожанұлының көсемсөздері жайында, дәлірек айтқанда осы көсемсөздердегі елдік әңгімелерді, ұлт басына төніп тұрған нәубеттерді көріп, қарлығаштың қанатымен су сепкендей әрекеттер «шүлен көже» таратып қоймай, қалам қуатымен де сол кезеңдегі тығырықтан шығатын жол іздеген жанашыр жанның жан айқайын бүгінгі оқырманға жеткізіп, жеткізіп қана қоймай, ой ортақтастырғанды жөн санадық. «Түркістанда орыс сиездері» деп аталатын аса көлемді мақаласы «Бірлік туы» газетінде (№21, 29.01.1918) жарияланыпты. «Өткен жылы ноябрь басынан бері қарай Түркістан аймағының билігін болшеуиктер партиясы зорлықпен қолдарына алып, өз үкімін жүргізіп, өз айтқанын қылдырып тұр» деп басталатын мақалада тарихи шындық атойлап тұр, біз ойлағандай халық қолдауына сүйеніп, еңбекші елдің жоғын жоқтап орнады дейтін болшеуиктер партиясының тірлігіне сын көзбен қарап, бағалауда. Түркістан өлкесіндегі ушығып тұрған саяси жағдайдың шынайы болмысын сөз соңында келесі бір сұрау белгілерімен аяқтайды: «Түркістан аймағының мұсылманы бар, басқа халықтары бар, бұларды (болшеуиктерді меңзеп отыр) қаңтардағы бурадай ауыздарынан көбіктерін ағызып, сақылдатып қоя ма, жоқ болмаса бір нәрсе дей ме, оны келешек көрсетер». Одан әрі жүре түзеліп кетер деген автономияның бұл әрекетіне қатты қапа екенін және Түркістан қамын жеген қазақ балаларының осы күйде аузын ашпай отыра бермеуін сұрайды. Билік басына келген болшеуиктердің алғашқы жылдарының өзінде осылайша теңдік орнына зорлық күшін орнатып, қаңтардағы бурадай аузы көпіріп келе жатқаны авторды қатты алаңдатады. Зорлықпен орнаған үкіметтің қатыгездігі, нәтижесінде халық мүддесінің аяққа тапталуы көп уақыт өтпей-ақ қандай күйге душар еткенін оның «Түркістаннан» деп аталатын келесі мақаласында тайға таңба басқандай суреттеледі. «Түркістан ауданының қазақтарының жайы күн санап төмендеп келіп, осы уақытта тым-ақ жаман болып тұр. Жұрт харап болуға айналды. Көшелерде шұбырып жүрген аш қазақ. Екінің бірінің аштықтан көзі іскен, беті іскен. Ана жерде де, мына жерде де аштан өліп жатқан адам». Арман қарай оқи беруге жаның түршігеді. Қасиетті қалада аштан қырылып жатқандарды жинап алудың өзі қиындап бара жатқанын, астық жеткізу істерінен қазақтың шеттетіліп, орыс баласының қолына жеткен азықтың қалай талан-таражға түсіп жатқанына  жаны ауырған ол «қай жағынан қарағанда да, Түркістан һауасы қайғыға қалдырып тұр», - деп аһ ұрады. («Бірлік туы» №28, 9.01.1918). Аштық күні кешеге дейін жабық тақырып болды, там-тұмдап енді біліп жатқанымыз отызыншы жылдардағы жойқын нәубет, мына жазбалардан аңдағанымыз кеңес үкіметі келгеннен бастап халықтң аштық қамытын тастамай кигені.

«Жетісу мәселелері» («Ақ жол», №161, 12.04.1922) атты тақырыппен жарық көрген мақаланың өзіндік мәселелері жеткілікті. Сұлтекең (Тоқпақ, С.Қожанұлының псевдонимі) мәселені бірден төтесінен қояды, мәймөңкелеуді жаны сүймейді. Қазақ елінің ең бір есесі кеткен жері жерге байланысты болды, сол себепті де «Түркістанда қазақ-қырғыз кедейлерінің айырықша зорлық-зомбылықты көп кешірген жері – Жетісу облысы еді. Жетісу облысының жерінің барлығын келген орыстарға арнап қойып, керек уақытта кертіп алып бере-бере, қазақ-қырғыз халқының бара жер, басар тауы қалмай кетіп еді». Қазіргі ұрпақ ұлы суреткер М.Әуезовтің «Қилы заманы» арқылы жер жаннаты Жетісудағы  бұл қырғынды там-тұмдап біледі. Біздің пайымдауымызша, сол елдегі қанды қырғынды, яғни 1916 жылғы  қанына қарайған халықтың ашынып, отқа ұмтылған, ойранға түскен елдегі тарихи ащы  шындықтың алғашқылардың бірі болып С.Қожанұлы көтерді және көтеріп қана қоймай,  сол жәбір көрген халықтың теңдік алуы үшін, еліне, жеріне қайта оралып, түтін түтуі үшін күресті. «Ақ жол» (№234, 28.10.1922) тағы да «Тоқпақ» деген псевдоним атымен жарияланған «Бірлік керек, бірігуге жол керек» деген тақырыппен жарық көрген мақаласында да дәуір шындығы айна қатесіз баяндалады. Рухани әлемі бай, халық даналығын бойына сіңірген автордың «Бар барын айтады, жоқ зарын айтады» болып, Түркістан халқының ішінде әсіресе қырғыз-қазақ кедейлері зарын айтқаннан басқа лажы болмай, жаңа саясаттан айырықша таяқ жеп отыр» деген ойлары кеңес қоғамының біз біле бермейтін құпияларын қапысыз сипаттайтын тәрізді. Қазақ баласының көзі 1917 жылғы төңкерістен кейін ғана ашылып, теңдікке жетті деп түсіндіріп келген Кеңес қоғамының қолымен жасаған қиянаттарын баспасөз бетінде бұлайша ашық көрсету кез келген коммунистің қолынан келе берген жоқ. Мақалада осы күні де өзіміз күресіп, тия алмай келе жатқан бір індетті ерекше атап көрсетеді. Назар аударалық: «Әзіргі күндерде кеңес хүкіметі парақорлықты жою күресін жүргізіп отыр. Орыс хүкіметінің басқадан гөрі осы мінезі қырғыз-қазақ арасында мықтап орнаған еді». Қаржы полициясын құрып, (қазір аты өзгерді)  «сыбайлас жемқорлыққа қарсы» заң қабылдап жатқанымызда да тиылмай келе жатқан індеттің қайдан жұққанын Сұлтекең айта алған. Кеңес үкіметінің келбетіне, соның жоқтаушысы, жол бастаушысы болып саналатынорыс халқының атына сын айтуды көтере бермейтін кезеңде осылайша батыл пікір айту ерлік.

Есте ұстайтын бір мәселе С.Қожанұлы еңбектерінің аты мен заты сай болып, әр кез ұлт мүддесін алғы шепке шығарып үн қатуында өзіндік қолтаңба бар. Жоғарыда айтылған «Бірлік керек, бірігуге жол керек» немесе қазір сөз болатын «Іс керек, істей білу керек», осы тақырыпқа үндес «Абайлау керек» , «Әзірлену керек», «Дау тоқтап, іс басталсын!», «Іс жүзінде орындау керек», т.б мақалаларының қай-қайсысы болса да атының өзі жұрт назарын аударады, сол дүниені оқып шығуға итермелейді, мұның бәрі Қожанұлының журналистика саласындағы стилінің өзіндік ерекшелігі. «Іс керек, істей білу керек», (Тарпан, бұл да псевдонимі, «Ақ жол», №271. 8.02.1923) деген тақырыппен жарияланған бұл еңбекте де елдік мәселе алдыңғы кезекте атойлап тұр. Қырғыз-қазақ кедейінің басқа ұлт өкілдерінің жолы, талабы, арманы бір болғанымен теңдікке қол жеткізуде қиындық көріп отырғанын жеткізеді. Кей жағдайда ұлт жанашыры болып отырған ардақты тұлғаны «көп жолдастар ауылжақтық иә ұлтшылдық деп ұқса да, өте солақайсынып жүрген азаматтар өсекке айналдырса да» алған бетінен қайтпайды. «Шаруасы нашар, тіршілігі тұрақсыз, тұрмысы көшпелі, басы тозған» халқының мұңын жоқтаудан бір танбайды.

Сұлтанбек Қожанұлының дара қасиетінің бірі ұлт намысын ерекше қастер тұтатыны, қарапайым тілмен жеткізгенде басынан бақайына дейін шынайы тұрғыда ұлтшыл болып, ұлтым деп үн қатуы, бұл қасиет оның көптеген замандастарында, әсіресе коммунистік жолға түскен, кеңес мемлекетін құруға үлес қосқандардың көбінде кемшін түсіп жатты. «Жас буын һәм жұртшылық». «Жас қайрат» журналында (№27 1924) жарық көрген көлемді әрі қазақ жұртшылығының рухани әлеміндегі дағдарысын сипаттайтын пікірлердің көтерген мәселелері әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жоймаған күйде. Мына пікірлерге ден қояйықшы: «Өз жұртшылығы жоқ, өз ұлт мәдениеті жоқ болғандықтан, оңғаны түс өзгертіп оңып, озғаны жат ұлттар мәдениетінен татып озып, қазақ-қырғыз жағынан жем болып тозуымен бірге, ұлт бет-аузын жууға да бет алған еді». Еңбекте дәуір стилі, Қожанұлы қолтаңбасы айқын байқалады. Жұртшылық сөзінің мағынасы қазіргі мемлекетшілдік дәрежесіне жақын тұр. Мемлекет, ұлт ретінде азып-тозып бара жатқан халқына жаны ашиды, ал енді жат ұлттар мәдениетінен нәр алып, озып кеткісі келгендерді жақтырмайды. Ұлт жанашырының оқығандар жайындағы көзқарасы да бөлекше, «оқығандары қазақ дегеннен, қырғыз дегеннен «мұсылман» деген атты тәуір көріп, орысша оқығандары «Ыбырай» дегеннен «Иван» деген атты тәуір көріп, қазақ деген, қырғыз деген атақты «ұры-қарақшы» дегенмен бірдей көріп жүрген кездер» болғанын қынжыла жазады, соры ашылмаған халқының осы күйіне күйінеді. Ғасыр жаңарды, азат ел атандық, қазақ оқығандарының ұлтқа деген сүйіспеншілігі қандай деңгейде , ойланатын мәселе. Өз қағынан, өз дінінен жеріп, «біреудің қаңсығы, біреуге таңсық» болып жататын жағдаяттардан әлі де арылып болған жоқпыз. Мұсылман жұртшылығын терроризммен қосақтап жіберетін көзқарас жоқ емес, «Иван» болуды азсынып, «Ален Делон» болатын жағдайға жақындадық. Қайран Сұлтекеңнің жанын ауыртқан рухани мүгедектік жағдайлардан құтылатын күнде алыс емес деп сенейік.

Қазақ елі орыс отаршылдығының қамытын шамамен алғанда екі жарым ғасырдан астам киді, оның екі ғасырға жуығы ақ патша құлдығы болса, жетпіс жылға жақыны кеңес үкіметінің кезеңін қамтиды. «Мың өліп, мың тірілген» халқымыздың ең бір нәубет жылдары кеңес үкіметі орнаған жылдарға тап келді. Ел тарихындағы «ақтақдақтар» да осы жылдарға сәйкес, аштық, кәмпескелеу, жазықсыз жала жабу, қолдан «халық жауы» етудің ойраны С.Қожановтардың көз алдында өтті. Ол өзінің «Әзірлену керек» (Тоқпақ, псевдонимі, «Ақ жол», №464. 30.07.1924) деген тақырыппен жарияланған мақаласында орыс отаршылдарының шынайы болмысын былай деп суреттейді: «Орыс конолизаторлығының, орыс ұлт үстемдігінің тамыры шаруа жүзінде болғанға ұқсап, жергілікті ұлттардың да шаруа қалыбы түрлі болғандықтан, тіршілік жүзінде шаруа қадамдары бір-біріне қайшы келіп, бірі екіншісіне үстемдік жүргізетіні айқындалды», - деп бір түйеді. Кеңес үкіметі орнап, ұлттар теңдігін, соның ішінде аз халықтарды езгіден құтқардық, «халықтар түрмесі» (Ленин) болған патша билігін құлаттық деп жар салып жүргенде большевик Қожанұлының орыс колонизаторлығы мен орыс ұлт үстемдігін жоятын кез келді деп ашына айтуы жәй емес тәрізді. Жаратылысында ақиқаттан аттамайтын ол: «бұл зорлықты жойып, һәр ұлт өз бетімен ер жетіп, жұрт қатарына қосылуына жол ашу үшін ұлттардың шекарасын ашып, һәр қайсысына өз тиесі ақысын беріп қою керек болды», - деп батыл пікір айтты. «Жол қиын, жол ауыр. Бірақ үддесіне шығуымыз міндет» деп білетін қайраткер Қожанұлы ұлтының теңдігі, бостандығы үшін ештеңеден аянбады. Айтатын жерінде айтты, жазатын жерінде жазды.

«Тоқпақ» Қожанұлының «Еңбек жұртшылығы бәрін жеңеді» («Ақ жол», №476. 8.08.1924) деген тақырыппен жарияланған мақаласы бір қарағанда сол кезеңдегі еңбекшілердің немесе қазақ кедейлерінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын дүние деп қабылдануы әбден мүмкін. Мақаланың ішкі мазмұнына үңілсек мүлдем басқаша. 1920 жылдары автономия алған қазақ елі өз астанасын белгілеуде, шекарасын межелеуде, ең бастысы ел тұтастығын сақтап қалуда көптеген қиыншылықтарға тап болды, талай кедергілерді бастан кешірді. Осындай қиын кезеңде: «Ұлт шекарасы сөз болып, ұлт мемлекеттерін жасау мәселесі ортаға қойылғалы, ел арасында неше түрлі азғырын сөз, алдамшы хабарлар таратуда. Әсіресе, шаруасы қызықты, жұрты тығыз, халқы аралас, талас көп болған Ташкент үйезінде тарамаған азғыру, істелмеген қулық-сұмдық қалған жоқ», - деп жазған автор бықсық саясатшылдардың оңай олжа іздеген әрекеттерін аяусыз әшкерелейді.