Жаңалықтар

Жас сайлаушылар Астанада бас қосты

Семинардың алғашқы отырысына Қазақстанның 20 өңірінен жиналған 55-тен астам жастар қатысты.
Жас сайлаушылар Астанада бас қосты
Фото: Ажар Лаубаева 23.09.2022 17:33 2531

Астанада Орталық сайлау комиссиясы жанындағы «Жастар және сайлау» атты Жас сайлаушылар клубының алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz.

Аталған клуб ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтың бастауымен 2022 жылдың 21 қыркүйек күні құрылып, 3 күн бойы арнайы курс жүргізілді. Семинардың алғашқы отырысына Қазақстанның 20 өңірінен жиналған 55-тен астам жас қатысты. Ал «Жастар және сайлау» клубына 35 жас сайлаушы мүше болды.

Отырыста ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы клуб жастардың сайлауға деген белсенділігін арттыру мақсатында құрылғандығын атап өтті.

«Орталық сайлау комиссиясының қаулысы шықты. Сол қабылдаған шешімге байланысты Орталық сайлау комиссиясының жанынан жас сайлаушылар клубын аштық. Бұл клуб жастардың сайлау мәдениетін дамытуға, құқықтық сауаттылығы мен белсенділігін арттыру үшін құрылды», - деді Нұрлан Әбдіров.

Жас сайлаушылар Астанада бас қосты

Ал «Жастар және сайлау» клубының мүшесі Олжас Жеңіс клубка кірген жастар әр өңірді алған білімімен ақпараттандыратын болады деп отыр.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау науқанын жариялаған болатын. Соған сәйкес, клуб алдын ала Қазақстан халқының әрқайсының дауысы маңызды екенін көрсету, жастардың қоғамдық саяси көзқарасын қалыптастыру мақсатында ашылды. Оның құрамында әр өңірден жиналған 35-тен астам мүше бар. Олар өз жерлеріне қайтып барған соң сайлауға қатысты түрлі насихат жұмыстарын жүргізетін болады», - деді Олжас Жеңіс.

Жас сайлаушылар Астанада бас қосты

Сондай-ақ Ақтөбе облыстық жастар ресурстық бөлімінің басшысы Азат Оразалин еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жастарға сайлау туралы әртүрлі түсіндірме жұмыстары жүргізілгенін айтады.

«Дәріс алуға Қазақстанның әр өңірінің белсенді жастары қатысты. Жастарға 3 күннің ішінде сайлауға қатысты көптеген сабақтар жүргізілді. Оқыту барысында ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшелері, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының электронды оқыту бөлімінің қызметкерлері барлығын егжей-тегжейлі түсіндіру жұмыстарын өткізді», - деді Азат Оразалин.

Жас сайлаушылар Астанада бас қосты

Оған қоса Астана қаласы мәслихатының депутаты Бақдәулет Жанділдаев мұндай дәрістерді жастардан бөлек, Қазақстан Республикасының кез келген азаматына өткізіп отыру керек деп есептейді.

«Сайлауға қатысты түсіндірме жұмыстары жастар арасында ғана емес, қарапайым халыққа да жүргізілуі тиіс деп ойлаймын. Себебі заңнама тұрғысынан еліміздің азаматтарын кеңірек ақпараттандыру қажет», - деп айтты депутат.

Жалпылама алғанда жас сайлаушылар клубының отырысына республикалық және өңірлік жастар ұйымдарының басшылары мен белсенділері, өңірлік жастар ресурстық орталықтарының, жастар ici жөніндегі комитеттердің қызметкерлері, Астана қаласының ЖОО студенттері, магистранттары мен докторанттары қатысты.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға