Жаңалықтар

Жаңа экономикалық саясат адами капиталды дамытудан бастау алуы тиіс

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев Жолдауда ұлттық экономика дамуына кедергі жасайтын бүгінгі күннің проблемаларын шешудің нақты жолдарын ұсынды
Жаңа экономикалық саясат адами капиталды дамытудан бастау алуы тиіс
Фото: Ақорда 03.09.2022 20:13 1619

1 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнады. Биылғы жылғы Жолдаудың осыған дейінгі жолдаулардан өзгешелігі – халықтың шын мәнінде «Жаңа Қазақстанды» құру жолында мемлекет тарапынан ел болып терең әлеуметтік-экономикалық реформалар мен нақты іс-қимылдарға бағытталған бастамаларды асыға күтуі деп айтуға болады. 

Қазіргі әлемде қалыптасқан күрделі геосаяси жағдайда ел ешінде тыныштықты сақтау, экономикалық өсімді үнемі қамтамасыз ету мен әлеуметтік қамсыздандыруды естен шығармау тұрақты даму кепілі болып табылатыны сөзсіз. Президент бұл жолғы өзінің Жолдауында реформалардың нақты бағыттарын анықтау үшін ең алдымен жаңа экономикалық саясатты құрудан бастауы сондықтан болар.

Президент сөзімен айтар болсақ бүгінгі күні ел экономикасын дамуын тежеп отырған жүйелі проблемалар мыналар: шикізат өніміне тәуелділік, еңбек өнімінің төменгі деңгейі, инновациялық даму деңгейінің көңілден шықпауы, табыстың тиімсіз бөлінуі. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев Жолдауда ұлттық экономика дамуына кедергі жасайтын осы сынды бүгінгі күннің проблемаларын шешудің мынандай нақты жолдарын ұсынды, олар: «Макроэкономикалық тұрақтылық, экономиканы диверсификациялау, цифровизация, шағын және орта бизнесті, адам капиталын дамыту, заң үстемдігін қамтамасыз ету».

Қазіргі уақытта әлемнің үздік дамыған мемлекеттерінің тәжірибесі көрсетіп отырғандай ұлттық экономиканы дамыту заманауи инновациялық технологияларды игеру мен белсенді ендіруді талап етеді. Қоғамдық өмірдің барлық салаларын цифрландыру мен автоматтандыру салықтан түскен табыстың ашық әрі адал түрде іске асуын қамтамасыз ететіні анық. Сонымен бірге алдыңғы қатарлы озық инновациялық технологиялар жалпы кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, ел тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін де қажет. Бұл бірінші кезекте цифрлы өркениет заманында адам капиталының дамуымен тығыз байланысты. Шын мәнінде бүгінгі күні ғаламторға қолжетімділіктің өсуі саяси ақпарат ағынын арттырып, азаматтардың білім мен жаңа заман талабына сай кәсіби шеберліктерді жаппай игеруіне жол ашты.

Заманауи коммуникациялық құралдардың қоғамдық өмірге жылдам қарқынмен енуінің тағы бір басым тұсы ретінде азаматтарымыз үшін әлеуметтік-саяси процесстер жайлы ақпараттар ағынын еселеп өсуі, азаматтық қоғам институтарының рөлін арттуын айтуға болады. Осыған орай қазақстандық қоғамның жаңа саяси мәдениеті жаһандану процесі жағдайында қалыптасуды бастан өткеруде. Оған айқын мысал ретінде соңғы жылдары қоғамда орын алған әртүрлі проблемалар мен өзгерістерге азаматтардың бейжай, немқұрайлы қарамайтындығын және оған өз тарапынан баға бере алатындығын көрсетті. Атап айтқанда үстіміздегі жылы болған түрлі саяси оқиғаларға, мемлекет тарапынан көтерілген жаңаруларға, референдумға белсене қатысуы қоғамның саяси белсенділігінің артып отырғандығын көруімізге болады. Осы орайда әлеуметтік-саяси процесстерге қазақстандық қоғамның белсенді атсалысуында заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың ықпалын жоққа шығара алмаймыз.        

Әрбір үшінші азамат «жастар» категориясына енетін Қазақстан үшін заманауи ақпарттық-коммуникациялық технологияларды жастар арасында қолданысы ғылыми тұрғыда зерттелуі тиісті маңызды тақырыпқа айланып отыр. Себебі заманауи цифрлы технологиялар елдің әрбір азаматының күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналып үлгерді, олар күн өткен сайын біздің өміріміздің әр түрлі салаларын көбірек қамтып келеді. Атап айтқанда қазақстандық жастар заманауи цифрлы технологияларды жылдам игеру үстінде және аталмыш жаһандық үрдістің барлық игіліктерін қолдануға мүмкіндік алды. Оған қоса соңғы жылдары бүкіл әлемде орын алған пандемия салдары жастардың заманауи технологияларды қолдану аясының кеңеюі мен ғаламтордың оларға тигізетін ықпалының одан әрі артуына септігін тигізуде.

Авторы:  Нүркен Айтымбетов,

ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және

дінтану институтының жетекші ғылыми қызметкері

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға