Жаңалықтар

ІТ саласының мамандары такси қосымшасын жасауға неге қауқарсыз?

Такси бағасының күрт өсуі халықтың наразылығын тудырды
ІТ саласының мамандары  такси қосымшасын жасауға неге қауқарсыз?
Фото: gazeta.ru 20.07.2022 10:00 3164

Қазақстанда такси бағасының күрт өсуі халықтың наразылығын тудырды. Ресейдің такси қызметтері секілді мобильді қосымшаларды қазақстандық ІТ саласының мамандары неге шығара алмайды? Бұл сұраққа арнайы мамандар жауап берді, деп хабарлайды El.kz

Қымбатшылық дендеген тұста такси бағасының күрт өсуі де халықтың наразылығын тудырды. Әлеуметтік желіде такси бағасының шарықтауын алға тартып, осы тақырыпта жарыса жазатындар көп. Елордалық тұрғын Ботагөз Мұратова қолайсыз ауа райында такси шақыруға тура келетінін айтады.

- Далада қатты жаңбыр кезінде такси шақыруға мәжбүр боламыз. Себебі, автобусты көп күтіп, жаңбырдың астында қалатын сәттер болады. Жаңбыр кезінде такси қызметі де күрт қымбаттайды. Тіпті таяқ тастам жерге “Яндекс” таксиі 1500 теңге сұрады. Одан арзанын таба алмағандықтан, таксиге отыруға мәжбүр болдым, - деді қала тұрғыны.

Таксист Ердос Жанболатұлы “inDriver” мобильді қосымшасы арқылы қолы босағанда таксист болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, Ресей қосымшаларындағы пайыздық үстеме жоғары. Себебі, бензиннен бөлек қолға тиетін табыс көлемі де көңіл көншітпейді.

- Күніне жолаушылардың шақыртуымен 10-15 рет рейс жасаймын. Жолаушының баратын мекен-жайына байланысты баға да әр түрлі. Мәселен, 10-15 минуттық жерге бару үшін, шамамен 800-1000 теңге аралығын құрайды. Содан түскен табыстың 9,5 пайызы “inDriver” мобильді қосымшасына тиесілі. Демек, әр рейс сайын 95-100 теңге алып отырады. Бұл баға көрсеткішіне байланысты да өзгереді. Автокөлік саймандары шетелден келетіндіктен, бағада қымбатшылық сезіледі. Сол себепті такси бағасы да өсті. Егер елімізде осындай мобильді қосымшалар болса, мүмкін пайыздық мөлшерлемесі аз болар ма еді?, - деді таксист Ердос Жанболатұлы.

Ал, Ардақ есімді көлік жүргізушісі күн сайын қалада біраз шақырым жүргеннен соң, көліктің сынуы, май ауыстыру, күнделікті жөндеу шығындары бар екенін айтады.

- «Яндекс» таксиде тарифті жүргізуші емес, сервис белгілейді: таксист тарифтің қандай екенін жолаушыны апарып тастағаннан кейін біледі. Бала-шағаны асыраймыз деп таксист болып жұмыс істейміз. Табыс та әр түрлі, - дейді ол.

ІТ саласының маманы Мейіржан Әуелханұлының айтуынша, қазақстандық ІТ мамандарының ауқымды қосымшалар шығару үшін қауқары жеткілікті. Дегенмен, басты мәселе қаражатқа келіп тірелетінін айтады.

- Ресейдің “Яндекс”, “inDriver” такси қызметі біздің елде бәсекеге қабілетті. Халыққа ыңғайлы әрі жеңіл жасалған бағдарламалар. Нәтижесінде нарыққа сәтті енген. Бізде ондай бағдарламаларды жасайтын мамандар бар. Оларға үлкен демеуші, қаржы көзі жетіспейді. Сондықтан олар бұл нарыққа кіре алмай отыр. Себебі ондай жобаны жасау, нарыққа ұсынып, оны 2-3 жыл ұстап тұру үлкен қаражатты талап етеді. Кім халыққа ыңғайлы өнім ұсынады, сол нарықта қалары белгілі. Қазақстанда “Яндекс”, “inDriver” компаниясы заңды өкілдігін ашып, біздің бюджетке салығын төлеп отыр. Бірақ, негізгі мәселелер бар. Ол такси бағасының қымбаттауы, таксисттен алынатын пайыздың да өсуі. Бұл ретте, министрлік таксистерден алатын қосымша пайыздық мөлшерін азайту керек. Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин араласып, пайыздық мөлшерлемені төмендетуге күш салу керек деп ойлаймын, - дейді ІТ саласының маманы Мейіржан Әуелханұлы.

Спикердің айтуынша, Қазақстанға такси қосымшаларын шығарудың қажеті жоқ.

- Меніңше, Ресейдің такси қызметі сияқты аталмыш қосымшаларға күш жұмсап, шығынға батудың қажеті жоқ. Дайын өнімді пайдалана білу керек. Тек, монополиялау процестерін, бағаны тұрақтандыру, жүргізушілерден қосымша артық пайыздар алуына үкімет араласып, оны тұрақтандырудың заңды тетіктерін ойлап табуы керек. Бұл ретте, біздің білікті мамандар да мұндай қосымшаларды жасауға қауқарлы. Бірақ, үлкен қаражат керек, оны беретін инвестор қажет. Мені ойымша, жеке кәсіпкерлер оған мүдделі емес, - деді.

Ал, экономист Бауыржан Ысқақов Қазақстан ұлттық экономикалық брендті қалыптастыра алмай отырған мемлекет, деді. Айтуынша, бәсекеге қабілетті орта қалыптасса, алпауыт компанияларды құра аламыз.

- Жалпы, Ресейдің такси қызметтері қазақстандық нарықта қызмет жасаса да қазақстандық экономиканың мүддесін қорғай алмайды. Олардың салықтық төлем арқылы немесе отандық ІТ саласына қосып жатқан үлесі аз. Елімізде бұлармен бәсекеге түсетін компаниялар жоқ. Бірінші кезекте, ауқымды бизнес мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болуы керек. Ресейдің ІТ салалары үлкен бәсекеге қабілетті. Себебі, мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі деп айтуға болады. Біз мысалы шағын және орта бизнесті дамыту үшін арнайы бағдарламаларды әзірлейміз. Ал, бұл жерде нақты кластер арқылы дамыту нәтиже береді. Біздің мамандар бағдарламаларды шығаратын болса, олар Ресей, Украинаның қанаттарын кеңге жайған алпауыт компанияларымен бәсекеге түсе алмайды. Өйткені, олар қазіргі уақытта нарықты жаулап алған. Осыдан шығудың жолы елде осы салаға арналған арнайы кластерлік бағдарлама болуы қажет, - дейді Бауыржан Ысқақов.

Экономистің айтуынша, такси бағасының шарықтауы сұраныстың жоғары болуынан екен. Компания өздеріне қолайлы бағаны қойғандықтан, қызметті алушылар еріксіз түрде жол пұлын төлеп отыр.

- Біздің елдегі такси жүргізушілерінің тапқан табысы Ресейдің экономикасына миллиондап түсіп жатыр. Өйткені әрбір көрсеткіш қызметтен шамамен 7-8 теңгеден өздерінің коммиссияларына түсімін алып отырады. Мысалға, “Яндекс”, “inDriver” такси қызметін қолданатындар саны автокөлікке байланысты. Мәселен, елімізде 6-7 миллиондай көлік бар. Ал, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейдің өзінде халық саны көп. Бұл ретте олардың ауқымы да жоғары. Бізде осындай қосымша ойлап табатын мамандар бар. Біз солардың қызығушылығын анықтауымыз керек. Сол үшін мемлекет тарапынан арнайы орта, кластер болуы қажет. Олар сол саламен айналысам деушілере экономикалық, салықтық, қаржылық қолдау көрсету керек. Мысалы салықтан босатып, жеңілдетілген несие беруге болады. Осындай нақты тапсырма берілсе, 5 жыл ішінде отандық компанияларды құрып, алға шығаруға мүмкіндік бар деп ойлаймын, - деді экономист Бауыржан Ысқақов.

Саясаттанушы Салтанат Оразбекова мұндай жобаларды жүзеге асырып, нарыққа шығару өте қымбат дейді. Айтуынша, Қазақстанда нарық кішкентай. Сондықтан ІТ мамандары қосымшаны шығарғанның өзінде Орта Азия елдеріне ауқымды тарата білуі керек. Сонда ғана жетістікке жетеді. Жалғыз, Қазақстан үшін, мобильді қосымша жасау өз-өзін ақтамайтын жоба екенін айтты.

 - Такси қосымшалары бағасының өсуі - біздің платформаға төлейтін үлкен салықтың болуына байланысты. Рубльдің өсуі, бензин бағасының көтерілуі сынды саяси жағдайлар такси бағасының шарықтауына әкелді. Бізге арнайы бизнес жоспары қажет. Егер қосымшалар бізде шығатын болса, ол қаншалықты сұранысқа ие болады, қанша қаржы талап етеді, ол қаржы өзін ақтай ма деген сауал туады. Бизнес жоспары болу керек. Саяси процесс пен бизнес процеске қарама-қайшылықты шатастырмау керек. Бұған дейін “DiDi” таксиі нарыққа кірген еді. Бірақ, ол Ресейдің компанияларының бәсекесіне төтеп бере алмады. Қазіргі таңда бұл такси қосымшаларын шығару мемлекет тарапынан старптап сияқты болатын болса, оның өміршеңдігі өте төмен деп ойлаймын. Өйткені, бұл бизнес процесс болуы керек. Тек табыс тауып, Ресейдің такси қызметтеріне төтеп бере аламын деген бизнесмен адам ғана биікке шыға алады. Ал, мемлекет тарапынан стартап сияқты жасайтын болсақ, оның өміршеңдігі төмен, - деді саясаттанушы Салтанат Оразбекова.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға