Жаңалықтар

Бұл сайлау бұрынғы сайлаудан өзгерек болғалы тұр – депутат

Қазір әлемдегі аумалы-төкпелі заманда елдегі демократиялық жүйенің аяғынан нық тұруы маңызды.
Бұл сайлау бұрынғы сайлаудан өзгерек болғалы тұр – депутат
Фото: parlam.kz 28.09.2022 10:22 2265

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әлия Әбсеметова алдағы өтетін Президенттік сайлауға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz.

Әлия Әбсеметова кезектен тыс өткізілгелі отырған Президенттік сайлау бұған дейінгі өткен сайлаулардан өзгеше болмақ дейді.

«Биылғы сайлау бұған дейінгі сайлаудан өзгерек болғалы тұр деп толық айта аламын. Себебі бұл жолы біздегі сайлаудың ең көзге көрінетін тұсы – сайлаудың өтетіні туралы бір ай бұрын жарияланып, президент жарлыққа енді ғана қол қойып отыр. Бұл демократиялың қоғам құруға жасалған үлкен қадам мен ұмтылыс әлбетте, біздің еліміз үшін өте пайдалы болмақ. Бір айдың ішінде қоғам сайлау өтетінін әбден зерделеп, зерттеп, таразыдан, електен өткізді. Мемлекет басшысы ретінде кімді көргісі келетінін сараптай алды. Ал бұған дейін Президент жарлыққа қол қойғаннан кейін ғана елге жариялап, халық президенттік сайлаудың өтетінін еш дайындықсыз, жарлық шыққан күні ғана білетін. Ең басты айырмашылығы осы. Сондықтан, мен мұны елімізде бұрын-соңды болмаған тәжірибе деп санаймын», - деді депутат.

Сонымен қатар ол мемлекет басшысының президенттік мандатқа қатысты қабылдаған шешімі әділетті болды деп есептейді.

«Бұл жолғы президенттік сайлаудың тағы бір ерекшелігі – жеті жылдық бір реттік мерзім. Бұл өте әділетті шешім. Себебі, енді бір президент билікте бір-ақ рет отыра алады. Ал жеті жыл оның ойындағы реформаларды жүзеге асыру үшін, ел оның қызметін дұрыс бағалай алу үшін жеткілікті мерзім болуы тиіс. Президентіміз айтқандай, ол биліктің әділ тепе-теңдігін орнатады», - дейді Әлия Әбсеметова.

Оған қоса депутат Президенттік сайлау Жаңа Қазақстанды құрудың бір жолы дейді.

«Қазір әлемдегі аумалы-төкпелі заманда елдегі демократиялық жүйенің аяғынан нық тұруы маңызды. Сондықтан да халық кез келген шешімді ой елегінен өткізіп барып қабылдаған жөн деп санаймын. Бұл да Жаңа Қазақстанды құрудың жаңа саяси дәстүрі болары анық», - деді ол.

Сондай-ақ депутат президенттікке нағыз халықтың қамын ойлаған, білімі өте жоғары азаматтар ұсынылуы қажет деп санайды.

«Сайлаудың талаптарына келсек, аса бір өзгерген жоқ. Бізде Конституция бар. Онда барлығы анық жазылған. Сол үшін өзінің бағын сынап көргісі келетін, халыққа расымен де өзінің шапағатын тигізе аламын деп санайтын, дипломатиялық білімі мықты азаматтар болса, әрине өзін ұсынса құба-құп болар еді деп ойлаймын», - деп айтты Әлия Әбсеметова.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға