Жаңалықтар

Елорда әуежайының жұмысынан көптеген заң бұзушылық анықталды

Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің аудиттік тексерісі кезінде анықталды
Елорда әуежайының жұмысынан көптеген заң бұзушылық анықталды
Фото: stan.kz 08.09.2022 21:02 815

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің аудиттік тексерісі елорда әуежайының жұмысынан көптеген заң бұзушылық анықтады, деп хабарлайды El.kz.
Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ Директорлар кеңесінің мүшелерімен отырыс өткізді. Онда ҚР ИИДМ ішкі аудит қызметінің биылғы тамыз айында елорда әуежайына жасаған тексеріс қорытындысы қарастырылды.
«Аудиторлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша әуежай басшылығы тарапынан жасалған көптеген кемшіліктер мен бірқатар заң бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, сатып алу рәсімдерінің мемлекеттік сатып алу порталынан тыс жүргізілуі, келісімшарттарды жасау барысында ашықтықтың болмауы, еңбекақы төлеу жүйесіндегі заң бұзушылықтардың орын алуы, жанар-жағармай материалдарын заңсыз босату, ұйымдық құрылымды құрудағы бей-берекетсіздік, Қоғам басшылығы арасындағы қызметтік міндеттемелерді заңсыз бөлу сынды заңдылыққа қайшы әрекеттер анықталды.
Сонымен қатар Директорлар кеңесі әуежайдағы бірқатар қызметтерді (авиажанармайды тарату, нысандарды жалға беру) аутсорсингке беру кезінде қажетті талаптардың сақталмағанын анықтады. Өз кезегінде бұл аталған қызметтердің тиімсіздігіне әкеп соқты», - делінген министрлік мәліметінде.

Кеңес барысында «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ Директорлар кеңесі компания басқармасына аталған заң бұзушылықтарды жою бойынша арнайы жоспар құруды тапсырды.
«Сондай-ақ ұйым құрылымын қайта қарау, мемлекеттік сатып алулар кезінде заң талаптарын қатаң сақтау, жанар-жағармай материалдары шығындарына бақылауды күшейту, қызмет көрсету бойынша келісімшарттардың тиімділігіне ревизия жүргізу міндеттелді. Бұдан бөлек, заңсыздыққа жол берген жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тарту мәселесі де жүктелді», - делінген хабарламада.
Еске салайық, 6 қыркүйекте «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ Басқарма төрағасы Ғабит Тәжімұратовтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған болатын. Басқарма төрағасының міндетін уақытша атқарушы болып төрағаның орынбасары Мұхиден Әбілдинов тағайындалды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға