Жаңалықтар

IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын 49 спортшы қорғайды

Қазақстан 4 спорт түрінен бақ сынайды.
 IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын 49 спортшы қорғайды
Фото: ОКҚ 26.09.2022 13:07 1602

IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Түркияның Изник қаласында 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтеді, деп хабарлайды El.kz

Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары түркі әлемінің ортақ құндылықтарын әлемге паш етіп, көшпенділер мұрасын насихаттауда үлкен жоба болып келе жатқан спорттық шара деп атап өтті.

«Бұған дейін дүниежүзілік көшпенділер ойындары үш рет қатарынан Қырғыз елінде өткен болатын. Биылғы ойындардың эстафетасын Түркия қабылдап отыр. 4 мәрте ұйымдастырылып отырған ойындарына ҚР спорттық делегациясы қатысады», - деді.


Сондай-ақ, баспасөз мәслихаты барысында IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жалпы 50-ге жуық спорт түрі енгенін, оның 13-і жарыс ретінде өтетіндігі айтылды. Қазақстан құрамасы 4 спорт түрінен жарысқа қатысады. Атап өтсек, «Көкпар», «Жамбы ату», «Қазақ күресі», «Дәстүрлі садақ ату» бақ сынайды. Ал теңге ілу мен аударыспақтан көрсетілім жасалынбақ.

Бүгінде ұлттық спорт түрімен тұрақты түрде 500 мыңға жуық адам айналысады.

«Мемлекет тарапынан спортшыларға барлық жағдай жасалды. Арнайы спорттық киім-кешекпен қамтылды. Спортшыларымыз ел намысын қорғап, жүлделі орындардан көрінеді деп сенемін», - деді спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Самат Серікқанұлы.


Бұл ойында әсіресе көкпар ойынынан зор үміт күтілуде. Осы тұрғыда ат мәселесіне қатысты бірнеше талаптар барын спикерлер атап өтті.

«Қазіргі таңда Қырғыз мемлекетімен жасалған жұмыстың нәтижесі болмай жатыр. Біз бірлесіп аттарды ұшақпен алып баратын болғанмыз. Өкінішке орай, аттарымыз бармайды. Бас бапкер құрама команданы өздері жасақтайды», - деді комитет төрағасы.


Аталған ойынға көкпарға 6 мемлекеттен команда келеді, сәйкесінше көкпардан ҚР ұлттық құрамасы 5 ойын өткізеді деп жоспарлануда.

Көкпардан Азия чемпионы Құрманбек Тұрғанбекұлы IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына тиянақты дайындалдық деп отыр.

«Нәтижеге жетеміз деген ойдамыз. 4-5 ай көлемінде дайындық жасадық. Бұл көкпар спорты тек қана спортшыға емес, атқа да байланысты екенін айта кеткен жөн. Ел құрамасының 12 спортшы көкбөрі, 12-сі көкпар бойынша ел намысын қорғайды. Дайындық жоғары. Ел сенімін ақтаймыз деген ойдамыз. Осыған дейін өзіміздің атпен дайындалғанмыз, алайда аттарымыз ол жаққа бармайды, - деді көкпардан Азия чемпионы Құрманбек Тұрғанбекұлы.

 

 

 


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға