Жаңалықтар

Инсультпен күрес қалай жүріп жатыр

Елордада «Инсульт мектебі 2022» ғылыми-практикалық конференциясы өтіп жатыр
Инсультпен күрес қалай жүріп жатыр
Фото: shutterstock 04.08.2022 14:28 1831

Елордада еліміздің инсульт қызметі мамандарының қатысуымен халықаралық «Инсульт мектебі 2022» ғылыми-практикалық конференциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz. 

Аталған іс-шараны ҚР ДСМ «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ Инсульт проблемалары жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы төртінші рет өткізіп отыр. Орталықтың негізгі мақсаты отандық мамандар шетелдің мамандарымен байланыса отырып, тәжірибе алмасады. Биылғы жылы конференцияға Италия, Латвия, Түркия және Беларусь елдерінен инсультты емдеуге өмірінің көп жылын арнаған мамандар келді. 

Сонымен қатар, конференцияда Инсульт проблемалары жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының басшысы Ержан Адильбеков Қазақстан Республикасында инсульт қызметін дамытудың жаңа тұжырымдамасын ұсынды. Ол дүниежүзілік статистикаға сәйкес, әлемде жыл сайын 33 миллионнан астам адам инсультпен ауыратындығын, оның 5 миллионы осы аурудан қайтыс болатындығын атап өтті. Өкінішке орай, Қазақстанда жыл сайын 40 мыңнан астам адам инсульт алып, ауру-сырқаулық, өлім-жітім және жоғары мүгедектік құрылымында жетекші орын алады.

«Біздің конференция ұлттық платформаға айналды, онда біз мидың қан тамырлары аурулары бар науқастарға медициналық көмек көрсетудің өзекті мәселелерін талқылаймыз. Биылғы жылы ғылыми-практикалық конференция тақырыбы бойынша алуан түрлі, өте маңызды болмақ. Ғылыми-практикалық конференция бағдарламасында ҚР-да инсульт қызметін ұйымдастыру, нейровизуализациялық диагностика, тромболитикалық терапияны пайдалана отырып инсульттарды емдеу, ашық нейрохирургиялық және эндоваскулярлық оперативтік араласулар, қайталама профилактика мәселелерін талқылау жоспарлануда. Бағдарламаға неврология, нейрохирургия, кардиология, реаниматология саласындағы жетекші шетелдік және отандық мамандар қатысады.

Конференция барысында біз заманауи жетістіктерді талқылаймыз және ми қан айналымы бұзылған науқастарға көмек көрсету кезінде нейрохирургия мен неврологиядағы іргелі дағдыларды қайталаймыз», – деп қорытындылады Ержан Адильбеков.

Инсультпен күрес қалай жүріп жатыр

Жыл сайын өткізілетін «Инсульт мектебі» Халықаралық конференциясы дәстүрлі түрде әріптестердің кездесу орнына, пікір алмасу және білім беру іс-шаралары алаңына айналды және шын мәнінде медицинада инсультті диагностикалау, емдеу және оңалтуға қатысты мәселелер қаралатын, сондай-ақ Қазақстанның инсульт қызметінің өзекті мәселелері талқыланатын ауқымы жоғары  үлкен оқиға болып табылады. 

Сонымен қатар, Литвадан келген Вильнюс университеті Республикалық ауруханасының инсульт орталығының меңгерушісі Александрас Вильонскис өз елдеріндегі ахуалмен бөлісті.

«Қазіргі таңда инсульт адамдарда көп кездесетін ауру. Бірақ, адамдар бұл аурудан келетін қауіп туралы толық біле бермейді. Сондықтан бұл аурудың алдын алу жолын қарастырмайды және инсультпен ауыратын адамдар толыққанды тексерістен өтіп емделмейді. Инсульт ассоциациясы бұл мәселені ХХ ғасырдың соңынан беру айтып келеді. 2014 жылдан бастап Литвада министрліктің, биліктің негіздеуімен инсультпен ауыратын адамдарға көмектесу және олардың жағдайын бақылау туралы бағдарлама қабылданған болатын. Бағдарлама аясында инсультпен ауыратын жандар үшін заманауи техникамен қамтылған инсульт орталықтар мен емдеу мекемелері жұмыс істеуі қарастырылды. Дегенмен, біздегі орталықтарда мамандар тапшылығы туындап отыр», – деді Александрас Вильонскис.

Инсультпен күрес қалай жүріп жатыр

Сондай-ақ, Италия инсульт қауымдастығы, Лацио аймақтық үйлестірушісі және бас хатшысы Франческа Роман Пеззелла өз еліндегі инсультты емдеудеудегі жаңа бағыттар мен ортақ жобалар туралы айтты.

«Италиядағы медициналық қызметке тоқталсақ, инсульт ауруының түрі көп болғандықтан олар ушығып кетпес үшін науқастарды жіті бақылаймыз. Дегенмен, ауруы өршіп кеткендері де жиі кездеседі және созылмалы инсультпен ауыратын адамдар да бар. 2018 жылы Еуропада инсультпен ауратындардың саны 34%-ға артты. Сондықтан еуропалық «20-30» деген жоба құрылып, өз жұмысын бастады. Бұл бағдарламаның құрамына Қазақстан да кіреді. Жобаның құрылу мақсаты адамдарда инсульт ауруының болмауы үшін жағдай жасап, оның алдын алуды көздейді. Темекі шегу, диабет, жоғары қысымның жиі көтерілуі (давление) салдары инсульттің пайда болуына әкеліп соқтырады. Сондықтан қарапайым халықты аурудың өршіп кетуіне жол бермес үшін арнайы ақпараттық порталдар жұмыс істейді. онда қандай дәрі-дәрмек қолдану керек, қандай жаттығу жасау керек, дұрыс тамақтану тағы басқасы. Осы жоба аясында 2030 жылға қарай инсульт ауруы туындауы мүмкін адамдардағы ауру көздерін 80%-ға дейін төмендетуді көздейміз», – деді Франческа Роман Пеззелла.   

Инсультпен күрес қалай жүріп жатыр

Түркиядан келген «Prof. Dr Cemil Tascioglu City Hospital» Кардиология және интервенциялық кардиология департаментінің меңгерушісі Кадрие Киликесмес инсульттің пайда болу жолдары туралы айтты.

«Инсульттің орын алу қаупі бүкіл әлемдегі секілді, Түркияда да көп. Әрине, бұл дер кезінде тиісті ем қолданылса, емделетін дерт. Науқастарға дер кезінде көмек көрсетудің маңызы өте зор. Статистикаға сүйенсек, Түркияда халықтың 100-де жиырма бесінде, яғни үш кісінің бірінде инсульт алу қаупі бар. Қазір инсульт алу жасқа қарамайды деуге болады. Ер адамдар инсульт алу қатері жоғарылау. Әдетте қан қысымы, холестерин, қандағы қант деңгейі сынды кардиоваскулярлық қатер жоғары болса, инсультке ұшырау қаупі де артады. Негізгі қауіп тобына – 65-75 жастағы адамдар кіреді. Жас ұлғайған сайын инсульт алу ықтималдылығы да көбейе түседі», – деді Кадрие Киликесмес.

Сонымен қатар,Түркияда Қазақстанға қарағанда медициналық орталықтар көп. Бір Ыстанбұл қаласының өзінде кем дегенде 10 орталық бар. Осы орайда халықтың саны да көп екенін есте сақтаған жөн. Білікті де білімді дәрігері бар орталықтардың саны артқан сайын науқастарды ертерек құтқаруға мүмкіндік те көбейеді. Бұл өте маңызды фактор деп түсіну керек. Сондықтан медициналық орталықтар мен дәрігерлерді көбірек дайындауды ұсынатынын атап өтті.

Суреттер автордан 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға