Жаңалықтар

Елімізде есірткі саудасы белең алып барады

Есірткіні көбінесе әлеуметтік желіде түрлі месенджерлер арқылы анонимно сататын сайттар да бар. Олардың қызметі мен жеткізіп берушілері де қарастырылған.
Елімізде есірткі саудасы белең алып барады
Фото: 7-su.kz 28.09.2022 12:28 3772

Соңғы кездері елімізде есірткі өсімдіктерін өсіріп, оны жертөлелер мен қоймаларда сақтаған фактілер жиі анықталып жатыр. Жуырда ғана Алматы, Павлодар, Қызылорда және Тараз қалаларында ірі көлемдегі есірткі синтетикасын сақтаған бірнеше азамат сотталды. Жалпы есірткі саудасы біздің елімізде қалай дамытып және оны әлеуметтік месенджерлерде кімдер саудалап жүргенін анықтауға тырысып көрдік.

Қазақстандағы есірткі саудасы

Еліміздегі көпке белгілі Жамбыл облысы Шу алқабындағы жабайы қарасора өсімдігінің ауқымы да есірткі саудасымен айналысатындардың жолын ашып отыр. ҚР Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басқармасы жыл сайын осы алқаптан «қарасора» операциясы барысында гашиш пен марихуананы дайындау, сақтау және өткізу бойынша мыңнан астам фактіні анықтайды екен.

Жыл басында Қазақстан мен Ресей арасындағы есірткі синтетикасының тасымалына байланысты арнайы операциялар жүргізілді. Нәтижесінде Омбы мен Таразда синтетикалық есірткінің негізгі жөнелтушісі және Қазақстанда оларды қабылдап алушылар ұсталған. Сондай-ақ Алматы, Алтай, Ақтөбе, Атырау, Тараз және Қызылордадағы 7 есірткі зертханасы жойылған. Жалпы құны 9,5 млн АҚШ доллары болатын 260 келіден астам есірткі тәркіленген. Арнайы операциялардың нәтижесінде елімізде соңғы 3 жылда 41 зертхана анықталған.

Есірткіні көбінесе әлеуметтік желіде түрлі месенджерлер арқылы анонимно сататын сайттар да бар. Олардың қызметі мен жеткізіп берушілері де қарастырылған. Бұл дегеніміз есірткі саудасын бизнес көзіне айналдырып отырған ұйымдардың бар екенінін дәлелі. Солардың бірі жақында Алматы қаласында ұсталған 37 жасар азамат. Ол 331 бума есірткі синтетикасын үйінде сақтап, әлеуметтік желі арқылы тұтынушыларына межелеген орында есірткіні жасырып жатқан жерінен ұсталған. Бұл тек бір фактор. Ал, бұндайлардың ашылмағаны қаншама.

Мамандар әдетте, «есірткіні жасырып кетушілердің» жұмысын ұйымдастырушылар шетелден басқаратынын айтады. Олардың сайттары да шетелден жұмыс істейтіндіктен көп жағдайда іздерін суытып, қолға түсіру қиын болады. Дегенмен, мамандар есірткінің таралуы туралы ақпаратты қамтитын жарнамалар мен сайттарды, посттарды, блогтарды анықтау үшін интернет кеңістікке жыл сайын мониторинг жүргізеді. Соның нәтижесінде биыл 1600-ден астам интернет-ресурс анықталып, бұғатталған екен. Жастар арасындағы есірткі синтетикасының танымалдығы оның әлеуметтік желідегі астыртын жарнамаларына тікелей байланысты деп айтуға болады. Қазіргі кезде ғаламтор барлығы үшін қолжетімді, сондықтан балалар да оны еш кедергісіз пайдалана алады деген сөз. Есірткі жарнамасы да оны тұтынумен бірдей қылмыс болып саналады. Сондай-ақ олар тұтынушыларының жас ерекшелігіне қарамастан тауар ұсынады.

Қазақстандағы жиі кездесетін есірткі өсімдіктерінің түрлері

Қазақстанда ең көп кездесетін өсімдік түрлерінің бірі – көкнәр. Сондай-ақ, еліміздің бірқатар өңірлерінде есірткі өсімдіктері өсетін жерлер бар. Медициналық кейбір дәрі-дәрмектердің құрамында есірткі бар екені белгілі. Қазіргі таңда синтетикалық есірткіні қарапайым дәріден ажырату қиынға соғады.

Есірткінің ішіндегі ең қауіптісі – марихуана. Оның күші адам бойында 3 айға дейін сақталады. Осындай есірткінің адам бойында сақталғанын немесе оның тұтынғанын арнайы орталықтарда тест құралы арқылы анықтайды. Оның көмегімен тіпті, адамның қандай есірткі түрін қабылдағаны көрсетіледі. Мамандардың айтуынша, есірткінің уыты адам бойында 3 күнге дейін сақталады екен. Сондықтан ол есірткі тұтынғанда 3 күнге дейін өзіне келе алмайды және есте сақтау қабілеті төмен болып, мидың жұмысы баяулай түседі.

Есірткі тектес өнімдердің 3 түрі болады. Біріншісі – табиғи өнім. Екіншісі – синтетикалық және үшіншісі – жартылай синтетикалық өнім. Осылардың ішінде ең қауіптісі – синтетикалық есірткі. Оны адам шамадан тыс қолданса, алғашқы секундтарда-ақ өліп кету қаупі бар.

Балалар арасындағы нашақорлықтың алдын алу

Есірткіге көбінесе мектеп оқушылары мен жұмыссыз жүрген жастар және студенттер тәуелді болып келеді. Олар улы заттың арбауын татып көремін деп, қармағына түсіп жатады. Нашақорлық адамды есірткіге тәуелді етіп ғана қоймай, оны қылмыс жасауға әрекеттейді. Жақындарынан алдап немесе ұрлап алған ақшаларының соңғы тиынына дейін есірткіге жұмсайды.

Қазақстанда 26 маусым Есірткі қылмысына қарсы күрес күні. Жыл сайын есірткіге қарсы күрес аясында түрлі акция мен марафондар өткізіліп отырады. Жыл басында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мектепте балалар арасындағы нашақорлықты анықтау үшін арнайы тест түрін өткізуді ұсынған болатын. Тіпті, мектепте балалармен арнайы мамандар жұмыс істеп, олардың іс-әрекеттерін бақылауда ұстау да талқыланды. Мақсаты – мектеп жасындағы баладан бастап есірткіден алшақ ұстау. Сонымен қатар, елімізде жастарды есірткіден алшақтату мақсатында түрлі деректі фильмдер де түсірілді. Мақсаты – есірткінің денсаулыққа қаншалықты зияндылығын жеткізіп, оның пайдасыздығын түсіндіру.

Атап айтқанда, «Соль» деректі фильмі арқылы қарапайым адамдарға нашақорлықтың арты қандай дүниелерге жеткізетінін көрсетіп, жастардың есірткімен қалай күрескенін баяндайтын оқиға желісі ұсынылған. Есірткінің арбауына қаншалықты оңай кірсең, одан арылу сонша есе қиын болатынын түсіндіреді. Әсіресе, оң мен солын дұрыс аңғара бермейтін мектеп оқушылары үшін қауіптің жоғары екені ескертіледі.

Қалалық психикалық денсаулық орталығының наркологы Тоқтар Қойшыбековтың айтуынша, жыл сайын есірткінің қармауына түсетіндердің көбісі жастар мен балалар екен. Оның айтуынша, бұрыңдары Қазақстанда тіркелген нашақорлардың жас айырмашылығы 40-60 жасты құраса, қазіргі таңда мектеп жасындағылардан бастап 29 жасқа дейінгілерді құрайды екен.

Есірткіден емдейтін орталықтардың қызметі

Қазақстанда есірткіден нашақорларды емдеу орталықтары 1976 жылдан бастап қарқынды жұмыс істеп келеді. Елімізде 300-ден астам медициналық мекеме және алғашқы наркологиялық көмек көрсету кабинеттері есірткіге тәуелділігі бар адамдарды емдеумен айналысады. Оның ішінде 18 мекеменің ғана стационарлық емдеу мүмкіндігі бар екен. Елордадағы бір ғана Қалалық психикалық денсаулық орталығында жылына 3000-ға жуық адам нашақорлықтан емделіп шығады екен. Олардың дені жастар мен мектеп оқушылары.

Мамандардың айтуынша, есірткіге тәуелділік темекі мен насыбай, ішімдік пен энергетикалық сусындарын тұрақты тұтынудан басталады.

«Есірткі мастығында жүрген адамдар бірнеше күн ұйықтамай жүре алады. Олардың денесі қызарып, көздерінің қарашығы не тым кіші, не тым үлкен формада транформацияланады. Бұл физикалық тұрғыда адамның денсаулығы үшін қалыпты емес және қауіпті құбылыс болып табылады. Әдетте, есірткіні тұрақты пайдаланатын адамдардың есте сақтау қабілеті нашар болады. Олар айналасындағылардан қорқып, әрдайым үрей құшағында жүреді. Үнемі өзімен өзі сандырақтап, ойына келгенді айтады, тіпті өзінің не айтып жатқанын өзі түсіне бермейді. Соңғы 10-15 жылдың ішінде нашақорлардың саны азайып келеді. Бұрыңдары статистика бойынша Қазақстанда нашақорлардың саны 20-25 мыңдай адам болса, 2021 жылы 18 мың адамға дейін төмендеді. Жыл сайын есірткіні алғаш тұтынып бастаған 800-900-дей адам тіркеледі. Нашақорлардың азайғандығы жақсы болғанымен оларды тұтынушылардың да жасарып бара жатқаны алаңдатарлық дүние», - деді нарколог дәрігер Тоқтар Қойшыбеков.

Дәрігерлердің айтуынша, синтетикалық есірткілердің екі өте қауіпті әсері бар. Біріншісі, жүрек қан тамырларының асқынулары. Бұндай дерті бар адамдардың өмір сүру деңгейі төмендейді. Екіншіден, адамның психозға ұшырауы. Адам өмірінде бір рет психозға ұшыраса, онда ол адамның психикасы өмір бойына тұрақсыз болады. Адам психикалық ауытқуға ұшыраса, онда ол адамды өмір бойына психодиспансерде тіркеуге алады. Демек, ол адам көлік жүргізе де, жұмыс істей де алмайды дегенді білдіреді. Бір сөзбен айтқанда қоғамдық ортадан оқшауланады.   

Есірткімен ұсталған жағдайда берілетін жаза

Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодекстің 297 бабында жазылғандай есірткі, психотроптық заттарды және сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу бойынша берілетін жаза:

Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу – мүлкi тәркiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ірі мөлшердегі есірткі, психотроптық заттарға, сол тектестерге қатысты жасалған дәл сол іс-әрекеттер – мүлкi тәркiленiп, алты жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға