Жаңалықтар

Елімізде аңшы куәлігін жыл сайын тіркеу тәртібін белгілеу керек - депутат

Сондай-ақ ауылдық елдімекендер толық интернетпен қамтылғанша аңшы куәлігін қағаз түрінде беруді сақтау туралы айтты
Елімізде аңшы куәлігін жыл сайын тіркеу тәртібін белгілеу керек - депутат
Фото: egemen.kz 14.09.2022 20:34 850

Елімізде аңшы куәлігін электронды ғана емес, қағаз түрінде беруді де сақтау мәселесі көтерілді, деп хабарлайды El.kz ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.

«Бәрімізге белгілі, аңшылардың көпшілігі интернет желісі дамымаған ауылдық жерлерде тұратындықтан «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы мемлекеттік қызметті алуға мүмкіндіктері жоқ. Азаматтарға аңшы куәлігін беру кезінде туындайтын аталған қолайсыздықтар іс жүзінде мемлекеттік қызметтің негізіне қайшы келеді. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандартында электрондық нысанмен қатар қызмет алушының қалауы бойынша түптелген қатты қағаз түрінде құжат беруді көздеген. Яғни интернет болмаған жағдайды аңшы құжатты қағаз түрінде алуына болады», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әмірхан Рахымжанов Мәжілістің жалпы отырысында депутаттық сауал жасай отырып.

Оның айтуынша, аңшы куәлігін тек электронды түрде беру интернет жоқ далалық және таулы жерлердегі аң аулау процесін бақылауға кедергі келтіреді.

«Қазір аңшылық шаруашылығының бақылаушылары мен қорықшылары аңшы куәлігінің электрондық нысанының түпнұсқалығын тексеруге арналған арнайы құралдармен (планшеттер, сканерлер) қамтылмаған», - дейді ол.

Сондай-ақ, халық қалаулысы ауылдық елдімекендер толық интернетпен қамтылғанша аңшы куәлігін қағаз түрінде беруді сақтау керектігін айтып отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға