Қандастар Ассамблея

Ерлікке тағзым

Оқушылар қаһармандарды еске алды

Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Екінші дүниежүзілік соғыста ерліктерімен ел тарихында мәңгі өшпес орын алған қаһармандарды еске алды.

Жеңіс күні қарсаңында Зияткерлік мектеп оқушылары елордамыз Астана қаласында орналасқан Жер Ана монументіне, Кеңес одағының батыры, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлының, Берлин басылымдарында Рейхтсагқа ту тіккен Халық Қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың, қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың ескерткіштеріне тағзым етті.

Өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа тарихымызды тереңінен таныту, халық арасында патриоттық сезімді ояту және де жеңіс салтанатын көре алмай кеткен боздақтардың ерліктерін ұлықтау мақсатында қала тұрғындары арасында сауалнама жүргізіп, патриоттық әндер флешмобын ұйымдастырды.

Оқушыларға патриоттық тәрбие беру барлық пәндердің үлесіне жатады. Ал алғашқы әскери дайындық пәнінің патриоттық сезімді қалыптастыруда атқарар міндеті зор. Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде мектептің тіл саясатына байланысты алғашқы әскери дайындық пәні мемлекеттік тілде өткізіледі.

Жоғары сынып оқушылары дипломдық бағдарлама бойынша білім алатындықтан, қазақ және орыс тілді сынып оқушылары аралас оқиды. Пән мемлекеттік тілде өткізіледі. Сабақтардан тыс іс-шаралар да қазақ тілінде жүргізіледі. 

Мектеп ұжымы Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында  жас ұрпақты елін, жерін, Отанын сүюге баулу және балалар арасында достық пен ұйымшылдық қасиеттерін нығайту мақсатында жыл сайын іс-шаралар өткізуде. 

Шара барысында оқушылар саптық ән байқауы мен Калашников автоматының макетін бұзу және жинаудан сайысты.

Байқау қорытындылары бойынша жүлделі орын алған сыныптар, үздік нәтиже көрсеткен оқушылар мадақтамалармен марапатталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл іс-шаралар отан үшін қызмет етуі керектігін тереңдете түседі. Ал Отанды қорғаушылар тек қана білектің күшіне сүйенушілерден ғана болмай, ақылы мен қайраты, күш-жігері мен зердесі бірдей мықты болғаны – бұл ел қорғаушы ерлерге ежелден қойылып келе жатқан талап.