Жаңалықтар

Астанада газ бен жылу жеткізу жұмыстары басталды

Астанада 29 қыркүйектен бастап бірқатар үйлерге жылу мен газ беріле бастады
Астанада газ бен жылу жеткізу жұмыстары басталды
Фото: El.kz 29.09.2022 20:18 2045

Астана қаласының қоғамдық кеңесінің бастамасымен елорданы жылумен, газбен қамтамасыз ету үшін тексеріс жұмысы жүргізілді, деп хабарлайды El.kz.

Тексеру барысында Астана қаласының әкімдігінің Отын-энергетика ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов бас қаланың маңында орналасқан газ таратылған тұрғын алабтары мен шағын аудандарды атады.

«Қазіргі уақытта газға қосылу мүмкіндігін 10 тұрғын алабы мен 3 шағын ауданы алып отыр. Атап айтқанда, Көктал-1, Көктал-2, Агрогородок, Оңтүстік-Шығыс шағын ауданының оң жағы мен сол жағы кіреді. Сонымен қатар Промышленный, Железнодорожный, Мичурин, Күйгенжар, Интернациональный тұрғын алабы және Қазақ ауылы, Ақбидай, Московский, Потанина көшелерінің бойында орналасқан шағын аудандарға да газ тартылады», - деді Мақсат Есмағұлов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта газға қосылған жеке үйлердің саны 6000-ға жеткен. Қала бойынша газдандыру әлеуметтік объектілер және бұрын орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылуға мүмкіндігі болмаған объектілер толығымен автономдық қазандыққа ауыстырылып жатыр.

«Біз 21 объектіні газға ауыстырық. Оның 13-і газды пайдаланып жатыр. Ал қалған объектілерді 1 аптаның ішінде газға ауыстыратын боламыз», - деді ол.

Ал «Астана-Теплотранзит» ашық қоғамының режим және реттеу жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Абзал Сауғабаев алдағы 2 аптаның ішінде Астананың барлық аумақтарына жылу жеткізіледі деп отыр.

«Жылумен қамтамасыз ету жүйесі өте үлкен болып саналады. Астана қаласы бойынша бізде 3000-нан аса тұрғын үй бар. Сондықтан жылуға қосылу уақыты бірқалыпты жүреді. Шамамен 1,5-2 аптада барлық объектілерді жылумен қамтамасыз етеміз», - деді Абзал Сауғабаев.

Сондай-ақ ЖЭО-2 директоры Николай Манаков елордалықтарды жылумен толығымен қамтамасыз етуге дайын екендігін айтты.

«Біз 430 МегаВатт және 500 Гкал калория көлемінде жылу өндіріп жатырмыз. Бұл қаламыздың орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесін қысқы режимге көшіру үшін жеткілікті», - деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға