Жаңалықтар

Жаңарған Түркістан – ел аузындағы Керуен сарайының кереметі

Құдды шығыс ертегісіне тап болғандайсың. Әдемі, әуезді музыка, айнала жасыл майса шөп, сәуле беріп шашырай аққан субұрқақтар, ежелгі архитектура бәрі де ерекше көңілді күй сыйлайды.
Жаңарған Түркістан – ел аузындағы Керуен сарайының кереметі
Фото: ernur.kz 09.09.2022 20:00 4207

Жаңа Түркістанға табан тиді. Түркістан облыс орталығы болған уақыттан бері біраз өзгеріпті. Түркістан екі бөлікке бөлінген: мәдени-рухани және әкімшілік-іскерлік. Қала тұрғындарының өзі қаланың жаңа статусқа ие болуы тұрмыстарына басқаша сипат бергенін айтып мақтануда.

«Бұрын келіп көріп пе едіңіз, шынын айту керек, мұнда киелі, қасиетті орындардан басқа келген қонаққа көрсететін ештеңеміз жоқ еді, ал соңғы екі жылда мұнда ағылған туристердің есебінде шек жоқ» дейді түркістандық такси жүргізушісі. Күн әрине, аспан айналып жерге түскендей, аптап ыстық. Далаға шықсаң, бетіңді ыстық қариды. Алайда, уақыт көлемі шектеулі болғандықтан, Түркістанның көрікті де киелі жерлерін барынша аралауға тырысып-ақ жүрміз. Біз тоқтаған қонақүйдің қызметкерлері «Түркістанда кешкілік серуен жасаған жақсы ғой» деп қояды. Расында, кешкілік Түркістандағы жаңа мәдени-туристік нысан – Керуен сарайды аралау енді ғанибет екен. Құдды шығыс ертегісіне тап болғандайсың. Әдемі, әуезді музыка, жергілікті тұрғындар «Венеция» атап кеткен жасанды көл, оның үстіндегі баяу жүзген құсмұрын қайықтар, көл үстіне тастан қашап салынған көпірлер, айнала жасыл майса шөп, қадам аттаған сайын жан-жағына сәуле беріп шашырай аққан субұрқақтар, ежелгі архитектура көңілді күй сыйлайды. Жарты Түркістан кешқұрым осында көшіп келетіндей. Әрлі-берлі ағылған жүргінші халықтың санында есеп жоқ. Әсіресе, жастар жағы тым белсенді. Әр жерде топтанып алып, әуезді әуенге елтіп билеген, ән салған жастарды көресің. Бұл аймақ құдды фотоға түсіру алаңы дерсің. Локация керемет, оның көптігінен көз тұнады. Жаңа үйленіп жатқан жастар да осының ішінде думандатып жүр. Кейбірі жасыл майсаға жантайып фотосессия жасауда. Субұрқақты айнала жүгірген балаларға қарап, өзіміздің де еріксіз жалаңаяқ соларға қосылып кеткенімізді байқамай қалдық. Жазғы кафелерден аяқ сүрінеді. Сервис жоғары деңгейде. Қаласаңыз, дүкен, дүңгіршек араласаңыз да болады. Мұнда әлемдік брендтегі киім-кешекпен бірге, ұлттық нақыштағы киімдер, түрлі бұйымдар да сатылуда. Қанша дегенмен, дін ордасы болған киелі жер ғой, әсіресе, намазхан жандарға арналған жабдықтар көздің жауын алады. Түрлі кітап дүкендері де бар. Азық-түлік супермаркетін де осы қалашықтың ішінен табасыз. Одан бөлек, киім ательесі, сұлулық салоны, қонақүй секілді қызмет көрсету орындары да осы шағын аймақтың ішінде орналасқан. Жанға жайлының бәрі бар, тіпті балаларға арналған атракцион кешені де бар.

Туристердің аузының суы құрып айтатын Түркістандағы тағы бір қиял-ғажайып орталығы - ұшатын театр. Орталық самұрық құстың жұмыртқасы іспетті жасалған. Жұмыртқа тал бұтақтарынан өрілген ұя ішінде орналасқан. Самұрық құс туралы аңыз-ертегіні барша оқырмандар білетін болар. Бұл қиял-ғажайып орталығына да сол аңыз негіз болғанға ұқсайды. Театр көрінісін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.  Бұл біздің тамырын тереңнен тартқан тарихымызға, ақиқаттан жіп ескен аңыз сарыны басым кең даламыздың философиясына деген өзге шетелдіктердің қызығушылығын арттыратыны анық.  Театрда сиқырлы ертегілер еліне, сондай-ақ, ұлт тарихына саяхат заманауи технологиялардың көмегімен, 8D форматта жасалады. Айта кету керек, әлемде мұндай 20-ға жуық ұшатын театр бар екен.

«Алтын Самұрық» ғимаратының бірінші қабатында ұшып келе жатқан қыран бүркіттің макеті қойылған. Келуші меймандардың барлығы бірдей осы алып қыранның қанатының астында тұрып фотоға түсуде. Ұшатын театрда бейнероликтер жоғарыда айтып өткеніміздей, 8D форматта көрсетіледі. Театрдан шыққан адамдар алған әсерлерін сөзбен айтып жеткізе алмауда. Оның керметіне көз жұмып, басын шайқағандар көп. Театрға кіру уақыты шектеулі – 30 минуттық экскурсия. Жарты сағатқа созылған бейнероликтің 20 минуты экскурсияға арналған. Сонау алыста қалған ежелгі тас ғасырынан бастап, бүгінгі жаңарған Қазақстанға дейінгі тарихи кезең сенсорлы жүйемен жабдықталған технологиялар арқылы түсіндіріледі. Барлық тарих көз алдыңыздан өтіп жатқандай боласыз. Ілеспе түсіндірме өзіңіздің қалауыңыз бойынша қазақ, орыс, ағылшын немесе түрік тілдерінде жүргізіледі. Кез-келген өзіңізге ыңғайлы тілді таңдауыңызға болады. Экскурсиядан кейін 10 минутқа есептелген ұшатын театр болады. Театрда еліміздің ең көрікті жерлерінің үстінен ұшып, тамашалау мүмкіндігі беріледі. Театр Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың шәкіртімен диалогымен басталады. Алатын әсерді айтып беруге сөз жетпес, сірә?!

Керуен сарайы көркем жарықшамдар, түп-түзу жол, жағалай су бүркіген субұрқақтар, балғын көк майсамен көмкеріле Түркістанның қасиетін арттырған Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен жалғасып жатыр.

Қасиетті Қожа Ахмет Яссауи кесенесі

Қожа Ахмет Яссауи есімі күллі түркі әлеміне таныс, ортақ есім. Қожа Ахмет Яссауи діндар ғана емес, сондай-ақ аса білімді ғалым адам болған. Кесенеге кіре берісте жолбастаушы гид күтіп алды. Кесенемен таныстығымыз атақты Тайқазанның жанынан басталды. Тарихи деректерге сенсек, бұл тайқазан 7 түрлі металл қоспасынан құйылған-мыс. Барлығымыз үңіліп Тайқазанға қарап тұрмыз. Кереметі сол, қазанға үш мың литр су кетеді, ал оның салмағы тура екі тонна тартады. Тайқазан осыдан 620 жылдан астам уақыт бұрын құйылған. Яғни 1399 жылы жарты әлемнің падишасы Әмір Темірдің бұйрығымен Түркістан шаһарынан 25 шақырым қашықтықтағы Қарнақ деген жерде ирандық шебер Әбділ Тебризидің шеберханасында құйылған. 1935 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласына көрмеге қойылады деген желеумен әкетілген Тайқазанның 1989 жылы қазақ жеріне қайтарылуына ұлт жанашыры Өзбекәлі Жәнібеков үлкен үлес қосқан екен. Жолбастаушымыздың айтуынша, алып қазанның сыртында араб тілінде үш қатар жазу жазылған. Біріншісінде  Құранның Тәубе сүресінің 19-аятынан үзінді келтірілген, яғни Пайғамбарымыздың «кімде- кім Алла тағала үшін су құятын ыдыс жасаса, жұмақта оған арнап хауыз дайындайды», – деген хадисі келтірілген. Және мұнда «әлемдегі шайхтардың сұлтаны Ахмет Ясауидің мазары үшін Әмір Темірдің бұйрығымен жасалған» деген де сөз бар.  Оның дайындалған мерзімі де көрсетілген, «жиырмасыншы шәуәл, 801 жыл» деп  жазылыпты. Егер қазіргі жыл санаумен есептесек, бұл 1399 жылдың 25 маусымы екен.  Бұл тайқазаннан Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне келгендер жұма намазынан соң дәм тататын болған. Егер деректерге сенсек, қазанға бейсенбі күні су толтырылып, оған тәтті араластырылады екен-мыс. Ал ертеңіне яғни жұма намазынан кейін ол су келушілерге таратылып берілген. Бұдан басқа бос қазанға әрбір келуші өз садақасын салып отырған. Біреу азық-түлік, біреу тиын-тебен салған. Ал ол өз кезегінде мұқтаж адамдарға үлестірілген.

Кесенеде сондай-ақ, 14 ғасырдан сақталған қақпаның екі есігі қойылған. Бізді таң қалдырғаны, қақпаның екі есігінің екі түрлі дыбыс беретіндігі. Мұның мәні мынада, есіктің орта бөлігінде қағуға арналған балғаша бар. Балғашаның топса-тұғыры барыстың басы бейнесінде сомдалған. Сол жақтағы есікте бейнеленген барыстың көздері ашық және жалы бар, ал оң жақ есіктегі барыстың көздері жұмулы және жалы жоқ. Яғни бұл есіктер ер мен әйел белгісін білдіреді. Екі есіктен қаққан уақытта екі түрлі дыбыстың шығу себебі де сонда. Есіктің ішкі бетіндегі адам шыққан дыбысқа қарай ер немесе әйел адамның келіп тұрғанын біледі. Мұсылман әлемінде ежелгі уақытта есікті ерлерге ер адам ал, әйелдерге әйел адам ашатын заңдылық қатты сақталған. Қақпа есіктерінің бұлайша жасалуының себебі де міне, осында.

Жалпы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ортағасырлық сәулет өнері ескерткішіне жатады. Тарихи деректерді қарар болсақ, кесененің салыну уақыты 1396-1399 жылдар деп келтіріледі. Ол кезінде жалпы Тұран билеушісі Әмір Темірдің бұйыруымен Қожа Ахмет Яссауидің қабірінің басына тұрғызылған. Құрылыстың сәулет-архитектурасына Әмір Темірдің өзі тікелей араласып, оның өз ойындағыдай болып шығуын мықтап қадағалаған. Оның құрылысына парсылық шеберлер қатысқан көрінеді.  Кесене ішінде қабірхана орналасқан. Оның орта тұсында Қожа Ахмет Яссауиге құлпытас қойылған. Кесене сыртында Яссауидің жерасты ғибадатханаларының құрылысы сақталған. Жерасты моншасы да бар. Оның құрылысы тіпті таң қалдырады. Бүгінде бұл құрылыстар музей ретінде жабдықталып қойылған. Яссауи мешітінде де болдық. Айтпақшы, көне деректерде Яссауи кесенесінің Қазақ хандығының тұсында резиденция қызметін атқарғандығы айтылады.

Деректерге сүйенсек, Яссауи кесенесінің маңында жиырма төрт хан мен сұлтандар, елу жеті батыр, он сегіз би жерленген. Олардың барлығы дерлік ұрпақтарына кезінде Яссауи әулиенің жанына жерлеуін аманаттаған көрінеді. Тіпті қазақтың ұлы билерінің бірі қаз дауысты Қазыбек би де Арқада дүние салғанымен, осы жерде мәңгілік тыныштық тапқан. Жолбастаушымыздың айтуынша, бұл жерде қазақтың қадірлілері Абылайхан, Есім хан, Тәуке хан, Жәңгір хан, Жолбарыс хан, Әбілмәмбет хан, батырлардан Бөгенбай батыр, Есей батыр, Шақшақ Жәнібек батыр, Мамай батыр, Жарылғап батыр, билерден қаз дауысты Қазыбек би, Әнет баба, Қанай би, Нарынбай әулие, Қараменді би, Қонақай би секілді ұлт аяулылары жерленген.

            Отырар ордасы

Түркістан киелі өңір екендігіне сөз жоқ. Мұнда ұлт тарихының ұлы қазынасы жатыр. Бір ғана Отырардың өзі неге тұрарлық...

Отырар қаласы Түркістаннан 57 шақырым қашықтықта жатыр. Отырардың жеріне табан тиісімен, қандай да бір құдыретті әлде киені сезінгендей боласың. Бір ғана айтар кеңесім, Отырарға сапар шегуді жоспарласаңыз, ең болмағанда Отырар туралы тарихи әдебиеттерді немесе тіпті уикипедиядан тарихи деректерді бір оқып алыңыз.

Жаңарған Түркістан – ел аузындағы Керуен сарайының кереметі

Әр тасы, әрбір қиыршық құмы аңызға айналған ақиқаттан естелік айтып тұрғандай әсер қалдырады. Құдай-ау, осы жерде атақты Ұлықпанның Отырар кітапханасы болды емес пе?! Төрткүл дүниенің ілім іздеген жиһангерлерін таң қалдырған кітапхананың ізінің табылмағанын білсек те, жолбастаушыдан әлдебір дәмемен сұрап қоямыз: «Ұлықпанның кітапханасы туралы айтыңызшы»... Не айтсын ол, дерек жоқ, ештеңе табылмады дейді.

Отырар әлі зерттеліп жатыр. Біз барған күні мұнда бір топ италияндық түсіру тобы да келіпті. Видеокамера секілді асай-мүсейін арқалаған шетелдіктер Отырардың әрбір бұрышын суретке түсіріп мәз, төбемізде солардың дроны ұшып жүр. Отырарда деректі фильм түсіруге рұқсат алыпты. Отырардың, біздің тарихымызға қызығушылықтың жоғары екендігінің дәлелі бұл. 

Жаңарған Түркістан – ел аузындағы Керуен сарайының кереметі

Жастар табандарына құм кіріп, төбелерін күн тескеніне шағымдануда. Отырар қақпасына жетер жолдың машақаты бар екені рас. Қорық-мұражайының алдына келіп түстік. Жолбастаушы күтіп алды. Ары қарай жаяу барамыз, мемлекет қорғауына алынған кешен сары топырақпен астарлана жайылып жатыр. Жүріп келеміз, толарсақтан май топырақты кешіп келеміз, нағыз орта ғасырлық кезеңде келе жатқандай, бір-біріміздің соңымызда «қыз Жібектің көшіндей» ырғала-жырғала, қаздай тізіліп келеміз. Аяқ астындағы  сары топырақ қатты жүргізбейді, кейбір жастар аяқтарына сүйретпе киіп алғандарына қуанып келеді. Біз болсақ әлсін-әлсін тоқтап, аяқ киімге толып қалған құмды төгіп әлекпіз. «Жалаңаяқ жүрейінші» деді сәлден соң бір қызымыз. Сөйткен, бірақ табанына шеңгел қадалды. «Ойпырмай, ата-бабамыз, осынау шеке тесер ыстықта, аяққа тұсау болар мынау құмды кешіп жүріп мұндай ғаламат қаланы қалай салды екен?!» дейді жастар таңдай қағып.  Отырар расында таң қалдырды. Отырар қақпасына жетпей, жолбастаушымыз әлдебір құмасты кешенін көрсетті. Бұл құмға көміліп қалған ежелгі монша екен. Бір қызығы, моншаға кірер есік біреу, және мұнда ерлер мен әйелдерге арналған жуыну бөлмелерінің орындары сақталып қалған. Жолбастаушымыздың айтуынша, бүгінгі күні моншаның қалайша жылытылғаны зерттелуде. Мұнда жерасты жылыту тұрбалары орналасқан көрінеді-мыс. Моншаның аумағы әжептәуір үлкен көрінді. Құрылысы Қожа Ахмет Яссауи кешенінде сақталған монша ғимаратына ұқсас. Мұның жанында тағы бір үйіндінің үңгір етіп қазылғанын байқадық. Міне, қызық, жерасты ғимаратының қабырғаларының қаз-қалпында демесек те, әйтеуін нышаны сақталыпты. Төменге түсіп, қабырғаны сипап көріп жатырмыз. Үңгірдің аузы бекітулі, ағаштармен және қауіпсіздік ленталарымен шегендеп қойылған. Жолбастаушының айтуынша, бұл нысанның табылғанына көп уақыт өте қоймаған. Қазір оның қандай мақсатта пайдаланылғаны, не ғимарат екендігі зерделеніп, зерттелуде. Сірә да, бұл жерді айнала қоршап жатқан құм үйінділері мен мынау мылқау жартастардың ішіне бүккен бізге беймәлім сыры әлі де көп-ау.

Жаңарған Түркістан – ел аузындағы Керуен сарайының кереметі

Отырар қақпасына да жеттік. Ежелгі тарихи кинолардан көріп жүрген жоғарғы жағында қарауыл төбесі бар еңселі қақпа. Қорған сыртын айнала ор қазылған. Сол ордың үстінен қақпаға кірер көпір жалғасып жатыр. Әрине, реставрациядан өткен. Алайда, ежелгі қаланың негізі сақталған. Қақпаға кірген сәттегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тура орта ғасырдың атмосферасына түскендей күй кешесін. Қарауыл бөлмесі, қақпадан кірген кездегі тар алаң, ары қарай қалаға өтетін жіңішке дәліз, ертегідегідей айқара ашылған қалың емен есіктер, бұл сезімді сезіну үшін осы жолмен жүріп өту керек болар.  Тарихи деректі фильмдерден ұрыс даласын бақылап тұратын қолбасшылардың немесе садақпен қаруланып, алысты көздеп тұратын жауынгерлердің, тіпті ордан өтіп, қабырғаға жорғалап бара жатқан жауының басын шаппаққа қылыш ала жүгірген жанкешті батырдың ең алғашқы жеңіске жететін де, ең алғашқылардың қатарында жеңіліс табатын да жері осы қалаға кіретін бас қақпа, қарауыл төбесі емес пе?!

Қақпа күллі Отырар кереметін сырт көзден жасырып тұрғандай. Қалаға кіргеннен кейін неше түрлі кереметтің куәсі болдық. Жолбастаушы қала құрылысын таныстырып келеді. Біз болсақ, осынау кереметтің мирасқоры екенімізге әлі де сене алмаған күйде, жан-жағымызға таңдана көз салып, кей жерлерде тұра қалып, фотоға да түсіп үлгеріп жүрміз. «Бұл Бердібек сарайы» деді жолбасшымыз бір уақытта. Жан-жағымызға қарасақ, іргетасы ғана құйылған іспетті әлдебір аяқталмаған құрылыстың ішінде жүрміз. Бұл сарайда не болған дейсіз ғой сонда?! Бұл жарты әлемнің билеушісі Әмір Темір кезінде ат ауыздығын алып, құм жастық шынтақтап жатқан жер. Аңызға айналған ақиқатқа сенсек, дәл осы сарайда 1405 жылы 14 қаңтарда Қытай елін жаулап алмақшы болған Әмір Темір отбасымен келіп тыныққан. Бұл топтың құрамында Әмірдің бала-шағасынан бөлек, әскербасылары да болған. Ортағасырлық салтанат сарайының бүгінгі таңда бір бөлігі ғана ашылған. Ал оның қалған бөлігі әлі де құм астында жатуы кәдік. Ортағасырлық тарихшылардың деректеріне қарағанда, Бердібек сарайында құрметті адамдарды қабылдайтын салтанат бөлмесі – көрінісхана болған. Бердібек сарайы Отырар кешенінің оңтүстік-шығысында, яғни біз кірген биік қамалдың ішінде орналасқан. Жолбастаушымыздың айтуынша, әзірге сарайдың жұма мешіті бөлігі ғана ашылған. Оның өзі бір-біріне қарама қарсы орналасқан бірнеше бөлмеден тұрады екен. Бердібек Отырардың билеушісі болған. Көне деректерде бұл сарайдың көптеген бөлмелерден тұрғаны және ресми қабылдауларға арналаған көрінісханасы болғаны айтылады. Бүінде мемлекет тарапынан Отырар қаласын туристік нышанға айналдыру, ондағы археологиялық қазба жұмыстарына күш салу, соның ішінде Бердібек сарайын құмнан аршып алу ісіне мықтап тұрып көңіл бөлінуе. Айта кету керек, атақты Әмір Темір Отырар қаласында дүние салған.  Ол өмірінің соңғы күндерін осы Отырар қаласында, дәлірек айтсақ, Бердібек сарайында өткізген. Мұның өзі әлем туристерінің қызығушылығын тудыруы мүмкін дерек. 

Жұма мешітіне қарсы тұста қабірхананың табылғанына да көп уақыт бола қоймапты. Жолбастаушымыздың айтуынша, бұл қабірханадан төрт адамның мүрдесі табылған. Және олар жерленбеген, яғни ежелгі сағаналау әдісі бойынша еденге қамыс төселіп, соның үстіне қойылған. Бір таңқаларлығы, төрт мүрденің төртеуінің де кеудеден жоғары жағы жоқ, яғни бастары кесілген. Бүгінде бұл жерді үстін жауып, мәйітхана құрылысын жүргізуде. Ал сүйектер сол күйі еден үстінде қалдырылған.

Жаңарған Түркістан – ел аузындағы Керуен сарайының кереметі

Ежелгі ғасырлардағы тұрғын үйлер қалпына келтірілген. Қуыс-қуыс жертөле үйлердің іші бірнеше бөліктерге бөлінген. Мұнда от жағатын, тандыр пісіретін қазандықтар мен пештердің орны сақталған немесе қайта салынған. Ежелгі адамдардың тұрмыс кейпін көз алдарыңызға елестету үшін манекендер мен тұрмыстық бұйымдар қойылған.

Жолбастаушымыз үйлердің құрылысы ғасыр сайын өзгеріп, жетілдіріліп отырғанын айтып келеді. Мұны тұрғын үйлердің бөлмелерінің кеңейе түсуінен де анық байқауға болады. Сондай-ақ, ұстахана, шеберхана құрылыстары қалпына келтірілген. Алайда, қаланың сырт жағында орналасқан шеберханаға бара алмадық. Себебі, жолды шөп-шеңгел басып кеткендіктен, оған жаяу жетудің де машақаты өз алдына жетерлік екен.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, қамалға реставрация жасалғанымен, оның кірпіштері сақталып қалған. Жауын-шашын, қар суы мүжігенімен, уақыт із қалдырғанымен, қамал қабырғаларының сұлбасы сол күйі тұр. Таңқаларлық.

Қамалға кіретін бірнеше есік болғанға ұқсайды. Оның ішінде құпия қақпалар да болған. Қамалдың солтүстік қақпасына беттеп келеміз. Қақпаның қарауыл төбесіне көтерілдік, төменде археологиялық топтың шатырлары құрылып, көліктері қаңтарылып тұр. Сірә да, Отырарда іздеу, қазу, зерттеу жұмыстары толассыз жүргізіліп жатқанға ұқсайды. Жолшыбай археологтарды, құрылысшыларды кездестірдік. Құрылысшылшар мәйітхананың құрылысын жүргізуде. Археологтар жаңа нысан тауыпты, соны қазып жатыр. Не екенін сұрадық, шығыс моншасы болуы керек дейді олар, Отырарда бүгінге дейін төрт моншаның дерегі табылғаны ақиқат. Мұндағы шығыс моншаларының ерекше жылу жүйесі болған. Отырар қаласының құрылымы ортағасырлық қалаларға  тән сипатта,  цитадель, шахристан және рабад сынды үш бөлікке бөлінген.

Отырар кезіндегі Ұлы Жібек жолының бойындағы сауда көрігі қызған қалалардың бірі. Оның өмір сүру кезеңі VIII ғасыр мен  XIX ғасырдың басына тұстас келеді.  

Отырар 1219 жылы моңғол шапқыншылығына ұшырайды, қала халқы оны 6 ай бойы ерлікпен аштық пен қысымға төтеп беріп, қорғайды. Алайда, қала моңғолдардың қолына өтіп, өртке оранады. 15-ші ғасырда Отырар қайта салынады, бірақ бұл жолы да жоңғар шапқыншылығы оның күйреуіне жол ашады.

Өткенге саяхат керемет әсер қалдырды. Отырардан шығып бара жатып оған енді кіргелі ентелеп келе жатқан керуенбасы бастаған тең-тең жүк тиеп мааң-маң басып келе жатқан түйелерді көрдік. Отырар әлі өмір сүріп жатқандай.

Бір ғана тілек болды, Отырар өмір сүруі керек, сол үшін де ол қазақ даласының туристік орталығына айналуы керек.




Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға