Жаңалықтар

Елордада 6,135 млн шаршы метр тұрғын үй салынады

Елорда құрылысында 90 мыңнан астам адам жұмыс істейді. 
Елордада 6,135 млн шаршы метр тұрғын үй салынады
Фото: elorda.info 23.09.2022 13:06 1551

Бұл туралы Астана қаласының кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиев құрылыс индустриясын дамыту бойынша өткен отырыста айтты, деп хабарлайды El.kz

Елорда құрылысында 90 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бұл ретте Қазақстандағы сәулет-құрылыс қызметін реттейтін 2,5 мыңнан астам түрлі құжаттар бар. Осыған байланысты мемлекет басшысы соңғы Жолдауында Үкіметке тұжырымдамалық жаңа құжат – Қала құрылысы кодексін қабылдауды тапсырғанын атап өтті. 

Бейсен Жолболдиев шешуді қажет ететін мәселелердің қатарында «Астана» ӘКК» АҚ инвестициялық қызметінде анықталған келеңсіздіктерге байланысты жалпы сомасы 540 миллиард теңгені құрайтын 100-ден астам инвестициялық жобаны жүзеге асыруды тоқтату қажеттігін айтты. 

«Жыл сайын елордада 3 млн. шаршы метр көлеміндегі тұрғын үй беріліп отыр. Бұл жерде бизнес орталықтар мен басқа ғимараттарды есептемегенде осындай көрсеткіш. Қазіргі таңда инфрақұрылымның жетіспеуіне байланысты құрылысты 2 млн. шаршы метрге дейін төмендету бойынша шешім қабылданып отыр. 2023-2025 жылдары арнайы орталықтар мен жеке ғимараттарды қоспағанда 2 млн. шаршы метр көлеміндегі тұрғын үй берілетін болады», - деді Бейсен Жоболдиев. 

Сонымен қатар, астаналық құрылыс кәсіпкерлеріне несиелендіру бағдарламасының жоқтығына тоқталды. 

«Осы қызметпен айналысатын кәсіпкерлерге өтеу мерзімі 3 жылдан 5 жылға дейін және жеңілдік мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайтын айналым қаражаты өте қажет. Қолданыстағы бағдарламаларда құрылыс материалдары өндірісін несиелендіру қарастырылған, бірақ жалпы алғанда, құрылысқа мемлекеттің қатысуымен төмендетілген пайыздық мөлшерлемемен несие беру жоқ», - деді ол. 

Қарапайым заттар экономикасына 1 трлн. теңге бөлінді. Бірақ, оның 70%-ы ауыл шаруашылығына бөлініп отырғанын айтты. 

«Әрине, ауыл шаруышылығын қолдау керек. Бірақ, Астана қаласында ауыл шаруашылығы жоқ. Сол себепті құрылыс саласы қызметі, тауар өңдіру сияқты жағын қолдап, оларға тиісті дәрежеде қолдау көрсеткен жөн. Бұл жұмыс сапасын арттырады деп сенеміз», - деді Бейсен Жоболдиев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға