Жаңалықтар

Шахматтан «Ақбозат» республикалық турнирі өтеді

Оқу жылы басталғалы бері шахмат таңдау пәні ретінде 28 мыңға жуық балаға арналған 654 мектепте енгізілді. 
Шахматтан «Ақбозат» республикалық турнирі өтеді
Фото: zastavki.com 30.09.2022 22:23 2365

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында Халықаралық шахмат қауымдастығының президенті Аркадий Дворковичпен оқушылар арасында шахмат қозғалысын дамыту бойынша ынтымақтастықты талқылады, деп хабарлайды EL.KZ.

Шахматты насихаттау, оқыту әдістемесі, басқа елдердің тәжірибесін зерттеу, сондай-ақ мұғалімдерді даярлау мәселелерін талқыладық. Аркадий Дворкович пен Қазақстан шахмат федерациясындағы әріптестеріміз министрліктің бастамаларын қолдап, балаларды шахмат ортасына тарту жұмыстарына атсалысуға дайын екенін жеткізді. Бүгінгі таңда біз мектептерде «Шахмат» факультатив пәнін енгізу және шахмат бойынша қосымша секцияларды ашу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз - деп жазды министр өз парақшасында.

Дене шынықтыру бойынша үлгілік оқу бағдарламасының бөліміне «Шахмат», «Тоғызқұмалақ» және т. б. оқу енгізілді.

Оқу жылы басталғалы бері шахмат таңдау пәні ретінде 28 мыңға жуық балаға арналған 654 мектепте енгізілді. Ал мектептердегі шахмат секцияларының саны 7 мыңнан асып, 60 мыңнан астам бала оларға қатысуға мүмкіндік алды. Бұл жұмысты әрі қарай да белсенді түрде дамытуды жалғастырамыз. Қосымша білім беру ұйымдарындағы балаларды да шахмат ойнауға үйрету мәселесі ұмыт қалған жоқ. Онда балаларға арналған 3,5 мыңға жуық шахмат үйірмесі құрылған.  Шахмат қозғалысын дамыту үшін кадрлармен қамтамасыз ету мәселелеріне көп көңіл бөлінеді. Бүгінде бұл шектеуші факторлардың бірі. Біз федерациямен осы бағытта жұмыс істеуге уағдаластық. Сондай-ақ оқу-әдістемелік құралдарды, арнайы порталды дайындау, шахмат турнирлерін өткізу және жаттықтырушылар мен мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселелері талқыланды - деді министр.

Турнирлер мен түрлі жарыстарды өткізу маңызды. 

Биыл шахматтан «Ақбозат» республикалық турнирі өтеді. Оған еліміздің барлық өңірінен 2-11 сынып оқушылары қатысады. Мектеп лигасы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдардың балаларға қосымша білім беруге арналған мемлекеттік тапсырысты орналастыруы үшін заңнамалық норма бекітілді. Оның ішінде осы тетік есебінен шахмат бойынша секциялармен қамтуды ұлғайту мүмкіндігі бар. Біз үшін мүмкіндігінше көп баланың шахмат сабақтарына қатыса алуы маңызды. Оқу орындарында барлық қажетті шара қарастырылған шахматты дамытудың арнайы Жол картасы дайындалды - дейді Асхат Аймағамбетов.

Қазір қазақстандық шахматшылардың, әсіресе, әйел шахматшылардың әлемдік аренада өз орны бар. 

Жас ұрпақтың үлгі алар тұлғасы бар екені сөзсіз. Олар - атақты спортшылар Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева және т.б. Бір күн бұрын атыраулық 13 жастағы оқушы Зарина Нұрғалиева шахматтан екі дүркін әлем чемпионы атанды. Ол Румынияда өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ тағы 2 қазақстандық шахматтан әлем чемпионатының жеңімпазы атанды. Олар - 18 жасқа дейінгі ұлдар арасында Қазбек Нөгербек күміс жеңіп алса, 14 жасқа дейінгі ұлдар арасында Аңсат Алдияр қола жүлдегер атанды. Болашақта шахматтан Дүниежүзілік олимпиадаларда оқушыларымыздың есімдерін бірнеше рет еститінімізге сенімім мол - дейді министр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға